ЖЫЛАП ҚАЛҒАН ЖЫЛДАРДЫҢ ЖЫЛНАМАСЫ…
06.02.2022
1735
0

  Қанаттас, қаламдас бауырым, дос-іні, қазақтың қабырғалы ақыны Темірғали Көпбайды білгеніме, танығаныма отыз жылдан артық уақыт өтіпті. Өзі дүниеге келген Төлеби ауданындағы Аққұмының күніндей күліп, жазындай жадырап жүретін, айтар ойын іркіп қалуды қаламайтын ақынның жан-жүрегіне үңілуге жетер уақыт. Қазақ өлеңіне сексенінші жылдары келген қыз-жігіттердің біразы өлең көкжиегінен, ақындық орбитасынан жоғалып кетті. Қоғамдық формациялардың ауысуы, құндылықтардың орын алмастыруы, қара базар, жетім бұрыш біздің буынды қыспаққа алғанын несін жасырайын. Кітап шығарып қаламақы алмаған, өкіметтен пәтер тимеген, арзан атақ-даңққа жүгірмеген осы толқын жасымыз елуден асқанша жас ақындар тізімінде жүрдік. Енді алдымыз алпыстан асып, соңымыз алпысқа келіп ағалықтан ақсақалдыққа ауысып барамыз ба, қалай?

Өлең – ақ пен қараның, қараңғы мен жарықтың, қуаныш пен қайғының арасынан жарқ етер рухтың шамы. Көп жағдайда оқырман санасы мен жыр табиғатының арасы домбыраның қос ішегіндей үйлесе кетуі де екіталай. Темірғали ақын да қатарластары сияқты екі қоғам, екі формация, тіпті екі ғасырдың куәгері.

 Бесін сәттің білмесең дүр бағасын,

 Бұла жүрек, несіне бұлданасың?

Жазбақ болып түндерде тырбанасың

Жылап қалған жылдардың жылнамасын.

 

Жылдар жылжып барады жылап-күлген,

Сырнайына уақыттың құлақ түрген.

Сұрауы бар дейміз-ау әрбір сәттің

Сұрарыңды білмейсің бірақ кімнен…

 

         Осы шумақтарда Темірғали ақынның тағдыры да, жан-жүрегінің табиғаты да кестеленген. Жалған пафос, жалаң дидактика жоқ. Бұл өлеңнен «Жылап қалған жылдардың жылнамасын…» жазып отырған ақынды көремін. Киелі қалам иесінің міндеті де «…Жылап қалған жылдардың жылнамасын…» жазу. Осы жолдар айтқанына сендіреді, ертеді, ерітеді.

Темірғали достың «Аңсау» деп аталатын бір тамаша жыры бар. Жаныңды аялар, санаңа самал соқтырар, қарапайым да қасиетті өлең.

… Аққұмда қалған бала кез,

    Аңсатты нұрдай бүгін де.

Тұңғиық еді-ау қара көз

Тәтті мұң тұнған түбінде.

 

 Бозбала ғұмыр – жақұтым,

Бозала таңдар санамда.

Бейдауа сүю бақыты

Бұйырған еді маған да.

 

           Аққұм-ау, неге асықтым,

           Шоқ болып жанған шақтар-ай.

          Сағынтып жүрген ғашықтың

          Сарылтып жеткен хаттары-ай.

Аяулы да, аялы жыр. Аққу-қаздың мамығындай үлпілдеп тұр. Сезіміңді селт еткізіп, жаныңның жарық оттарын жақпаса оның несі өлең? Енді осы жырдың соңы:  

        …Аңсаймын қейде қаталап,

           Дүние түбі бір кемдей.

          Аққұмда аппақ махаббат

         Күн кешіп әлі жүргендей.

Жүрек шым етті. Ақ махаббат, ақ сезім қай жерде, қай жүректе күн кешіп

жүр екен? Әлде мынау аласапыранда біздің өлкеден зым-зия жоғалды ма?

…Менің есіме Темірғали ақынмен бірге  Шымқалаға, одан әрі Төлебиге, Аққұмға соғып, оқырмандармен кездесіп, Біркөлікке келіп қонған жаздың түні түседі. Сонда біз сенің елу жылдығыңды атап өтуге Исрайыл Сапарбай, Ұлықбек Есдәулет, Бауыржан Жақып төртеуміз бірге барған едік. Сол түні Біркөліктің жұлдызы ерекше жарқырады.

– Осы өлкеден небір ұлы суретшілер шықты ғой. Ғажап емес пе? – деп аңқылдады ел ағасы жасына енді келген ақкөңіл ақын ентігіп.

Содан бері он жыл өтіпті. Ол жердің ауасы да, суы да, күні де, түні де ғажап еді…

         «Аққұмда аппақ махаббат, күн кешіп әлі жүргендей.» Иә, ақ махаббат ұялар жүректі, баурар сезімді, жүрер жерін біледі. Сол қасиетті сезім сенің Аққұмыңда жүрген шығар, досым!

         В.Белинскийдің А.С.Пушкин туралы мақалаларында: «Ақынның тағдырын тек талант қана шешеді деп ойлау – үлкен қателік. Әрине, адамды ақын ететін, алдымен, талант екені рас, бірақ оған қосымша мінез, білім және ұстанған бағытың болуы керек. Соңғылары ол өмір сүрген қоғамға тәуелді. Шындықты ақындықпен бейнелеу табиғи талантқа аздық етеді, ол үшін ақынның өзінің ақындық шындығы болуы керек» деген сөзі бар.

Ақындық шындық. Бәлки, ақиқаттың айнасы деп жүргеніміздің өзі ақындық шындық шығар. Заман, қоғам өзгерісі шын ақын шығармаларында көрініс таппай қалуы мүмкін емес. Абайша айтсақ: «жүрегінің түбіне терең бойлаған» жанның көкірек көзі ашылады. Ол айналаға ақиқаттың көзімен, ақындық шындықпен қарап өзі сонысымен сапар шегеді. Белинский Пушкиннің талантын ашқан 1812 жылғы Отан соғысы болғандығын, дәл осы майдан қалғып-мүлгіген орыс рухын оятқанын, намысын қайрағанын сөз етеді. Пушкиннің өсу жолдары, есею жолдары осы оқиғалардан бастау алады деген пікір орнықтырады.

         Қазақ қоғамындағы Тәуелсіздік ұлттық намыстың оянуына, рухымыздың тірілуіне жол ашты.

…Аққұмға барсаң қыста бар,

Ақшаңқан әлем – ар шығар.

Ақтүтек соққан тұста бар

Аңсарың сірә бар шығар? – деп өзінің Аққұмын, Жиделісай тоғайын, Өгем жоталарын мөлдірете жырлайтын ақынның өрісі ұлғайған, көкжиегі кеңіген жылдарының куәсі болдық. Дүние қашан да қозғалыста, өзгерісте. Оны тоқтатып қояр құдырет жоқ. Ақын бес күн ғұмырға қонақ болғанымен уақытқа қонақ емес. Соны сезінгенде ғана құдыретті қалам иесісің.

Ақын Темірғали Көпбай өлеңнен өлеңге, кітаптан кітапқа көркемдік кестелері мен образды ойлау жүйесін шыңдап, қорғасын құйған сақадай салмақтанып, арқаланып, әруақтанып алға ұмтылады. Өз рухының шамын өз өлеңімен жағады. Ондай ақын кие мен қасиеттің иесі. Ақындық ақиқат ақын түйсігіне сәуле түсіреді.

 

Зарыққан кезде заманнан мынау күдер кем,

Зауал ма дерсің Тәңірдің өзі жіберген.

Ырықтан шыққан ызадай бейне ышқынып

Далама менің дауыл келеді түнерген.

 

Сірескен бұлттар – жұртымның өкпе, наласы,

Сыңсыған самал – боздаған бейбақ анасы.

Ұйытқыған жел – ұлыған намыс үніндей

Толассыз нөсер – көз жасы елдің, шамасы.

 

Дауыл келеді, қайғысын артып зарлы үйдің,

Сағаты жетті сартап боп жатқан сары қидың.

Сананы сілкіп, сел болып тиер бұл дауыл,

Қопарады ертең атқораларын Авгийдің.

Бұл Темірғалидың «Дауыл келеді» атты үш шумақ өлеңі. Бұрын да оқығам. Енді бүгін тоқ соққандай әсер етті. Уайым мен күдікке толы бүгінгі аласапыран тірлікте осы үш  шумақ қанша жүк көтеріп тұр?

Авгийдің атқорасы тазаланса, санамыз бір сілкініп қалар еді, шіркін. Қазір қазақ қоғамында қит етсе ақын-жазушыны күстаналау үрдісі белең алып тұр. «Анау сатқын»,  «мынау бұғып қалды…» деген пікірлерден көз сүрінеді.

«Напалеон қылышпен бастаған істі мен қаламмен аяқтаймын» – депті ұлы Бальзак. Темірғалидың «Дауыл келедісі» ақшаңқан сарайларда оқылатын жыр еді… Амал не?

Ақындықтың, ақынның ұлы миссиясы – айтарын айтып өлу.

…Ана бір жылы Алаштың атан жілік азаматы Бекет Тұрғараев құрған «Қожаберген жырау» қоры ұйымдастырған Қожаберген жыраудың мерейтойына бардық. Топ ақынбыз, республикалық жыр мүшәйрасы өтіп жатқан. Қорытынды кезең. Ақындар кезек-кезегімен марапаттарын алуда. Бір кезде сахнаға кезінде сол облысты басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Қажымұрат Нағыманов көтерілді.

– Қожаберген тойы – елдіктің, ерліктің тойы,– деді асау қанды ағамыз ақынша толғанып, батырша қомданып, – Мен өзім жедел шешім қабылдайтын адаммын, жюридің шешімінде шаруам жоқ, өз атымнан елдікті, бабалар рухын жеткізе жырлаған Темірғалиға сыйлық ұсынамын.

Ағамыз көк конвертін беріп жатты. Темірғали дос Қожаберген бабасының, Қажымұрат ағасының сыйлығын қоса алып Қызылжар сахнасында бал-бұл жанып тұрды. Ақын ғұмыры кейде осындай бақытты сәттерден де тұрады.

         …2016 жылы балкар халқының ұлы ақыны Қайсын Құлиевтің 100 жылдық мерейтойына қазақ қаламгерлерінің атынан Темірғали Көпбай қатысатын болды. Ақпейіл ақын қатты дайындалды. Кабардин-Балкар елінің орталығы Нальчик қаласында өткен кездесуде еміреніп сөйлеп, тебіреніп жыр оқыған. Түрік елдерінен жиналған қаламдастармен бірге Эльбрус шыңына шығып, Қайсын ағаның туған ауылына барып, ақсайран бір күндерді бастан кешкен.

– Темірғали ғажап азамат екен. Аға тойында аңқылдап сөйлеп, жарқылдап жүрді,– деп хабарласты сол елдің Жазушылар ұйымының басшысы, тамаша ақын дос Мүтәліп Бетбаев.

         Содан бергі уақытта Темірғали Қайсын ағаның жары Элизат Елбайқызымен, ұлы Ақматпен бауырындай араласып, сәлем-сауқат жіберіп тұрады.

         Иә, кез-келген ақын өзі өмір сүрген алмағайып қоғамның мүшесі. Солай бола тұра талантты жанның өмірбаяны жылдар өте келе оның өлеңбаянына айналары хақ. Темірғалиша айтсақ: «…жылап қалған жылдардың жылнамасы». Сол жылдар мен күндердің ескірмейтін естелікке айналар тұстары ақын қаламының сәулелі сәттері, арайлы шақтары. Өзі көрген, өзі ортасында жүрген қоғамның небір есте қалар оқиғалары ақын қаламынан жыр болып төгіледі, сыр болып ақтарылады. Темірғали кейінгі жылдары ондаған баллада жазды. Бояуы қанық, ойы анық шайыр осы жанрдың табиғатына әбден бойлағандай. Қазақтың тамаша ақыны Әбубәкір Қайранмен автобус ішіндегі алғаш таныстығын суреттейтін «Танысу» балладасынан бастап, «Кітапхана мен қасапхана», «Қара тізім», «Қадыр мен Тұманбай», «Қателікті түзету», «Намыс», «Оппозиция туралы ой», «Пират», «Сталин мен Төлеген», «Тәуелсіздік туралы ой» секілді ондаған балладалар ілкі ізденіске толы күндердің жемісі. Осы туындылардың қай-қайсысының да көтерер жүгі ауыр. Мәселен, «Кітапхана мен қасапхана». Осы оқиғалы жырда ақын туған ауылы Аққұмға барып, кешегі кітапхана орнында қасапхана тұрғанын көреді. Санасына сан ине сұғылып, жанына қылбұрау түскендей шырылдайды.

«…Кітапхана болатын мына маңда,

Жан рахатын беретін сұрағанға.

Қасапхана салардай осы жерге

Не көрінген апыр-ау, бұл адамға?

 

Бәңгі күннің зауалы болмасын ба?

Миым толып кеткендей қорғасынға.

Кітапхана орнында қасапхана

Бала кездің отырмыз ордасында»

Жанарыңа жас тұнады. Аяулы сезімдеріңді, қастерлі қасиеттеріңді тонап жатқан кім? Аққұмның кітапханасы қасапханаға айналыпты. Сіздің ауылдың, біздің ауылдың кітапханасының жай-күйі қалай? Бұл әр көкейде тұнған сауал. Қабырғаңды қақыратып, көкірек көзіңе жас тұндырар сауал. Оның жауабын ешкім де бере алмайды. Бәлки, ізгілік, мейірім атаулының жойылып бара жатқаны да кітапхананы сүріп, орнына қасапхана сала бастаған кезден басталған шығар. «Біздің жаққа келген бе заманақыр, жүдеу жаным жабырқап бара жатыр» – деп бебеу қағады ақын. Құдды бір қобыздың күйіндей запыран ішіп, зар құсады.

         …Тоқсаныншы жылдар басында әлем әдебиетінің 200 томдығы сатылатыны туралы хабарламаны газеттен оқып, мекенжай көрсетілген адреске іздеп бардым. Ерлі-зайыпты еврей отбасы екен. Қартаң тартқан адамдар. Израильге көшіп бара жатыр. Саудаласып, бала-шағамның аузынан жырған қаражатымды алып келсем, шал мен кемпір әр кітапты аялап, жәшіктерге салып жатып: «Күтіп ұстаңызшы, үш перзентім осы кітаптардың арқасында адам болып еді» – деп жалғыз қызын ұзатқандай жолға салған. Осы оқиғаны ақын достарға жырдай ғып айтқанмын. «Кітапхана мен қасапхананы» оқығанда сол қариялар көз алдымнан кетпей қойды.

 «Тәуелсіздік туралы ой» балладасы тыңға түрен тартқан, шындығы шырылдап тұрған шығарма. Онда шабдар аттың, Аралбай шалдың емес, осы күндердің шырқырап тұрған шындығы бар. Екі дүние арасында алмағайып заман кешкен ұрпақтың, ұлағат іздеген ұлттың тағдыр-тәлейі бар. Арбакеш Аралбай шал демі азайып, дәм-тұзы түгесілерін сезген соң ұлына шабдар атты қамыттан босату туралы аманат айтады. Жарлының жар дегенде жалғыз аты, ғұмыр бойы мойынын қамыт қажаған. Баласы қалжау әкенің аманатын бірден орындайды. Әрі қарай жыр сөйлесін:

– Шу, жануар! Қайтер екен?

Көтергенше қауғаны,

Шабдар жылқы жер ұшықтай күлге жатып аунады.

 

Содан кейін кең дүниеден таппағандай бағытын,

Арба жақты айналшықтап, иіскей берді қамытын.

 

Қимайды екен, сол қамытқа сыңар болған секілді,

Қара қамыт мойынына тұмар болған секілді.

 

Мұны көріп Аралбай шал жанарына жас алды,

– Қара қамыт жануардың серігі ғой қашанғы.

 

Көнтері боп қалған байғұс көнбістігін танытты,

Қайтсін енді, аңсап тұр-ау қамшы менен қамытты.

 

Қанша жерден тәуелсіздік берсе дағы Тәңірім,

Қамыт көрген азаттықтың ұқпайды екен қадірін.

…………………………………………………………………….. 

 Жатқан сынды талай сырды қойнауында бұғып қыр,

Шабдар жылқы қамытына басын қайта сұғып тұр…

Салмағы  ауыр салиқалы өлең. Қамыттан босаған шабдар ат шашасына шаң тимей тарлан ашса деп ойлайсың. Бейнеткеш Аралбай шалдың «жар дегенде жалғыз серігі» шабдар аттың тағдырына алаңдайсың. Ұлт поэзиясына да осындай ұлағатты жырлар, ұстанымы мықты жаңа уақыттың жаңа сөзі керек. Ақынның өлең алдындағы жауапкершілігі де осы жерден басталуы қажет екенін Темірғали жақсы түсінген. Ескі арба, қамыт бізге бала кезден көз алдымызда қалған суреттер. Қайран да біздің әкелер солай жүріп-ақ тағдырына талқан тапқан, ұрпағының ертеңі үшін аязға тоңып, шілдеге шыжғырылған. Жаһанданудың жаңа үрдістері сол бір сырлы суреттерді санамыздан сарғайтып, көңілімізден көмескілендіре бастады ма екен?

 «…Қара қамыт мойынына тұмар болған секілді» күндерден, сол психологиядан құтылу үшін де жан-дүниеңе аз сілкініс керек емес болып тұр. Ақын жанының отын үрлейтіндер – сол сезім, көмескі тарта бастаған көріністер.

         Темірғали Мұратбекұлы Көпбаев – қарымды журналист, қабырғалы ақын, зерделі ғалым, іскер баспагер ретінде қазақ қоғамына танымал тұлға. Өлең айдынына өз кемесін ерте салған ақынның «Көзмоншақ», «Жаңғырық», «Кие», «Оңтүстік», «Аңсар», «Даналық тәпсірі», «Аққұмда оянған арман» атты жинақтары жарық көріпті. Әлі де алқынбай, аптықпай поэзия парасаты жолында еңбек етіп келеді. Оның ой орамы, сезім сәулесіне толы өлеңдерін іздеп оқитын оқырманы бар. Ақын өлеңдеріндегі көркемдік әдістердің сан алуандығы, сезім шынайылығы, елдік мұрат бірін-бірі толықтырар мәнге ие.    
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Төлеби ауданының Құрметті азаматы, филология ғылымдарының кандидаты Темірғали Көпбаев ақынның баспагерлік қырын, ғылыми еңбектерін, новелла, әңгімелерін сөз етпедім. Тек алпыс асуға шығып жатқан абзал азамат, арналы ақынның жыр әлеміндегі өз орнын, өз биігін айтуды парыз санағам.

         …Өкпек желде өксіген армандарың, жылап қалған жылдарың ақын жүрегіне кір жасыртпайды.

…Жанымды өртеп жалғандағы аза мұң,

Жазмыш сырын жүрегіммен жазамын.

Қай қиянның қиясында қаласың

Сапарыма серік болған ғазалым, – дейді Темірғали бір өлеңінде. Бұл ақынның да, есі бүтін пенденің де өз-өзіне қояр мәңгілік сауалы. Жазмыштың сырын, ғұмырдың жырын жазатын сиректердің сапында сен де барсың, ақын дос!

«Жылап қалған жылдардың жылнамасын» жаза бер! Қол бұлғауға үлгертпей зулаған ғұмырда жылап қалған күндер мен айлар аз емес.

         Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір