ОТАНДЫҚ ҒАЛЫМДАРДЫ ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ
03.02.2022
500
0

 

Гүлнар НАСИМОВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы

САЛМАҚТЫ АНАЛИТИКАЛЫҚ КӨЗҚАРАС ҚАЖЕТ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғалардан кейін алғаш рет 30 қаңтарда сұхбат берді. Халық бұл оқиғалардың күрделілігін сезінеді және әлі ұзақ уақыт саралайтын болады. Бірақ осы сұхбатқа дейін, дәл осы айда Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды толғандыратын мәселелерді бірнеше рет айтқан еді. Иә, халықты барлық себептері алаңдатады. Сонымен қатар бұл оқиғалардан туындаған салдар да алаңдатып отыр. Елімізді не күтіп тұр? Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық саладағы күшейтілген жұмысы болуы керек екені түсінікті. Сондай-ақ Президент Қауіпсіздік кеңесі аясында ұлттық қауіпсіздік жүйесінде реформалар болатынын бірнеше рет айтты.

Билік беделі, стратегиялық мақсаттар мен нақты басқару шешімдерін жүзеге асырудың тиімділігі мемлекеттік саясатты жүргізушілер ретіндегі мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және адамгершілік деңгейіне байланысты. Ал «ақпараттық жағынан ұтылдық, фейктер көбейді» деп атауымыздың себебін, көп жағдайда біздің шенеуніктердің халыққа дер кезінде әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардың мақсаттары мен міндеттерін түсіндіре алмауымен, қарым-қатынастардың қайшылықты салаларын реттей алмауымен байланысты болуы мүмкін. Мемлекеттік бағдарламалардың мақсаттары мен оларды жүзеге асыру әдістерінің арасындағы қайшылықтар осыдан туындайды.

Менің ойымша, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы туралы мәселенің де өзектілігін арттыру қажет. Өйткені қатаң вертикаль есебінен қол жеткізілген қоғамды тұрақтандыру қысқа мерзімді әсер береді. Ал кері байланыс институты болмаса, деструктивті қақтығыстардың алдын алу тұрақты сипатқа ие болмайды.

Әртүрлі әлеуметтік топтарға, қоғам топтарына өз мүдделерін институттандыруға мүмкіндік беретін көптеген институттардың ішінде саяси партиялар ерекше маңызға ие болуы керек. Бұл ретте, қазақстандық қоғам мәдениетінің құрамдас элементі саяси партияларға деген сенімсіздік екенін атап өткен жөн. Жалпы, Қазақстан азаматтары партияларды билік пен азаматтар арасындағы дәнекер ретінде қабылдамайды. Көбінесе бұл партиялардың дауыс беру машинасы ретінде пайдаланылуымен, партиялардың имитациялық сипатымен байланысты. Сондықтан бізге заңды-конституциялық тетіктер арқылы қоғамдағы әлеуметтік көңілі толмаушылық пен наразылықты білдіре алатын бәсекелес партиялар қажет.

Бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі де өте маңызды. Соңғы оқиғалар журналистерге ерекше жауапкершілік пен объективтілік қана емес, салмақты аналитикалық көзқарас қажет екенін көрсетті.

Қаңтар оқиғасын ғылыми тұрғыдан түсіну де өте маңызды. Конфликт жағдайларын тудыратын, әсіресе деструктивті салдарға әкелетін факторларды ерте диагностикалау және анықтау бойынша жұмыстар жүргізу қажет. Қазір университетіміздің ғалымдары осы бағытта жұмыс істеуде. Бұл тұрғыда кәсіби конфликтологтарды даярлау да маңызды. Сондықтан тек біздің университетімізде ғана жүзеге асырылып жатқан «Конфликтология» білім беру бағдарламасын дамытуды жалғастырамыз. Бүгінде тек әлеуметтік-экономикалық ғана емес, саяси реформалар да қажет. Мұны мемлекет пен азаматтық қоғам бірлесе отырып жүзеге асыруы тиіс.

Қ.ЖҰМАБЕКОВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының аға оқытушысы

ЖАСТАР ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ СЕЗІНУІ ТИІС

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде: «Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай, біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Сондықтан еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет», – деп тұжырымдай отырып, «Өкінішке қарай, бүгінде халық арасында осы оқиғаға байланысты түрлі қарама-қайшы, шындыққа жанаспайтын жалған ақпараттар тарап кеткенін көріп отырмыз. Мұның, әрине, бірнеше себебі бар: кейбір азаматтарымыз ахуалды егжей-тегжей білмей тұрып қате пікірде болса, кейбірі әдейі ақпаратты бұрмалап, жағдайды одан бетер ушықтырады», – деп мұқият болуға шақырды.

Қанша адам болса, сонша пікір бар. Дегенмен дәлелсіз жаңсақ ойлар көптеген адастыруларға, жанжалға, қала берді, қатыгездікке, ойға келмес озбырлыққа әкеп соғуда. Осы тұрғыдан келгенде алыпқашпа пікірлерден ойымыз мен бойымызды аулақ ұстау басты назарда болуы тиіс. Сондай-ақ қазақ жастары тәуелсіздіктің құнын жете түсініп, оның ғұмыры ұзақ болуы үшін ұлтқа, еліне қалтқысыз қызмет етіп, аянбай еңбек етуі керектігін де ұмытпаған жөн.

Әйгілі жазушы М.Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, болашақтағы жастарға артылар үміт пен жауапкершілік бүгінгі күннен бастау алатынын естен шығармау қажет. Бұлай екпін түсіріп айтуының өзі қазіргі еліміздің саяси-әлеу¬мет¬тік, экономикалық тұрғыдан тәуел¬сіздікке жетіп отырған тәуелсіз мемлекеттігіміздің тұрақтылығын сақ¬тап, оны болашаққа аманат етуді көздеуді сипаттап отырғандай. Бүгінгі жастарымыз ғылым мен білімге ұмтылып, елдің болашағын ойлайтын болса, келешегіміз кемел, тәуелсіздігіміз баянды болмақ.

Алтын АҚЫНБЕКОВА, ҚазҰУ журналистика факультетінің PhD докторы

ОТАНДЫҚ ҒАЛЫМДАРДЫ ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ

Қаңтар оқиғасынан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік жұмысшылар үшін квота санын азайту жөнінде айтқан еді. Осыған байланысты білім саласында, оның ішінде ЖОО шетелдік профессорларды тарту жөнінде пікірімді білдіргім келеді.

2019 жылы елімізде «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленгенін білеміз. Бағдарламаның басты мақсаты, жұмыс тобы құрылып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі архив қорларындағы материалдарды жинап, елге әкелу керек болған. Бүгінгі күнде аталмыш бағдарлама бойынша қаншалықты жұмыс жүріп жатқанынан бейхабармыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерімен кездесу кезінде «Шетелдік жұмысшылар үшін квота санын азайту керек. Елімізде жұмыс істейтін азаматтар, әсіресе жастар саны жеткілікті» деп қадап айтты. Осы тұрғыдан алғанда, шетелдік профессорларды шақырғаннан гөрі отандық ғалымдардың шетелге барып, шетелдік архив қорларымен жұмыс істеуіне мүмкіндік берсе. Елімізде мықты ғалымдар өте көп, олардың ішінде жиған-терген материалдарын баспадан басып шығаруға қаражат таба алмай отырғандары қаншама. Мысалы, мен қазақ баспасөзінің тарихын зерттедім. Алматы қаласындағы Орталық архив, Ұлттық кітапханадағы «Сирек қолжазбалар» қорында көптеген тарихи басылымдар бар. Олардың барлығы араб қаріптерімен төте жазуда басылған. Тарихи басылымдарды бүгінгі ұрпақ оқи алатын қаріпке түсіру үшін араб қарпін тани алатын азаматтарға оқытып, редакциялап, баспаға дайындау, басып шығару үшін қаржы керек. Қарапайым зерттеуші ретінде оған менің қаражатым жетпейді. Ал қазақ баспасөзінің толық зерттелмеуінің нәтижесінде білім алушы жастар баспасөз тарихын тереңдеп оқи алмайды.

Сондай-ақ еліміздің архив қорларында қазақ баспасөзіне қатысты материалдар толық емес. Мәселен, Өзбекстан, Ресей, Түркия кітапханалары мен архивтерінде біздің қолымыз жете алмай жүрген алғашқы қазақ басылымдарының түпнұсқалары сақталған. Міне, осындай шетелдік архивтер мен кітапханаларда жұмыс істейтін ғалымдарға мемлекет тарапынан көмек көрсетілуі тиіс.

Клара Қабылғазина, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының қауымдастырылған профессоры

ДАНА ХАЛЫҚТЫҢ ҰРПАҒЫ ЕДІК

Қазақтың басына қара бұлт үйіріліп, мемлекеттің даралығына қатер төніп, тәуелсіздігімізді тәрк етіп ала жаздадық. Әлеуметтік желіде қанталап, құтырынып, іріткі салуды көздеп отыратын бір топтар бар еді. Солардың көксегендері болып, қан төгілді, шаңырақ шайқалды, тыныштық бұзылды. Мәселенің мән-жайына түсініп үлгермегендер бүлікшілердің айтағына ерді, сөйтіп, лаңкестердің қатарын толықтырды. Одан артық надандық, арсыздық, топастық бола ма?! Дегенмен айтарым қаралы күнді еске салу емес еді.

Жамағатқа жау шапқанда басқа бірқатар елдер басшылары сияқты өзге мемлекетке бас сауғаламай, елмен бірге болып, сарабдал саясат ұстанған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, ризашылығымды білдіру болатын. Мәлімдемесінде де халықтың қамын, елдің жайын, республиканың болашағын ойлаған тамаша жобалар айтылды. Соның бәрін ел болып, ауызбірлікті жұрт болып, жүзеге асыруға кіріссек, ойдағымыз орындалса біздің ел сәулетті де дәулетті ел болатыны хақ. Оған негіз мол. Тек алауыздық іздеп, өз қарындарының қамын ойлаған адамдардың, солардың идеяластарының етектен тартуына, астыртын әрекеттеріне жол ашпау керек.

Елбасы Н.Назарбаевтың да егемендік алуға қосқан, елдің еңсесін көтеруге сіңірген еңбегі бар, оны көрмей, көрсоқыр болуға болмайды. Тәуелсіздік алғанымыз жарияланғанда жартылай ашқарын отырсақ та, еңіреп жылағанбыз. Оған Құдай куә! Мемлекеттің жағдайы өте қиын болатын, Ресей өз ақшасын айналымнан алды, теңге кіріп үлгермеді. Азық-түлік қат. Осының бәрін менің замандастарым біледі. Ондайдың бәрін тізіп неғылайын… Қазіргі тойынған адамдар шет-жағасын білсін, тәуелсіздіктің құнын түсінсін, ілік шығарып, ел іргесін сөкпесін (сөгітпесін) деп айтып отырмын.

Қазақ халқы сөздің мәнін түсініп, бір ауыз ақиқат сөзге тоқтай білген, парасат-пайымы мол, ақылды халық екенін мақтан тұтамыз. Еуропаның талай елінде, Америка, Қытай, Түркия сияқты бірқатар мемлекеттерде болған сайын, журналист болғандықтан жергілікті халық өкілдерін салыстырып, ерекшеліктерімізді екшей жүретін дағдым. Көп жағдайда қазақтың халық ретіндегі қасиеттерін жоғары қойып, елді, жерді, ақыр аяғы суымызды аңсап қайтатынмын. Өйткені Жаратушы Иеміз бізден ештеңені аямаған екен. Сондықтан сол тамаша қасиеттерімізді бағалай отырып, мемлекеттігімізді сақтап, елдігіміздің рухын көтерейік. Бағымызға парасаты мол, білгені көп, сарабдал саясаткер басшыны берген екен, соны бағалай білейік. Ұрпағымызға ұлағатты істер қалдырайық.

Айгуль САДЕНОВА, ҚазҰУ жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасы

САПАЛЫ БІЛІМ – БОЛАШАҚ КІЛТІ

Ұлттық болмыс пен бірегейлікті сақтай отырып, сананы жаңғыртуда және білімділікке ұмтылдыруда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының шетелдік жастарға ғылым, білім беру және тәрбиелеудегі орны ерекше. Бұл кафедра әлемнің озық, заманауи және таңдаулы үлгілері негізінде шетелдік жастарға жаңа деңгейдегі сапалы білім беруді қамтамасыз етуді көздейді. Сапалы білім беру жолында жаңа технологияларды қолдану, инновациялық бағытта жұмыс жасау заман талабына сай жүзеге асуда. Алған білімдерін дамытып отыратын жеке тұлға қалыптастыруды қамтамасыз ету бағытында жаңа технологияларды қолдануға жол ашуда. Осы тұрғыда кафедра ұстаздары шетелдік тыңдаушылардың білім сапасын арттыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында нәтижелі еңбек етуде.

Кафедра оқытушылары әлемнің әр елінен келген ұлт өкілдеріне қазақ және орыс тілдерін меңгертіп, қазақ халқының салт-дәстүрін, ата тарихын үйретуде. Шетелден келген студенттер білімнің бастауын осы ұстаздардан алып, биік белестерге көтерілуде. Біздің кафедрамыз бүгінгі күні университеттегі бірден-бір шетелдік жастардың басын қосып, халықтың рухани жан дүниесін байытуға өз үлесін тигізіп, білім алғысы келетін әрбір шетелдік азаматқа өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай, ескере отырып, бағыт-бағдар беріп келеді. Ғылыми әрі кәсіби дәрежелері жоғары, білікті де білгір оқытушылардың тынымсыз ізденістерінің, қажырлы еңбектерінің нәтижесінде кафедрамызда студенттердің әртүрлі деңгейдегі білімге деген сұраныстарын қанағаттандыру, қызығушылық танытқан шетелдік азаматтардың таным көкжиектерін кеңейту бағытында әртүрлі іс-шаралар ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған.

Шетелдік студенттермен жұмыстың өзі ұдайы ізденісті, шығармашылық көңіл күйді қажет етеді. Тілдерді шет тілдері ретінде оқытуға негізделетін функционалды-коммуникативтік бағыт, тілдерді оқытудағы теория мен практика атты екі бастаудың тығыз бірлігін көрсетеді. Қазір кафедрада өзге тілді меңгеру мәселелерін зерттеу бойынша теориялық қағидалары шетелдік студенттермен дәрісханалық жұмыс жасау барысында толығымен қолданыс тапқан өзіндік ғылыми-әдістемелік мектеп пайда болғанын сенімділікпен айтуға болады.

Студенттерге бұл кафедра туған үйінен кейінгі екінші үйі, ал өздері оқитын топтары олар үшін үлкен және тату-тәтті әрі көпұлтты отбасы болып табылады. Шетелдік тыңдаушылар әрқашан оларға сабақ барысында және сабақтан соң бүкіл оқу жылының барысындағы жаңа ортаға бейімделуге көмектесетін өздерінің оқытушыларына, білімнің бастауын осы ұстаздардан алып, биік белестерге көтеріліп, ұлттық тілімізбен, өнерімізбен және тіл мәдениетімізбен танысып, білімдерін ұштауда зор жетістіктерге жеткеніне қуанып, өз алғыс пікірлерін білдіріп отырады.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

Баспасөз қызметі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір