Бақытбек Қадыр. Сайлау
21.01.2022
4300
0

Сайлау

(Новелла)

Атам заманнан бері қоғам көкейінде үміт пен күдігі итжығыс түсіп жататын наһан науқан өткен күнгі таңертең, университеттің алдында сұхбат алуға уағдаласып келіскен Сәкеңді күтіп бір қауым уақыт тұрдым.

Маңай тола ығы-жығы, ары-бері сапырылысқан жас өскін студенттер. Қайсысына қарасаң да әдемі, тіпті кейбірінің кеспірі, болмыс-бітімі қисық болса да үлбіреген жастығымен сүйкімді. Осынау нөпір жастың ар жағынан көп күттірген Секеңнің де қу төбесі көрінді. Секең бейне теңіздің жағасына ұмсынып жете алмай келе жатқан аласалау ақбас толқын тәрізденді. Өйткені Секең сол жақ тізесін бүкпей қатқан ағаштай сүйрете басатын сылтымасы бар. Қақпанға түскен аң сияқты жүрісі. Сол жағында өзімен бірге істейтін қолтықтаса келе жатқан әйелі бар екен.

– Үйде, жеңгеңнің шайын ішіп отырып сұхбаттасайық, үйіміз анау тұрған ғимарат «Жас ғалымдар» үйі, – деді Секең иегін көтеріп, аман-саулықтан соң мені де қолтықтай беріп. Жүр десе жүре кететін елпілдектін емес, науқанға қатысты пікірін жазып алу үшін амалсыздан еріне басып, еріп келемін.

– Газеттерің жақсы, сенің де мақалаларыңды тұрақты оқып тұрамын, жақсы-жақсы, – деп мені мақтай бергенде, бір жастау оқытушы келіншек сыңғыр етіп, сәлем берді.

Сөйтіп, әйтеуір әлдебір оны-мұны көр-жер әңгіме әлсін-әлсін үзіліп қала берді соңына жетпей.

– Иә, жаңа не айтып жатыр едім?

– «Жақсы-жақсы», – дедіңіз.

– Иә, жақсы, – дей бергенде тағы біреуі киіп кетті де, көкбауырша жабысып біраз уақыт алды.

Мұнда Секеңді бәрі таниды, «алпыс ата, жетпіс жездесі» бар.  Кім сөйлессе, бүйірі жабысып, мәнсіз-мағнасыз ұзын-сонар әңгіме соғуға әзір.

Сөйтіп жиырма шақты қадам жүргеннен кейін Секеңнің бұрын бірге оқыған курстасы ұшыраса кетті. Бұл жолы да біршама әңгіме айтылды.

Бір байқағаным, Ү деген біреу жайлы бір қыдыру ғайбат айтылды. Сол адамды мен де ұнатпаушы едім, бес тиынымды қоса кеткім келіп, тілім қышып тұрса да әдеп сақтап үнсіз қалдым. Секең аянып қалған жоқ, куртасының жетпей тұрған тұсын толықтырып, қолтығын сөгіп, тұздықтап, тіпті сол адамнан аулақ жүргенді, жиренуді, «сондай болмайық деген сабақ» деп үстемеліп, оның өзінен асырып, лепірте түсті.

Бірақ біз асығып тұрмыз, тілшінің жұмысы зады қарбалас. Сонымды сезгендей әйелі:

– Секе, болыңыз енді, балалар күтіп қалды ғой, – деді бізді нұсқап.

Жүріп кеттік. Бір бұрышты айнала бере Секеңның тағы бір танысы шықты. Секең әлгіндегі «антұраған Ү» жайлы әңгіменің әсерінен әлі арыла алмай келе жатса керек, бірден әлгі адамға:

– Осы сен Ү жайлы не дейсің? – деді, жаңа ғана жамандаса да іштей өз ойына өзі сенімсіз адамша көзін жыпылықтатып. – Осы елге ылаң салып, елді бүлдіріп барады ғой, осыған «ай дейтін ажа, қой дейтін қожа» жоқ па? Киембі қайда қарап отыр ал? – дей бергенше болған жоқ, танысы сөзінің соңын күтпестен көзі шатынап, танауын делдитіп:

– Секе, қызық адамсыз, – деді бір кідіріп. «Қызық» деген сөздің ар жағында «сен ол жайлы жақсы білмесең де бұтып-шатып сөйлей беретін езбесің» дегендей. – Қызықсыз, Ү деген оңай адам емес. Екі үш тіл білетіні былай тұрсын, ол кісінің ұлтым деп соққан үлкен жүрегін айтсаңызшы. Көреалмайтындар оттай береді. Жақсыға сөз ереді ғой, Секе, – деді тіпті Секеңе жаны ашыған кейіп танытып.

Секең әдетегідей көзін жыпылықтатып, қарсылық білдіре алмай, аузын ашып ойланып тұрып қалды.

– Секе, қызық адамсыз, мысалы қоғам кім жайлы айтады? Ү жайлы айтады. Неге? Өйткені ол – тұлға. Тұлға туралы әртүрлі қаңқу айтыла береді. Омар Һаям: «Қоғам егер кім жайлы көбірек айтса, қоғам содан бір саты төмен» деген екен, – деп ол саусағын шошайта жоғарды нұсқады. Секеңе бұл сөз бейне бір әлгі Ү төбесінен төне қарап тұрғандай әсер етті.

– Рас-ау, адамның аз-кем жамандығы болғанмен, жақсылығы да бар ғой, – деп Секең манағы райынан тез қайтты. Тіпті әлгіге қосылып бабын келтіріп мақтай жөнелді.

– Рас, баяғы да осы Үкең канализация тақырыбы бойынша Москвадан докторлық қорғады. Ормандай орысты мойындатып, ғылыми жаңалығына иландыру оңай-оспақ олжа емес. Рас-рас, Үкең үлкен кісі, – деді Ү-нің қадірін енді түсінған адамша.

Келіншегі әңгімеден жалықты-ау деймін, тағы да «жүр-жүрлеп» асықтырып Секеңді әрең қозғады.

«Жас ғалымдар үйіне» де жақындап қалыппыз. Әлгі адам сәл ұзаңқыраған соң, әйелі Секеңе қабағын шытып, ұрыса сөйледі:

– Секе, сізге осы қанша айтамын, не әдетет осы: курстасың Үзгенді жамандап еді, дұрыс-дұрыс, ол деген елде жоқ антұрған дедіңіз де, бұрыш айнала бере, әлгімен қосылып мақтайсыз. Мұндай екі… сөйлеп… мұндайды қою керек қой, – деді жақатпай.

– Дұрыс-дұрыс, айтасың, Әлимаш, сенікі де дұрыс, – деді әйелінің сөзін мойындаған Секең көзін жорта жыпылықтатып.

Бақытбек ҚАДЫР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір