Бақытбек ҚАДЫР: ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНЕ «КӨҢІЛ БӨЛІНУІ» КЕРЕК
24.12.2022
900
0

Жақында ғана Еуропадан сүйінші жаңалық жет­ті. Жазушы Бақытбек ҚАДЫР Open Eurasia-2022 халықаралық әдеби байқауының жүлдегері атанды. «Қазақ әдебиетін қайтсек әлемге танытамыз, қайтсек оқырман табамыз?» деген сұрақ төңірегінде пікір өрбіп жүргелі қашан. Сол мақсат­та тәй-тәйлап қадам басып келе жатқан Бақытбек Қадырмен сұхбат­ты назарларыңызға ұсынамыз.
Бақытбек Қадыр – жазушы-журналист. 2015 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің журналистика және саясат­тану факультетін тәмамдаған. Халықаралық «Түркістан» газетінде тілші, ҚР агроөнеркәсіп ұлт­тық палатасының баспасөз хатшысы, қалалық «Jańa bastau» газетінің және janabastau.kz порталының бас редакторы қызметін атқарған.
«Жасыл шатырлар» әңгімелер жинағының авторы. «Дауыс» антологиясының құрастырушысы. Eurasian Creative Гильдиясының (London) және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 2020 жылғы «Алтын тобылғы» әдеби байқауының лауреаты. Open Eurasia-2022 халықаралық әдеби байқауының (екінші орын) жүлдегері.

Кейбір ағаларымыз Мұхтар Мағауин ақсақалдың алғысөзін қызғанғандай сыңай таныт­ты…

– Биыл қазақ прозасы үшін сәт­ті жыл болды. Мұхтар Мағауин алғысөз жазған жас жазушылардың «Дауыс» антологиясы шықты. Романдар жазыла бастады. Міне, жыл соңында Open Eurasia-2022 әдеби байқауынан екінші орын бұйырды. Өз қазанымызда қайнап, өз ішімізде өткен байқауларда ортаға салып, пікір таласып жатқанда, халықаралық әдеби конкурс бізге таңсық көрінетіні рас. Әмбе мұндай байқаулар арқылы басқа да қаламгерлерге жол ашылатыны да сөзсіз. Open Eurasia-2022 туралы сөз қозғасақ…
– Әңгімемізді осы «Дауыс» антологиясынан бастайық. «Дауыс» – өз миссиясын орындаған, естір құлаққа жеткен дауыс болды. Жылына елімізде қанша кітап шығады, оның көбі қайда кетіп жатқанын білмей қаласың. Осы рет­те, «Дауыс» өңірлерге жет­ті, біршама талқыға түсті. Сын да айтылды. Кейбір ағаларымыз Мұхтар Мағауин ақсақалдың алғысөзін қызғанғандай сыңай танытып, «мұнда ешкімнің аты аталмады» деді. Осы рет­те айта кетейін: бұл – антологияға енген он авторға ғана арналған алғысөз емес, өзінен кейінгі қалам ұстаған жас ұрпаққа айтқан лепесі еді.
Бұдан кейін Есбол Нұрахмет («Жар басындағы алтын тақ» жинағы), Досхан Жылқыбай («18:47» жинағы), Әлішер Рахат («Паралелль» романы) және менің «Жасыл жатырлар» жинағым секілді жеке кітаптар шығып, еліміздің ірі қалаларында таныстырылымы өт­ті, оқырманмен кездесулер болды. Мұның бәрі – қазақ прозасының сынық сүйем жер болсын алға басқан қадамдары.
Ал енді Open Eurasia-2022 әдеби байқауына келсек, бір ағамыздың «жүлде өнерпазға дарын бермейді, арын береді» деген бір сөзі бар еді. Сол айтқандай, жүлде, марапат­тан келіп-кетер ештеңе жоқ. Бірақ бір салаға халықтың назарын бұру үшін мұндай нәрсе қажет…
Бұл фестиваль 2012 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді екен. Биыл жазда маған Eurasian Creative гильдиясынан байқауға қатысуға ұсыныс түсті. «Жасыл шатырлар» деген әңгімемді жібердім. Open Eurasia 2022 халықаралық әдеби байқауының «шағын проза» (әңгіме) номинациясына қатыстым. Бұл номинацияда 60 қаламгер бақ сынады. Одан 25 қаламгер қысқа тізімге енді. Осы айдың 16-18 аралығында Австралияның Мельбурн қаласында Open Eurasian Literary Festival & Book Forum-ында жеңімпаздар анықталып, марапат­тау рәсімі OEBF фестивалі аясында өт­ті. Маған екінші орын берген екен. Мен фестивальге барып, қатыса алмадым. Жол шығынын қалтам көтермеді. Бірақ осы жерде бір адамға алғыс айта кеткім келеді, ҚЖО филиалы Астана жазушылар үйінің директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы «Егер барғың келсе, демеуші тауып салып жіберейін» деді. Бір ауыз сөзіне риза болдым. Әйткенмен өзім ешкімді әурелегім келмеді.
Open Eurasia әдеби байқауында жеңімпаз болған қаламгерлер ECG (Eurasian Creative Guild (London) кітап сериясының бөлігі ретінде кітабын шығаруға және кез келген гильдия жобасына қатысуға, Еуропа елдеріндегі басқа да әдеби байқауларға қатысуға мүмкіндік береміз деді. Оны да көре жатармыз.

Адам теңдігі, бостандығы, әйел тағдыры жайлы туындылар сирей бастады

– Осыдан екі-үш жыл бұрын қазақ әдебиетінде жаңашылдыққа бет бұрған жанр ретінде поэзия туралы көп айтылды. Біраз уақыт проза тұралап қалғаны жасырын емес. Дегенмен соңғы жылдары көріп жүргеніміздей, прозаның да аяқ алысы жаман емес секілді. Қазіргі проза, замандастарыңның прозасы қандай? Қазіргі қазақ прозасы жалпы қайда бет алды? Үрдіс басталды ма? Сең қозғалды ма?
– Өте қиын сұрақ. Қалай сытылып шықсам екен? Біздің алдымыздағы буында алаң көңіл болды. «Проза оқыла ма, мұның қайта өрлеу дәуірі бола ма?» деген күдік басым еді. Мұндай «алаңизм» қазір біздің бойымызда да жоқ емес…
Үдеріс басталды, қозғалыс бар. Әйткенмен екпіні қандай, нәтижесі не боларын бір Алла біледі. Бірақ еңбек еш кетпейді ғой. Бізде бар нәрсе көп. Мықты прозаиктер де бар. Мен жоғын айтып көрейін. Мәселен, М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні», «Қаралы сұлу», М.Аймауытовтың «Ақбілек» романы, «Күнікейдің жазығы» повесі, М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» повесі, Б.Майлиннің «Күлпаш» әңгімесі, «Шұғаның белгісі» әңгімесі секілді адам теңдігі, бостандығы, әйел тағдыры жайлы туындылар сирей бастады. Қазіргі тілмен айтқанда, біздің жазушылардың бәрі феминист болған ба дерсің.
Бұл жерде адам теңдігі, әйел тағдыры бар еді. Біз осы тақырыпқа ішінара қайта айналып соқпай, өспейміз деп ойлаймын. Қазір де біздің елге құқықтық ағарту керек. Өз құқығын талап еткен адамды бұрын «закүншік» деп келемеж қылды.
Егер қазірде жаппай халық өз хақын білсе және оны талап ететін ерік-жігері болса, елдің өсуі бұдан да көш ілгері болар еді деп есептеймін…

Академиялық жұмысына «әдеби сын» деген ат қойып
алатын бір тәтелермен біраз дауласып қалғаным бар

– Конкурс дегеннен шығады, Қазақстанда жыл соңында әдеби конкурстардың дауы басталады. Аты дардай мемлекет­тік сыйлықтан бастап, бар сыйлықтың төңірегінде әйтеуір шикілік болады да тұрады. Бұған қалай қарайсыз?
– «Өмірде әділдік жоқ, ол абсурд» дейтіндер де бар. Ондай от­таған ойлар кейде өз миыма да кіріп шығады. Егер олай деп өмір сүрсек, дүниенің қандай мән-мағынасы болады? Сондықтан бар деп сеніммен өмір сүрген жеңіл. Сен айтып отырған дау атам заманнан бар, бола да беретін шығар. Әділдік – тек соған ұмтылыс жасау және әділетсіздікке қарсы шығу. Және бұл мені аса толғандыра қоймайды. Одан гөрі әділ бәсеке, қаламақы мәселесі маңызды. Көп конкурс азайғаны дұрыс. Ол азайса, әділетсіздік те азаяды. Оның орнына Орталық Азия аумағын қамтитын ауқымды ашық әдеби байқау болса деймін.

Әдебиет­тің өсуі үшін әдебиет­тануың мықты болуы керек. Қазіргі сын, жалпы әдебиет­тану туралы не ойлайсыз?
– Біздегі магистратура, әлде докторантурада оқып жүрген филолог жастардың бір қасиеті – барынша қазіргі замандағы әдебиет­ті зерт­теуге талпынады. Өйткені бұған дейінгі дәуірдегі әдебиет барынша зерт­теліп болды. Одан жаңалық ашу оңай емес екенін біледі. Ал қазіргілер қолжетімді. Интернет­те толып тұр. Ал да «ұр». Міне, осылардың ішінде академиялық жұмысына «әдеби сын» деген ат қойып алатын бір тәтелермен біраз дауласып қалғаным бар. Ол – теория, қатып-семіп тұрған қағида ғой. Ал әдеби сын – шығарманың философиясын, штрихтарын, мән-мағынасын, жақсы-жаманын ашып көрсету емес пе? Осы рет­те, маған әдебиет­танушы Айнұр Ахметованың ізденісі ұнайды. Өзім қатарлы біраз жазушының шығармасын талдап жазыпты. Тіпті кейбір сынына қарап отырсаң, автордың ойына кіріп-шықпаған құбылыстардың қалтарыстарына үңіледі. Сосын бізде қазір ең қат болып отырған мамандық – әдеби редактор. Кеңес заманындағы кітаптарды қараңыз, қандай керемет сүзгіден өткен (цензураны қоспағанда). Ол заманның әдеби редактурасынан меңдей мін табу қиын. Қазіргі филология неге ондай мықты емес деп таңғаламын. Соңғы кезде шыққан кез келген кітаптың әдеби редактурасы сын көтермейді.

Мен екі бағыт­ты да ұстанам: дәстүрлі классикалық және эксперимент

– Шығармашылық шеберханаң туралы әңгіме қозғасақ. Сен үшін жазуда не маңызды? Проза, әдеби шығарма деген не?
– 6 жасымда, барыс жылы болатын. «Жұт жылы» дейтін үлкендер. Көктемде мал төлдетуге шыққан едік. Біз отырған жерде бірнеше сынтас, кісітас балбалтас бар еді. Дала аппақ тұман. Тек балбалтастың айналасы ғана көрінеді. Ал мен балбалтасты нысана қылып дәлдеп, тас лақтырып ойнап жүр едім. Тұманның арасынан әжем көрінді. «Балам, не істеп жүрсің?» деді. «Апа, мен нысана дәлдеп ойнап жүрмін» дедім. Әжем айт­ты: «Балам, сен ол кісітасқа тас лақтырма. Ол да бұрын өзің секілді адам болған, кейін тасқа айналған» деп кекілімнен иіскеді. Мен ойланып тұрып қалдым… Осы бір сәт әлі көз алдымда. Сол секілді әдебиет­те де кішкентай детальдар маңызды деп білем. Оқырман ойын­да романның тұтас оқиғасы қалмауы мүмкін, бірақ кейбір мықты деталь­дар қалады. Мен екі бағыт­ты да ұстанам: дәстүрлі классикалық және эксперимент.
Қазір «Қала сыртындағы шырақтар» деген хоррор бағытындағы романымды жазып болдым, енді баспаға дайындау жұмысы қалды. Одан бөлек, бірнеше ұсақ әңгімелер жаздым.

– Әдебиет­тің қоғамдағы орны қандай? Жалпы орны бар ма?
– Қоғамда әдебиетке кейде орын тию қиын ба дейсің. Өйткені қоғам толып тұр. Және оның орнын кім қалыптастырады? Ақын-жазушылар ма, әлде билік пе?

– Бұрындары бірінші президентке шығарма арнағандар біршама «байып» алғаны жасырын емес. Бұл өзі сонау Кеңес дәуірінен келе жатқан кесел ғой. Қазақ қаламгерлері бұл әдет­тен қашан арылады?
– Екінші президент шығарма арнағандарға ештеңе бермей қойса, қаламгерлер бұл әдет­тен арылады.

– Қазақ әдебиетіне не керек?
– «Внимание» керек, қазақ әдебиетіне көңіл бөлінуі керек .

Сұхбат­тасқан
Абзал СҮЛЕЙМЕН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір