ӘР СӨЗІҢІЗ  ЖҮРЕК ҚАЛАУЫ МЕН  ОЙ ТОЛҚУЫНАН ТУАТЫН
21.01.2022
1567
0

Арман Жұмаділ

Қазақ әдебикетінің қара нары, қара сөздің хас жүйрігі Қабдеш Жұмаділовтің ұлттың тағдыр-талайына қатысты мәселенің қай-қайсысында да  ақиқаттан айнымай сөйлегені барша қазақ жұртына аян.  Оның ел тарихының тереңінен тартып жазған туындылары әр оқырманның жадында қаттаулы тұр.  Бейбіт шеруге шыққан халықтың «қолымен от көсегісі» келген белгілі топтардың туғызған ылаңына Алаш жұртының бүтіндігін көксеп өткен жазушы қандай пікір білдірер еді? Әлбетте, ең алдымен қаймана қазақтың халін ойлар еді.

Қаламгердің ұлы Арман Қабдешұлының газетіміздің «Әкеге хат» айдарына орайластырып жазған сағыныш-хаты мен дарабоз дарын хақындағы мақалалар топтамасын назарларыңызға ұсынамыз.


Арман ҚАБДЕШҰЛЫ

 Әке, «Соңғы көш» роман-дилогияның эпилогында Жұмаділ атамызға арнап: «Әке! Сен жерленген сұр төбені айсыз қараңғы түнде көзімді жұмып барып-ақ табар едім…» – деп едіңіз. Жат қолында қалған атақонысқа барып Жұмаділ атамыздың басында құран бағыштауға Тәңірім 1989 жылы ғана сәтін салды. Оның есесіне, өзіңіз, өсиетіңіз бойынша, Алматы-Семей-Бақты жолдарының түйіскен, ел арасында «тоқсан екі» атанып кеткен тоғыз жлдың торабында қазақ халқының тарихи тағдырының ескерткіші боп жатырсыз. Ол жерде ары-бері өткен жолаушылар Сіздің қабіріңіздің жанынан бет сипамай, дұға бағыштамай өтпейді. Қазірдің өзінде сол жерді халық «Қабдеш бекеті» деп атап жүрген көрінеді.

Жазушының отбасы. Тұрғандар – жазушының ұлдары (оңнан солға қарай): Арман, Дәрмен, Дәулет, Жәнібек Жұмаділовтар. Ортада – Ерке Қабдешқызы. 1987 жыл

«Тағажайп дүние» романында бала кезде есіңіздің қалай кіргені туралы керемет сүреттеп жаздыңыз. Сіз сияқты мен де өзімнің ес кірген шағымды есіме түсірмекші болып едім, бұлыңғыр бірнәрселер еміс-еміс ойға оралады. 

Есімде қалғаны – үйімізден ешқашан адам толастамайтын. Сағынышы ешқашан басылмайтын ауылдан келген туыстар, ағайын-бауырлар… Қаламгер достар… Бір күні олардың таласып ет жегені әлі есімде. Менің атымды қойған Төлеубек аға мен Қажытай аға да есімде. Мені үнемі ойнатып жүріп: «Ішіңде мысық бар, күшік бар», –  деп есімді шығарушы еді. Осынау ағалардың  домбыра, мандалин ойнап ән салғандары әлі көз алдымда, дауыстары құлағымнан кетпейді. 

Повесть-әңгіме жазар алдында «материал» жинау үшін ел-жұрт, ауыл-аймақ, жайлауға дейін аралап кеткенде мені талай рет өзіңізбен бірге ертіп алатынсыз. Жалпы, үш ай жаз кезінде Дәрмен, Дәулет, Жәнібек бауырларыммен не Қарғалыдағы ағайындарымызға, не Үңгіртастағы нағашыларымызға  қалдырып кететінсіз. Одан бөлек, туған-туыстарымызды аралап Семей, Мақаншы, Үржар, Аягөз, Шар т.б. өңірлерге барып тұратынбыз. Мәнін енді түсініп отырмын. Балаларыңыз біржақты орыстанған қала мәдениетіне еліктеп кетпей, бойына қазақтың құндылықтарын  дарыту үшін осылай істеген екенсіз ғой. Соның арқасында біз қала мен дала мәдениетін бойымызға қатар сіңіріп өстік.

Бала кезімізде біреулердің қолынан «Көкейкесті», «Соңғы көш» кітаптарын көргенде: «Бұл  менің әкемнің кітаптары», – деп мақтаныштан жарылуға аз-ақ қалушы едік.  Бір қызығы, Сізді бала күнімізде не «папа»,  не «әке» деп  атамаппыз. «Ауа» дейтінбіз! Сөйтсек, Ниязбек ағаңыздың үлкен қызы Салтанат кішкентей кезінде «аға» дегенге тілі келмеді ме, Сізді «ауа» деп атап кетіпті. Оның артынша біз де солай атайтын болдық. Кейін Салтанаттан қалжыңдап: «Ауа» деген аузыңа қалай түсіп жүр?» – деп сұрағанымда, ол: «Қазаққа ауадай қажет болсын деп айтқан шығармын», –   деп күлетін. Салтанаттың сол сөзі рас боп шықты.  Әке, Сіз өмірден қайтқалы бүкіл қазақтың тынысы тарылып кеткендей болды.

Біз барған балабақша жақын жерде, бір үйден кейін орналасқан-тын. Бір күні ұйқым қанбады ма, Сіздің соңыңыздан балабақшаға еріп келе жатып еркелеп: «Ауа, көтерші, ауа, көтерші», –  деп бұрқылдай бастадым. Сіз  ұйқысын ашып алсын дедіңіз бе, бірден көтере қоймағанға мен ашуланып: «Қабдеш, көтер», – деп айғай салыппын.  Сіз жалт бұрылып бір күліп алдыңыз да, мені иығыңызға қондырып алдыңыз. Содан бері өмір бойы маған демеу, ақылшы болдыңыз.

 Біз Сіздің қазақ зиялыларымен бірге жүгіріп жүріп ашып берген Алматыдағы №12 жалғыз қазақ мектебінде оқыдық. Үйімізден қашық болса да соған қатынайтынбыз. Сол кезде де шыр-пыр боп жүгіргеніңізде  ұрпақтың, қазақ ұлтының, қазақ тілінің келешегін  ойлапсыз ғой.

Мектеп табалдырығын алғаш аттап, 1 сыныпқа барған сәтім көз алдымда. Мектепке өзіңіз апарып, әкелетінсіз.  Біраз уақыт өткен соң мен: «Мектепке енді өзім барам, апармашы»,  – деп  қыңқылдай бастап едім, Сіз:  «Мақұл», – дедіңіз. Содан, мектепке өзім барып-келіп жүргеніме мәз боп жүрсем, Сіз маған көрінбей, біраз уақыт артымнан жүріп, қадағалап отырған екенсіз ғой.

Ал  мектепті аяқтаған шақта болашақ мамандық таңдау мәселесі тұрды. Менің қабілетімді байқадыңыз ба немесе әңгіме айтуға деген құмарлықты көрдіңіз бе, өзіңізбен ақылдаса келе  мен тарихшы болатын болдым.

Кеңес уақытында мектеп бітірушілерді әскери жоғары оқу орындарына түсуге үгіттейтін. Мені де военкоматқа шақырып: «Әскери ұшқыш боласың ба?» –  деп қолқа сала бастады. «Ата-анамнан рұқсат сұрап келейін», –  дегенде, военком: «Мейлі, ертең әкеңмен кел», –  деп жіберді. Содан үйге келіп, Сізге мән-жайды айтып бергенімде: «Жақсы, ертең барып сөйлесіп келейік», –  дедіңіз. Ертеңіне военкомның алдына барғанда ол барын салып мені ұшқыш болуға үгіттей бастағанда, Сіз оған: «Жақсы, ұшқыш болса ұшқыш болсын, бірақ біз документтерімізді ҚазМУ-ге тапсырып қойып едік. Ертең түспей қалса,  бірден сізге  әкелем», – деп уәде беріп едіңіз. Ол кез – әскери романтиканың шарықтап тұрған шағы. Ал әскери ұшқыштар қарулы күштердің элитасы емес пе?..  Енді мен екі ойлы болдым. Тарих па әлде ұшақ па?..

Айтып-айтпай не керек, мен 1983 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың тарих факультетіне түстім де кеттім.  Емтихан алдында: «Әй, бала, не оқып жатырсың?» – деп сұрап, дайындалып отырған пәндер бойынша бақылау сұрақтарын қоятынсыз. Бір күні шай ішіп отырған кезде менен сөз арасында: «Салалас құрмалас сөйлем дегеніміз не?» – деп сұрап қалдыңыз. Менің жауабым көңіліңізден шыпады ғой деймін, алдыма қазақ тілінің оқулықтарын әкеп: «Мә, мынаның бәрін қайталап шық», – деп алдыма қойдыңыз. Жаратқанның құдіретін көрмейсің бе, емтихан үстінде тура сол салалас құрмалас сөйлемге байланысты сұрақтар келе қалғанда менің екі езуім екі жаққа кетті ғой…

Университеттің 1-курсын бітіргеннен соң бізді әскерге шақырды. Украинаның Ивано-Франковск облысында әскери борышымды өтеп жүрген кезде Алматыға бір іссапар шықты. Командирлерім мені емес, басқа екі шешен солдатын  жіберетін болды.– «Менің жанымдағы жолдастарым Алматыға бара жатыр», – деп үйге де хабар беріп едім, ағам Нұрхамитпен соларды күтіп алып, үйге қонақ еткенсіз. Жолдастарым Алматыдан қайтып оралғанда Сіздің қонақжайлығыңыз туралы сондай ризалықпен айтып бергені бар.

Айтпақшы, мен әскерден қайтып келгеннен соң да менің «майдандас» достарымды тағы бір күтіп алып едіңіз ғой. Әскерден келгенімізге жарты жылдан асқанда «майдандас» достарым бір-бірін сағынып кездескен көрінеді. Содан арамызда бәріміздің туған күнімізді түгендеп жүретін Жәнібек досым: «Жігіттер, бүгін 27-сі  Арманның туған күні ғой. Үйіне барып құттықтап шықпаймыз ба?» – деп ұсыныс айтып еді, қалғандары қостап кетті.  Ол кезде мен үйде жоқпын. Содан Жәнібек, Марат, Еселбек деген достарым түс ауа үйге келіп қоңырау басқанда сыртқы есікті өзіңіз ашыпсыз. Достарым жамырай амандасып: «Аға, ассалоумағалейкум! Арманның туған күні құтты болсын!» – дегенде Сіз: «Қош келдіңдер, балаларым, жоғары шығыңдар», – деп үйге кіргізіп, анамызға: «Әй, Сәуле, балалар кеп қалды, тездетіп дастархан жайып жібер», – дедіңіз. Содан дастархан басында ас ішіліп, біраз тілек айтылған соң достарым қайтуға айналып, есік алдында киініп жатқанда Сіз: «Арманның туған күні келесі ақпан айында. Сол кезде тағы келіңдер», –  депсіз. Сол сәт жайлы достарым әлі күнге дейін еске алып, айтып отырады.        

Соңғы курсты бітірер кезде мен үйленетін болып, Сіз Қызылордаға құдалыққа барып қайттыңыз. «Құдаларда да біз сияқты төрт ұл, бір қыз екен», – деп жақсылыққа жорыдыңыз. Сол Махаббат келініңіз түскен 1990 жылы «Тағдыр» романы үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықты иелендіңіз.   Содан біз Сіздің үйде бақандай 4 жыл өздеріңізбен бірге тұрыппыз ғой. Сонда алғашқы немереңіз Ерасыл дүниеге келгенде қалай қуанып едіңіз?..  Ол да Сіздің үстеліңіздің  астында еңбектеп өсті ғой.

Жалпы, Сіз шаңырақ көтеру, дүниеге адам келу дегенге үлкен мән беретінсіз. Мұндай қастерлі жайлардың жай нәрсе емес екенін үнемі  айтып отыратынсыз. Біреулер той жасағалы жатыр немесе балалы, немерелі болды дегенде Сіз шын көңілмен қуанатынсыз. Сол ниетіңіз үшін Алла Тағала Сізге Баймұрат есімді  шөбере берді. «Шөберенің қолынан май жалаған жұмаққа барады» деп айтып отырушы едіңіз. Алла жар болсын!  Бұрынғы қазақтардың дүние үшін емес, өзі үшін емес, ұрпақ үшін өмір сүрген дәстүр жалғастығын  Сізден көріп, білдік, Әке.   

Университетті тәмамдаған соң мен ҚР ҰҒА Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына лаборант боп орналасып, артынан кіші ғылыми қызметкер боп жұмыс істедім. Бір күні Сізге зерттейтін ғылыми тақырып таңдап жүргенімді айттым. «Дарабоз» романын жаза бастаған кезіңіз еді, маған: «Қазақтың қару-жарағын неге зерттемейсің?» – деп ақыл бердіңіз. Сол ақылыңыздың арқасында бүгін ғылым саласында өз орнымды тауып, жемісін көріп жаүрмін.

Сіз өзіңіздің өмірлік ұстанымдарыңыздың ішінде әділдік пен шындықты бәрінен жоғары қойдыңыз. «Түбі ақиқат орнамай қоймайды, бірақ кейде кешігіп келеді», –  дейтінсіз. Сіз ешқашан «сарай жазушысы» болған жоқсыз. Тапсырыспен ешнәрсе жазған жоқсыз. Сіздің қаламыңыздан шыққан әр сөзіңіз тек жүрек қалауы мен  ой толқуынан туатын. Сол ұстанымыңыздың арқасында қанша аруақты қайта тірілтіп, тарих пен әдебиетке, ақиқатқа қиянат жасалғанда сан мәрте  араша түстіңіз. Сіздің сол ұстанымыңыз біз үшін және барлық саналы қазақ үшін төбеде жарқырап тұрған  темірқазық іспеттес.     

Әке, Сіздің әділдік пен ақиқат үшін күресіп, жүріп өткен сүрлеу-соқпағы көп  өмір жолыңызда ата-бабаларымыздан қалған асқақ рухтың, намыс пен жігердің ізі жатыр. Сол жолды болашақ ұрпақ «Қабдештің ақ жолы» немесе «Қабдеш даңғылы» деп атайтынына кәміл сенімдімін.

Алла Тағала бізге Сіз сияқты әкені бергеніне мың да бір алғыс айтамыз!

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір