Дәурен Берікқажыұлы. Жүрек шіркін ұға ма «қой» дегенмен…
11.10.2021
1418
0

Қазақ поэзиясына отты, мінезді өлеңдерімен келіп, ауызға ерте іліккен ақын Дәурен Берікқажыұлының «Қазығұрт» баспасынан «Ішке жұтқан көз жасым» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Күні кеше Алматыдағы Жамбыл кітапханасында таныстырылымы өткен сол кітаптан бір шоғыр өлеңін ұсынып отырмыз.

 

Сенің атың – От!

  Сенің атың – От!

Отқа қарап тұрудан асқан ләззат жоқ.

 

Лап-лап етесің жалының шарпып,

Менің жарығымнан сенің зарығың артық!

 

Көбелек билеп тұрғандай қанаты көркем,

Сен деген…

сен… не деген әдемі дерт ең!

 

Сені көргенде ес ауып…

қолым созамын,

Айналып кеткен ғажапқа менің азабым!

 

Түптің түбінде мені қылатын жоқ,

Сенің атың – От!

 

 Көкшоқыда                                     

 Жалғанның жасырған жалаңаш бейнесін,

Бүгін мен сөйлемейін, жапырақ сөйлесін!

Соншама аңсармен жеткен бір тамызда

Тамшымен көмкерген саржасыл жейдесін.

 

Шыдаған қыңқ етпей шілдеге қырсыққан,

Жапырақ сөйлесін жаз бойы тұншыққан.

Жапырақ сөйлесін сияқты кей досың

Көргенде кездейсоқ көз жасын ыршытқан.

 

Нәп-нәзік болса да көтерген обалды,

Қып-қысқа ғұмырда қаншама ол тоналды…

Содан ба жүрегім жапырақ көргенде

Тоқтамай солқылдап жылайтын боп алды.

 

Көктем мен күзде тек еске алар айнала,

Барында қадірсіз бұл да бір қаймана.

Жапырақ сөйлесін тұрлаусыз тағдырын

Жамырап сөйлейтін орманға байлаған.

 

Қағылып жүрсе де тиесілі үлестен,

Бір жұтым ауа үшін жалықпай күрескен.

Біреулер «өмір» деп ән айтса бейуақ

Шық қонған жапырақ тұрады кіл есте.

 

***

Сүйкімді болғысы келеді бәрі

Мұнтаздай таза, мінсіз тек.

Аярға таң қап қала тұрады,

Мола тұрады үнсіз тек.

 

Ең жарық залда солар отырып,

Солар күледі жарқылдап.

Солар көпіріп соғады өтірік,

Сағат тағып ап ең қымбат.

 

Қитұрқы ойын ойнап үйренген,

Қитар көз қиқар қоғам бұл.

Баламды аяймын иіле берген,

Бұған бір қарап, оған бір.

 

Шындықтың жеті атасын көмген,

Шаһар тұр өтірік монтансып.

Сұмдықтың жеті атасын көрген,

Ғұмырымнан осы қорқам шын!

 

***

Адамдардың барлығын дана көрген,
Мен сені сағындым ғой, бала Дәурен!
Ешкімді алаламай құшақтайтын
Бұл күнде шұрық-шұрық жара кеудем.

Үлкендердің барлығын пана көрген,
Сен мені жылаттың ғой, бала Дәурен!
Дақ түспеген тап-таза жүрегімен
Айтқан тілін бәрінің ала берген.

Қаланы да далиған дала көрген,
Сен қайдасың,  бал дәурен, бала Дәурен?
Шаршатты ғой адамзат шаршамайтын
Бір-бірін ала деуден, қара деуден.

Не нәрсенің ақ жағын ғана көрген,
Мен сені іздей берем, бала Дәурен!
Тауқыметті тағдыр боп қырқында
Суретінің алдына бара берген.

 

Күзгі элегия

Кімге не айтқандайсың…

Сұр шаһарды бояумен байытқан маусым

Көрсетпейді қайырым қайыңдарға,

Естіртпейді қаздардың қайтқан даусын.

 

Аспанға да алдаған күліп мана,

Терезеден қарайсың сұлық қана.

Баяғыдай құшпайды ешкім сені,

Баяғыдай ұшпайды бұлт ана.

 

Сәтің санап жүргендей өлетұғын,

Мағынасыз келеді, кетеді күн.

Сайтан санап өзді-өзін сарқылады

Адамдарды пайғамбар көретін ұл.

 

Айналаңа телміріп түгесілген,

Айырылғандай боласың үлесіңнен.

Күн кешесің бағынып ережеге,

Терезеде жасанды гүл өсірген.

 

***

жүйкелері тозып кеткен адамдар

өз-өзінен безіп жүрген дәуір

тыныштықтан мезі болған салондар

күрсінеді ауыр

 

көктем күтіп күн санаған терек

мұнарасын мұң тонаған мешіт

бұлттар анау –

бөлек-бөлек-бөлек

бара жатыр көшіп

 

бұйығыңқы мұз құрсанған Есіл

селт етпейді сыз жастанған көңіл

біздің осы болмысымызды кешір

…өмір

…өмір

…өмір

 

 Esprit d’Escalier

«Атың мұндай болғанда, затың қандай?!»

Деп айтуға сол кезде дәтім бармай,

Қаншама жыл өзімді тұншықтырдым,

Ішке жұтқан көз жасын ақындардай.

 

Айтқызбаған сол сөзді мас ғұмырға,

Әлде сенің уыздай жастығың ба?

Шым-шым батып өзіме жаттым қанша,

Шыңыраудай көзіне тас тығылған.

 

Қозғаса да көп жайды ой тереңнен,

Жүрек шіркін ұға ма «қой» дегенмен.

Көрген сайын өзіңді іштей ғана

«Батылырақ болғанда…» дей берем мен.

 

Айтылмаған сол сөзде ақым бардай,

Жылдан жылға барады ақыл қалмай.

Сол бір күні суретке түспегенде,

Сол бір жылы, сол жерде ақын болмай…

 

***

Босқа өткендей өмір бұл

Қарсыз қыс сынды құлазиды неге көңіл кіл?

Қап-қара мыстан кеудені қысқан қалада

Қап-қара ыстан көрінбейді аспан көгілдір.

 

Бәрі де бекер деуменен

Барып тұрған азап өзіңді өзің жеу деген.

Қап-қара жасқа малынған өлең туады

Қап-қара тасқа айналып кеткен кеудеден.

 

Өңіңде көрмеген түсіңе кіріп мол ақша,

«Е-е» деп қоясың таң атса…

Бес жыл бұрын өліп қалғаның есте жоқ,

Жандәрмен күбір-күбір етесің арабша:

 

«Ағузу билләһи мина ш-шайтани р-раджим…»

 

 

Нью-Йоркті еске алу

 (И.Бродскийге)

 Құдай бәрін көрсетіп, жадымды өшіріп тастады:

Есімде жоқ Манхэттеннің аспаны,

Есімде жоқ қай метроны тосқаным,

Есімде тек көшелердің тастарын

Бродскийді ойлап басқаным…

 

Бесін ауып кеткен кезде, бес терлеп

жеткен Бродвей, Уолл-стрит те есте жоқ!

Есімде тек жынды ақынның өлеңін

Лонг-Айлендте еске алғаным кешке кеп.

 

Авенюде табан тозып даңқы әйдік,

Атышулы скверлерде шалқайдық.

Үш-ақ күнде тозып кеттім елді ойлап,

Жиырма төрт жыл шыдады екен ол қайтіп?

 

Ұстағандай сол ұстаған тұтқаны,

Қайда барсам сол есімнен шықпады.

Осындай да жерде адам тұра ма,

Ауырмайтын түк жаны?

 

Самбырласып бір ойыммен бір ойым,

Ұшты-дағы жүрді осылай үрейім.

Осыны да ең керемет шәр дейді-ау,

…қайдан білейін?

 

***

менің сұрағаным көп пе еді:

неге уақыт өтпеді?

неге аквариумдағы балыққа жеткен оттегі

халыққа жетпеді?

неге зорлық мәңгілік,

неге өрлік өтпелі?

неге мені қинайды болашақ,

неге оны қинайды өткені?

неге, неге терезе өкпелі?

қар неге жасқаншақ,

бар неге болады адамдар жоқ мені?

қараймын бұлттарға көктегі…

қарайды жапырақ үзілген от демі,

неге сүлесоқ жанардың әттеңі

сені емес,

оны емес,

қажайды тап мені?

жоқ әлде ар деген дүние,

біз байғұс бар деген дүние

әуелден жоқ па еді?

 

***

Сенің өкпең тарқамайды екен деп

Өмір күтіп тұра ма?

Өмір сүре береміз біз «бөтен»  боп,

Жанымыз жоқ шығарға.

 

Бірін-бірі түте береді екен деп

Өлім күтіп тұра ма?

Жанталасқан бір шындыққа жетем деп

Кешір бізді, бір Алла!

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір