Қазақ ешқашан жеке басқа табынбаған…
21.01.2022
2032
0

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ,

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеттің

Философия кафедрасының аға оқытушысы

Тарихтағы тұлғаның рөлі… Философияда осындай атпен қарастырылатын  теория бар. Көпшілік оны қанша  жоққа шығарғысы келсе де, тарихтың объективті дамуы бәрібір одан тысқары қала алмайды. Себебі адамзат тарихында «тұлға рөлі» қоғам дамуындағы елеулі, субъективті факторлардың бірі болып қала береді. Біз мемлекет пен халық тарихынан орын алған субъектіні немесе «тұлғалар рөлін» сылып тастай алмаймыз… Әр халықтың тарихында ондай тұлғалар бар және олар аз емес. Тарихта тұлға рөлі «прогрессті» және «регрессті» деген екі бағытта сипатталады. Мысалы, олардың қатарында АҚШ-та Дж.Вашингтон, М.Л.Кинг, Англияда –  Черчилль, Үндістанда – Дж.Неру, Қытайда – Д.Сояпинь, т.т. аталады. Адамзатқа қырғын әкелген, неміс фашизмін тудырушы А.Гитлер де «тұлға» қатарында тұр. Өйткені ол Германияны аз уақытта экономикалық қуатты елге айналдыра алды. Бірақ адамзатқа жасаған қастығы оның образын жексұрын кейіпке ендіріп жіберді. Бүгінде біз оны «демондық» қалыпта қабылдаймыз. Неге десеңіз, оның болмысы адамзатқа «болашақта нені қайталауға болмайтыны» туралы ескерту жасап тұр десе болады.

Енді, әлемді шарламай өзімізге келейік. Қазақ халқының күллі  тарихы тұлғалармен байланысты. Бұл – жартылай әскери (көшіп-қону) жағдайында өмір сүрген халық үшін қалыпты жағдай. Кез келген көшті сипаты мен мазмұны жағынан «шағын жорық» десек, онда  бұл көште – Көшбасшы, ал жорықта – Қолбасшы болуы тиіс. Бұл – қазақтың  ел болып өмір сүруінің маңызды шарты. Халқымыздың ұзақ тарихында аттары аңызға айналған тұлғалардың бәрінің дерлік тұлғалық өлшемі Елдікпен ұштасатыны сол себептен десек,  қателеспейміз…

Қорқыт баба тұлғасы. Оның аты – бүкіл түркі әлеміне аңыз. Оның тұлғалық бейнесі халық санасында өмір мен өлім аражігін ажыратуда, ал Қорқыт баба әпсанасы осы сұрақтың философиялық түйінін табудың бұлжымас ақиқаты ретінде көрініс табады. Оның даналығы «Адам өмірі – шектеулі, Халықтың өмірі – мәңгілік» деген өзгермейтін, бұлжымайтын ақиқат ретінде қабылданып, қазақ халқынан өзге, бүкіл түркі әлемі жұрты үшін «өмірді өмірге жалғастыру»  деген Ереженің тұтқасына айналды. Сөйтіп, Қорқыт бабаның даналық бастауы барша халықтың өмірге құлшынысының және Елдік пен Ізгіліктің бастауы бола алды.

Асан қайғы тұлғасы. Асан қайғы – Қазақ халқының ел ретінде ұйысуына ықпал еткен қасиетті тұлға. Ол халық санасында өзінің әйгілі Жерұйық  идеясын орнықтырды. Бірақ Асан қайғы өзге халықтардың «халқын 40 жыл соңынан ертіп, халқына «жерұйық» тауып берген» кейіпкерлерінің  қатарына жатпайды (мыс.: Мойсей). Асан қайғы Желмаясымен желіп жүріп, халыққа өзі барады. Сөйтіп, Желмаясы жеткен жерге келіп, өз атамекенінде отырған халыққа: «Сенің кіндік байлаған жерің осы, жеріңнің сипаты мынадай, соған сәйкес әрекет ет, тұрмысыңды түзе, жеріңе ие де бол, кие де бол, жеріңді Жерұйыққа айналдыр», – дейді… Басқаша айтсақ, Асан қайғы халқына: «Сен құл емессің, сен осы жердің иесі боласың», – деп елдің Тәуелсіздік  санасын, жұртының өрлік пен ерлікке бекем  санасын қалыптастырады.

Қазақ Елі ғасырлар бойы Хандық басқару жүйесінде өмір сүріп келді. Қазіргі тілмен  мұны «авторитарлық жүйе» деп айтуға болады. Алайда, соған қарамастан, халық Хандық билікке теңгерім ретінде Билер институтын қатар қойды. Нәтижесінде, халық Хандарын сайлай алатын тетікке ие болып, Монархиялық жүйеге тән «Билік әмеңгерлігінен» таза болды.
Бұл жүйенің негізін қалаған аталас бауырлар, Қазақ Хандығының негізін қалаушы Керей мен Жәнібек сұлтандар болатын. Керей мен Жәнібек кезең-кезеңмен басқарса, кейіннен осы үрдіс бейбіт түрде жалғасып, олардың ұрпақтары да «аға мен іні баласы»  ретімен хандық тұғырда алмасып отырды.
(Әрине, бұл жерде «Төре тұқымы әмеңгерлігі бар»  деген пікір болуы мүмкін. Ол рас. Бірақ бұл төте немесе тікелей әмеңгерлік емес. Себебі Қазақ халқының «Төре» статусын белгілеуі, оларды рулық жүйеден тысқары шығаруы, ең алдымен, Қазақ деген халықтың тұтастығын көздеуден, рулар арасындағы алауыздықтың туындауын болдырмау мақсатынан туындағаны анық. Біз мұны үлкен даналық, көрегендік деп қабылдауымыз керек).

Міне, осындай әскери демократиялық жүйеде Билер сайлауымен сайланған Қазақ хандары халықшыл, елшіл болды. Оның нақты себеп-салдары бар:

Біріншіден, хандардың автократтарға айналмауын Билер институты үнемі бақылап, қадағалап отырды. Өзіне қарай бұра тартқан хандарды тез арада «билер тезіне» салып, жөн бағытты көрсетіп отырды. Билер оны, алдымен, Ел тұтастығын көздеумен, одан соң Халықтың шын мұқтажын алға шығару арқылы, кей жағдайда Хан сарайына топтасқан ақын жыраулары (Дат  ережесі) арқылы жүзеге асырып отырды.

Екіншіден, Қазақ хандары қаншама тырысса да қалыптасқан экономикалық және қоғамдық қатынастар жағдайында абсолютті авторитаризмді орната алмаушы еді. Өйткені  әрбір өңір  көшпенді мал шаруашылығы жағдайында Орталықтан экономикалық тұрғыда тәуелсіз болды.

Үшіншіден, қандай да бір «ханға тәуелділік» көбіне тек форс-мажорлық жағдайда орын алған, яғни халық жұт не эпидемиялық апат қаупі туғанда ғана хан шешіміне жүгінген. Сондай сәттерде хан зардап шеккендерге қалай көмектесуді өз беделіне салып (авторитетіне деңіз) шешім қабылдаған.

Міне, осыған қарай отырып, Қазақ елінің  үнемі өз көшбасшыларына құлақ асып, елбұзарлық-стихиялық әрекеттерге бармаған, шын мәнісінде жартылай көшпенді тәртіпке (әскери десе де болады) бағынып өмір сүрген халық екенін көреміз…

Осындай «ұжымдық болмыспен»  қазақ елі XX,  XXI  ғасырларға аяқ басып еді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін елде әр тараптағы экономикалық тепе-теңдік болмады. Ал ұлттық болмыста, керісінше, жоғарыда айтылған «тұлғалық даму» (көшбасшылық) бірқалыпты сақталып тұрды. Нәтижесінде, көшбасшылық жауапкершілігін мойнына алған билік неше түрлі уәделер мен жобаларды ұсыну арқылы халықтың сеніміне ие бола отырып, өңірдердегі барлық қазба байлықты жеке мүддеге тәуелді «жекешелендіруді» жүзеге асырды. Сөйтіп, мемлекетте билік шыңында (хан сарайында) «халықтан тәуелсіз авторитаризмнің»  өмірге келу мүмкіндігі пайда болды.

Ал халық бұрынғыдай Көшбасшысына сенгіш, ақкөңіл және адал, таза ниетті қалпында қала берді… Өкінішке қарай, жаңа дәуірде (КСРО езгісінен құтылғаннан кейінгі заман) «ниетіңе қарай беремін» деген Ұлы қағида іске аспай қалды. Өйткені Құдайға ғана тән бұл ереже, енді, толығымен тек Көшбасшы құзырына көшкен болатын…  

Осы қарқынмен отыз жыл өте шықты… Көшбасшысына құдайдай сенген халықтың үміті де ақталмады, беріліп жатқан уәделер де орындала қоймады. Керісінше, әлемдік дағдарыстар мен эпидемиялық апаттар жағдайды одан әрі шиеленістіре берді. Елдің Конституциясы мен заңдары үнемі де өзгерістерге ұшырап, олардың мәні мен мазмұны ұлттық мүддеден алшақтай берді. Бұл бағытта бүкіл әлемді «таңқалдырған» өрескелдіктер орын ала бастады. Мысалы, қыза-қыза біз мемлекетімізде адамды (тұлғаны деңіз) құдайдан жоғары қоятындай, бүкіл адамзаттың моралдік және адамгершілік ережелерін жоққа шығаратындай, нақтысында, «тұлғаны кез келген қылмысы үшін жауапқа тартуға болмайды» дейтін Конституциялық заңды да қабылдап жібердік…. Әлем не айтарын білмей қалды…          Мұндай «заң» жан-жақты, жаппай орын алар болса, онда бүкіл  адамзат өзінің адами болмысынан ажырауға бет бұра бастайтынын әлем сезді. Сезді де тітіркенді…

Ал, шындығында, бұл қазақ халқының болмысына тән емес болатын. Табиғаттың тазасы мен тұнығынан нәр алған қазақ халқының  болмысы өзге еді. Оның болмысында, тіптен, қажет болса «әділетсіз құдайдың» өзін қарғап-сілеп алатындай әділдік бастауы жатқан-ды. Міне, осы бастау тұншығып барып, шырқау шегіне жеткенде бұлқынып шығады. Жүз жыл бұрын осылай болды, 1986  жылы да, 2011 жылы да солай болды…. Енді, міне, бұл жағдай 2022 жылы тағы қайталанып отыр…  Ең қайғылысы, бұндай құбылыстың қазақ халқының тағдырында жиі орын алғандығы мен бейкүнә жастардың құрбан болуы болса керек…

  Біз, енді, әділдік іздеп бүкіл әлемді өзіне қарататындай  дүрбелеңдерден толық айығатындай жолымызды табуымыз  керек. Ондай жол бар, ол – қазақ болмысы мен тәрбиесі, қазақ даналығы, бабалар сөзі мен өнегесі! Сондықтан қазіргі заманда да әділ, сенгіш, ниеті таза Қазақ халқының бар тағдыры – бәрібір, Елі мен Жеріне адал Көшбасшыға қарап тұр-ау деп қорытындылауға болатын сияқты…

Байлық көздің құрты болмасын, бәрінен де елдік жоғары тұрсын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір