БҰҚАР АМАНАТТАҒАН БІРЛІККЕ ЖЕТЕР КЕЗ ЖЕТТІ
16.08.2022
331
0

ХVІІІ ғасырдағы әлейім-тәлейім бұлғақта қазақ Бар болу мен Жоғалудың таразысында теңселіп бір тұрды-ау! Сол кезде Мейірімді Құдай-Тағала тарих сахнасына Ұлтының маңдайына мәңгі шырақ болып жанған ерлерді шығарды. Олар замананың қара мұлғын тұманынан ел-жұртты аман алып шыға алды. Солардың бірі – Алаш жұрты «Көмекей әулие» атанған Бұқар жырау Қалқаманұлы еді (1683-1780). Ол ғасырға жуық өмірін тұтастай Ұлт Азаттығы жолындағы ұлы күрестерге садақа етті! Ол араласпаған дау, ол қайтарыспаған жау жоқ еді бұл қанның ізі көшпеген саранау далада. Иә, Бұқар да бір кезде қалың арғынның ішіндегі іргелі ата Қаржас-Алтынторының бір ауылы Қалқаман батырдың шаңырағында іңгәлап туған ұл-тын. Мұраты асыл болды, мұрасы саф-тын. Содан да даңқы жер жарды! Бұқар жырау мирасында Мәңгілік Өмір жоқшысы Дәдем Қорқыттың да, Мәңгілік Бақтың күзетшісі Қожа Ахмет Ясауидің де, Мәңгілік Қоныс іздеушісі Асан Қайғының да өлмес сарындары бар. Ол сондықтан да келер ғасырлардың құрдасы, келер ұрпақтардың сырласы!
Ол бір кезде жарты ғаламды дәргейіне келтірген даңқты бабалардың ұрпағы қандай кемшін күйге түсерін тап басып айтты, алайда, өлмес ерлік пен сөнбес рухты ұрпақ жүрегіне таңбалап кетті!
…Күн батыста бір дұспан –
Жаяулап келер жұртыңа.
Жағалы шекпен кигізіп,
Балды май жағар мұртыңа.
Жемқорларға жем беріп,
Азды көпке теңгеріп,
Ел қамын айтқан жақсыны
Сөйлетпей ұрар ұртына.
Бауыздамай ішер қаныңды,
Өлтірмей алар жаныңды,
Қағазға жазар малыңды,
Есепке салар барыңды.
Еліңді алар қолыңнан,
Әскер қылар ұлыңнан,
Тексізді төрге шығарып,
Басыңа ол күн туғанда –
Теңдік тимес құлыңнан!..
Біз, міне, ұлы Бабамыз болжап кеткен күйбіжік хәл, төменшік санадан әлі құтыла алар емеспіз. Өйткені Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл Ұлы Сана ұрпақ көкірегіне егілмеді. Ал ол егілмей Ұлы Сапарға көтерілу бей мүмкін-тін.
Алайда біз Ертеңнен үміт үзбейміз. Себебі осынша дана бабаларды, олардың Күн сөнбей сөнбес жауһар мұраларын бізге табыстаған Кең фазылды Жасаған бізді қайта оятпауы мүмкін емес! Ал біз оянсақ, дүниені тірілтпей қалмаспыз… Ендеше, Бұқар аманаттаған бірлікке ие болар кез жетті. «Ал айтпақшы, әуелі Кәлимолла Алланы айт!» деген Ол кісінің бізге айтқан ең үлкен өсиеті: «Айнала алмай ат өлсін,
Айыра алмай жат өлсін –
Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз!» еді…

Светқали НҰРЖАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір