ӨЛІАРА КЕЗЕҢНЕН ӨТКЕН ҰРПАҚПЫЗ
Ұлттың рухы азаттыққа ұмтылмай, бодандықтың қамытын сыпырып тастап, бостан ел болуы мүмкін емес. Қазақ халқы ресми тәуелсіздігін жария етпей тұрып-ақ, 1990 жылдардың басында тәуелсіздікке бет бұрды. Мұны мен – сол кездегі жас тілші аудандық «Қапал еңбеккері» газетінде жүріп сезіндім. Аудандық партия комитетінің құзырына қарайтын «Қапал еңбеккері» екі нөмірінің бірінде Кремльдің отаршылдық саясатын сынап, Мәскеудің салған лаңын ашық жаза беретін. Осы тақырыпқа келгенде жанып түсетінімді газет басшылығы білетін, білгендіктен де қолымды қақпайтын. Ол уақытта «Егеменді Қазақстан» газетінің бас редакторы – қаһарлы Шерхан Мұртаза. «Қапал еңбеккерін» Шерағаңның «Егемендісіне» ұқсатуға тырысамыз. Коммунистер билігін аямай сынаймыз, өлке тарихының ақтаңдақ беттерін ақтарамыз. Мұрат Алыбаев деген тарихшы ағамыз болды. Мүкең бізді мұрағаттарда жатқан қазақ тарихына қатысты тың деректермен қамтамасыз ететін. «Қапал еңбеккерінде» де бір Мүкең қызмет істеді. Жер бетіндегі оқиғалар мен ойлардан білмейтіні кем, жазуы ғажап жанды мен ұстаз тұттым. Мүкең – Мұрат Тоқбергенов. Алматыдағы әдеби ортаға әбден танылып, кәсіби аудармашылығымен көпті өзіне жалт қаратқан қарымды қаламгер тағдырдың текпінімен Жоңғар Алатауының бауырынан бір-ақ шыққан екен.
Мүкең ел мен елдік туралы өте терең әңгімелер айтып, мені әдебиет пен саясат деген тақырыпқа кезек салады. «Журналист өз заманының мінезін қапысыз білуі керек. Саясаткер болмаса да саясатты бағып отыруы қажет», – дейтін ұстазым. Қапалда, тұяққапты тірліктің соңында жүрген қараша жұрттың ортасында Мүкең екеуміз «Тәуелсіздіктің таңы қашан атады?» деп сырласушы едік. Ұстаз – шәкірт әңгімесіне бас редакторымыз, бүгінде есім-сойы өлеңсүйер қауымға жақсы мәлім Қуат Қайранбаев та араласып, арманды ойларының ауыздығын алып тастайтын үміт пен күдік араласқан күндердің бірі еді, кешкі жаңалықтарды қарап отырғам: көп жаңалықтардың арасында жарытымысыз хабар есебінде Қазақстан тәуелсіздігін жария еткені туралы екі-үш минуттық сюжет өте шықты. «Ау, бұ қалай, мына хабарда не айтылды? Мәселенің мән-жайын түсінсем бұйырмасын».
Ертеңінде, 17 желтоқсан күні редакцияға келдім. Қазақ-орысы аралас редакцияда әдеттегідей ілездемеге жиналып, ағымдағы жайттарды талқыладық. Газеттің алдағы нөміріне баратын мақалаларды жоспарладық. Мен ағалардың аузына қарап қоямын, Тәуелсіздік туралы ләм-мим сөз жоқ. Жиын соңында ептеп сөз сұрап алып, кешегі кешкі жаңалықтардан Қазақстанның тәуелсіздігі жария етілгенін, бірақ соның жай-жапсарын толық түсінбегенімді айтып бердім.
«Бұл жаңалықты қай арнадан естідің?» – деп көзәйнегін маңдайына көтеріп тастап, Мүкең қадала сұрады. 1990-1991 жылдары елге хабар тарататын телеарналар көп емес-ті, сонда да ағаның сауалында үлкен мағына барын ішім сезіп, қуана жауап қайырдым: «Мемлекеттік арнадан естідім!».
– Ақсарбас! – деді Мүкең. – Заманалардың зарын кешкен қазақтың көз жасына Құдай иіген екен! Бағанадан бері томсырайып отырмай: «Ағалар, сүйінші!» – демейсің бе? Бұл – сүйінші хабар, сүйінішті хабар, азаматтар!
– Ал, бұны атап өтуге, тойлауға бол ма? – деп сұрады әңгімеге әзіл жүгіртіп отыратын Арғынғазы ағам.
– Болғанда қандай, ақ түйенің қарынын ақтар, Ареке! – деді Мұрат Тоқбергенов дауысы сәл жарықшақтанып. Сонда байқадым: Мүкеңнің көз жанары суланып, кіріпіктеріне қос тамшы ілініп қалыпты. Бас редакторымыз Қуат Қайранбаев орнынан серпіле көтеріліп, бәрімізді құшағына қысып, бауырына басты. Содан кейін жуу басталды.
… Осылайша дабырласып, қуана қарсы алғанымызбен, тәуелсіздікпен қабат келген экономикалық-әлеуметтік реформалар жағамыздан алып, жанымызды шырқыратудай-ақ шырқыратты ғой.
Ауданнан, аудандық «Қапал еңбеккері» газетінен облыс орталығы – Талдықорғанға, облыстық «Жерұйық» газетіне ауысқам. Қандай тақырыпқа салса да қайтпайтын, жалаңдаған жас тілшімін. Бір лездемеде «Жерұйықтың» бас редакторы Тұрсын Әбдуәли ағам: «Қайда болса, сонда Дәуренді жұмсай беруді қойыңдар. Комондировкаға да Дәурен шығады, шұғыл ақпаратты да Дәурен жазады. Тоқтатыңдар, давай, жас адамды қол бала етуді. Біле білсеңдер, Дәурен қазір облысқа аты кеткен журналист. Дәуренге енді анда-мында жүгіре бермей өзінің байыпты, байсалды дүниелерін жазуы керек. Байыз тауып отыруы керек. Үйлену керек оған», – дегені. «Облысқа аты кеткен», «байыпты-байсалды дүниелер жазуға тиіс» журналисттің жасы жаңа-жаңа жиырмаға қылаң берген бойдақ еді. Бас редактордың болсын, редакциядағы басқа ағалардың болсын, тілін екі еткізбей алатын елпілдек басым Тұқаңның «Үйлену керек оған» деген сөзін тікелей тапсырма екен деп ұқсам керек, көпке созбай Түстіктің (Оңтүстік Қазақстан облысының) түсі игі бойжеткенімен бір айдың ширегінде қол ұстасып, отандасып үлгердім. Ал содан кейін…
… Ресейдің сабан ақшасы инфляциядан кетіп гиперинфляция деңгейіне көтерілді;
… Қазақстанның экономикасы дефольттық ахуалдың ақ жал толқынында теңселді;
… төл валютамыз – теңге шықты. Ол, бірақ, айлап, жылдап қарасын көрсетпейтін қымбат дүниеге айналды. Айлықты уақытымен алу дегенді ұмыттық. Қарыздан қарызға кіріп, таныс-тамырларымызды көре қалсақ, қашып жүретін халге жеттік;
… Азық-түлік, киім-кешек көзден бұл-бұл ұшты: сауда орындары қаңырап бос қалды;
… жылытып тамақ ішуден қағылдық: көзіміз шүңірейіп, жағымыз суалып үнемі түлкі құрсақ жүруге үйрендік. Тәуліктік тамағымыз: жарты бөлке нан, пияз араластырып майға қурылған ұсақ вермишель болды;
… жылу тарататын қазандықтарының оты өшіп, ошағы қираған қалалардан қазақ жастары пәтер алып, үйлі-баранды болу деген арман-қиялдан ада-күде арылды: өмірге жаңа қадам басқан сондағы біз сияқты балапан қанат бозбалаларды былай қойыңыз, аяғына тұрған сақа азаматтардың өзі тұрмыстың қиындығына төзе алмай сынып кетті: ащы суға салынды, біразы отбасынан айрылды;
… жоғары оқу орындарында 4-5 жыл білім еңсеріп, елге дайын маман болып оралуды армандаған қыз-жігіттер «табақтай» дипломдарын атып ұрып, сауданың соңына түсіп, салпақтады;
… күнкөріс, тек күнкөріс, бір күнді бір күнге ілдебайлап жалғап қана өмір сүру алдыңғы орынға шықты: барша жұрт күнкөрістің құлына айналды.
Айта түссек атан түйенің белін қайыстырар әлгі қиындықтар пәтер кезіп табанынан тозған біздің үйге (қазекем үйі болмаса да, үйленген жандарды «үй» дейді) жиі келіп, есігімізді қағып тұратын. Әлгі қиындықтар менің Бауыржан Бабажанұлы бауырымының үйінде де жамбастап жатып алды. Әлгі қиындықтар Сәкен Сыбанбай досымның да үйінде жиі болатын. Алматының көшелерін дәруіштей кезген Маралтайдың да қыр соңынан қалмай қойды. Әйтсе де, айналайын тәуелсіздік рухы, мемлекет тарапынан тәуелсіздіктің тұғырын биіктетіп, бекемдеуге жасалған игілікті істердің бәрі біздің еңсемізді тіктеп, еңкейтпей уақыттың ең бір күрделі кезеңнінен жетелеп өтті. Тәуелсіздік бізге, біз тәуелсіздікке қызмет еттік.
Біз – қай-қашанда тәуелсіздігіміздің жасампаздық жағында болған ұрпақпыз. Біздің буын қазақ әдебиетінің алтын шаңырағына уық қадады, біздің буын спорттық-олимпиадалық ойындарда атой салды, біздің буын биік үйлер тұрғызды, біздің буын қазақ әскерінің қанатын қатайтты, біздің буын «ата мекен, баба қонысым» деп аңқылдап келіп елге қосылды, біздің буын Тәуелсіз Қазақстанда түтін түтетіп, ұрпақ өсірді. Сөйтіп біздің буын ханзу халқы үрейлене сөз қылатын өліара кезеңнен өтті. Жас шағыңда көрген қиындығыңның өзі де қызық. Демек, біздің буынның кейінгіге айтар ғибыратты әңгімесі де көп деп білемін. Ол әңгіме тәуелсіздіктің шежіресінен басталады.
Дәурен ҚУАТ, жазушы