ҚАРА ШӘУГІМ ҚАЙТА ҚАЙНАП, ДАСТАРҚАН ЖАҢАША ЖАЙЫЛДЫ
21.12.2021
612
0

Желтоқсан айының қаһарына мiнiп келе жатқан шағы. Кешкi асты алдымызға ала бергенде теледидар да, радио да күнделiктi жаңалықтардың бiрiнде тосындау хабарды жария еттi. Үйдегi үлкендердiң жүздерiне жылу жүгiрiп, мәре-сәре қауқылдасты да қалды. «Баяғыдан берi өстетiн иттер ғой!» –дедi, шынтақтаған жастығын ысырып, тiктеле отырған көкем. Сөйткенше, әншейiнде таяғын тастамай сырбаз сүйенiп, асықпай жүретiн көршi шал Кемелбек те ширақ басып, кiрiп келдi. Көкеммен күндегiдей әңгiме-дүкен құру үшiн емес, әлдененiң желiгiмен келгендей әсер бар. Бiрдеңелердi даурығыса айтысып, құттықтасып жатты.

Қара шәугім қайта қайнап, дастарқан мерекедегiдей жайылды. Осы сәтте ойынға тоймайтын класстас достар Сәмен мен Ерлан «сабаққа бiрге дайындалуға» келе қалды. Үлкендердiң әрi-берiден әңгiме сапырғаны жалықтыра бастады. Бiз бiр-екi пиала шайды iшер-iшпестен қарбаластың сәтiмен тысқа сытылып шықтық.

Сол кеште ауарайы да ерекше едi. Жапалақ қар қылаулаған тұңғиық аспан тап-таза әрi тұнық. Айнала аппақ әлем. Сыбырлап сөйлесең де даусың самбырлап ауылдың о шетiмен бұ шетiне жететiндей.

 Мұндай түнде үйде отыруға болмайды. «Жүр, шана тебемiз», – дедi Ерлан.

 «Қой, түн ортасында қайдағы ойын!» – дейдi Сәмен.

 «Ойнағанда қандай! Мұндай айлы түнде шанаға сиқыр бiтедi», – деп, Ерлан ауладағы шананы ала жүгiрдi. Сәлден кейiн сырғанақ бетінде жұлдыздай аққан ол төмен қарай зулап келе жатты. Бiздiң үй iргесiндегi төмпешiктен таяқ тастам жерге бiр-ақ ырғыды да, табанынан от жарқ етiп өте шықты.

– Ура! – деп айқай салып, қолын көтердi Ерлан.
Шынында да шанаға сиқырлы қанат бiттi ме, әйтеуiр түн әлденебiр құпия сырын ашқандай көрiндi. Үлкендер де үйге сыймай, далаға шығып, дабырласа бастады. Бiр-бiрiн жаңа көргендей қол алысып, құшақ түйiстiрiп қояды. Қарқылдап күлiп, әндетiп те жiберетiнiн қайтерсiң.

Мiне, ғажап! Ендi ауылдың әр-әр жерiнен мөлдiр аспан төрiне тарс-түрс салют атқылай бастады.

Бұл – 1991 жыл, 16 желтоқсан, кешкi сағат 7-лер шамасы. Дәл осы жыл, дәл осы күн, дәл осы уақыт бар саналы қазақ шаңырағына сәуле шашты. Ол сәуле – тәуелсiздiк ұғымы, мемлекеттiк телерадио толқындары арқылы мың-миллион шаршы алқап, сан тарапты нұрландырып, тарап жатты.

Тосырқадық, толқыдық, тәуба дестiк. Көңiл шiркiннiң көк дөненiне мiнiстiк. Үлкендерiмiз көзiне жас алды. Кiшiлерiмiз асыр салып ойнақтадық. Ақ түйенiң қарны жарылды!

Сол күн, сол кеш әлем қазақ елiне назарын тiктедi. Арада санаулы минөттер өтпей-ақ, Қазақ республикасының Тәуелсiздiгiн ең жақын, ет жақынымыз Түркия бастап тани бастады. Еуропаға есiк ашылды, Америка қолын созды, Бiрiккен Ұлттар Ұйымы да құшағын ашты.

Әлi есiмiзде, бұл оқиға мектеп қабырғасында бiлiм алып жүрген бiздерге де ерекше әсер еткен. Ертесiне үлкен үзiлiстi күтпей-ақ, сабағымызды бастамас бұрын мүғалiмге де, алты жасар оқушыға да ортақ кезектен тыс жиналыс өттi. Жиналысқа сол кездегi мектеп директоры, жазушы Пернебай Дүйсенбиннiң өзi келiп, өзi бастады. Байқаймыз, жиылыстың мәнi тым өзгеше. Тәртiп бүзған шәкiрт ортаға шықпады. Үлгерiмi нашар оқушылар сөгiс алған жоқ. Тек директор әргi-бергi тарихты қозғап қоймай, оқушылар мен ұстаздар қауымын алғашқы Тәуелсiздiктiң арайлы таңымен құттықтай келiп, ойын түйiндеген.

Ұлыстың ұлы күнi деген осы! Көңiлiнде толғаныс, үнiнде тебiренiс бары байқалды. Содан ба, әлде сезiмге бай жазушы болған соң ба, жанарына жас іркілгенін жасыра алмаған. Сонда ғана әлi Тәуелсiздiк ұғымының түрiн түстеп, парқын бағамдай қоймаған бiз — балаң буын осы құбылыстың қазақ үшiн тым қымбат екенiн ұғына түскенбiз.

Не құдiретiнiң барын қайдам, осы жиылыс мектептегi бар игi шаралардың iшiндегi әсерлiсi болып жадымызда жатталды. Көзiмiзге жас келмесе де, көңiлiмiздi бiр толқу шарпып өткен. Неден екенi белгiсiз, директордың баршамыздың әр қайсымызға ғана құпия нәзiк перделердi дөп басқан тапқыр да ұтқыр сөздерiнен бе, әлде…

Дәл сол мезетте бiрiнен соң бiрiне жалғасқан жаңалықтың астарына тереңдеп бойлап бара алмаппыз… Кейiн есейе келе бажайласақ, әр кезде әрқалай естiп, оқып қалатындай – үш ғасыр емес, екi ғасыр емес, тiптi жүз елу жыл да емес, тура жүз қырық төрт жыл бұғаудан соң ғана еркiндiгiн алған ел мектеп партасынан мемлекет басқаруға дейiнгi барлық механизмдi қайта қарау, өзгеше құру қажет қана емес, мiндет екен.

Құдайсыз тобырды қорқытып басқаруға болатындығын бiзден гөрi сезiнiп өскен аға буын жақсы бiледi. Халықтың сенiмiн ұрлап алып қойып, қойша қыра беруге болатындығын көзбен көрген ұрпаққа Тәуелсiздiк – аса бағалы.

Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Қазақ радиосы директорының орынбасары

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір