ТӘУЕЛСІЗДІК ТУРАЛЫ СӨЗ  –  БІЗ ТУРАЛЫ СӨЗ!
20.12.2021
2869
0

Өліара тұста әдебиетке келдік. Қолға қалам ұстаған кезде Тәуелсіздіктің таңы әлі саз бере қоймаған-ды. Дәл сол тұста әдебиетке шындап бет бұру, тағдырыңды осы жолға біржолата арнау деген кейбіреулер үшін нағыз ессіздік сияқты көрінетін. Белгісіз бір түйсікпен болашаққа қалтқысыз сендік.

Талай аға-апаларымыз әдебиеттен теріс айналғанда өртеңде өскен гүлдей боп жел өтінде тұрдық. Себебі, бұл кезде қоғам да әдебиетке соншалықты құштарлық танытқан жоқ. Біз өз жарасын өзі жалап жазған жаралы бөлтіріктер сияқты едік. Алматының қатерлі қараңғы көшелерінде, шулы жатақханалары мен дулы сыраханалары һәм айықтырғыштарында асыл ғұмырдың жасын сәттері өтіп жатты.

Қаншама ағадан сая, қаншама ападан пана көрдік. Кітабымыз шықпаса да мерзімді басылымдарда тоқтаусыз жарияланған жырларымыз үміт отын маздатты. Әдеби орта ешқайсымызды шет қаққан жоқ. Бізді сақтаса, осы әдеби орта сақтап қалды. Бір-бірімізге дос, бауыр болдық. Бұл да бір нәубет сияқты соғыстан кем түспейтін жылдар еді ғой. Қоғам бассыз салт аттыдай бағдарсыз халде. Біз көшеде жүріп тұтас бір халықтың әдебиетін бір ғасырдан бір ғасырға, бір дәуірден бір дәуірге жүрегімізге салып алып өттік. Осы уақытты Дидар дос былай деп жазды: «…соның бірі, тіпті, бірегейі де – Маралтай. Түнді қақ жарып бұрқырап келе жатқанда, жабайы тайпалардың тас үңгірлеріне қорықпай от ұстап кіріп барған абыздар сияқты елестеп кететін. Маралтай жоқта өлеңі, өлеңі жоқта өзі жүретін. Еуропаны кезген Маркс елесінен күшті еді. Ілімнен ақындық метафора ұзақ өмір сүрді. Маралтай заманына жетті. Тоқсаныншы жылдар – біз шалқыған дәуір еді. Маркстен – Маралтайға! Мұқағалидан соң Алматыны дүбірлеткен осы Маралтай еді. Ол да Мұқағали сияқты қазақ поэзиясының символына айналды. Жыр десек – Маралтай, Маралтай десек жыр есімізге түсетін.»

Сол тұста қазақтың қабырғалы шайыры Исрайл Сапарбай «Жас қазақ»  газетінің бір бетін тұтастай алып әйгілі «Хат жаздым қалам алып Маралтайға!» деген арзуын жариялады. Бұл толғаудың аты маған арналғанымен, заты менің замандастарыма, сол уақыттағы қазақ жастарына деген жанашырлық, кезеңге деген назы еді. Бұл шығарма да біздің толқынның қандай өткелектен өткенінен хабар беріп тұр емес пе?!

Ұлықбек аға:

«Ақын болса –

Несі мін,

Албырт өмір сүретін,

Әкімдердің есігін

Теуіп ашып кіретін?

Албасты емес

Қабаққа

Қарап аяқ басатын…

Енгізіңдер санатқа

Ең ұлы ақын – жас ақын!» –  деп ақ батасын беріп, алдымыздан «жасыл жарық» жақты. Марқұм Есенғали ағамыз дәл сол кезде тұңғыш кітабымызды шығарып бермегенде хәліміз әлдеқандай болар еді?..

Шығармашылығымыз туралы ең алғашқы әділ баға, әдеби сынды Мейірхан Ақдәулетұлы ағамыз жазды. Темірхан Медетбек ағамыз атақты «Алтынкөпірліктер» әдеби сараптамасын безбендеді. Біздің буын да санатқа қосылып сапқа тұрды. Қаншама жетістікке жеттік. Азапты сәттеріміздің рақатына да тұщынған мезеттеріміз аз емес. Мен бұлардың бәрін неге айтып отырғанымды өздеріңіз де анық бажайлап отырсыздар деп ойлаймын. Бұл біздің жүріп өткен жолымыздың алтын үзіктері. Салмақ біздің иыққа, сауал біздің жүрекке молырақ түскендей. Осы жолмен біз ғана емес, тұтас Тәуелсіз мемлекетіміз де жүріп өтті. Демек, мен туралы сөз – біз туралы сөз! Біз туралы сөз – Тәуелсіздік туралы сөз!!!

Ал, мына сөз Ақбереннің сөзі: «…Маралтай бастаған осы үлкен буын Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында базар мен мазардың ортасында жетімсіреп қалған өлеңді, қара сөзді көтеріп алып, қиын-қыстау заманнан аман алып шықты. Өздерінің әлеуметтік жағдайы өте қиын болғанымен, Маралтайлар әдебиетке адалдығын жоғалтқан жоқ. Әдебиетсүйер қауым, келешек буындар осыны ұмытпауға тиіс деп білеміз.»

Маралтай РАЙЫМБЕК,

ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір