Қазақтың бәрі бір жылда, бір айда, бір күнде туған: 16.12.1991
Қазіргі заманда қазақтың бір аты – азаттық, еліміздің еркін сипатын білдіреді. Бірақ Тәуелсіздігіміз – белгіміз емес, түп мәніміз, көрінісі – бостан қасиет.
Кезінде азаттық армандарымызда өмір сүрді, сағынып жырға қостық, аңсап әндерімізде шырқадық. Қапыда қалай көз жазып қалғанымыз белгісіз, кеше Абылай ат жалында жүр еді, Махамбет найзасының ұшында, Кенесары семсерінің жүзінде болатын. Енді Бауыржан Момышұлының мінезіне көшті – өр, сұңғыла, батыр.
- Қастерлі сандар жиынтығы: ескерткішін алтын-күмістен құйсақ та жарасады, тәжін асыл інжу-маржан тастарынан қаптасақ та лайық. Қазақтың бәрі бір жылда туған – туған жылы, айы, күні: 16.12.1991
Біз Тәуелсіздікпен бірге ояндық. Тәуелсіздік таңы атқанда аяулы Маркеспен қатар айбынды Марксті де оқып жатқанбыз. Дәрісін тыңдап, ұйықтап қайтатынбыз. Бізге Маркстен гөрі Маркестің ертегісі көбірек ұнады: оның магиясы болатын. Не айтқаны беймәлім, бірақ революциядан құтылдық. Қазақ әлемге өрт қоюға қарсы болды. Тамызықтың сөнгенін көріп қуандық. Ғылыми коммунизмнің ғылымға еш қатысы жоқ еді.
Философтар Тәуелсіздікті аса жоғары бағалады, еркін сөйлеуге, оның ішінде қазақша еркін сөйлеуге болады. Жазушылар жаңа тақырыпқа құлшына қалам тартты. Ойлы қазақтың уақыты келді. Тәуелсіздік жазушы боламын деп жүрген ниетімізді қолдай түсті.
Дидар АМАНТАЙ, жазушы