ӨМІРІМНІҢ ОТЫЗ ЖЫЛЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР
20.12.2021
562
0

1989 жылы әскерден соң бірден Алматыға тарттым. 1986 жылы мектеп бітірген кезде келгенімдей емес, жағдай көп өзгерген екен. Астанамызда «темір ноқта» біршама  босап, қазақ сәл еркін тыныстай бастапты. Автобустарда қазақша қауқылдасып тұрғаныңда жетіп келіп, «баршаға ортақ тілде» сөйлесуді сұрайтындар жоқ.  Есесіне  айтыс, жыршылар байқауы секілді қазақы шаралар жиі ұйымдастырылады.  Жұмысшы жастардың да, студенттердің де жалы көтеріліп қалған.

Келесі жылы ҚазМУ-дың филология факультетіне  оқуға түстім. «Азат», «Алаш»  партияларының,  «Азамат» жастар  ұйымының мүшелері жатақханаға келіп,  бізбен жиі кездесу өткізеді. Солардың дем беруімен екі күннің бірінде алаңға аттанамыз. Әсіресе, екінші курс басталған шақта сабақтан жиі қала бастадық. Бір күні Жоғарғы Кеңестен бірнеше адам шығып, арасынан біреуінің: «Халқым, егемендік туралы декларация қабылданды!» –  деп сүйінші сұрағаны, оны алаңда тұрған мыңдаған  адамның  зор қуанышпен қарсы алғаны есімде қалыпты. Сонда декларация дегеннің не екенін де толық түсініп жүрген жоқпыз, сол хабарды жеткізушілердің бірі Ақтөбе облысынан сайланған депутат, марқұм  Ізімғали Көбенов екенін де кейін білдім.

Көп ұзамай еліміз Тәуелсіздік жариялады. Оның басымызға қонған бақ екенін бәріміз бірдей сезіндік, бөркімізді аспанға атып қуандық десек, артық болар еді. Алғашқы жылдардағы қиындық,  әсіресе,  аға буынға ауыр соққан секілді. Үлкен атағы бар бір оқытушымыздың аудиторияға кіріп келіп: «Бәрі бітті ғой. Не үшін оқып жүрсіңдер?» – деп сабақ бастай алмай, шарасыз  күйде отырып қалғаны әлі күнге дейін көз алдымда тұр. Бізде, жастарда қанша қиналсақ та үміт басым еді.

Үйін, екі жылқы, он сиыр, елу қойын сатып жеткенде күн санап өсіп жатқан инфляцияның кесірінен екі апта бұрын ғана келісіп кеткен үйіміздің иесі айнып кетіп, құйттақандай құжыраға әрең қолы жеткен ағамның маған  ақия қарағанын осы күні күліп еске аламын.

Оқу бітірген жылы ҚР Ғылым академиясы жанындағы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына кіші ғылыми қызметкер болып келген кезімде айлық жалақыны үш ай кешіктіріп алатынбыз…

… Бірде Абай атындағы педагогикалық университетте оқитын студенттің шығармашылық кешіне  барғанымызда Тұрсынжан Шапай көкем  қатты таңғалып еді. Расында да, тоқсаныншы жылдарда бұл үлкен жаңалық болатын. Газетке өлеңіміз шықса,  қуанушы едік. Қазір мектепте оқып жүріп, алғашқы жинағын  шығарып тастайтындар бар…

… Дәурен Қуат екеуміз 2000 жылы Ақтөбеден ашылған «Алтын Орда» газетіне қызметке келгенде қонаққа шақырған бір әріптесіміздің үйін іздеп, «Жеңіс» даңғылына  барғанымызда, қап-қараңғы бұрыштан біреу атып шығып, бас салатындай сезімде болып едік. Қазір жап-жарық, күндіз-түні жұрт ағылып жататын сол даңғылдан өтіп бара жатып, сол оқиға есіме түсіп, еріксіз жымиямын. 

… 2003 жылы аяқ астынан қатты ауырдым. Дәрігерлер басымды МРТ-ға түсіруге кеңес берді. Ісік болуы мүмкін дейді. Ақтөбеде жоқ екен, Орынбордағы ауруханаға 45 күн (!)  бұрын кезекке тұрдым. Сол бір жарым айда әбден есім шығып кетті. Қазір  Ақтөбеде өте мықты медициналық орталықтар бар…

… Екі мыңыншы жылдардың басында жол туралы сұрақ қойылғанда құзырлы министрліктің басшысы Қажымұрат Нағыманов: «Сіздер жол туралы сұрақ қойып отырсыздар. Ал мен Ақтөбе облысында тіпті жол көргенім жоқ…», –  деп журналистерді ду күлдіріп еді. Расында да,  Ырғызға он бес сағат жүріп баратынбыз. Ойылға жету де бір ақырет еді. Қазір Ырғызға 5 сағат, Ойылға 3 сағатта жетіп барамыз.

Елордаға Ресей арқылы баратынбыз. Екі жақтың кеденінен өтіп, әбден зықымыз шығушы еді. Қазір теміржолмен 24 сағатта, күре жолмен 15-16 сағатта дік ете қаламыз. «Өлім жолы» деп аталған Ырғыз бен Аралдың арасындағы жол да айнадай жарқырап жатыр…

…2010 жылдың күзінде әкемді ауруханаға алып барып, тексеруден өткіздім. Қауіп еткен диагозымыз нақтыланды — қылтамақ. Бұндайда не айтарыңды білмейді екенсің. Ауыр үнсіздік. –  Қарашы, –  деді бір кезде әкем көліктен сыртқа көз жіберіп, –  біз көшіп келгенде, мына жерлердің бәрі айтақыр еді. Қандай әдемі үйлер салынып жатыр.

Расында да, соңғы жылдарда Ақтөбе қаласында екі шағын аудан салынды. Тұрғындарының дені –  қазақ. Бір кезде әкесінің басына қойған айшықты түнде барып қиратуға мәжбүр болғандар қазір зәулім үй салып жатыр. Тіпті үйден артық қып мола тұрғызғандар  да бар…

… Жақында Ақтөбе облысының орталығында  Тәуелсіздік күніне байланысты өткен жиында Кеңес Бірманов ақсақал мынадай бір сөз айтты: «Бұрын Ақтөбе шәрінде тұратын қазақтардың саны, студенттерді қосқанда, 15-20 пайыз болатын. Қазір шүкір ғой…».

Осының бәрі біздің көз алдымызда болып жатқан өзгерістер. Тәуелсіздіктің арқасы! Әрине, бұдан да жақсы тұруға мүмкіндігіміз бар ғой. Ол — басқа әңгіме…

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,

ақын

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір