КЕРМЕ ТУҒА ҚАРАП ОЛАР ҚОЛ СОҚТЫ, БІЗ КӨЗІМІЗГЕ ЖАС АЛДЫҚ…
20.12.2021
666
0

Барлық жақсы дүниенің, ол мейлі зат болсын, өзге де құндылықтар болсын, бір теңеуі болады. Ең жақсы нәрсені көбінде алтынға теңеп жатамыз. Ал  Тәуелсіздіктің теңеуі жоқ. Ол біз үшін алтыннан да қымбат. Алтын оның қасында жай темір. Қараңыз, қазақ жерінің асты мен үсті толған алтын екен. Қазақ халқы үш жүз жылға таяу бодандықты басынан кешірді. Сол алтын сол кезде Тәуелсіздіктің орнын баса алды ма? Жоқ!

Тәуелсіздіктің көк туы қолға тиіп еді, әлемдегі барлық еркін халықпен тереземіз де, құқығымыз да теңеліп шыға келді.

Тәуелсіздікті біздің аталарымыз аңсап, ғасырлар бойы күресіпті. Ес біліп, етек жаба бастаған сәтте «Еркіндік», «Дербес мемлекет» деген сөздер біздің де құлағымызға шалына бастады. Кеңес Одағында қайта құру басталып, Балтық жағалауындағы мемлекеттер бөлініп кеткен күннен бастап, бұл ұғымдар біздің арманымызға айналды. Бүкіл дүние жүзі бар назарын Кеңес Одағына бұрып тұрған сол жылдары біз көбінде қара шаңырақ – Қазақстан жақққа үнемі құлақ түрумен жүрдік. Бір үміт осы жақтан болар деп, асыға  күттік.

Қазақ елінің Тәуелсіздігі мен Күйтін деген қалаға орналасқан Іле оқу-ағарту институтында оқып жүргенде жарияланды.

Кеңес одағы жақтан нақты ақпарат алатын жалғыз тереземіз – күніне бір сағат қана хабар тарататын «Азаттық» радиосы.

Жатақханада жатып алып, соған құлақ тосамыз. Марқұм Хасен Оралтай ағамыздың сүйінші сұрап, Қазақстанның Тәуелсіздік жариялағаны туралы ақжолтай жаңалықты өз дауысымен жариялағаны әлі есімде.

Тағы бір сәт есіме түсіп отыр. Сол мезгілде Кеңестік Қазақстанның Білім министрлігінің делегатциясы Шыңжаңға барған екен. Олар Үрімжіден Күйтін қаласына келгенде Қазақстанның Тәуелсіздігі жарияланды. Іс-сапарларының кестесіне сай, делегация құрамы біз оқып жатқан институтқа да ат басын бұрды. 17 желтоқсан күні біздің институт сол шетелдік қонақтарды төте және  кирилл әрпімен жазылған «Тәуелсіз Қазақстан Республикасы Білім министрлігі өкілдерін қарсы аламыз» деген керме ту көтеріп қарсы алды. Қарасақ, өкілдердің дені қазақтар екен. Керме туға қарап, олардың тұра қалып қол соққанын көріп, көзімізге жас алдық…

Тамашаның қызығы Атажұртқа оралған соң болды.

Алматыға келіп, ақынбыз ғой, Жазушылар одағын көп жағалап жүрген кезіміз. Көбінде өзіммен замандас және құрдас қыз-жігіттермен танысып, шайға шақырып, шығармашылық туралы әңгіме соғамыз. Өлең сөзге ағып тұр, шетінен ақын. Жарысып өлең оқиды. Бір қызығы, «Тәуелсіздік» тақырыбына келгенде бәрі сөзді басқа жаққа бұрып, жолаңқырамайды. Ал біз Қазақтың азаттықты қалай алғанын, өзіміздің оны қалай қабылдағанымызды тамсанып отырып айтудан жалықпаймыз. Ақын достарым бір-біріне қарап қойып, өлең оқуға немесе тост айтуға көшеді. Сөйтсек, менің Атажұрттағы құрдастарым мен төрт-бес жас үлкен не кіші замандас аға-інілерім Қазақстанның Тәуелсіздік жариялағанын білмейді екен ғой. Кейін өздері ептеп айта бастағанда білдік, дәл 16 желтоқсан күні біз арғы бетте қуаныштан жылап-еңіреп жүрсек, олар бергі бетте қандай оқиға болғанын сезбей қалыпты. Кейін, бірер жыл өткенде барып дербес ел болғанын ұғыпты… Сол ақындардың Алматы қаласының әкіміне (Храпуновқа): «Оралмандар құрлы болмадық…» – деп, үй сұрап жазған ашық хатын «Қазақ әдебиеті» газетінен оқып, күлгеніміз де бар.

Қалай десек те, Қазақ Тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болды. Алаш баласының басы бір тудың астына жиналып жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өте дұрыс айтты,  Тәуелсіздік бәрінен қымбат!

Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!

Отыз жылдық мерекеміз құтты болсын!

Ауыт МҰҚИБЕК,

қоғам қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір