АБЫЗ ЖЫР, ҚОБЫЗ ШЕР
08.10.2022
1536
0

Бірінші баян.

Лобстер эфектісі. Светқали Нұржан. Серотонин

…Ғылымда «лобстер эфектісі» деген термин бар. Су астында шаян тектес бір мақлұқат өмір сүреді. Қазақша атауы жоқ. Ағылшын мен орыс тіліндегі нұсқасы – лобстер. Дүниедегі әр жәндік, әр мақұлықатты адамзатқа мысал етіп жаратыпты, шебер Құдай. Лобстер де өзге жаратылыс секілді жар таңдау, жер таңдау, жем таңдау дейтін мәселеге бас қатырады. Сондай кезеңдерде қысқышын қайрап, қаруын сайлап алдынан тағы бір өзі тектес лобстер шығары анық. Сол шақта бұлардың көзінің алдынан бір химиялық сұйықтық бөлінеді. Ол сұйықтықта, лобстердің салмағы, күш-қуаты, дене пішімі жайлы бүкіл ақпарат бар. Егер екеуі «тепсініп келгенде тең атаның ұлы» екені анық болса, өліспей беріспейтін жекпе-жек басталады. Өмір болған соң бірі жеңіледі. Біздің айтпағымыз сол жеңілген лобстердің қайғы баяны. Ол өте қатты күйзеліске түсетіні сондай, жеңілісті қабылдай алмаған миы еріп, жоқ болып кетеді де, орнына бәріне көндіккен, баспақшыл жаңа ми өсіп шығады. Ол осы миымен қалған өмірін бұқпантайлап, тас тасалап өткізбек. Дене тұрқы да кішірейіп, әруағы қашқан ердей болады. Тіпті өзінен әлжуаз лобстер келіп түртпектесе де жорта қашып, мінез көрсетуге рухы жетпейді. Біздің бүгінгі болмысымыз осы «лобстер эфектісін» еске түсіреді. Орыстың боданынан шыққан жұрт, еңсемізді әлі тіктей алмай келеміз. Көрші ел тұрмақ, ішіңдегі ат төбеліндей этностардың өзі бүйіріңнен түртпектеп, түрпідей тиіп, мазаңды алған жоқ па?! Иә, біз кеше жеңілген ұлтпыз. Жеңілген лобстерміз. Бүкіл ұлттық салт-санамызды сақтаған миымыз еріп, орнына бордай езілген, бодандықты бақ сезінген, өзгенің қаңсығын таңсық қылатын, өзіндегін мансұқ қылатын, өзгенікін мақтан көретін мишық өсіп шыққан…

…Жеңіліп қалған лобстер мен жеңіске жеткен лобстердің миында химиялық айырмашылық болады. Тіпті жүріс-тұрыстары да өзгеріп шыға келеді. Олардың өз-өздеріне сенімділіктерін нейрондар арасындағы байланысты басқаратын екі химиялық зат – серотонин мен октопамин анықтайды. Жеңіске жеткенінде серотонин, ал жеңіліске ұшырағанында октопамин басымырақ болады. Серотонин деген гармон адам баласында да бар. Қуанғанда бөлінеді. Ең қызығы жеңіліске ұшыраған лобстерге серотонин гармонын құйсаңыз, жасып, жалтақ болып қалған лобстер айбарланып, қысқашын қайрап, қаруын сайлап майданға қайта шығады. Менің кейіпкерім Светқали Нұржан ағам да осы жеңілген ұлттың қан тамырына ұлттық руһ құямын деп, өр намысын оятамын деп жүрген жоқ па? Ақынның ұйқыға кеткен ой-санаңды селт еткізер жыр-дастандарын, жалпы қаламын сүйкеп жазғанын, аузын ашып айтқанын ұлт қанына құйған серотонин дер едім. Ол дала кезіп, бағзы баба қазақтың ілімін жиып, түктей қалың түркі қағанатының, айбарлы Алтын орданың рухын ел мен ердің кеудесіне құйсам деп шерлі. Асан қайғы бабамыз Қазақ хандығына жер ұйық іздесе, Светқали ағамыз жемқор жегілерден мезі болған жұртына Отан іздейді. Өз Отаныңда отырып Отан іздеу қандай қасірет?! «Екі отан» дейтін өлеңінде шайыр:

Біздің Отан – өртке үйтілу, шарпылу,
Сіздің отан: басы – гу-гу, арты – ду.
Біздің Отан – өксу менен өкіру,
Сіздің отан – ыңырсу мен алқыну.

Біздің Отан – әруақ қонған бейітте,
Сіздің отан – жармақ толған сейфте.
Біздің Отан – арман бүрген Жүректе,
Сіздің отан – жалған күлген кейіпте, – деп күңіренеді де, «Басқа жерде «Қазақстан» деген ел бар ма екен? Болса, кетер едім!..» деген Ермұхан Тоғызбайұлына жыр арнап, өз арманындағы Қазақстан қандай екенін аңғартып, былай дейді:

Қазақстан бар ма екен – азат қаны?
Берілетін жалғансыз таза ақпары,
Өз тілінде сөйлейтін қазақтары,
Өз мүддесін сатпайтын кәззаптары.
Ұлдарының шекпеген азап тәні,
Ұрынбаған қыздары мазаққа әлі,
Аһ ұрмаған қарттары тозақтағы,
Қазақстан бар ма екен – ғажап бәрі?
Қазақстан бар ма екен басқа жақта?
Хандары да қарайтын қас-қабаққа,
Қуырылмаған қандары ащы араққа,
Бәрі қамқор ағаның жас талапқа.
Тасбақадай бөленбей тас табаққа,
Азаматы ылайық асқақ атқа,
Жұлдыз төлдеп жататын қос қанатта,
Қазақстан бар ма екен –- басқа жақта?
Қазақстан бар ма екен, ойып төрден,
Орын берген қазаққа кейіп келген.
Итаяқтан ас ішпей жөйіттермен,
Тосқауылын шүршітке қойып кеңнен,
Бабаларын бөліспей бейіттерден,
Бір тоқтысын Үш Жүзге сойып берген.
Қазақстан бар ма екен –майлы әкімнен,
Қорлық көрмей күн кешкен қайратымен, – деп қиялдағы Ғажапстан-Қазақстанды аңсай жырлап келіп,
Мен де кетем, ағасы, тастап кетпе,
Түк шара жоқ торай – тіл, баспақ – бетке.
Өздеріне қалдырып батпақтарын,
Шығып жүре берейік асқақ көкке!
Ондай ел бар! Кей-кейде зор ұраны,
Шалынады құлаққа оның әні.
Кезігеді ол бір күні ай туарда,
Шолпан туа немесе жолығады.
Ондай елдің Балқашы, Аралы аңыз,
Дегелеңі үстінде дем аламыз.
Еніп тұрып шекара – есігінен,
Керіп тұрып тынысты кең аламыз.
Төгіп тұрып содан соң жасымызды,
Осы Қазақстанға ораламыз! – деп шерленеді.

Кешегі Алаштың абызы Әбіш Кекілбаев атамыз Айт-Ман деп ат қойған Светқали Нұржан ағамыздың кез-келген кітәбін алыңыз, кез-келген бетін ашыңыз, ұлтым деп «ұлып» тұрған жауһар жыр көресіз. Жығасы жығылған ұлттың жалын күдірейтемін деп Қарға бойлы Қазтуғандай түн қатқан Айтман ағамызды жеңілген лобстердің яки біздің ұлттың қан тамырына құйылған серотонин дейтініміз осыдан.

Екінші баян.
Көне кітапқа көз салсаң

«Тас лақтырсаң ақынға тиеді. Бізде ақын көп» деп қынжылады кейбір көбікауыздар. Рас, қазақта ақын көп. Бағзыдан бері аз болмаған секілді. Бұны туғызып жатқан қазақ ұлтының өзі. Ел толғатпаса ер тумайды. Ұлт – тірі. Қажет кезінде батыр, қажет кезінде ақын туғызады. Біз бұның бір сыры бар деп білеміз.

Құранды тыңдап отырған яки оқыған адам оның өлеңге ұқсайтынын айтады. Құран түсерден бұрын араб елінде ақындар көп болған екен. Олар да қазақ секілді түйе үстіндегісі төрт ауыз, ат үстіндегісі алты ауыз өлең айтатын болған. Кез-келген дау-шар өлеңмен шешілетін. Олар араб тілін әбден жетілдірген еді. Содан кейін барып құран түсті. Яғни, Құдай тағала ақындардың аузымен әуелі араб тілін жүйеледі. Сосын пайғамбарды жіберді. Біз ақыны көп қазақтан енді пайғамбар шығады деп тұрғанымыз жоқ. Әйтсе де біздің ұлттың бір миссиясы бар. Ол миссияны орындау үшін қазақ өзін тану керек. Өзін тану үшін қазақтың бағзы тарихын бітік тастардан оқып, жоқ іздеп жүрген Светқали Нұржан секілді ақынды тану керек. Әлбетте, ол үшін биыл «Абай» атындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқан «Көкірегім – көне кітапқа» бас қойғанымыз абзал.

Көкірегім – көне кітап.

Сұр тысты.

Қырық қазына, мың мағына – қыртысты.

Қиялым бар жетпіс түрге құбылған,

Көздеріңмен қарамашы бір түсті.

 

Оқымай-ақ отқа салма мені сен,

Керегіңе жарата алсаң – келісем.

Залым-сұмнан сағың сынған налаң мен

Ауырсынған жараң болса, – бөлісем, – дейді сөз иесі.

Асан қайғы «Жерұйық» идеясын алға тартып, жырымен елді ұйытып, Қазақ хандығы дейтін жаңа бой көтерген шаңыраққа бақан болды. Одан берідегі Абай Алаш орда идеясын туғызды. Айт-Манның арқалаған аманаты қандай? Бұл берісі қазақ ұлтының, әрісі түркі жұртының ділі мен дінін кешегі Қожа-Ахмет Йассауи мен Мәуләнә Руми тезге салып бергендей сақтап, ұрпаққа табыстау. Тәңірі мұратына жеткізсін. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтып жүрген Жаңа Қазақстанның ескі Қазақстаннан айырмашылығы – рух-бақаны, бүгінгі Қазтуған Светқали Нұржанға һәм басқа рух шырақшылары мен ұлт зиялыларына құлақ асқандығында болса керек! Мысықтабандап кірген сәләфизм қазақтың дәстүрін мансұқтап, ата-бабамыз ұстанған жолды жоққа шығарып жатқанда-ақ атқа қонды Айт-Ман. Әм сол аттан әл-әзір түскен жоқ. Балағы мен қоса ақылы қысқарғандарды Әзірет Сұлтанның хикмет қамшысымен осқылап келеді. Егер билік осы кесепаттың алдын алғанда біз «Қаңтар оқиғасына» арандамайтын едік.

Ақын деген әулие һәм пенде. Мұқағали бұл туралы:

«Ақын жайлы айтады қызықты аңыз,

Бірақ сен қызықпа, қыз!

Қызықпа, қыз!

Рас-ақ, біздер – патша!

Мұжық та – біз…

Түзік те – біз, түнерген бұзық та біз!» – деп кеткен.

Біздің жұрт ақынның бойынан әулиені де, батырды да көргісі келеді. Елдің бәрі Махамбет емес қой. Бірақ, бір айтарымыз, ақынның жүрегі бәрібір бөлек жаратылыс. Өзінің шаһқар туындыларын жиырмаға дейін жазып, одан кейінгі өмірінде құл сатқан Артур Рембоға өлер алдында иманын үйіру үшін шіркеу қызметкері келіпті. Артурдың қасында бір сағат отырғаннан кейін шіркеу қызметкері шығып бара жатып, «неткен періште жан?» деп қайран қалыпты дейді. «Періште жан» дегені зәңгі жұртын зарлатқан, анадан баланы, жерден елді айырған Рембо. Егер ол осынша қылмыстың ортасында жүріп, жүрегін пәк қалпында сақтап қалған болса, Рембоңыз жиырмадан былай асқан шағында да керемет туындылар жазғанына сеніңіз.

Дәл осындай оқиға пайғамбарымыздың заманында да орын алыпты. Жоғарыда араб елінде ақындық өнер жақсы дамыған дедік қой. Сол ақындардың ішінде біреу пайғамбарлық өзіне қонарына қатты сенген екен. Кейін пайғамбарлық әзіз пайғамбар Мұхамедке қонған соң, оны әжуәлап өлең шығара бастайды. Біраз жылдар өткен соң Мұхамед (с.ғ.с) оның өлеңдерін тыңдап, «Мұсылман болуға сәл қалған екен» деп айтты дейді. Алланың елшісіне қас жау болған жанның өзі осындай болса, Тәңіріне бойұсынып, елшісіне ерген ақын қандай болмақ? Бұл тұрғыдан алғанда да Светқали ағамыздың «ақынмын деп қопаңдап жүргендерден» «десі» басым. Ұлтымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Мағауин «менің жауым қазақтың жауы» деп айтты дейді. Расымен де. Ұлт жолында жанкешті еңбек етіп жатқан ғазиз жүректердің жолына шөңге төсеген әр адам қазақтың һас жауы.

Үшінші баян
Сөз иесі Айт-Ман

Светқали Нұржан ағаммен 2011 жылы Қасым Аманжолдың 100 жылдық мерейтойында таныстық. Танысқанда біз барып сәлем бердік. Аты-жөнімізді айттық. Той тарқап, қонақтар қайтып жатқан кез. Телефоным шырылдады. «Мен Светқали ағаңмын ғой. Мақалаңды оқып келе жатыр едім пойызда. Сен біздің жаққа ғана тән сөздерді қолданыпсың. Ол сөздерді қайдан білесің?» деді. Мен қапелімде ештеңе түсінбей, «өзіміз жақтың сөзі ғой» деп қоямын. «Ал сен ол сөздерді қайдан естідің?» деп індетеді ағам. «Атамнан» деймін. «Атаң кім?». «Атам – Орал. Қырық жыл жылқы баққан. Атақты жылқышы. Түздің адамы». «Бәсе, бұл сөздерді дала кезген адамдар ғана білсе керек» дейді Светқали ағам. Сол заматтан бері мен атамның аузынан шыққан сирек сөздерді қағазға түртіп алып жүретін болдым. Ал сөз мәселесіне келгенде Светқали ағадан бай адам жоқ екеніне тағы сендім. Бір «Есім хан» поэмасының өзінде қаншама көнерген сөз жүр. Жебенің жиырма тоғыз түрінің аты бар. Сөзді білу бар да, оны пайдалана білу бар. Яни, сөз жадқа қонған болу керек. Хәл үстінде отырып, жыр саулап келгенде қатталып құйылып түсуі үшін де.

Осы тұста, дүниенің сөзден тұратынын тағы бір қайталап айтқымыз келеді. Біз әуелде адамның басында ой жаралып, кейін сөзге айналады деп сенуші едік. Кейін онымыздан айныдық. Себебі, адам сөздік атауы жоқ дүниені ойлай алмайды екен. Дәлелім мынау; христиан мен будда діні өкіліне Құдайды ойла десеңіз біреуі Иса Мәсіхті, екіншісі Будданы ойлайды. Ал мұсылманға Құдайды ойла десеңіз Жаратқан хаөтың 99 көркем есімі айналасында ойланады. Ал түр келбеті, тұлғасы жайлы ойлай алмайды. Қанша тырысса да. Себебі сөздік, сипаттық атауы жоқ. Егер адамдар сөзсіз ой ойлай алатын болғанда сөз бен тілдің түкке де керегі болмас еді. Әр адам жаңа бір сөз үйренген сайын сол сөз айналасындағы ілімге ие болады. (Мысалға, «саба» деген сөзді үйренсеңіз, оның теріден жасалғанын, оған қымыз ашытатынын, қымыздың бие сүтінен жасалатыны, биенің жылқы екені, жылқының жануар екені, тағы сол сияқты қаншама энергиясы бар ой құйылады. Сөз білген адам дүниенің сырын біледі). Осы тұрғыдан алғанда мына дүниеге қосқан біздің ұлттың да үлесі бар. Түркі жұрты танып, сөздік атау берген дүние қаншама. Қазақтың әр сөзі бір ғылым. Мәшһүр-Жүсіп бабамыздың «білім-ғылым қазақтың тілінде жатыр, соны біздің замандастарымыз білсе ғой» деп, күйзелетіні бар. Бүгінгі әдебиетте жүрген біздердің өзіміз тіл білмейміз. Басқа қазаққа не дерсіз?! Егер сіз баба мазарына түнеп, дала кезіп жүрген Светқали Нұржан деген кісіні көрсеңіз, сөз сұраңыз. Оның «Көкірегі – көне кітап».

Сөз соңы

…Біз Қасым Аманжолдың атакүлдігі, Рақымжан қыстауында тұр едік. Айт-Ман аға сонау Маңғыстаудан арнайы келген. Мен осы ауылдың баласымын. Ол Қасымның әжесі қаздырып, шегендеткен құдыққа тұнжырап қарап тұрып, Қасымның тұманды тағдырын сөз етті. «Қайран Қасым» деп қыстығып сөйлей алмай кідірді де, бабалардан қалған балбал тастай қатты көрінетін Светқали Нұржан ағамыз жылап жіберді. Ол қазақтың әр мекенін, әр қыстауын өзінің Көздіойық қонысындай сүйеді. Әр қазақтың жақсысының тағдыры оның жүрегіне қадалған шөгір. Ол біздің ауылға келіп, сол елдің тұрғылықты адамдары мына біздердің өзіміз білмейтін тарихымызды айтып, көзінен жас парлап сөйлеп тұр, берісі қазақ, әрісі түркі жұртының қамын жеген Ай таңбалы Айт-Ман.

Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ,
ақын
Жазушылар одағының мүшесі
ҚАРҚАРАЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір