«ҚАЗАҚТЫҢ ӘДЕБИЕТІН ДҮНИЕЖҮЗІНЕ ЕҢ АЛДЫМЕН ТАНЫТҚАН ЖАМБЫЛ БОЛДЫ»
07.12.2021
3577
0

Биыл жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың  туғанына – 175 жыл. Жыл бсында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен ұлы ақынның мерейтойын жоғары дәрежеде ұйымдастырып, мазмұндық деңгейін қамтамасыз ету мақсатында арнайы мемлекеттік комиссия құрылған болатын. Нәтижесінде өлең сөздің дүлдүлі – Жамбыл мерейтойы қарсаңында көптеген нәтижелі жұмыстар атқарылып, ақынның өмірі мен шығармашылығын арқау еткен тоғыз томдық жинақ оқырманға жол тартты. 

Қазақ халық поэзиясының әйгілі өкілі, ұрпақтар сабақтастығын сөз өнерімен жалғаған Жамбыл  Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы  қалай аталып өтті? Бұл жөнінде айтулы датаға орай айшықты жұмыстарды жүзеге асырып жүрген белгілі  жазушы, «Құрмет»  орденінің, халықаралық «Алаш»  сыйлығының иегері Нағашыбек  Қапалбекұлынан  сұрап көрдік.

 Шығармаларына хатшылары  кеңестік идеологияны күштеп қосқан

– Аға, әңгімемізді жыраулық сарын мен ақындық ақындық айдынды шебер ұштастырған,  сөз өнерінің биігіне көтерілген Жамбыл Жабаевтың шығармашылық кескіні  жайлы айтудан бастасақ.

– Жамбыл – екі ғасырды бастан кешкен, жүз жасаған қазақтың ұлы ақыны. Көзі тірісінде ХХ ғасырдың Гомері, жыр алыбы атанған ол зор құрмет, орасан атақ-даңққа ие болса да, ұлылыққа кішілікпен қарап, өз ауылында қарапайым замандастарымен бірге тұрмыс-тіршілік құрып, жүріп жатты.

         Оның өлең-жырлары тек өмірінің соңғы он жылында, тоқсан жасқа келгеннен кейін ғана жазылып алына бастады. 1936-1941 жылдар арасында ақын он мың жолдай өлең шығарыпты. Ал  Ұлы Отан соғысы жылдары үш мың жол өлеңін хатшылары жазып алған. Ақынның хатшылары, белгілі ақын-жазушылар – Қасым Тоғызақов, Қалмақан Әбдіқадыров, Ғали Орманов, Тайыр Жароков, Қапан Сатыбалдиндер жыр алыбының ғұлама суырып-салмалығына таң қалып, ерекше ілтипаттарын жазғандары бар. Оның осы тоқсан жасқа дейінгі мұхиттай сапырған өлең-жырлары, әттең шіркін, толық жазылып алынбай қалғаны қандай өкінішті. Тіпті 1945 жылғы 9 мамыр күні: «Біз фашистерді жеңдік», – деп сүйінші сұрай келген жұрттың алдында қырандай сілкініп, қанаттанып, қайраттанып айтқан өршіл рухтағы ұзақ жыры да қағаз бетіне түсіп үлгірмеген екен. Ал хатқа түскен шығармаларына хатшылары  кеңестік идеологияны күштеп қосқаны да байқалады. Өйткені әр ақын – өзі өмір сүрген дәуірінің перзенті.

         Жамбыл 1846 жылы 28 ақпанда қазіргі Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келді. Ол 15 жасында Сүйінбайдан бата алды, жақын туысы Сарыбай би Айдосұлы ағалық қамқорлық жасап, біржола ақындық жолға түсуіне айырықша көмек көрсетті. Жас кезінде Әулиеата, Түркістан өңірінде, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Сыр бойындағы атақты жыршы, шайырлардың қасында болып, түркі әлемі мен күллі  Шығыстың қисса-дастандарын үйренді, талай алқалы жиындарда өлең айтты.

         Ол – жай ақын ғана емес, дастаншы эпик ақын, «Манастан» бастап «Қыз Жібекке» дейінгі эпос-дастандарды таңды таңға соғып мәнеріне келтіріп жырлаған ірі жыршы-жырау. Тіпті «Көрұғылы» дастанын өз жанынан қосып, толықтырып он бес күн талмай жырлағанын көргендер аңыз ғып айтып, жазып кетті.

         Жамбылдың атын шығарған талантының бір қыры – айтыскерлік өнері. Ол көптеген айтысқа қатысып, үнемі жеңіске жетіп отырған. Атақты Құланаян Құлмамбеттей бұлбұл ақын, дүлдүл ақынды отыз бес жасында жеңгеннен кейін атағы аспандап кетті, бүкіл қазақ-қырғыздың бас ақыны атанды, оған  пар келетін айтыскер қалмады. 

         1912 жылы Шәбден манаптың  ұланасыр асында – қазақ-қырғыздың бар жыршы-ақындары бас қосқан жерде жиналған жұрт Жамбылды «Бас ақынымыз» деп, сый-сияпатын беріп, төріне отырғызып, зор құрмет көрсеткен.

         Ал  1913 жылы ақпанда Верныйда Романовтардың патшалық құрғанына 300 жыл толуына арналған той өткізіледі. Осыған орай Жамбылға жандайшаптар: «Патшаға арнап өлең айт», –  деп діңкілдегенде «Өстепкеде» деген әжуа-сықақ еткен өлеңін айтқаны үшін, жасауылдар ақынды абақтыға бір түн апарып қамайды да,  ел толқынынан үркіп, ертесіне босатады.

         Жыр жампозы аласапыран 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс  кезінде қалың бұқара халықпен бірге Жетісудағы көтеріліс басшысы Бекболат Әшекеевтің қасында болып, елге жігер берген жалынды өлеңдерін шығарады, бостандық алу керектігін насихаттайды. Көтеріліске шыққандар жеңіліп, Жамбыл да қуғыншылардың қолына түсіп, абақтыға қамалады.

         Міне, Кеңес заманына дейін-ақ Жамбыл – қазақ сөз өнерінде өзінің дара даналығын танытқан, тарихи ірі қайраткер ақындығы мен азаматтығын  мойындатқан бірегей тұлға.

Ол «Соғыс бітті» деген қуанышты хабарды естіп кетті

– Жамбыл шығармалары қай уақыттан бастап баспасөз беттерінде  жариялана бастады?

         – Бұл жерде  мына бір тарихи деректі ортаға тартамыз. 1922 жылы 9 маусымда Ұзынағашта қазақтың көрнекті ақын-жыршылары бас қосып, өнер көрсетіп, айтыс өткізіледі. 1925 жылы Ташкент қаласында шығып тұрған «Терме» журналында қазақ ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым Шамғали Сарыбаевтың «Халық әдебиеті және оны жинау жолдары» деген мақаласы осы іс-шараға байланысты жарияланған. Осы шараға қатысқан ақындардың өмірбаянын, білетін өлеңдерін, дастандарын жазып алып, суретке түсіріп алған – Шамғали Сарыбаев осы жиынға қатысқан ақын-жазушылар жайлы былай деп жазады: «Жапаұлы Жамбыл. Жасы – 68-де, жылы – қоян, аздап сауатты, тұратын жері – Ұзын Қарғалы болысы, 4-ауыл.

Жатқа білетін өлеңдері:  «Көрұғылы» дастаны, «Ерназар-Бекет», «Сүйінбай мен Қатаған айтыстары», «Садыр патша мен Жамбыл патша заманы», «Тезек төре мен Сүйінбай», «Жамбыл мен Құлмамбеттің айтысқаны», «Шалтабай» дастаны және шежірелер мен терме өлеңдер».

Бұл – Жамбылдың баспасөз бетінде алғаш жариялануы еді. Сәкен Сейфуллин 1931 жылы Алматыда «Қазақ әдебиетінің нұсқалары» атты жинақ құрастырып шығарды. Мұнда да Жамбыл жөнінде қысқа мағлұмат бар. Ал келесі жылы «Қазақ әдебиетінде» Жамбылдың Құлмамбетпен айтысы  жарық көрген.

Сонымен, Жамбылдың өлең-жыр, толғаулары әуелі ауызша туды, одан хатқа түсіп, газет-журналдарда жарияланды. Шығармалары жеке кітап болып тұңғыш рет 1937 жылы Мұхаметжан Қаратаевтың алғысөзімен «Өлең жырлары» деген атпен басылды. Келесі жылы «Стихи и песни», «Путешествие на Кавказ» деген атпен Мәскеуден  орыс тілінде шықты.

1938 жылы Жақан Сыздықовтың құрастыруымен «Жамбыл» деген атпен Алматыдан қазақ тілінде шыққан өлеңдер жинағы көлем жағынан едәуір қомақты еді. Оған қарт ақынның арғы-бергі дәуірде айтқандары біршама  енді.

1939 жылы «Сұраншы батыр» дастанын Жамбылдың өз айтуынан жазып алған әдеби хатшысы Қалмақан Әбдіқадыров болатын.

Ал Сәбит Мұқанов алғысөзін жазып шығарған 1946 жылғы жинақтағы өлеңдер Жамбылдың өз аузынан жазып алған шығармалары еді. Мұнда қарт ақынның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы өлең-жырлары мен толғаулары толық қамтылған.

Бұл жылдары ақыннан қалған сөз үлгілерін жинау мәселесі әлі тоқтаған жоқ болатын. Бұрынғы басылымдарда кеткен кем-кетіктерді жөндеп, жаңа өлеңдерін қосып, ең таңдаулыларын ғылыми негізде бастырып шығару міндеті күн тәртібінде тұрды. Сонымен оның үш томдық шығармалар жинағы 1955-1957 жылдары жарық көрді. Бірінші томға революцияға дейінгі өлеңдері мен жырлары, екінші томға совет дәуіріндегісі (1924-1938 жылдар), үшінші томға 1939-1945 жылдардағы өлеңдері мен жырлары енді.

Жыр алыбы атанған өнер иесінің осындай жаңа басылымы Қазақ ССР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының дайындауымен «Жазушы» баспасынан 1982 жылы жарық көрді. Араға ширек ғасырдай уақыт салып шыққан ақын шығармаларының академиялық осы екі томдығының ғылыми прициптеріне келсек, біріншіден, бұрынғы басылымдардағыдай бұл жолы да жанрлық, жанр ішінде хронологиялық тәртіп сақталды. Бірінші томға революцияға дейінгі өлеңдері, айтыстары, екінші томға совет дәуіріндегі өлең-жырлары, толғаулары мен дастандары, қиссалары енді. Бұрынғы басылымдардағы түсіп қалған, қысқартылған шумақтар, өлең жолдары, қате басылған сөздер, есімдер ретке келтіріліп, бір ізге түсірілді.

Жамбылдың 150 жылдық мерейтойына орай 1996 жылы екі томдық таңдамалы жинағы шықты. Оны құрастырғандар: Несіпбек Айтов, Мылтықбай Қараев, Жұмат Тілепов, ал жалпы редакциясын басқарған – филология ғылымдарының докторы, профессор Сұлтанғали Садырбаев болатын.  М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған бұл қостомдықта архивтен табылған қолжазбалар негізінде Жамбылдың Құлмамбетпен, Досмағамбетпен, Сарыбаспен айтыстарының бір ізге түсірілген текстологиясы жасалып, әр түрлі себептермен түсіп қалған өлең шумақтары қалпына келтірілді.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Жамбылтану және халық ақындары ғылыми-зерттеу институты 2014 жылы Жамбыл Жабаевтың 4 томдық толық шығармалар жинағын шығарды. Бұл игі істе жалпы редакциясын басқарған филология ғылымдарының докторы Бекен Ыбырайым мен жауапты шығарушы Рафат Әбдіғұловтардың көп еңбектенгенін атап өткеніміз жөн.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жамбыл атындағы қазақ әдебиеті мен фольклорын зерттеу орталығы 2016 жылы Жамбылдың екі томдық жинағын шығарды. Бұдан өзге, 1971 жылы М.Етекбаевтың құрастыруымен таңдамалы бір томдығы, 1986 жылы Мәскеуде Әбдіжәміл Нұрпейісовтің алғысөзімен таңдамалы жинағы орысша басылып, жарық көрді.

Жамбыл 1945 жылы 22 маусымда жүз жасқа жеті ай қалғанда дүниеден озды. Ол «Соғыс бітті» деген қуанышты хабарды естіп кетті. Өзінің аманат өсиеті бойынша ұлы ақын  ауылындағы баққа жерленді. Келер жылға дейін бейітіне үлкен күмбез тұрғызылды, жүз жылдығы деп асы берілді. Жерлеуіне де, жүз жылдығына да Қазақстанның басшылары түгел қатысты, атақты ақын жазушылардың бәрі келді. Жүз жылдық жиында Мұхтар Әуезов баяндама жасады.

Көркем дебиетте Жамбыл бейнесі толыққанды ашылған жоқ

– 1946 жылы жүз жылдығы деп асы берілгенін айтып қалдыңыз. Ақынның одан кейінгі мерейтойлық даталары өз деңгейінде аталып өтті ме? Осы атаулы жылдар қарсаңында қандай игі шаралар іске асты?

– Әлбете. Әр жылдардағы ақын мерейтойлары кең көлемде ұйымдастырылып, жоары дәрежеде өтіп келеді. Жамбылдың 125 жылдығы Жамбыл ауылында, музей алдындағы дала сахнасында өтті. Оған Д.А.Қонаев бастаған өкімет басшылары, СССР Жазушылар одағының бірінші хатшысы С.Марков және он бес одақтас республикадан келген жазушылардың үлкен делегациясы қатысты. Ақын Әбділдә Тәжібаев баяндама жасап, өлеңін оқыды.

Ал, енді 150 жылдық мерейтойында көптеген игі шаралар өткізілді. Сүйінбай ақынның музейі ашылды, Жамбыл ауылындағы музей мен мектеп күрделі жөндеуден өтті. Алматыдағы республика сарайында  өткен салтанатта Елбасы Н.Ә.Назарбаев мазмұнды баяндама жасады. Жамбыл елінде мыңнан аса киіз үй тігіліп, бәйге өткізіліп,  той тойға ұласты.

Шыңғыс Айтматовтың бұл ұланасыр тойға риза болғаны сондай: «Мен әлемнің көптеген тойларына қатысқан жанмын. Бірақ Жамбыл тойындай нағыз халық тойы, ақын тойын көрген жоқпын. Өте әсерлі, мазмұнды керемет ұйымдастырылған мерейтой болды», –  деп жазды.

Жамбылдың 170 жылдығына орай да бірнеше игі шаралар өтті. Ұлы ақынның әлі  толық зерттелмей келе жатқан бір қыры – оның әндері мен күйлері. Қазірге дейін қырықтан астам ән-әуендері, оннан астам күйлері белгілі. Қазіргі Мәдениет және спорт министрінің орынбасары, ал ол кезде Құрманғазы оркестрінің директоры болған Нұрғиса Дәуешов екеуміз Алматыдағы Жамбыл филармониясында  «Жамбылдың ән-күйлері» атты үлкен концерт ұйымдастырдық. Оған «Құрманғазы», «Отырар сазы»  оркестрі, хор копелласы, атақты әнші-күйшілер қатысты.

Гумилев атындағы Еуразия университетінің ректоры Ерлан Сыдықов Жамбыл жайлы кітап жазып, Мәскеуден шығарды. Шымкенттегі М.Әуезов атындағы университет «Жамбыл феномені», Қостанай мемлекеттік университеті «Өсиет», ал Талдықорғандағы Жансүгіров атындағы университет «Ұлы даланың ұлық жырауы» атты жинақтарды менің ұсынысыммен дайындап, оқырмандарға ұсынды.

Кезінде ректорларға кіріп өтініш жасап жүріп, әл-Фараби атындағы ұлттық университет пен Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінде Жамбыл ғылыми-зерттеу институты мен  орталығын аштырған едім.

Жалпы Жамбылтануға қазақтың көрнекті ақын-жазушылары, оқымысты ғалымдардың барлығы дерлік атсалысып келеді. Әсіресе, докторлық диссертация қорғаған Мырзатай Жолдасбеков, Сұлтанғали Садырбаев сүбелі үлес қосты. Академик Сейіт Қасқабасов теориялық жағынан терең зерттеген ғылыми кітап жазды, ал 1910 жылы «Аударма» баспасынан Жәкеңнің шығармаларын орыс тілінде шығарды, алғысөзі мен түсініктемені жазды.

– Ал көркем әдебиетте Жамбыл  бейнесінің образдалуы, тұлғалық келбетінің ашылуы қандай деңгейде деп ойлайсыз?

– Көркем әдебиетте, прозада Жамбылдың толыққанды образы ашылып, еңбегі жазылған жоқ деуге болады. Кезінде Павел Кузнецовтің «Мұратына жеткен адам» атты публицистикалық саяси ұстанымы басым романы жарық көрген еді. Академик Уәлихан Қалижанұлы ақын ғұмырнамасы жайлы роман-эссе жазып, тарту етті. Менің «Бала Жамбыл» повесім және Досан Жанботаевтың бітпей қалған шығармасынан басқа прозалық шығармалар жоқ. Болашақта іргелі де сүбелі прозалық дүние жазылады деп сенеміз.

Жамбыл атамыздың 175 жылдық мерейтойына орай мемлекеттік дәрежеде ауқымды шаралар атқарылуда. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасымен «Қазығұрт» баспасы (директоры – Т.Көпбаев) Жамбыл Жабаевтың он томдық шығармалар жинағын (құрастырушы Н.Қапалбекұлы) шығарды.

Нұр-Сұлтан қаласында осы онтомдықтың  тұсаукесері өткізілді. Онда мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасы  Мәдениет және  спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, жамбылтанушы үлкен ғалым Мырзатай Жолдасбеков, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің  ректоры Ерлан Сыдықов, ҚР Ұлттық Ғылым  Академиясының академигі  Дархан Қыдырәлі секілді мемлекетіміздің  ірі қайраткерлері  сөз сөйлеп, жамбылтанудағы  оң өзгерістерді  атап  айтты. 

ЮНЕСКО мәдениеттерді жақындастыру орталығы мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті екі үлкен ғылыми конференция ұйымдастырды. Жыл басында «Жамбылдың ұстазы болған ер Сарыбай би» атты, кейін «Жамбыл Жабаев мұрасының қазіргі әдебиеттанудағы орны мен маңызы» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциялар өткізді. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті де шетел ғалымдарын шақырып, конференция өткізіп, арнайы жинақ дайындады.

М.Әуезов  атындағы  әдебиет және өнер институты  ұжымы Жамбылдың  академиялық  үш томдығын дайындады. Бұл – жамбылтанудағы іргелі құнды ғылыми  еңбек.    

Бір қуанарлық жайт, Алматыдағы ұлттық кітапхана ұжымы Жамбылдың бүкіл баспасөзде жарық көрген шығармаларының барлығын тізімдеп, ғылыми бір ізге түсіріп, қазақша, орысша, ағылшынша библиографиялық анықтамалығын шығарды. Алматы облысының әкімшілігі біздің ұсынысымызды бірден құп алып, биылғы мерейтойға орай «Жамбыл әлемі»  атты отыз том жинақ шығарып беріп отыр. Бұл – қазақ әдебиетіндегі үлкен құбылыс, мол олжа!

Бұл отызтомдықтың жартысы түгелге жуық Жамбыл шығармаларына арналған. Атап айтқанда, алғашқы үш томдығына ұлы ақынның өлең-жырлары топтастырылды. Одан кейін Сәбит Мұқанов алғысөзін жазып, 1946 жылы жарық көрген жинағының толық нұсқасы берілді. Негізінде мұндағы шығармалар – Жәкең көзі тірісінде өзі айтып, жаздыртып, қайта тыңдап, сүзгісінен өткен сом дүниелер. Оның бірде-бір әрпін өзгертпей, түпнұсқасын тұтас сақтай отырып, екі томға беруді жөн деп таптық.

Жамбылдың таңдамалы бір томдығы орыс тілінде берілді. Бүгінге дейін ұлы ақын шығармалары әлемнің 160 тіліне аударылса, алғаш рет халыққа бұрынғы Совет Одағында орысша шыққан шығармалары арқылы танылды. Сондай-ақ  дүниежүзінің көптеген тілдеріне аударылған Жамбыл өлеңдерінің негізгілерін іріктеп «Жамбыл – әлем тілдерінде» деген атпен бір том әзірледік.

Жамбылдың туғанына 165 жыл толуына орай Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясы мен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы ғылыми конференция өткізді. Жиын қарарында «Жамбыл – түркі әлемінің бас ақыны» деген баға берілді. Міне, сондықтан да «Жамбыл – түркі әлемінде» атты томда қырғыз, өзбек, башқұрт, якут, түрік, тағы басқа да түркі тілді ғалымдар мен жазушы, қайраткерлердің ой-пікірлері, ғылыми мақалалары топтастырылды. Ал музыкалық мұралары – нотасымен берілген ән-күйлеріне,  зерттеуші ғалымдардың ой-толғамдарына жеке бір том бөлінді.

Жамбылтанудағы бүгінгі көзқарас қандай, өткен дәуірде нендей естелік-пікірлер айтылды? Осы мәселелерді кеңінен қамтып, Жамбылтануды кезең-кезеңге бөлдік. Совет дәуірінде жазылған естелік-пікірлерді бір том, тәуелсіздік жылдарындағы зерттеулерді  бір том және дәл бүгінгі күндегі пайымдаулар мен зерттеулерді «Жамбылға жаңа көзқарас» деген атпен бір том етіп шығардық.

Көптомдықтың «Жамбыл әлемі» деп аты айтып тұрғандай, «ұлы ақын кімдерді ұстаз тұтып, бата алды, қисса-дастандарды кімдерден үйренді?» деген сұрақтарға жауап іздедік. Ол  Дауылпаз Сүйінбай, Қабан, Бақтыбай, Түбек, Майкөт, басқа да аузымен құс тістеген, есімдері алысқа кеткен ақын-жыраулардан тәлім-тәрбие алып, ақындық әлемге самғады.

Замандастары Құлмамбет, Сарбас, Тезек төре, Сара, Мәуленбай секілді айтыскерлердің жанында жүріп, олар айтқан ауыз әдебиетінің мол мұрасынан қанып ішті, үлгі-өнеге тұтты.

Міне, осындай суырыпсалма, жезтаңдай ақындар жайлы зерттеулер мен олардың шығармалары молынан берілді.

«Ұлылар туады, бірақ Жамбыл қайталанбайды»

 – Ғасыр жасаған ақыннан үлгі алып, жырларынан қанаттанғандар, ойлы оралымдарын бойға сіңіріп, алып сөз ұстағандар да аз емес қой.

– М.Әуезов еңбегінде ерекше айтып өткендей, Жамбыл төңірегінде сөз құнарын ұғатын, айтыс додаларына қатысқан шәкірттері көп-ақ.

Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Әбдіғали Сариев, Есдәулет Қандеков, Саяділ Керімбеков, Өмірзақ Қарғабаев, Мақыш Райымбекұлы және басқа да көптеген шәкірттер тәрбиелеп, қанатын қатайтып, қасына алып жүрді. Жамбыл «ақын боламын» деген домбыра ұстағандарға: «Мынандай оқиғаны келер жолы келгенде дастан ғып шығарып әкел», – деп тапсырма береді екен. Міне, олар халық ақыны атанып, көбісінің жеке кітаптары шықты. Тек өзі тұрған жерде ғана емес, жер жәннаты Жетісудағы бар ақынға бас ақын ақсақал боп, тәлімгерлік танытты. Олар Жамбыл атаның жырларын жаттап, айтысын жатқа  жырлап, өздері де айтыскер атанды. Бүкіл осы өңірде туып-өскен сонау Қалқа, Қуат, Әбікен, Көдек, Албан Асан, Бөлтірік, Таңжарықтардан бастап күні бүгінде айтыстың ақтаңгері атанған Айтақын, Есенқұл, Хасен, Оразәліге дейін ел таныған ақындардың шығармалары да көптомдық арқылы оқырманға жолданып отыр.

«Жамбылдың бүгінгі талантты ұрпақтары»  атты біртомдықта Жәкеңнің дарынды ұл-қыздарының шығармалары мен өмірбаянын бергенді жөн көрдік. Осы жерде атап айтар бір нәрсе – бұл көптомдыққа Жетісу өңірінде туып-өскен ақындар еңгізілді. Ұлы ақын жайлы жазылған туындыларды түгендеп, осы көптомдыққа топтастырдық.

Бұрын аты аталғанымен өлең-жырлары белгісіз болып келген Қарабек, Өмірзақ Қарғабаев, Мәуленбай, Төребай, Кәден, Шарғын, Молдабай, тағы басқа да ақындардың өлең-жырларын тауып, кейбірін араб қарпінен кириллицаға түсіріп, тұңғыш рет жариялап отырмыз. Бұл келешекте Жамбыл және оның ақындық дәстүрі, шәкірттері, жалпы Жамбылтану жөнінде ізденушілерге, зерттеушілерге көмек болатыны анық.

Осы «Жамбыл әлемі» атты отыз томдық жинақты шығаруда Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының өрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулетовтің көп еңбек сіңіргенін атап айтуымыз керек. Ол бұл көптомдықты шығару жайлы арнайы жоба дайындап, оның құндылығы мен қажеттілігі туралы дүркін-дүркін хат жазып, ұсынысын білдірді. Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталов, облыстың мәслихаты, депутаттары, қоғамдық кеңесі – барлығы: «Жамбылдай дара да дана ақын және оның айналасындағы ақындар туралы көптомдықты шығару өте дұрыс», –  деп шешім қабылдады.

Аз мерзімнің ішінде қатпар-қатпар сонау тарих қойнауынан, архив-құжаттардан, көне кітап-қолжазбалардан, музей-кітапханалардан қыруар деректерді іздеп тауып, екшеп, іріктеп, ғылыми-танымдық сараптамадан өткізіп барып жинаққа ұсындық. Бұл өте жауапкершілігі ауыр, аса қиын жұмыстарды атқаруда білгір, оқымысты ғалымдарымыз тиянақты жұмыстар атқарды. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы-жазушы Нұрдәулет Ақыш пен әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры, жамбылтанушы Анарбай Бұлдыбаевтардың қажырлы еңбектерін атап айтқан жөн. Сондай-ақ Жамбыл мұрасы мен шәкірттері жайлы ақын Нұрлан Әбдібеков зерттеу еңбектерін арнайы ұсынды. 

Ал жиналған бай мұраларды іріктеп, сұрыптап, әрлеп, әсем безендіріп, баспаға әзірлеп, кітап етіп шығаруда «Әдебиет» баспасының директоры  Ғалым Қалибекұлы ыждағаттылық пен тындырымдылық танытты.

Жамбылдың туғанына 175 жыл толуына орай арнайы шығарып отырған бұл көптомдықты әзірлеп, дайындауда, алдын ала творчестволық жоспар жасап, соған сәйкес жұмыс жүргізуде Алматы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Мәрлен Көпбаев басқарған мекеме ұжымы күнбе-күн қолғабысын көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырды.

Көптеген құнды жәдігер, кітаптарды тауып беріп отырған Ұлттық кітапхананың (директоры Бақытжамал Оспанова), Жамбыл музейінің  (директоры  – Салтанат Жамбылова), М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының  (директоры Кенжехан Матыжанов) ұжымдарына шынайы көмектері үшін алғысымызды айтамыз. Бұл жинақтарды дайындау барысында бізге Жамбыл ұрпақтары, жамбылтанушылар,  ақын-жазушылар, ғалымдар дер кезінде өз пікір-ойларын білдіріп, қажет еткен материалдарды тауып беріп отырғанына ризашылығымызды білдіреміз.

Уақыт керуені ешуақытта, ешқашан тоқтамай алға жылжи береді. Әр ұлт, әр мемлекеттің атын шығаратын биік өрелі азаматтары, тау тұлғалары болады. Міне, Жамбыл бабамыз дәуір толқынынан көктей өтіп, ғасырлардан ғасырларға жалғасып, ғажап жырлары арқылы әлемге қазақ атын таныта береді.

Бүгіндері сексеннің төріне шыққан, классик жазушы, ғұлама оқымысты Мұхтар Мағауин былай дейді: «Ұлылар туады, бірақ Жамбыл қайталанбайды. Жамбыл қазақты бүкіл әлемге танытып кетті. Қалыптасқан ұғымға, нанбас ұғымға қарап, заманындағы шындықты бұрмаламау керек. Қазақты, қазақтың әдебиетін, қазақтың рухын бүкіл дүниежүзіне ең алдымен танытқан Жамбыл болды. Әуезов емес, Абай емес. Біздің ұлы фольклорлық мұраларымыз емес. Жамбыл! Арыстар атылған, халық қырылған, елдің еңсесі түсіп, аруағы төмендеген ең бір қиын кезеңде Жамбылдың ұлт ұранындай көтеріліп, соншама атақ-даңққа жетуі үміт сәулесі, болашақ жақсы күндер жоралғысы сияқты көрінді. Азаматқа күш берді, кейінгі ұрпаққа тыныс қосты. Міне, сол Жәкең – Алаштың ұлы перзенті, қазақтың даңқын шығарған ғажайып тұлға екендігіне ешқандай күмән тумауға тиіс».

Мұндай ұлағатты пікірлер көп, Жамбыл жайлы ой-толғаныстар ұшан-теңіз. Жамбыл – қазақ атты ғажап халықпен бірге мәңгі жасай беретін әлемдік тұлға. Ал  мына көптомдық – әдебиетсүйер ұлттың жүрегінде сақталар асыл қазына.

Жамбыл мұрасын насихаттауда биылғы мерекелі жылы әл-Фараби  атындағы  Қазақ ұлттық  университеті  үлкен жұмыстар  атқарды.

Жақында тағылымы мол Жамбыл  апталығын  ұйымдастырды. Жамбыл жайлы  филология  ғылымының  докторы Жанғара Дәдебаевтың  құрастыруымен  төрт  том кітап жарық көрді, интернет сайтта  ұлы  ақын  жайлы көрме дайындады.

Университет ректоры Жансейіт Түймебаевтың  бастамасымен жақында  «Жамбыл  апталығы» өте  әсерлі, әдемі, сапалы  әрі  өте жоғары  дәрежеде ұйымдастырылды.

Белгілі аудармашы, жазушы Мәлік Отарбаев  Жамбылдың  «Көрұғлы» дастанын  түрік тіліне  аударып, Түркияда  тұсаукесерін өткізіп қайтты.

Түркі академиясы  Қырғызстанда  дөңгелек үстел және қазақ-қырғыз айтысын ұйымдастырды.

Абай атындағы  Қазақ ұлттық педагогикалық  университетінің  профессоры Темірхан Тебегеновтің  құрастыруымен «Жамбылдың  мәңгілік  жарқын жолы» атты жинағы жарық көрді.

Алматы, Жамбыл облыстары мерейтой жылын  мазмұнды  өткізіп, бірнеше  экспедициялар  ұйымдастырды. 

Жамбыл мерейтойын өткізу  жөніндегі  мемлекеттік комиссия  (төрағасы – мемлекеттік хатшы Қырымбек  Көшербаев) арнайы  іс-жоспарларға  сәйкес танымдық-тағылымы мол  көптеген  игі шаралардың тиянақты  өткізілуіне  айырықша  мән беріп отырды. Жамбыл жайлы көркемсуретті  фильм түсірілуде. Келер жылы туған күніне орай Алматыдағы   Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен Талдықорғандағы  Б.Римова атындағы  қазақ драма театрлары  Жамбыл туралы спектакльдерді сахнаға шығармақшы.

Әлі де атқарылар  істер көп-ақ. Жамбыл, Сүйінбай  сынды  ұлы  ақындар  мен  олардың  шәкірттері  жайлы  ғылыми-зерттеу  жұмыстары  тым аз. Ғалымдарға, докторант, магистранттарға  осы  тақырыпты беріп, терең  теориялық зерттеулер  жүргізу  керек-ақ. Мемлекетімізде, басқа  республикаларда, әсіресе  Қырғызстандағы  архив, музей, кітапхана, қолжазба қорлары арнайы  зерттеп қарап шықса, құнды дүниелер  табылар  еді.

Жамбыл жыры  – ұрпақтан ұрпаққа  үлгі-өнеге, ғибрат болар  асыл қазынамыз.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

 Сұхбаттасқан Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір