«Ақын – қорған, тілі – алмас»
03.12.2021
802
0

 Осындай тақырыпта М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің қазақ филологиясы бөлімінің студенттерінің қатысуымен әдеби кездесу кеші өтті.

Ақын, айтыскер, қоғам қайраткері, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Ергенұлы Халиолла кештің құрметі қонағы боп кеп, өлең туралы, өнер туралы ақын мен студент жастар арасы емен-жарқын сұхбатқа ұласты. Шара барысында ақынның «Еске түссе ертегі», «Әпенділік әрекет», «Бірбеткей», «Кей кезде…» өлеңдері оқылды.  Ақынның  әні мен сөзіне жазылған «Шерлі шағала» әнін ақынның жас шәкірттерінің бірі Әділ Ахметовтің орындауында көрермен қауым ыстық ықыласпен қабылдады.

Студент жастар көкейдегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын да алды. Кеш барысында студенттер ақынның өлең жинақтарындағы туындыларға талдау жасаса, тақырыптық-идеялық, мазмұндық өрісін ашып, көркемдік-поэтикалық кеңістігіне талдау жасады.

Бауыржан Халиолла поэзиясының тақырыптық ауқымы кең екендігін оның «Жұмбақ қыздың жанары» («Жазушы» баспасы, 2001 жыл), «Нәзік бұлт көшіп барады» (Орал қаласы, 2005 жыл), «Жұлдыз жауған жарық түн» (2012 жыл, Орал) атты жыр жинақтарындағы «Күнді аңсау», «Мархаббат», «Әпенділік әрекет», «Шоқ-шоқ», «Алматы – ақындар қаласы», «Тірі ескерткіш», «Мінез», «Тотықұс», «Қайғыра аңсау», «Қыран тағдырға қызығу», «Мұңлы наз», «Қияли әңгіме», «Еске түссе ертегі» өлеңдерін талдау арқылы ашуға тырысты.

4-курс студенті Ізімов Ернұр ақын өлеңдеріне тоқталып, «Ақыл», «Көңіл жықпас күйге еніп…» өлеңдерінде қоғамның тыныс-тіршілігі ақындық меннің толғанысымен берілгенін, ақынды азаматтық лирикада көбірек үн қатқан ақындарымыздың бірі екендігін атап өтті. Қоғам тынысымен үндесіп жататын жырларына оқырман қауым, бүгінгі жас буын да куә.

Туған жер лирикасына арналған:

«Халқым менің, Қособам, қайран ауылым,

Сен деп талай қолыма байрақ алдым.

Атым озса қуанып менен бетер,

Қалып қойсам күйініп қайғы орандың» деп келетін өлеңнің тақырыбы туған жерге деген махаббат, сүйіспеншілік болса, негізгі идеясы туған жердің игілігі үшін еңбек етуге шақыру екендігін айтып өтті. «Жамандығың тозаңның тозаңындай»  дегеніндегі теңеу мен «алтын құрсақ», «сайын далаң» жолдарындағы эпитеттік қолданыстарға ерекше  тоқталып өтті.

«Мінез» өлеңіндегі:

Ұшқым келіп ұшайын деп бұлқынғам,

Құс екенмін қос қанаты қырқылған.

Немкеттілеу жанашырдан не пайда,

Күліп жүріп күл шашатын сыртымнан» өлең жолдарында адамның шарасыз халі, өткенді аңсау тақырыбын ашып, лирик ақын оқырман қауымға  ішкі әлеміндегі өзгерістерді бүкпесіз баяндау арқылы шарасыздықтың адам бойындағы жағымсыз сезім екендігін айтады. Уайым-қайғысыз, балаң күндерін тілге тиек етіп, сол кездердің нағыз бақытқа толы шақ екендігін ашып көрсетеді.

Шумақ түрлеріне келер болса, ақын өлеңдері классикалық үлгіде, яғни, төрт тармақты шумақтан, кей өлеңдерінде бес тармақты шумақтан келетін өлеңдері де бар екендігін байқаған. Оған мысал, Есенқұл Жақыпбековке арнаған «Тірі ескерткіш» өлеңін келтіреді:

Торқа киіп, той кешіне бармаған,

Аш өзегін өлеңменен жалғаған.

Ар, ибасын ақындыққа арнаған,

Көре қалсам көзі тірі ұлы ақын,

Қалай өлмей жүргеніне таң қалам.

Ал «Тотықұс» өлеңіне тоқталған студентіміз Хамидуллина Айкөркем:

«Әкел бері, жем салайын қос уыс,

Ішің кебер, қара суды қосып іш.

Өзіңде не жаңалық бар деймісің,

Айтарлықтай бастамадым тосын іс.

Жалғаншыға жіпсіз ғана байланып,

Сол баяғы мағынасыз отырыс.

Адам құсап алшаң-алшаң жер басып,

Өмір сүре алмайтыным – өкініш» өлең жолдарын келтіре кетті. Өмір шындығы туралы толғаныс тақырыбындағы өлеңнің айтар ойы өзі қалағандай аяғын алшаң басып еркін өмір сүруді аңсайтынын, өзі қалағандай өмір сүрмесе, бұл күйбең тіршіліктен не пайда дегенге келтіреді.

         Ал «Қыран тағдырға қызығу» өлеңінде кездесетін отыз түйір ақыл, ардақтайтын темір тағып, маймыл құсап мәз боламын, албырт сезім, кезбе күн деген көркемдік поэтикалық құралдар мен кей тұсында риторикалық сұраудың да ұтымды  қолданылғанын айтса, «Базарымнан мағына мен мән тайса, Ажарымнан сұлулық пен сән тайса» деген тармақтарында қайталаудың да  орынды қолданылғанына ақын өлеңдеріне талдау жасау арқылы көз жеткізгендей.

Өлең өрнегіндегі қуатты сөздерімен, көркемдік көкжиегімен ерекшеленген ақынның өзінен бұрын өлеңімен, шығармашылығымен, айтыстағы ақын айтқан кесек жырларымен танысқан студенттердің талдауы көңіл қуантарлықтай. Сөз өнерінің ұлылығын ұғынған, өлең сөзбен өмір құбылысын сөйлеткен поэзия өнерінің иелеріне қашанда бас иетінін тағы бір дәлелдеді.

Ақынның қаламынан туған көп өлеңдері сыршылдық, ойшылдығымен, шыншылдық, оттылығымен ерекшеленетінін, шығармаларының тақырыптық кеңістігін кең ауқымда ашуды мақсат еткен жастар өздерінше қорытып, өлеңдерін оқи отырып, көңілге тоқуға тырысты.

Ақын өз сөзінде ерте есейткен балалық шағынан бүгінгі күнге дейінгі өлең өнерінің биігін бағындырған жетістіктерінің сыры талант пен табандылықтың, адал еңбек пен жауапкершіліктің қатар жүргенде ғана биік белестерге шығатынын қарапайым ғана тілмен жеткізіп, студент жастарға өнеге боларлықтай кеш сыйлады.

Кеш барысында сөз алған Бауыржан Ергенұлы студенттер қойған сауалдар аясында өлеңнің қалай туатыны, ақындық көңіл-күй туралы тоқталып өтсе, айтыс өнері туралы да өз пікірін білдірді. Жергілікті жас айтыскерлер шеберлігін шыңдауда қандай деңгейде болмасын, айтыстардың жиі өтіп тұру қажеттігін айтты. Айтыскерге ақыл-кеңес айтудың маңызды емес екендігі, айтыстыруға жағдай жасау, орта қалыптастыру шыңдалу үшін қажет екенін жеткізді. «Айтыс өнері соңғы кездері шоу болып барады» деген пікірлер айтылып қалатынын, сол «шоу» сөзінен шошымау қажеттігін де тілге тиек етті. «Айтыс – синкретті жанр.  Дала театрының озық үлгісі, тыңдаушы халық айтыстан не күтеді, айтыскер соған жауап беруге талпынады.  Айтыс – өлмейтін өнер.  Дүниеде соңғы қазақ қалғанша, айтыстың да өлмейтіні анық» деген пікірін білдірді.

Айтыс өнерінің биігін бағындырып жүрген ақындар Жансая Мусина мен Талғат Мықи  да кеш қонақтары қатарынан төбе көрсетіп, қонақ кәделерін өлеңмен тарту етті. Тағылымы мол кездесу кемел ой мен мақсатты келешекке ұмтылған, өлең сүйген, өнерді қадірлейтін  жастар үшін жарқын сәттердің бірі болғаны айқын.

Кеш қонағына өлеңнің қорғаны, өнердің қорғаны, айтыс өнерінің жанашыры боп, қорғасын жырлары әдебиетіміздің поэзия қоржынын толтырып, елдің ақыны боп жүре беруіне деген ақ тілекпен әдемі кеш түйінделді.

Рита Сұлтанғалиева,
М. Өтемісов атындағы БҚУ
қауымдастырылған профессоры

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір