Алмас СЫРҒАБАЕВ, суретші: …АНАМДЫ ҚУАНТҚАНЫМ ӘЛІ ЕСІМДЕ

Танымал суретші, кескіндемеші, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының, Қазақстан Республикасы Дизайнерлер одағының мүшесі Алмас Сырғабаев сұхбат барысында сурет өнеріндегі мәселелер мен жетістіктер туралы айта отырып, графиканың баспа саласына қатысы жөнінде кеңінен ой қорытады.
– Қазақ өнерінде әдебиет пен музыкаға қарағанда, кәсіби бейнелеу өнерінің қалыптасу және даму жолы өте күрделі болды. Бейнелеу өнерінің бастауында этнограф-ғалым Шоқан Уәлиханов тұрғанын білеміз. Қазақ бейнелеу өнеріне жалпы көзқарасыңызды білгіміз келеді…
− Сұрағыңыз өте орынды. Жалпы, өнер сан қырлы алмасқа ұқсайды ғой. Жан-жақты әрі тылсым әлем. Әр өнердің өз қызығымен қатар қиындығы да бірге жүреді. Бейнелеу өнері, сурет әлемі басқа өнердің салаларына қарағанда, өзіндік даралығымен, қолтаңбасымен ерекшеленеді. Дегенмен біздің елде суретшілердің құқығын қорғайтын ешқандай заң жоқ екені қынжылтады. Былай қарағанда, суретшілерге арналған арнайы заңның болмауы олардың өз кәсібін өзі ғана дамытып жатқанын көрсетеді, тіпті суретшілер осы уақытқа дейін қалай өмір сүрді, қалай күнкөріс қамын реттеді деген қисынды сауал туындайды. Қазір заман жақсы, уақыттың қысымы жоқ болғанымен, жалпы суретшілердің арманы осы деп ойлаймын. Қазір креативті көзқарастар қалыптасты, жасанды интеллект дәуірі дүркіреп тұрған кезеңде суретшілер туралы мәселелер көтеріліп жатқаны қуантады. Осы жаңалық бәріміз үшін сүйінші жаңалық болды. Сонымен қатар осы мамандықты зерттеу, осы салаға ғылыми көзқарастар айқындалып жатыр. Демек, бейнелеу өнері, сурет әлемі қажет мамандық. Мәселен, жоғарғы оқу орындарын тамамдаған жас маман жұмыс таппай, қалың ойға батуы мүмкін, тіпті мектеп бағдарламасында бұрын Бейнелеу өнері сабағы болатын, қазір Көркем еңбек сабағына айналып, соның ішіндегі бір тармағы секілді болып тұр. Сол сияқты, суретшілер, мүсіншілер, қолөнершілерге қатысты талқылаулар болып, үкіметте үлкен мәселелер көтеріліп жатыр. Сурет өнерінің күн тәртібіне қойылуы − Қазақстан Суретшілер одағы, Қазақстандық көркем академиядағы ақсақал суретшілер осы тақырыпты қозғап, хат жазғанының нәтижесі. Жақын арада суретшілердің қоғамдағы орны, еліміздегі мәртебесі туралы жақсы жаңалықтарды еститін боламыз.
– Суретшілердің жеке көрмесі жайлы сөз қозғасақ. Қаламынан өнер тамған суретшілер өз бағасын уақтылы алып жатыр ма?
− Бұрын суретшілердің көрмелері белгілі бір тақырыпта ұйымдастырылып, сол үздік туындыларды мемлекет тарапынан сатып алып, суретшілерге қолдау көрсету жолдары қарастырылатын. Қазір бұл жағы да кенжелеп тұр. Бүгінде еліміздің әр облысында жекелеген мамандар симпозиум, көрмелер ұйымдастырып, шағын мұражайлар суретшілердің туындыларын орташа бағаға сатып алып қалып, қорын толықтырып жүр. Бұрынғы кезеңде нағыз тума таланттардың еңбегі шын бағасын алған. Өз тарихымызды айтар болсақ, Қанапия Телжановтың «Көкпар», «Атамекен» туындылары, Молдахмет Кенбаевтың «Асауға тұсауы», Сақи Рамановтың Құрманғазыға байланысты «Ақсақ құлан» еңбегі – өте керемет рухани туындылар. Осы туындыларды соцреалистік бағытта салынды деп айта алмаймыз. Әр суретші өз заманының шындығын арқау еткен. Байқадыңыз ба, әр мамандық иесіне өзі өмір сүріп отырған қоғамы кері байланыс беріп, қолдау көрсетсе, бұрынғыдан да керемет дүниелер жасар едік. Өнердің әр саласында өз бағасын алмаған, шығармашылығы дұрыс насихатталмаған қаншама тұлғалар бар. Олар көпшілік жүретін ортада жарқырып көрінгісі де келмейтін болар. Жақында ғана бір аянышты оқиға естідім. Әлемге әйгілі суретші, талай шәкіртті тәрбиелеген ұстаз нағыз атақ алатын жасында алмай, әбден көңілі қалып, қарттық келген шақта атаққа ұсынғанда алмай, қолын бір сілтепті. «Енді маған не үшін керек? Анам да өмірден озды. Анамды да қуантпадым», – деген екен. Осы оқиғаға қатты жүрегім ауырды. Қандай ғажап суретші! Осындай жаныма әсер ететін жайттар бар.
– Суретшінің жеке шеберханасы болуы шығармашылығына қаншалықты әсер етеді?
− Шеберхана кез келген шығармашылық адамына маңызды. Ол – суретшінің жеке кеңістігі, жеке шекарасы. Бір талантты ағамның шеберханасы жоқ. Францияда «Мо и арт» академиясы марапаттап, сол жақтан
медаль, сертификат, дипломдарын жіберіп, шақыру қағазын арнайы жіберіп қолдаған нағыз суретші. Осындай дарын иесінің шеберханасы жоқ. Бір үйдің жертөлесін жалдап, сол жерде сурет салады екен. Ағамды іздеп бір барғанымда бүкіл кенептегі туындыларын далаға шығарып кептіріп қойыпты. Не болғанын сұрағанымда, үйдің құбыры жарылып, үйді су басқанын, амал жоқ, осылай жасағанын айтты. Сондай ұлы шығармалар жертөледе судың астында қалыпты. Осыған қалай жаның ауырмайды? Ал бұрын қалай болған еді? Тарихқа үңілер болсақ, әр суретшіге шеберхана берді, үй берді. Сол орынның жарығы, жағдайы болуын қадағалаған, терезесі үлкен шеберханалар салынды. Талантты суретшілермен жеке-жеке шығармашылық байланыс орнатқан. Ол мемлекеттің бүтін бір идеологиясын қалыптастырды. Сол жағдайдан соң ол таланттар қандай ғажап туындыларды өмірге әкелді деп ойлайсыз?! Ал қазір суретшілердің көпшілігінің жағдайы жоқ. Шеберханалары жоқ суретшілер үйдің бұрышын паналайды, сол бұрышта сурет салады. Ол бояулардың иісі үйдегі балаларына әсер етеді. Суретшілердің басым көпшілігінде осындай қиын жағдайлар бар, бұл дүние айтылуы керек деп ойлаймын.
− Графика мен кескіндеме бейнелеудің екі түрлі жанры екенін білеміз. Қазіргі таңда графиканың салмағы қандай? Оның кітап ісі, баспа саласындағы орны туралы білгім келеді…
− Қазір жоғары оқу орындарында мамандық таңдағанда графикаға көпшілік барғысы келмейді. Себебі графика сатылмайды. Бізде графиканың насихаты аздау болғандықтан оны түсінетіндер де аз. Сондықтан баспалар ғана тапсырыс беруі мүмкін. Бірақ бұл үрдіс те азайып барады. Кітап ісінде, жаңа кітап әзірлеуде ғаламтордың қарыштап тұрған шағында компьютердің тілін тапқан, бірақ кітаптан мүлде хабары жоқ мамандар дайын суреттерді кітапқа қоя салатын болды. Графикаға арнайы уақыт бөліп, оған суретші тауып, тапсырыс беріп жүру кімге ұнайды? Алайда баспа ісінде осы олқылықты толтырсақ, ісіміз алға озады. Сапалы кітаптың, ішкі мазмұнына сыртқы мазмұнның сәйкес келуі секілді дүниелер олжа болар еді. Графикаға да көңіл бөліп, автордың өзімен кеңесіп отырып, ерекше кітаптар жасау керек деп ойлаймын. Қазіргі жастар қызығатын комикс жанрының да бізде дамымай тұрғанының бір себебі – графиктерді қолдамайтынымыз. Мәселен, АҚШ, Жапония секілді елдердің алға кеткені осы комикс жанрына көңіл бөлуінде. Кез келген уақиғаны кейіпкерлердің портретін ашуы, кейіпкерлердің аузына сөз салуы, сол комикс арқылы кино жасау, комикстің киноға ұласуы, мультфильмге айналуы бұның бәрі бейнелеу өнерінің заманға сай даму эволюциясы, шарықтау шегі деп білемін. Біз де осы жанрларға назар аударып, бір рет бастап жіберсек, осы өнердің тасы өрге домалайтынына сенімдімін.

– Сіз қалаламмен тарихи тұлғаларды, олардың болмысын анық көрсетесіз. Осы идеяны қолға алуыңызға не себеп болды?
− Тарихи туындыларға бет бұруым, өзіңіз жақсы білетін Алматы облысы, Райымбек ауданы – шежіре мен тарихқа бай өлке ғой. Туған жер, өскен елімде қаншама батыр, ақын, рухты тұлғалардың кіндік қаны тамған, тасына өнер тұнған киелі аймақ. Бала кезден Мұқағали оқуларына, түрлі мүшәйраларға қатысып өстік. Ақындар Мұқағали Мақатаевқа өлең арнаған, сазгер ән жазған, суретшілер сурет салған. Біздің есейіп келе жатқан шағымызда «Сенің көзің» әні гитарамен барлық кештерде орындалатын. Осындай сәттер адамға шабыт сыйлайды. Біз енді ғана қалыптасып, өнерге қызығып жүрген шақта ұстаздарымыздың жігерлендіруі, болашағымызға сенгені бәрі-бәрі әсер етті.
– Ақиық ақын Мұқағали Сүлейменұлының сіздің қиялыңыздан туған алғашқы портреті көпшілікке таныс. Тіпті сол портретті көптеген зерттеу еңбектерінде, көрмелерде, іс-шараларда қолданады. Ақынның шығармашылығына терең бойлауыңызға не әсер етті?
− Бала кезден Мұқағали Мақатаевтың барлық өлеңін дерлік жаттап өстік. Ақынның қай өлеңін жаттасақ, сол өлең мазмұнына лайықтап сурет салатын үрдіс болды. Әкем Мұқағали Мақатаевтың «Қайран жеңгем» өлеңіне сурет салдырды.
«Су сұрасам, сүт берген, айран берген,
Қартайып қалыпсың-ау,
қайран жеңгем!
Қарғаның валетіндей едірейіп,
Қасыңа мына біреу қайдан келген?
Апырай, суық еді сұрқы неден?!
Адамға қарайды ғой сыртыменен.
Жол көрсеткіш сақшының таяғындай,
Қимылыңды бағып тұр мұртыменен», – деген қос шумағының өзі оқырманды селт еткізеді. Сол сөздің суретке айналу сәті де, өлеңдегі көрініс те сондай әсерлі. Бар-жоғы бесінші сыныпта оқып жүргенімде өлеңнен кейбір түсінбеген тұстарымды әкем әр тармағын айтып түсіндіретін. Соғыс кезеңі, шай құйып отырған сұлу келіншек бейнесі, әдемі болса да көзінде мұңы бар, жанында отырған жағымсыз кейіпкер бейнесі, тарих пен адамдардың ішкі күйі… Осының бәрін қағазға түсіргенде мен алғаш рет иллюстрация деген жанрмен терең таныстым. «Осылай да жазуға болады екен ғой, суретшінің өз ойы, өз қөзқарасы болады екен ғой» деген ой сол кезде пайда болды. Сол туындымды ерекше ықыласпен, махаббатпен жаздым. Осы естелік үшін әкеме әлі күнге іштей алғыс айтамын. Осы жайт есімнен кетпейді. «Қайран жеңгем» атты иллюстрациям бала кезімде бірінші орынды иеленді. Ол кезде қағаз ақша енді ғана шығып жатқан. Еңбегім үшін ақшалай сыйлық та берген болатын. Сол жылдары Құрманғазының, Сүйінбайдың бейнелері бар ақшалар пайда болған. Риясыз бала қуанышы үлкендерге де әсер еткен секілді. Жүлдемді анама әкеп беріп, анамды қуантқаным жадымда.

– Сіз – еліміздегі заманауи өнер, оның ішінде дизайн саласының (digital art) белсенді өкілісіз. Бұған дейінгі кезеңде еңбек жолыңыз балалар басылымынан бастау алған болатын…
− Дәл солай, мен ізденіс жолымды балалар басылымынан бастадым. Балалар басылымында жұмыс істеп жүргенде компьютерді үйренуіміз қажет болды. Ол кезде бұл қажеттілік болып көрінетін. Қазір жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Ақат Жақсыбаев ағамыз «Жасөркен» атты ашық акционерлік қоғам құрып төрт басылымның басын қосты. Ол басылымның құрамында «Ұлан» газеті, «Ақжелкен», «Балдырған» журналдары, «Дружные ребята» газеті бар. Бірақ бұл басылымдар ол кезде ақ-қара болып шығатын. Сол өзгерістерден кейін түрлі-түсті форматқа ауысты. Компьютер енді ғана нарыққа еніп, қолданысқа беріле бастаған. Дегенмен көркемдеуші редакторлар міндетті түрде компьютерді білуі тиіс деген талап болды. Баспаның шарттары, ондағы машиналар да жаңарып, ол машиналардағы функциялар, түстерді реттеп отыру – бәрі компьютермен тікелей байланысты болды. Сондықтан осы басылымдағы суретшілердің бәрін «Дәуір» баспаханасында оқытты. Арнайы кәсіби маманды шақырып, сол маман бізге үйретіп, безендіруші суретшілердің талабына сай үш айдай курстан өттік. Айтқым келгені, сол курстың пайдасы бүгінге дейін тиіп, қазір осы өнермен дизайн, иллюстрация, кітап безендіру, түрлі постерлер жасап, еңбегімнің жемісін көріп жүрмін.
– Әдебиетте, жалпы өнердің әр саласында композиция термині жиі қолданылады. Бейнелеу өнеріндегі композиция туралы сөз қозғасақ…
− «Композиция» термині бүкіл өнер түрлерінде қолданылады деп ойлаймын. Бишілер белгілі бір оқиғаны суреттеу барысында би қимылдарының жаңа түрлерін ойлап табады. Сол секілді суретшілер де тарихи оқиғаны бейнелеместен бұрын ізденеді, қиялында құрастырады. Сол заманның киім үлгісі, сол кезеңдегі ғимараттардың архитектурасы… Осы ойлардың басы тоғысқанда композицияға айналады. Бұл – музыканттардың туындыларында да көрініс табатын құбылыс.
– Бейнелеу өнерінде композициялар бөлімге бөліне ме? Мәселен, «Қорқыт ата» атты диптих өмірге келгенде қандай ойды сурет арқылы айтқыңыз келді?
− Жалпы, кейде бір тақырыптарды айқынырақ ашу үшін суретшілер тәсілдерді қолданады. Кино өнерінде де деректі фильм немесе көркем фильм болып жіктеледі ғой. Сондықтан мен осы диптихті жазу барысында Қорқыт бейнесін басқа жағынан бейнелегім келді. Қорқыттың ажалы туралы қазақ танымында түсініктер бар. «Қорқыттың ажалы», «Қайда барсаң, Қорқыттың көрі» дегендей тіркестермен көрініс табатын Қорқыт ата бейнесін өз қаламымның қиялымен бейнелеуге тырысып көрдім. Сол аңыздарда ең соңында бәрібір ажал келеді, қайда қашса да ақырғы сәтте жылан шағып өлтіретіні туралы айтылады. Менің диптихімде сол оқиғаны ашық, анық көрсетіп, иллюстрация тілімен баяндадым. Бірінші туындыда теңіздің үстінде қолы кісенделген Қорқыт қобыз шалып отырады. Ал екіншісінде қобыздың ішінде жылан оралып жатыр, бірақ қобыз үні толқынмен астасып, аққулар ұшып барады. Ағашқа ақ шүберектер байланған. Қанша қиянат жасалса да өнер туындылары аққудай қалықтап көгімізде, өнер көгінде қала бермек деген ойды айтып тұр. Диптих арқылы Қорқыт композициясының шарықтау шегін, шығарманың шешімін табуға тырыстым деп ойлаймын. Поэзиядағы баллада жанрына ұқсайды бұл тәсіл. Уақиғаны детальдармен көрсетіп, сол кездегі шындықты тұтастай бейнелеу мақсат болды.

– Алыс-жақын шет елдермен шығармашылық байланыс орнатудың маңызы жайлы көзқарасыңыз қандай?
− Суретші табиғат құбылыстарын көшіріп салуынан бөлек, өзінің әсерін, көңіл күйін кенепке беруі тіпті басқа дүние. Біздің суретшілердің басты ерекшелігі – бала жастан батырлар жырын, ғашықтар жырын, халық ауыз әдебиетін, ел ішіндегі құнды деректер мен естімеген оқиғаларды тыңдап, бойға сіңіріп өскенінде. Менің ойымша, сол дүиелер бәрібір шығармашылық адамына әсер етеді. Ескі қазақ фильмдерін көргендегі эмоциялар, ұлттық кодқа тікелей төте жол салады. Анамыздың бесік жырынан, әжеміздің ақылынан, атамыздың тыйымынан, әкеміздің үлгісінен бастау алатын шығармашылық тылсымы шынайы талантқа, еңбекқорлыққа жетелейтіні сөзсіз. Қаншама тарихи оқиғаларды бастан кешкен халқымыздың ерлігі, тарихтағы оқиғалар, қиын кезеңдер, жеңіс пен жеңілістердің бәрі бізді қайрайды деп ойлаймын. Жыр тыңдап, ауыз әдебиетімен сусындап, ауылда өскен суретшілердің бойы тұнған байлық, қазына. Осындай суретшілердің туындыларын шетелге апарып көрсететін болсақ, ол жақтың көрермені орындарынан тұрып қол соғып көретін көрмелер ұйымдастыруға болады. Суреттің тілі жоқ деп айтқанымыздай, кейбір бейнелерді, композицияларды тілсіз ұғу қиын емес. Енді алдағы жылы суретшілер Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «БИОНАЛЛИ»-ге қатысқалы жатыр. Еліміз үшін үлкен жетістік, суретшілерге зор мәртебе деп білемін. Бұл – ежелгі Грекияда қалыптасқан, Венецияда өтетін суретшілер мерекесі. Бір ай бойы тойланатын суретшілердің мерекесі. Спорттағы Олимпиада секілді жоғары деңгейге ие. Осы байқауға іріктеуден өткен суретшілеріміз 2026 жылы еліміздің атынан барып, шоу көрсетеді, өнер сынасады.
– Құнды сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Әлия ІҢКӘРБЕК
ПІКІРЛЕР1