Қорғансыз «қорған», өртенген орман
19.06.2023
2470
0

«Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?» демеуші ме еді хакім Абай екінші қара сөзінде. Сол Абайдың жерінде он бес адамның өмірін жалмаған өрт апатының жауапкерші­лігін кімге артамыз, құнын кімнен сұраймыз? Айдың-күннің аманында солған ғұмырдың обалы кімге? Пәленбай жыл «Азияның барысымыз, дамыған пәленбайыншы елдің түгеніншісіміз» деген мақтан, даурықпа сөзіміз қайда? Неге біз ештеңеге дайын емеспіз?.. Осындайда Коба Абэнің «Құм құрсауындағы әйел» романындағы бүй деп айтылатын сағым-қамал туралы аңыз есіңе оралады.

 Баяғыда бір биік қамал, оны күзететін сарбаз болыпты. Бес қаруы сай ол сарбаз жаудың шабуылына қашанда дайын екен. Күндердің күнінде сол күткен жаудың да қарасы көрінеді. Обалы не керек, сарбаз сол сәтте-ақ белгі беретін кернейін аңыратады. Бірақ арттағы негізгі күштен еш көмек келмейді. Жалғыз сарбаздың қаптаған қалың жаудан оп-оңай жеңілетіні белгілі. Десе де ол найзасын серте ұстап, жауға қарсы шабады. Бір уақытта әлгі сарбаз жан-жақтан андағайлап шапқан қалың жаудың сонша биік соғылған қамалдан еш кедергісіз өтіп жатқанын көреді. Сөйтсе қамал – қамал емес, бос ауа екен. Сарбаз байғұс өмір бойы жапан даладағы қураған ағаш тәрізді жападан-жалғыз құр елесті ғана күзетіпті…
Ел ішін дерт жайлап, індет билеген кезде маска мен аспиринге зар болған, өрісін жылда өрт пен су жалмайтын, әйтеуір не сынақ келсе де зардап шегетін қара халықтың қандай қоғамда өмір сүріп жатқанын ойлауға қақысы бар шығар?.. «Қазақ та адам баласы!».
Абай облысындағы алапат өрттің салдары қандай болмақ? Газетіміздің кезекті санында осы апатты жағдайға байланысты ғалымдар мен жас қаламгерлердің пікірін сұраған едік. 

 

ОРМАН АЛҚАПТАРЫН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҮЗДЕГЕН ЖЫЛДАРҒА СОЗЫЛАДЫ

– Өрттен пайда болатын түрлі химиялық элементтердің қоршаған ортаға, адам денсаулығына зиянын қалай мөлшерлеуге болады?
– Орман өрттері кең таралған ең қауіпті табиғи апатқа жатады. Жыл сайын бақыланбайтын өрттен көптеген адам мен жануарлар өледі. Олар экология мен адамдардың денсаулығына әсер етеді. Өкінішке қарай, мұндай апатты болғызған да адамның өзі. Өрттің нәтижесінде;
Өрттің әсерінен көптеген жануарлар мен өсімдіктер өледі, нәтижесінде фауна мен флораның түрлік әртүрлілігі өзгереді.
Өрттің нәтижесінде көмірқышқыл газы, күйе, азот тотықтарының және басқа да жану өнімдері бөлініп, ауаны ластайды.
Орман алқабының жойылуына байланысты желдің топыраққа әсері күшейіп, оның эрозиясына және шөлейттену жерлері пайда болады.
Өрттен кейін ағаштар мен өсімдіктердің көптеген түрлері жойылып кету қаупі бар, сонымен қатар топырақтың су режимі өзгереді.
Орман алқаптары өртенгенде зиянды газдар қоршаған ортаға көміртек монооксиді (СО), аэрозол, аммиак бөлінеді. Түтіннің таралуы мен атмосферада болу ұзақтығы және концентрациясы (хлорлы сутек, аммиак, күкірт қышқылы, фенол, азот қышқылы және т.б.), конвективті ағындары және жел арқылы таралу нәтижесінде сұйық аэрозолдар немесе күйелерге адсорбицияланып тұнады. Түтін бөлшектерінде химиялық реакциялар жүріп, жаңа, кейде улы қосылыстар түзуі мүмкін.
Түтін адам денсаулығына зиянды әсер етеді, әсіресе балаларға (ең алдымен жаңа туған нәрестелерге), қарт адамдарға және тыныс алу органдарының, жүрек-қан тамырлары жүйесінің, аллергиямен ауыратын науқастарға қауіпті. Көздің шырышты қабығының қабынуын (конъюнктивит), мұрын мен көмейдің қабынуын (аллергиялық ринит, жөтел және қышу), иммунитеттің төмендеуін тудырады.
– Енді осы бүлінген ортаны қалпына келтіру мүмкін бе? Мүмкін болса, қанша жыл кетеді?
– Орман алқаптарының өрттен кейін қалпына келтіру процестері өте баяу жүреді және көптеген ондаған, тіпті жүздеген жылдарға созылуы мүмкін. Өйткені толыққанды орман алқабын қалыптастыру үшін ұзақ уақыт қажет. Өсімдіктер мен төменгі сатыдағы жануарлардың түрлік құрамы толық жойылып кетіп, қайта қалпына келу мүмкін болмауы да ықтимал.
– Біздің осындай табиғи апат­тар кезінде дайындықтың жеткіліксіздігі, дәрменсіздігіміз нені көрсетеді?
–Көп жағдайда орман алқаптарының өртенуі адамдардың салғырттығынан туындайды. Сондықтан міндетті түрде өрт қауіпсіздігі жайлы шаралар өткізілуі қажет. Өрт жағдайында өзін-өзі ұстау ережелері мен алғашқы көмек беру туралы ақпараттар тарау қажет.
Орман шаруашылық қызметкерлердің санын арттыру қажет, көп жағдайда бірлі жарым орманшының толық алқапты қадағалауға мүмкіндігі болмайды. Орман қызметкерлері заманауи техникалармен қамтамасыз етілген жағдайда алдын алу немесе өрттің бастапқы кезеңінде шара қолдануға болар еді.
Орман өрттерінің таралуының алдын алу жөніндегі іс-шаралар бірқатар орман шаруашылығы іс-шараларын (санитарлық кесу, орман кесу орындарын тазалау және т.б.) жүзеге асыруды, сондай-ақ орманда өртке қарсы тосқауылдар жүйесін құру және түрлі өртке қарсы объектілерді салу жөніндегі арнайы іс-шараларды жүргізуге негізделеді. Егер қу бұтақтар мен жапырақтардан тазартса, өсінділерді алып тастаса, олардың арасындағы қашықтық 50-60 м болатын екі-үш минералданған жолақ салынып, олардың арасындағы жер үсті жамылғысын мезгіл-мезгіл жойып отырса, орман алқаптарын өрттен сақтауға болады.

Болатқан Заядан,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, биология және биотехнология факультетінің деканы,
биология ғылымының докторы,
профессор, ҚР ҰҒА академигі

ЖАЛҒАН СТАТИСТИКАЛАР МЕН ӨТІРІК ЕСЕПТЕР

Экологиялық апаттың зардабы ауыр. Адам қателігінен жасалған трагедиядан Қазақстан үкіметі сабақ алған емес. Тіпті олардың бо­ла­ша­ғына күмәнмен қарайтын тұс­тары көп. Адам өмірінің осын­ша­ма құнсызданып, әлдебір жеке адам­дардың жеке мүдделері қоғамдық жауапкершіліктен жоғары тұратыны өтірік емес. Егер қоғамдық жауап­кер­­шілік жеке мүддеден биік болған­да, мұндай апаттардың алдын алуға болар еді. Жемқорлықтың, жалған ста­тис­тикалар мен өтірік есеп беру­дің кесірінен алда әлі қанша тіршілік иесі жан беруі керек? Білем, бұл оқиға ертең-ақ ұмыт болады. Сосын тағы бір трагедия қайталанады. Сосын жалған есептер мен өтірік уәделерді тағы үйіп төгеді.
Неге біздің үкімет үнемі орын­сыз шешімдер қабылдауға бейіл? Неге біз өзіміз өмір сүріп отырған ортаның тағдырына бей-жай қа­рай­мыз? Неге біз тек өзімізге емес, бүкіл адамзат болашағына жауапты екенімізді сезіне алмаймыз?
Адамзат өркениетінің дамуы үздіксіз процесс. Біздің ғасырға дейін талай өркениет даму шыңына жетіп, экологиялық апаттың салдарынан жойылып кетті. Оған ежелгі Пасха аралындағы тұрғындарды, Греландиядағы викингтерді, Америкадағы майя үндістерін мысал ете аламыз. Бұл үш өркениет жер бетінен экологияға келтірген зардабының салдарынан ізім-ғайым жоғалды. Мұны халықаралық Пулитцер сыйлығының иегері Джаред Дай­монд өзінің «Коллапс» еңбегінде кеңінен тарқатып зерттейді.
Қоршаған ортаны сақтау, таби­ғатпен теңдікте өмір сүру, өткен­ге көз тастап, ой қорыту – әуелі адам өмірін сақтаудың ең басты факторы. Егер біз қоршаған ортаға бүгінгі көзқарасымызбен қарауды тоқтатпасақ, алдағы уа­қытта өзіміз өмір сүріп отырған қо­ғамды жойып жіберуіміз ғажап емес.

Тілек ЫРЫСБЕК,
ақын

«Өртеніп ұрпақ өлгенше, өртеніп дүние кетпей ме?!.»

Тілсіз жаудан, төтелей келген өлімнен азап шегіп, іргесі азынап, қабырғасы сөгіліп, көз жасы төгіліп, шаңырағы қаңырап, отбасы аңырап отырған қаралы үйге бас сұғып, көңіл айтқан қандай қиын еді. Жұбатарға сөз таппай, ішің астаң-кестең
күй кешеді екен. «Көңіл айтайық… Жұбатайық, қай­ғыны бөлісейік» деп келген едік, жүрегім қатты ауырып қайтты.
Баласының суретін құшақтап жылаған Ананың: «Қазір келеді, келеді ұлым!» – деген үмітті зары көмейге еріксіз өксік ұялатты.
Өртті сөндіремін деген өрімдей жігіттердің, көрер жарығы сөнерін кім білген?! Артында ұрпағыда қалмаған бозбала боздақтар-ай! Сырттай қарап, бақылап отырғанда, рас сезінбейді екенбіз.
Жары мен ұлынан қатар айырылған қос отбасының жағдайы тіпті ауыр. Сидорин Виктор, Сидорин Александр, Пузырев Николай, Пузырев Сергей сынды әке мен бала қатар орманға кіріп, қайырылып қайта шықпай қалғаны қайырымсыз дүниенің қатал келбеті емес пе?!
«Тас түскен жеріне ауыр». Қайғыдан қан жұтып, «Енді қалай өмір сүремін, не істеймін, не қызық қалды?» деп жылаған жандардың қайғысын бөлісу, жүрегіндегі қызыл жалын өртті басу кімнің қолынан келер дейсіз?!
Жалғыз ұлдан айырылған әке, қанаты қайырылған ана қайғысы қабырғаңды қаусатады.
Өрт басылар, іштегі дертті кім басады?!
«Орманды жерде отын көп,
Шеңгелді жерде қотыр көп» – дегендей Семейдің орманы оталып отын болды, отыз жылғы жүйенің жарасы жазылмайтын қотыр болды.
«Аяқтан енді тұрдық қой» деп қуанғанда, жығылғанға жұдырық, сүрінгенге соққы тиді.
Қалың өрт кезінде тұралаған ескі жүйе, тозығы жеткен техника талай адамның түбіне жетті, жайқалған орманды жапырып кетті. Өкінішті.
Семей өңірі орманды өлке болғандықтан әлі де қауіп сейілген жоқ. Күн ыстық, жел көтеріп әлі де өрт балапандап бір үдеп, бір бәсеңдеп тұр. Президент те келді, көзімен көрді. ТЖМ да қауқардың қандай екенін білді деп ойлаймыз. Экология және табиғи ресурстар министрлігі де жауапкершіліктің зор болуын қаперден шығармаса, облыс әкімшілігі де ТЖМ құзырындағы тұралаған техникалық базаны нығайтуға күш біріктіргенде ғана қауіптің алды сейіледі.
Әр өңірден келіп жатқан көмекті ел сезініп жатыр! Халық бірлігінің күші мен биліктің қауқары бұл апаттың ауыр жүгін жеңілдетіп, ендігі туатын қауіпті қатаң бақылауға алғанда ғана бұндай зардаптан арыламыз!
Әр құрылым өзіне тиісті функцияны жауапкершілікпен сезінгенде ғана атқарған міндет миссиясы айқындалады. Кінәлі мекеме де бірден көзге түседі. Қазір әркімге бір жала жабылып жатқанда, кімнен көрерімізді білмей дал болудан сонда ғана ада боламыз!
«Орман өртеніп жатса, қарлығаш аузына су толтырып ұшады екен, ал қарға тұмсығына ши қыстырып ұшады» дейді. Қарлығаштың қасық суынан өрт сөне қоймас, қарғаның бір тал шиінен өрт өршімес. Пейілімізді алмасын, Құдай! Қалғаны «боқ дүние».
Несіпбек Айтұлы айтпақшы:
«Өртеніп ұрпақ өлгенше,
Өртеніп дүние кетпей ме?!.»
Орман өрті болған ауылдарды аралап келген бетім осы. Өрттің күші қайтыпты, әр жерде балалаған қызыл жалын әлі де бар.
Отанымыз аман, отбасымыз түгел болсын! Енді бұндай қасіреттен сақтасын!

Мерей ҚАРТ,
ақын,
ҚЖО Абай облыс филиалының төрағасы

КӨКЕЙДЕ КӨП ДҮНИЕ ТҰР…

Аптаны аза тұтып бастадық. Бұл біз үшін қалыпты дүниеге айналып бара жатыр. Тәуелсіздік алғалы бері 12-рет бүкіл халық болып қара жамылып отырмыз. Өте қорқынышты. Қалыпты дүниеге айналып бара жатқаны соншалық, ақындарымыз аза жырын жазуға машықтанып алды. Құдды бір қаламы қайғыны күтіп отырғандай, қазалы күні «құсып» сала береді. Сөйтіп, халықпен бірге болғандай кейіп танытады. Көршінің үйі өртеніп жатқанда, сол отқа малының басын үйтуге барған адамды еске салады. Құдай сақтасын!
Абайдағы өрт – биліктің де, халықтың да енжарлығын, немқұрайдылығын, Отанға деген ортақ жауапкершіліктің аздығын көрсетті деп есептеймін. Өзі 4%-ды құрайтын азғантай ағашқа ие бола алмай отырған биліктен бірдеңе дәмету де күлкілі. Өрт өз көрпеміздің ұшын тістемейінше міз бақпайды екенбіз.
Көмейде көп дүние тұр. Қағазға түскенде көркі қашатын көп сөзді айтуға құлық жоқ. Көз алдыма жалын шарпып жатқан 60 мың гектар жерді сөндіруге өз көлігімен, істен шыққан рациясымен, үйіне бала-шағасын тастап, өлім аузына өз еркімен кетіп бара жатқан өрт сөндіруші келе береді. Құдай ақырын берсін!

Еділбек ДҮЙСЕН,
ақын

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір