БАЛА және БУЛЛИНГ: Арманыңа қорған бола біл!
Әуелгіде әзілге сүйеп айтылған «Интернетсіз дүние бос» деген сөздің адам тіршілігіне судай сіңіп, бұлжымайтын қағидаға айналғаны анық. Біз қазір қоғамның ғаламторға деген сұранысының тәуелділікке ұласқанына куә болып отырмыз. Әрине, бұл үрдістің пайдасы мен зияны да бар екенін ұмытпауымыз керек.
Интернеттің дамуы цифрландыруға жол ашты. Жаңа технологияның мүмкіндігінің арқасында қағазбастылық азайып, мың сан жұмыс оңтайланып, уақытты үнемдеуге қол жеткіздік. «Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алу» жеңілдеді. Ең бастысы, күнделікті ақпарат алу, хабар-ошар естіп, көру қас- қағымнан да жылдам болды. Дегенмен, ғаламтордағы ақпараттардың ашық әрі сүзгісіз таралуы интернет тұтынушысына, әсіресе балалардың дамуына және денсаулығына кесірін тигізе бастағандай. Соның қатарына зиянды ақпарттардан келетін қауіп-қатерді жатқызуға болады. Бұл жағдай әсіресе балалар мен жасөспірімдерге қатысты алаңдатарлық күйге жетті.
Жалпы, смартфон мен жедел интернеттің дамуы өскелең ұрпақтың ғаламторға деген тәуелділігін еселеп арттырып жібергені жасырын емес. ЮНИСЕФ өкілдігінің жүргізген зерттеуі бойынша балалардың интернет қолдануы жыл сайын жасарып келеді екен. Мәселен, оншақты жылдың алдында балалар мен жасөспірімдер арасындағы ғаламторды үздіксіз тұтынудың шекті жасы 9 бен 17 жас аралығында болса, қазір 5 жасар бала телефонға телміруге көшкен екен. Тағы бір зерттеуші ұйым – Childwise қоры жүргізген талдау бойынша 5-16 жас аралығындағы балалар күніне 5-6 сағат бойына түрлі гаджеттерді тоқтаусыз қолданатыны анықталған. Бұл жерде көптеген ата-ана баланың гаджетке тәуелділігін байқамайтыны да қауіпті еселей түседі. Және ата-аналар тарапынан телефон мен интернетке жүгінудің зияны туралы сұрағанда бірінші орынға бала денсаулығына қатысты қауіпті қоятындарын айтқан. Ал мамандар ғаламтордан төнетін басты қауіп ретінде кибербуллиинг пен интернет алаяқтықты көрсетеді. Оның ішінде жасөспірімге бағытталған түрлі зиянды ақпараттар мен бопсалау аса ауыр қылмыс түріне жатады екен. Демек, жас ұрпақты интернеттен төнетін қауіп-қатерден қорғау бірінші орында тұруы тиіс.
– Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігінің зерттеу нәтижесіне қарасақ, елдегі балалардың 46 пайызы 5-8 жас аралығында интернетке қосылып, түрлі ақпаратқа қол жеткізетінін көрсеткен. Олардың дені ойын-сауыққа құрылған түрлі тақырыптарды таңдаса, екінші тобы онлайн танысуға құмар келеді екен. Және кибербуллингке ұшырайтындар да осы соңғы топтан шығатыны белгілі болған. Демек, бала ғаламтор арқылы танысқан адаммен ұзақ уақыт бойы байланыста бола берсе, оны ең жақын адамы ретінде қабылдап, ақылын тыңдауға, тіпті айтқанын істеуге дайын тұратын болған. Дерек бойынша, кибербуллингке ұшыраған жасөспірімдердің ішінде қыздар көп. Әлеуметтік сауалнамаға қатысқан қыздардың 35 пайызы интернеттегі бейтаныс адамдар тарапынан кемі бір рет буллингке ұшырағанын айтқан. Бұл жағдай ата-аналарды ойландыруы тиіс. Жалпы, интернет желі бүкіл әлем бойынша шексіз мүмкіндіктер мен әлеуметтің көзі ретінде тиімді болғанымен, одан келетін қауіп-қатерге де дайын болуымыз керек, – дейді психолог-практик, педагог маман Әсем Оспанова.
Сондай-ақ, балаларды зиянды ақпараттардан қорғау тек ғаламторда ғана емес, күнделікті өмірде де күн тәртібінде тұруы қажет. Қазір педофилдер тарапынан зорлық көрген балалар мен кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерге қатысты оқиғалар саны көбейген. Жауыздық әрекеттер көбейген сайын, құрбандыққа шалынған балалардың жас мөлшері де төмендегені байқалған. Осы орайда Әсем Оспанова зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларды оңалтудың жолы мен жалпыға ортақ мәселенің тереңіне үңілуге тырысып жүргенін айтады.
– Өкінішке қарай, біздің қоғамда алдын-ала ешкім жұмыс істемейді. Зорлық болғанда ғана қимылдаймыз. Мектепте де зорлықтын алдын алатын шаралар жасалмайды. Оны мойындауымыз керек. Зорлық-зомбылық орын алмай тұрып, соның алдын алу керек қой. Ол үшін мектепте мұғалімдерден бастап, психолог, тренерлер жұмыс істеу керек. Оқушыны сақтандыру қажет. Құдай сақтасын, болмай-ақ қойсын, бірақ соған әр оқушы дайын болу керек. Яғни сақтандыру жұмыстары жүру керек. «Қоғамда мұндай жағдайлар бар. Сіздер сақ болуларыңыз керек. Ол үшін мына жағдайды естен шығармаңыздар. Егер ондай жағдай өміріңізде болса, айналаңыздан айқайлап көмек сұраңыздар. Немесе абдырап қалмай қашыңыздар» деп, психолог пен тренерлер сабақ өтіп тұрса, бала да сақтанып жүреді. Әрі ондай жағдайға абдырап қалмай бала дайын болу керек. Әр түрлі жағдай болады. Адам абдырап қалуы да мүмкін. Сол сәтте дыбысы шықпай, зорлықтың құрбанына айналған жағдайлар көп. Оның бәрі баланың сол жағдайда не істеу керегін білмеуінде жатыр, – дейді маман.
Психолог балаларды қорғауға қатысты өз тәжірибиесіне сүйене отырып бірнеше байлам жасаған екен. Ең әуелі тәрбие тізгінін бос жіберуге болмайды деген пікірде. Бала еркін өсуі керек, бірақ барлық жағынан бақылаусыз қалмауы тиіс. Бұл интернетке қол жетімділік артқан қазіргі уақытта тіптен маңызды екен. Үлкендер ғаламторда болсын, өмірде болсын жасөспірімдердің араласатын ортасы мен хат алысатын, жазба алмасатын онлайн-таныстарына сүзгі жасауды міндет ретінде мойнына алуға тиіс.
– Бейкүнә балаларға жыныстық қорлық көрсететін адамдардың көбі кішкентай кезінде зорлыққа ұшырағандар. Кейбірінде психикалық ауытқу болады. Күйзеліске түсіп, рухани дертінен арыла алмай жүргендер де осындай пасық қадамға барады. Сондықтан педофилдер әдетте үйінде ата-ана жылуын сезінбейтін, эмоционалды қолдауға зәру балаларды таңдайды. Ал кейбірі толық емес отбасыларды нысанаға алады. Себебі ондай үйлерде балаға толық бақылау болмайды, – дейді психолог-практик, педагог маман Әсем Оспанова.
Әңгіме бала және буллинг тақырыбы болғасын, біз маманға тағы бірнеше сауал қойғанбыз. Мұндағы мақсат, ата-аналарға пайдалы кеңес пен тиімді ақпарат алу еді.
– Әсем Әшімханқызы, ылғи да зорлықтан, педофильдерден сақтандыру қыз балалардың ер адамға деген қорқынышын, жиіркенішін тудырмай ма?
– Жағдайды түсіндіргенде балаға екінші жағын да айту керек. Өмірде жаман адамдармен қатар жақсы адамдар да барын айтып отыру қажет. Тек қандай да бір танымайтын ер адамнан ештеңе алмауды, «мен саған тәттілер беремін, немесе үйіңе апарып тастаймын» деген сөздеріне сенбеуді үйретуге тиіспіз. Егер зорлық бола қалған жағдайда балаға айқайлап көмек сұра немесе қаш деп үйрету керек.
– Бізде психологқа сыр айту, кеңес сұрау деген көзқарас әлі дами қойған жоқ. Бұл маманға деген сенімсіздік пе, әлде қаржының жоқтығы ма? Әйтеуір психологқа көп жүгіне бермейді. Неге?
– Психологтан көмек сұрау біздің менталитетімізге әлі ене қойған жоқ. Көп жағдайда ата-ана өз беттерінше әрекет етеді. Бала ғой, ұмытылар деп ойлайды. Бірақ бала күнінде жүрекке түскен сызат есейген сайын өсе береді. Кейін ол психологиялық ауытқушылыққа әкеп соғады. Зорлықтың түрі көп. Тек педофилия ғана емес, қызды келісімсіз алып қашу да зорлыққа жатады. Босаға аттап қойған қыз, ата-анасының беделіне нұқсан келтірмейін деп сүймесе де қалуға мәжбүр болады. Ал оның арты үлкен бақытсыздыққа әкеледі. Өзінің сүймеген адамымен тұру – қыз бала үшін үлкен соққы. Қазақта «ұят болады» деген сөз бар. Осы «ұят болады» қыздың өмірін құртады. Көп жағдайда біз бұған мән бере бермейміз. Көбінесе зорлықтың құрбаны болатын – қыз балалар. Жасыратыны жоқ, бізде психолог маманның көмегіне жүгіну қымбат тұрады. Оны көп адамның қалтасы көтере бермейді. Егер психологқа жоғары жалақы төленіп, кіру тегін болатын болса, жағдай басқаша болар еді. Онда адамдар қалаған уақытта психологқа жүгіне алар еді. Сондай орталық болса деп ойлаймын. Зорлыққа ұшыраған қыз болсын, әйел болсын осындай орталыққа өз беттерінше келіп, жүгінер еді. Бірақ, өкінішке қарай, бізде ондай орталықтар жоқ. Тағы бір айта кететін жағдай көбінесе адамдар психологтың көмегіне жүгінерде шыдамдылық танытпайды. Бір рет келеді. Болды. Сосын «Ой, маған ешқандай көмегі болмады. Бекер барыппын» дейді. Жоқ. Егер психологтың көмегіне жүгіндіңіз бе, бір-екі рет келу аз. Адам жанын емдеу де ауруды емдеген сияқты бірнеше сессиядан тұрады. Оған да шыдамдылық керек. Сол үшін арнайы орталық болса деп ойлаймын.
Қалмаханбет
МҰҚАМЕТҚАЛИ