«ТӘУЕЛСІЗДІК ӘДЕБИЕТІ – 2020» АТТЫ ӘДЕБИ ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ӨТТІ
03.12.2021
3629
0

29-қараша күні ҚР Ұлттық кітапханасында «Тәуелсіздік әдебиеті» деген тақырыппен Жазушылар Одағының 2020 жылғы әдеби жыл қорытындысы өтті. Алматы қаласында тұратын қаламгерлер мен Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған ақын-жазушылар қатысқан жиын Мемлекеттік Әнұранмен басталды.

Әдеби жыл қорытындысының модераторы Қазақстан жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан ұлттық ғылыми академиясының корреспондент мүшесі Бауыржан Жақып болды. Ол өзінің кіріспе сөзінде Қазақстан Жазушылар Одағының атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, кейінгі екі жылда дүниеден озған жазушылар одағының мүшелерін бір минут үнсіздікпен еске алуға шақырды. 2020 жылы 27, 2021 жылы 35 қаламгер – барлығы 62 ақын-жазушы дүниеден озған екен… «2020 жылдың әдеби жыл қорытындысы биыл көктемде болуы керек еді. Алайда індетке байланысты, оның үстіне Алматы «қызыл аймақтан» шаға алмағандықтан, бұл шараны осы қараша айының соңына қалдырдық», – деді Бауыржан Жақып.

Алғашқы сөз Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Оразбайұлы Есдәулетке берілді. Одақ төрағасы әуелі 2020 жылы Абайдың 175 жылдығы індеттің қатаң шектеулеріне қарамастан, мүмкіндігінше кең ауқымда аталып өткендігін  баяндады. Мысалы, атаулы мерекеге байланысты көптеген кештер, кездесулер, онлайн форматтағы конференцияар жүргізілді. Сонымен қатар, алыс-жақын 12 елде Абай орталықтары ашылды және Ұлы Ақынның шығармалары 10 тілге аударылды. М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты үш томдық Абайдың академиялық толық шығармалар жинағын жарыққа шығарды. Мұны шығаруда М.Мырзахмет, Т.Жұртбай, С.Қасқабасов, К.Матыжанов, Т.Қыдыр, Т.Шапай, Қ.Мәдібаева сияқты ғалымдардың және ақынның әндерін жинақтаған Е.Шүкіманның еңбектері ересен. Содан соң, Абай туралы бірнеше спектакль еліміздің түкпір-түкпіріндегі театрларда сахналанды.  

ҚЖО басқарма төрағасы көп жылдардан бері күтімі болмай тұрған Жазушылар Одағы ғимаратының қайтадан жаңартылғанын, күрделі жөндеу кезінде күтпеген қиындықтардың болғанын анықтап айта келіп, қаламгерлерді әлеуметтік қолдаулардың жайына, әдеби өлкетану жобасының жүзеге асу барысына кеңірек тоқталды. Сондай-ақ одаққа мүшелікке қабылдау мәселесі, халықаралық әдеби байланыстың жай-жапсары, соның ішінде БҰҰ-ның 6 тіліне аударалып 30 поэзиялық, 30 прозалық шығарманың антология болып шыққанын, алдағы уақытта тағы да 30 поэзиялық, 30 прозалық үздік шығарманың әлемге жол тартатынына тоқталды. Бұдан бөлек, келер жылдан бастап Қазақстан Жазушылар Одағы мемлекеттік серіктес мекемеге айналып, мемлекет тарапынан қаржыланып тұратыны туралы сүйінші хабарды жеткізді.

Жиын ары қарай  әдеби жыл қорытындысының баяндамаларымен жалғасты. Биыл балалар әдебиетін қолдау жылы болғандықтан, бірінші балалар әдебиеті туралы баяндамалар жасалды.

Баяндамалардың соңында жазушылар Қадірбек Сегізбаев, Молдахмет Қаназ бен Нұрлан Қами, Алматы облыстық ЖО филиалының директоры Әміре Әрін, Нұр-Сұлтан қалалық ЖО филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы шығып сөз алды.

Бұдан кейін 2020 жылы үздік деп танылған шығармаларға халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын табыстау рәсімі өткізілді.

Ары қарай Республикалық кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов, баспагер-қаламгерлер Талғат Айтбайұлы мен Асқар Алтайды және Ермахан Шайхыұлын «Кітап мәдениетін көтеруге қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттады.

Жиынның соңында келер жылы атқарылатын шаруалардың жай-жапсары түйінделіп, М.Әуезовтың 125 жылдығы, А.Байтұрсынұлының 150 жылдығы өтетіндігі туралы хабарланды.

Бауыржан ЖАҚЫП, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары

ҚАЛАМГЕРЛЕР ӨЗ-ӨЗІМЕН БЕТПЕ-БЕТ КЕЛДІ

 2020 жыл дегенде қаламгерлер қауымы ғана емес, күллі әлем жұртшылығы алапат індетті ойға алары сөзсіз. Өкінішті, әрине, алаштың асыл перзенттерінен айырылдық, қайта тумас тау таланттарымыз бақилық болды. Сыртқа қарыс қадам баса алмай қалған кезіміз де есімізде. Дегенмен бұл жағдай қолына қалам ұстаған  қауымға екі есе қатты әсер етті деп ойлаймын. Неге? Себебі, қаламгер ақ қағаз алдында жалғыз қалды және өз-өзімен бетпе-бет келді. Осы тұста жазылған шығармалардың алды оқырмандарына жетіп, бағасын алып үлгерді. Шығармашылық дағдарысқа ұшыраған қаламгерлердің болмауы да мүмкін емес жағдай.

Ал бүгінгі күннің тұрғысынан өткен жылға баға берер болсақ, әуелі поэзия жанрын ауыз толтырып айтар едік. Мәселен, Маралтай Райымбекұлының эпикалық шығармаларға құлаш ұруы қуантады. Оның «Сарайшық» және басқа поэмалары жарық көрді. Светқали Нұржанның «Жұлдыздардың жұпары», Сабыр Адайдың «Назира» деген кітаптары қазақ әдебиеті қоржынына қосылған үлкен олжа деп айтар едім. Қуат Қайранбайдың «Көңілімнің қоңырауы» кітабы да – өте сәтті шыққан жинақ. Осы тізімді ары қарай жалғастыра беруге болады-ақ, дегенмен мен айтқан және айтпағаныммен, ұнаған жинақтардың авторларына «Алаш» сыйлығы берілгеніне қуанамын.

Проза саласында да жақсы дүниелерді оқып, сүйсіндік. Мәселен, осыған дейін оқырмандарын үш тарихи романмен қуантқан Тұрсынхан Зәкенұлы былтыр тағы да «Атилла» деген тарихи роман жазды. Сонымен қатар, соңғы кезде Құлтөлеу Мұқаштың әңгімелерін, хикаяттарын шешіліп оқитын болдым. Оның «Салбурын» атты кітабын атамай кетсек қиянат болар. Төкен Әлжантегі ағамыздың «Арландардың апаны», Тұрысбек Сәукетайұлының «Бұлағай» кітабы, т.б. туындылар – қазақ прозасындағы құбылыс. Драматургия саласында өнімді еңбек етіп жүрген Мадина Омарова, Думан Рамазан сияқты қаламгерлеріміздің еңбектерін де атап айту керек. Көзден таса, тілге оралмаған шығармаларда жетерлік. Егер бірнеше авторларды шығармаларымен қосып атасақ, 2020 жылы әдеби үдерістің тоқтамағанын айтқымыз келгенінен.

Жастар поэзиясы туралы кеңінен айтуға болады. Өз басым соңғы кездері Танагөз Толқынқызының өлеңдерін көп оқып жүрмін. Оның өлеңдерінде поэтикалық күш-қуат та, нәзік лиризм де, тереңдік те – ақынға керектің бәрі бар. Сондай ақын қыздарымыздың тізімі  Роза Сейілхан, Ғазиза Әбілда, Назгүл Бердіқожа, Толқын Қабылша, т.с.с. жалғасып кете береді. Бұрын Айдана Болатова деген дарынды ақын қызымыз бар еді, қазір басылым беттерінен көрмей жүрміз.

Айтпақшы, Дәурен Берікқажының соңғы кітабын тамсанып оқыдым. Содан соң Мирас Асан, Олжас Қасым, Жанат Жаңқашұлы, Қуаныш Оспан, Мерген Тоқсанбай, Мұқағали Кенжетайұлы, т.б. Бұл аталғандардың алдының жасы «жас ақыннан» өтіп кетті.

2020 жылы, еркін өлең, яғни, верлибр жазатындар көзге көп шалынды. Эксперименттерге де бару керек және одан қорқудың қажеті жоқ. Ақ өлең бізде бұрыннан келе жатыр. Мәселен, арғыны қоя тұрғанның өзінде, Жәркен Бөдеш, Темірхан Медетбек, Ұлықбек Есдәулет, Байбота Қошым-Ноғай секілді үлкен ақындардың ақ өлеңдерін оқығанымыз бар. Бірақ кейінгі буынныың бұлардан аяқ алысы мүлдем бөлек. Мысалы, Файзулла Төлтай, Еділбек Дүйсен, Абзал Сүлеймен… Мен өзім дәстүрлі поэзияны жақтайтын адаммын. Дегенмен верлибрдің де оқырмандары болуы мүмкін. Әрине, әдебиеттің түрлі тәсілдерін пайдаланып, жақсы, шұрайлы тілмен жазса дейсің. Шығармашылық еркіндікке ешкім ешқандай шектеу қоймайды, қоя алмайды да. Кім қалай жазатынын өзі біледі, алайда тамырымызды үзіп алмауымыз керек. Тамырынан үзілген ағаш көктей алмайды.

 

2020 жылы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болған қаламгерлер

1) Балалар әдебиеті:

  1. Ділдәр МАМЫРБАЕВА, «Бала. Робот. Вирус» атты балаларға арналған кітабы үшін;
  2. Пернебай ДҮЙСЕНБИН, «Жұмбақ жұлдыз сәулесі», «Бал дәуреннің бұлтсыз аспаны» атты 2 том шығармалар жинағы үшін;

2) Поэзия:

  1. Светқали НҰРЖАН, «Жұлдыздардың жұпары» поэзиялық кітабы үшін;
  2. Сабыр АДАЙ, «Нәзира» поэзиялық кітабы үшін;
  3. Қуат ҚАЙРАНБАЕВ, «Көңілдің қоңырауы» поэзиялық кітабы үшін;
  4. Бақытжан АЛДИЯР, «Ақпарақ» поэзиялық кітабы үшін;
  5. Қазыбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Армантау» поэзиялық кітабы үшін;
  6. Дәурен БЕРІКҚАЖЫ, «Ішке жұтқан көз жасым» поэзиялық кітабы үшін;
  7. Ержан АЛАШТУҒАН, «Жалғыз аспан» поэзиялық кітабы үшін;
  8. Биғайша МЕДЕУОВА, «Күнге қолын созған қалалар» поэзиялық кітабы үшін;
  9. Айтқали НӘРІКОВ, «Жойқын жылдар жаңғырығы» поэзиялық кітабы үшін;
  10. Серік ҚАЛИЕВ, «Жасынның оты» поэзиялық кітабы үшін;

3) Проза:

  1. Дидар АМАНТАЙ, «Борхестің кітабы» шығармашылық жинағы үшін;
  2. Тұрсынхан ЗӘКЕНҰЛЫ, «Аттила» тарихи романы үшін;
  3. Құлтөлеу МҰҚАШ, «Салбурын» прозалық кітабы үшін;

4) Драматургия:

  1. Мадина ОМАРОВА, «Көмбе нанның дәмі» кітабы үшін;

5) Әдебиеттану, Әдеби сын:

  1. Болат ЖҮНІСБЕКОВ, «Абай сәулесі» зерттеу мақалалары мен эсселер кітабы үшін;
  2. Жанұзақ Аязбеков, «Бальзак неге жылады?» әдеби көркем сын кітабы үшін;

6) Деректі проза:

  1. Зейнеп АХМЕТОВА, «Бабалар аманаты» кітабы үшін
  2. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, «Ер қазақ» атты деректі кітабы үшін;

2020 жылдан бері алапат індет айпара әлемнің алқымынан алды. Мәдени-саяси, әлеуметтік-қоғамдық істерде өз зардабын тарттырды. Сол тұста біраз тұлғаларымыздан, зиял қауым өкілдерінен, белгілі қаламгерлерімізден айырылып қалғанымыз жүрегімізге аяздай батты. Жыл қорытындысында аталған 62 қаламгердің атын газет бетінде атап, еске алуды жөн көрдік. Марқұмдардың жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқа болғай! Рухтары пейіштің төрінде шалқығай!

2020 жылы қайтыс болған қаламгерлер:

  1. Елеукенов Шериаздан
  2. Еркебалаев Зейнулла
  3. Жанбота Досан
  4. Жаубасов Жанат
  5. Кемел Мырзагелді
  6. Қажыбай Төлеген
  7. Қанафин Аманжол
  8. Құттыбаев Сансызбай
  9. Мұханбетқалиев Қажығали
  10. Оразбаев Қаржау
  11. Сағат Ерғали
  12. Сағатбаев Нұролла
  13. Бексейіт Сәбит
  14. Баязитов Сүлеймен
  15. Чумакова Зулпа
  16. Шаханұлы Берік
  17. Боранбаев Жарылқасын
  18. Батыр Дәлелбек
  19. Әлімұлы Аманхан
  20. Байбақұлы Оразбай
  21. Аронов Жеңіс
  22. Ахмади Жанат
  23. Уәлиев Кәдірбек
  24. Уәлиханов Шота
  25. Ушуров Илахун
  26. Тұрысов Еркінбек
  27. Ахметчин Ғұмар

2021 жылы қайтыс болған қаламгерлер:

  1. Бөдешұлы Жәркен
  2. Жұмаділ Қабдеш
  3. Иманғалиұлы Нұртілеу
  4. Исаева Гауһар
  5. Кененбай Ырым
  6. Қалмырзаев Әмзе
  7. Мейірбекұлы Әкім
  8. Раушанов Есенғали
  9. Сариев Шөмішбай
  10. Семерьянов Виктор
  11. Бекмаханов Ибрагим
  12. Жақсыбаев Ахат

13 Рысаев Таңатқан

  1. Зікірин Тоқтар
  2. Домбай Нұрперзент
  3. Баянбай Қастек
  4. Баһадүр Жеңіс
  5. Азаматов Юлдаш
  6. Дербісәлі Әбсаттар
  7. Дәуренбеков Жақау

21.Еңсегенұлы Тоқболат

22.Калетаев Аман

  1. Құрманғали Қуанышбай
  2. Мирзоев Князь
  3. Мұстафин Құрманғазы
  4. Омарұлы Мекембай
  5. Оразалинов Сұлтан
  6. Нарымбетов Сатыбалды
  7. Амандықов Яһуда
  8. Дәутайұлы Несіпбек

30. Ниязбек Рафаэль

  1. Илахун Хуршида

32. Құрманғалиқызы Әмина

  1. Қирабаев Серік
  2. Баудинов Алимжан
  3. Өмірзақов Үсен
  4. Жақсымбетов Ескермес

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір