БАЛАЛАР ДРАМАТУРГИЯСЫ ЖЕТІМНІҢ КҮЙІН КЕШУДЕ
02.12.2021
1414
0

Жазира АХМЕТОВА,

театр сыншысы, Қуыршақ театрының

әдебиет бөлімінің меңгерушісі

 Драматургияға қай кезең болса да екінің бірі қалам тарта бермейтіні рас. Қазақ әдебиетінде драматургияның пайда болғанына бір ғасырдан асса да әлі күнге дейін драматургия бағытын «жас жанр» деп айтады. Әдебиеттің кез-келген жанрының оқырманы көп болғанымен, драматургияда оқырман шектеулі. Себебі сөзді әрекетке айналдыратын театр деген әлем бөлек. Қазақстанда қазір 70-ке жуық театр бар, соның 40-қа жуығы қазақ театры. Тағы да кенжелеп қалған театрдың бірі – ол біздің болашағымыз, баланың ең алғашқы мектебі – қуыршақ театры. Елімізде сегіз қуыршақ театры жұмыс істеуде. Оның бесеуі екі тілде ойнаса (қазақ-орыс), қалғаны таза орыстілді театрлар. Пандемия тұсында шығармашылық адамының үйде отыруы, жаңа қойылымдардың сахналануына едәуір кері әсерін тигізді. Соңғы үш жыл ішінде санаулы драматургтың шығармалары ғана сахнаға жол тартқан. Олар Е.Жуасбектің «О, тоба», Қ.Ежембектің «Жалқаудың айласы», Р.Мұқанның «Мәңгілік бала бейне», Ә.Байболдың «Әріптер еліне саяхат», «Жеті ойыншықтың жеңісі», «Бекзат чемпион», С.Қасымбектің «Наурызкөже Шымқалада», Қ.Бегманның «Ертөстік», А.Салбанның «Ойыншықтар», Д.Саламаттың «Алтын шөп», М.Малдыбаеваның «Қошқар ата аңызы», Қ.Мұраттың «Ғұрып», С.Пірмановтың «Ертегілер еліне саяхат», «Алтын жұмыртқа», «Ақ күшіктің туған күні», «Балшық бала» (М.Абайділда), Р.Ибраеваның «Аяз Атаның сиқырлы таяғы», Т.Бейсембектің «Қыңыр лақ» сынды қойылымдары.

Осы жағдайға қарамастан, білесіздер, театрлар онлайн спектакльдер де көрсетті. Оның сыртында карантин құрсауына түскен балалар жүрегіне жол тартудың жаңа жүйелерін қарастырып, оннан аса айдарлар аясында «Қазақ ертегілері апталығы», «Балаларға базарлық», «Қуыршағын сағынған құлыншақ», «Үйрен де, жирен, балақай» атты бағдарламалар, т.б түрлі форматтағы жобалар ашылды. Өзім де бір жыл ішінде алпыстан аса автордың пьесаларын, ертегілерін ZOOM бағдарламасы арқылы үй жағдайында қашықтан артистермен, режиссерлермен ұжым болып оқыдым. Соңында автормен кездесу барысында оқыған пьеса, ертегілерімізді талқыға салып, авторды балалар театрымен жұмыс жасаудың ішкі тынысымен таныстырып отырдық. Нәтижесінде ықылас білдірген авторларымыз балалар театрымен біте қайнасып жұмыс істеп жатыр. Соның бірі – Ә.Байбол қуыршақ театрына арнап «Бекзат чемпион» пьесасын, С.Қасымбек «Ақтұмсық пен Сарыүлпек» сынды ертегі, Қ.Бегман «Ертөстік» пьесаларын жазып берді. Жалпы театрлар жылына жаңа үш спектакль сахналайды. Мысалға, елімізде орта есеппен 30 қазақ театры бар десек, жылына балаларға арналған 30 спектакль сахнаға шығады. Ал драматургтар «Осы 30 спектакльдің біреуі менің шығармам болуы керек» деп бәсекелесуі керек. Балалар драматургиясы жағынан бізде реитинг өте төмен. Біз балалар драматургиясы азайып кеткеніне алаңдаушылық білдіреміз. Қандай материалдар қажет деген сауал туындауы әбден ықтимал, біріншіден, халық ауыз әдебиеті, аңыз, қиял-ғажайып ертегілер, мифологиялық кейіпкерлерден тұратын және өзектілігі бар танымдық шығармалар. Бұл жағынан балалар театрының репертуарымен таныса келе театр заңдылықтарына сай, өзіндік ерекшеліктерін қадағалай отырып, ертегі желісінің өрбуін, жансыз қуыршақты жанды қуыршаққа айналдыру, кейіпкеріңізді сахнадан көру, дауысын есту, мінез-құлқын ашу секілді жолдарын меңгеріп, адами сезімдерді тәрбиелейтін драматургиялық шығарма жазу, балалар театрының кәсіби деңгейін көтеру, жаңа ізденістерге жетелеу,  сіз бен біздің құзырымызда. Қуыршақ пен бала біртүтас ұғым. Егер драматург, актер, режиссер баланы зерттемесе, жақсы көрмесе онда баланың тілін табуы да қиын. Балалар өте сезімтал келеді. Мысалға 2-3 жастағы балалар таңғажайыпқа сенеді. Ал біз ересектер сенбейміз. Біздің бойымызда балалық шақтың эмоциясы болған кезде ғана біз жақсы туынды шығара аламыз.

Бүгінгі таңда балаларға арналған болсын, жалпы драматургияның нақты жүйеленген орталығы жоқтың қасы. Иә, осындай шартты басқосулар аясында драматургияны еске алып, тізбектейміз. Ал осы сәтке дейінгі процесс ше? Қазақстан Театр қайраткерлері одағы, Қазақстан Жазушылар одағы, Авторлар қоғамының қамқорлығындағы бұл жанр неге кенжелеп қалды? Жақында осы мәселені ойластыра келе «Пьесалар кітапханасы» деген қазақ авторларына арналған сайт аштым. Бір ғасырда жазылған драматургияны бір жерге топтастырайын деген бастамам еді. Драматургтардың жазған пьесаларын театрлар, режиссерлер, актерлер, студенттер оқыса, сахналаса екі араны жалғайтын көпір болатын еді. Бұл жаңалық та емес. Қазақтан басқаның бәрінде мұндай кітапхана бар. Бірақ… бұл кітапхананың есігі әлі жабық тұр. Біріншіден, мен пьеса сала алмай отырмын. Өйткені авторлар сайтқа пьесасын жариялағаным үшін сотқа береді-мыс. Себебі, қаламақы төлеуім керек деген шолақ түсінік бар. Ол үшін мен автормен келісім-шарт жасайтын үлкен қүжаттар жасауым керек екен. Авторлар қоғамының төрағасы Б.Есеналиев қолдау көрсете алмайтынын айтты. Қазір XXI  ғасыр, әлеуметтік желі көп. Мен Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісімін. Сол секілді Қазақстан театрларының әдебиет бөлімі меңгерушілері деген ортақ чатымыз да бар. Біз кез келген уақытта пьеса алмасамыз, кітапханадан немесе порталдардан пьесаны ала аламыз. Тіпті пьесасы театр табалдырығынан аттаса болды қаламақы сұрайтын, ішінде бір кейіпкер тышқан болса қуыршақ театрына арналған дейтін авторлар да кездеседі. Бұл жердегі басты мәселе, авторлар мен театр арасында психологиялық меморандум болуы керек. Театрмен, режиссермен бірлесе жұмыс жасалса біз саналы ұрпақ тәрбиелеуге қадам жасаймыз. Бүгінгі театр мен көрермен арасындағы инициатива мүлдем бөлек. Авторлар менеджерлік жүйеге икемделгендері дұрыс. Яки тауарды сату үшін сұранысқа лайық шығармалар жазу керек. Әлеуметтік желілерде шығармаңызды жарнамалаңыз, үзінді беріңіз, ролик түсіріңіз, афиша жасаңыз. Егер кітапханаға түссе кітапхана жүйесіне журналистерді, филологтарды қызметке алсын. Мамандар шығармаларға андатпа жазып желілерде жариялап отырсын. Сол кезде материалдар жарыққа шығады. Бастысы жарнамалаңыз. Кітабым шықса, кітабым кітапханада тұрса деген шолақ ойдан арылу керек. Сіз шығармаңызды сатуды үйренуіңіз керек. Қуыршақ театрына пьеса әкелген драматургқа қоятын бірінші сұрағым: «Сіз қуыршақ театрының спектакльдерін көрдіңіз бе?» Өкінішке қарай, басым көпшілігі: «Жоқ», – дейді. Балалар қойылымының көбі танымдық және интерактивті әрекетке құрылған. Себебі бала 15 минуттан соң шыдамы таусылып қозғала бастайды, ал театр баланы 45 минут ұстап тұруы керек. Авторлардан сұрайтыным, балаларға ертегі немесе пьеса жазсаңыз, бала ойымен бала болып жазыңыз. Тіпті батырлар жырының, аңыз-дастандардың инсценировкасын яки сахналық жүйесін жасап беріңіздер. Сонда бізде толыққанды ұлттық фольклорлық қойылымдар сериясы сахналанатын еді. Қәзір эксперименттік драматургия пайда болды. Бүгінгі күні режиссерлер өздері жазып, өздері қоятын болды. Өйткені олар сахнаның және көрерменнің тілін түсінеді.  Баланың пікірімен санасады. Негізі, психологиялық бағытта баланың жас ерекшелігімен, баланың даму сатысымен жұмыс істесек неше түрлі шығармаларды дүниеге әкелуге болады. Балалар қойылымы ең таза қойылым болуы шарт. Баланың әр қимылын бақылаңыздар, олардан шығармашылық этюд жасаңыздар.

Биылғы жыл балалар әдебиеті жылы деп жарияланды. Көптеген жұмыстар атқарылды. «Балалар әдебиеті жылы» аясында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы Мәдениет және спорт минстрлігінің қолдауымен, «Qalamger.kz» әдеби-танымдық порталында балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармалар үшін  «ЕР ТӨСТІК» әдеби байқауын жариялады. Жақсы шығармалар бар. Бірақ балаларға арналған  драматургия жоқ.

Қазақ радиосында сенбі, жексенбі күндері Т.Сұлтанқызы «Балаларға базарлық» атты радио спектакль береді. Біз артистер қауымы барып оқимыз, дубляж жасаймыз, ертегілерді редакциялаймыз, оқу үшін пьесаға айналдырамыз. Елордада музыкалық фондар қою арқылы ол үлкен монтаждан өтеді. Артынан қазақ радиосының алтын қорында сақталады. Міне осы жобаға ертегі оқу да бізге үлкен мәселе. Тағы да авторлар рұқсат бермейді. Тағы да қаламақы мәселесі, немесе тағы басқа арғы жағында мәселе туындап тұрады. Бұл да балалар үшін жасалып жатқан жоба ғой.    

Ең бастысы, жақсы бір жас драматургтар өсіп келеді. Қ.Мұрат бастаған «Ритм» және Drama.kz драма парақшасы жастардың пьесаларын тұрақты жариялайды. Сондай-ақ Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨА Өнертану факультетінде «драматургия» деген арнайы бөлім бар. Драматургтар Д.Исабеков, С.Балғабаев, С.Елубаев, Қ.Мұрат дәріс береді. Бірақ балалар драматургиясы бұл жағынан да қалыс қалып келеді. Жоқ емес, санаулы театрда қызмет істейтін балалар драматургтары бар. Олар: Қ.Ешмұратова, Т.Хасанғалиева, Д.Саламат, С.Алтай, Р.Ыбыраева, Ү.Молдаберген, А.Салбан. М.АбайДілдә. С.Пірманов сынды авторлар.

Енді біз ертегі жазатын авторларға құда түсетін болдық. Олар көп-ақ. Әттең-айы спектакль көрсе дейсің ғой. Тұщымды 7-8 беттік ертегі жазса өзіміз-ақ сахналық жүйесін жасап, сахнаға икемдеп алар едік.

Қазір репертуарымызда отыздан аса қойылым бар. Соның екеуі ғана қазақ авторының қойылымы. Қалғандары шетелдік аудармалар. Театр өнер мешіті, театр өмір айнасы, театр мәдениеті киімілгіштен басталады дейміз. Ал  балалар драматургиясы жетімнің күйін кешуде!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір