БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ПОЭЗИЯ
Саят ҚАМШЫГЕР, ақын, аудармашы, «Алтын сақа» балалар баспасының бас редакторы
Балалар әдебиетіндегі поэзиялық кітаптарға тоқталу үшін осы жылда шыққан кітаптарды біраздан бері іздедім. Қолыма Байбота Қошым-Ноғайдың «Жан-жануарлар мен құстар әліппесі» (Алматы, «Асыл кітап» баспасы, 2021 ж), Болат Асановтың «Ең әдемі құс қайсы?» (Алматы, «Алматы-Болашақ» АҚ, 2020 ж), Серік Әкрамұлының «Ұқыпты бала» (Алматы), Қуат Адистің «Кемпірқосақ» (Қызылорда, «Ақмешіт Баспа үйі», 2020 ж), «Дәрумендер дауасы» («Қызылорда, «Ақмешіт Баспа үйі», 2021 ж), Серікбол Хасанның «Әкесінің қызы» (Нұр-Сұлтан, «Мүфтият» баспасы, 2021 ж), Саят Қамшыгердің «Кім болам?» (Алматы, «Алтын сақа» баспасы, 2021 ж), Бүбішхан Тікебайдың «Нұрлы көктем» (Алматы, «Тоғанай Т» баспасы, 2021 ж) кітаптары түсті. Енді соларға қысқаша тоқталайын.
Байбота Қошым-Ноғай – балалалар әдебиетіндегі белгілі, айтулы ақын. Көп жылдардан бері осы салада келе жатыр. Республикалық «Балдырған» журналында қызмет етеді. «Жан-жануарлар мен құстар әліппесі» кітабы түрлі-түсті жапсырмаларымен шыққанын атап айтайық. Ол жапсырмаларды бүлдіршіндер тиісті әріптің тұсына жапсырады. Кітапта әр әріпке бір аңға, бір құсқа екі жолдық ұйқаспен өлең жазылған. Мысалы А әрпіне былай жазылыпты:
Аң патшасы АРЫСТАН,
Айбат шегер алыстан.
АҚСҰҢҚАР – құс төресін,
Тек биіктен көресің.
Л әрпіне:
ЛАМА – түйе тұқымдас,
Ол да аңшыдан құтылмас.
ЛАШЫН ұстап жемтігін,
Басып отыр ентігін. 5-7 жас арасындағы балаларға әріптерді қызықтырып үйрететін бұл кітап суретпен, әдемі, ыңғайлы болып шыққан. Байбота Қошым-Ноғай бұл кітабы арқылы балалар әдебиетіне ғана емес, оқу-ағарту саласына да үлес қосып, олжа салып отыр.
Болат Асанов – Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында тұрып жатқан балалар ақыны. «Ең әдемі құс қайсы?» кітабы орта буындағы оқушыларға арналыпты. Өлеңдер, мысалдар, жаңылтпаштар, жұмбақтар топтастырылған кітап 240 бет болып жарық көрген. «Қыс түні» деген өлеңі былай өріліпті:
Аспанға қарадым,
Ұқсастық қызық-ай:
Қалықтай барады,
Балықтай жүзіп ай.
Түнгі аяз өтінде,
Ақша бұлт оймақтай.
Көк сүттің бетінде,
Қалқыған қаймақтай.
Жұлдыздар – шырақ тас,
Шашбаудай шиырған.
Сауытты қыраттар,
Сүт – сәуле құйылған.
Көз алдыңызға қысқы түннің әдемі суреті елестейді. Айды жүзген балыққа, бұлтты қалқыған қаймаққа теңеуі сәтті шыққан.
Түрлі тақырып қамтылған бұл кітап балаларға тәрбиелік құрал бола алады. Туған жер мен табиғат, туыстық атаулар, хайуанаттар әлемі, ұрпаққа үлгі болар тұлғалар, адам мінезі мен қасиеті жайлы өлеңдер өте қызықты.
Серік Әкірамұлының «Ұқыпты бала» кітабына балаларға арналған сан түрлі тақырыптағы өлеңдері енген. Автордың балаларды қазақы болмыс, ұлттық рухта тәрбиелеуді мақсат еткені көрініп тұр. Ұлттық құндылықтарды қастерлеп, ел мен жерді, халықты сүюге үндейтін өлеңдердің тілі жатық, мазмұны бай, тәрбиелік мәні зор. «Бағдаршам» деген өлеңге назар аударайық.
Бағдаршамның бар күші,
Бәрі оны мойындар.
Жанған кезде сары түсі,
Тоқтауға онда дайындал.
Әрбір түсін аңғар да,
Жатта белгі түрін де.
Қызыл шамы жанғанда,
Болмайды енді жүруге.
Жүр! Рұқсат дегендей,
Жасыл жанды, алақай.
Жолдан енді бөгелмей,
Өте бергін, балақай!
Бағдаршамның қызметін бүлдіршіндерге қарапайым, түсінікті, жеңіл етіп жазған. Ақынның осы кітаптағы «Жеміс-жидектердің айтысы», «Сағат тілі», «Ел бірлігі» сияқты өлеңдерін де ерекше атағым келеді.
Қызылорда облысында тұратын ақын Қуат Адис жас оқырмандарға кеңінен танымал. Биыл жарық көрген «Дәрумендер дауасы» кітабы арқылы ақын балалар әдебиетіне құнды қазына әкелді. «Әткеншек» деген өлеңін оқып көрейік:
Қарындасым Келбетті,
Әткеншекте тербеттім.
Құстай самғап әп-сәтте,
Шарлап кетті ол жер-көкті.
Ашыпты оған жол ғалам…
Көктен жерге қонды аман.
Көргендерін баяндап,
Былай деді ол маған:
Биік ұштым баудан да,
Биік ұштым таудан да.
Араласып бұлтпенен,
Жерге түстім жауғанда.
Әткеншекке мінгенде,
Ұшқыш болдым бір демде.
Әттең, әкем тербетсе,
Табысар ем Күнмен де.
Көріп отырсыздар, Қуат Адис – балалар әдебиетіне әбден төселген, өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан ақын. Оның «Бәсіре», «Нөсер», «Гүлдің аты – қыз аты», «Шынықсаң шымыр боласың», «Киіз үй», «Бағдаршам», «Бақбақ», «Әткеншек», «Сиқырлы қылқалам», «Шаңырақтың иесі», «Біз биікте тұрамыз» сияқты өлеңдері де айрықша тоқтауға тұрарлық.
Саят Қамшыгердің «Кім болам?» деген кітабы ең қажетті отыз түрлі мамандықты балаларға таныстыруымен құнды. Мамандықтың түрлерін қысқа өлеңдер арқылы, соған сай салынған сурет арқылы үйренетін ұл-қыздарға болашақта таңдау жасауға көмектесетін кітаптағы кюар код арқылы телефонның көмегімен аудиосын тыңдауға да болады. Осы кітаптағы «Дәрігер» деген өлеңді мысал етіп алайын:
Жастар менен кәрілер,
Ауырғанда дәрі бер.
Жан мен тәнді емдейді,
Мейірімді дәрігер.
Көрсем ғажап күйге енем,
Қайтам жайнап үйге мен.
Денсаулықты күтуді,
Дәрігерден үйренем.
Балалар әдебиетінде өнімді еңбек етіп келе жатқан ақынның бірі – Бүбішхан Тікебай. Балаларға арналған 10 кітаптың авторы. «Нұрлы көктем» кітабына табиғат құбылыстары, балалардың дүниені тануына көмектесетін өлеңдері топтастырылыпты. «Тау» деген өлеңінде:
Алатау биік шың,
Ақ бұлтты сүйіпсің.
Мекені осы тау,
Арқар мен Киіктің.
Тау деген алыстан,
Мұнартып тұрады.
Тап-таза, аппақ қар,
Қар басқан шынарды, – дейді ақын.
Серікбол Хасан да осы салада өнімді жазып, еңбек етіп келе жатыр. «Әкесінің қызы» кітабында «Менің әкем», «Ибалы қыз», «Дос керек», «Қолыңды жу», «Тазалықты сүйемін», «Алғашқы қоңырау», «Сапарға әкем кеткенде», «Үйге қонақ келгенде» тәрізді бірнеше өлеңдер бар екен. Барлығы да балалардың оқуына жеңіл, ықшам. Әкесі мен қызының арасындағы құрмет пен ізгі қасиеттерді қамтыған бұл өлеңдер үш жастан асқан балаларға арналыпты. Ақынның «Менің әкем» деген өлеңінен бірер шумақ:
Біздің үйдің тірегі,
Мейірімді жүрегі.
Менің әйбат әкемді,
Бүкіл қазақ біледі.
Еңбекпенен шыныққан,
Жұмыстан бір қалмайды.
Келгеннен соң жұмыстан,
Бізге уақыт арнайды.
Кітап оқып талай біз,
Бірге әндетіп, сайраймыз.
Теледидар қараймыз,
Асыр салып ойнаймыз.
Әке туралы осындай өлеңдер керек қой. Осындай өлеңді оқыған соң әкесін ардақ тұтар, сыйлап, қадірін біліп, құрметтер ұрпақ көбейеді.
Балалар әдебиетінің дамуына, оқырмандарға жетуіне балалар басылымдары ерекше үлес қосып келе жатыр. «Балдырған», «Мөлдір бұлақ», «Ақ желкен», «Ұлан», «Балбұлақ», «Әйгөлек», «Балабек» сияқты газет-журналдар ақын-жазушылардың балаларға арналған туындыларын үздіксіз жариялауда. Балаларға арналған барлық басылымдардан байқағаным балаларға өлең жазатын ақындар саны көбейіп келе жатыр. Серікбол Хасан, Олжас Қасым, Еділбек Дүйсенов, Ернұр Сейдахмет, Дина Бөкебай сияқты жастардың осы салада ізденіп, еңбектеніп келе жатқаны көңілге үміт ұялатады. Болат Үсенбаев, Шәмшия Жұбатова, Ербол Бейілхан, Еркебұлан Загипаров, Айжан Тәбаракқызы, Алпамыс Файзолла, Нұрбек Нұржан, Гүлімай Әбішқызы сияқты ақындардың да балалар тақырыбына жазып жүргенін байқап қаламыз. Алда осы баяндамада есімдері аталған ақындардың кітаптары жарық көрсе, балаларға арналған газет-журналдарда жиі жарияланса деген тілегім бар.