Кеудесін жарған керімсал өлең
25.12.2015
3478
0
9228_1504178170_741930_988803010____________________________________Кеңестік жүйеде тәрбие алған барлық жасөспірімдер сияқты Ж.Әскербекқызы да алғашқы өлеңдерін анаға, туған жерге арнайды. Бірақ сол балаң кезіндегі өлеңдерінің өзінен-ақ ақынның сөз саптасының өзгеше екенінің куәсі боламыз.

Оның өлеңдерін оқи отырып, сол бір се­зім шырғалаңын өз  басыңнан кешірген­дей әсерде қалуың да сондықтан. Сонан да бо­лар, оның өлеңдері кез келген оқырман­ның жанына жақын, ойына қонымды, жүрегіне жылы тиіп жатады.
Көмкеріліп сұлбасы сағымменен,
Алыстап бара жатыр ауыл менен.
Қайта-қайта бұрылып қарай бердім,
Қарай бердім, тербетіп жанымды өлең,
– де­ген жолдар ауылдан ұзап шыға бергенде әр­кімді-ақ  мазалайтын көңіл-күй құб­ы­лы­сы. Туған жер, атамекен, яки табиғат ли­ри­ка­сы Ж.Әскербекқызының арналы та­қы­рып­тарының бірі. Прозадағы О.Бөкей шы­ғармашылығы сияқты, Жанаттың ли­ри­ка­сынан да Шығыс Қазақстанның тамаша табиғатын, сұлу көктемі мен жайма-шуақ жа­зын, қытымыр қысын анық танып оты­ра­мыз. Табиғат пен адам арасындағы қа­ты­нас, табиғаттың өнермен байланысы туралы Ж.Аймауытовтан артық айтқан ешкім жоқ: «Өзгермейтiн, алдамайтын, таза қа­сиет­тi нәрсе не? Ол – табиғат. Таби­ғат, ма­­хаббат, көркемдiк, мiне, қашаннан берi ақындардың  жырлап келе жатқан, бас иген құдайы, жабыққан жанына ем болған даруы». Жанат туған өлкесінің сұлу та­биғатын жалаң жырлаудан аулақ, ол сол өзі өскен, бала күнінен сырын ұққан киелі жердің әсем бейнесінің астарына үңілуге құштар. Ол әр аймақтың, әр мекеннің, әр қыраттың, әр шоқының өз тарихы, адам тақылеттес өмірі болатынына сенеді және соған оқыр­манын да иландырады. Туған жер Жанат лирикасында сағынышпен тамырлас, әр­дайым өзінің тәу етіп, қадыр-қасиетіне бас иетін рухани тірегі сияқты. Ақын көңілі қай­да жүрсе де туған жерге деген іңкәр­лы­ғынан, сағынышынан ажырай алмайды. Ата қоныста әр бір қазақ баласы жатқа ай­та­тын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жы­рын­дағы Ай мен Таңсықтың елмен, жермен қош­тасу әуеніне сап:
«Сағым жөңкілген белім аман ба,
Жалпақ жұрт – жайлау – төрім аман ба?
Аңыз боп жеткен ата қонысым –
Қос Арғанаты, желің аман ба?», –
деген өлең жол­дары  кімнің де болса жүре­гін елжіретері сөзсіз. Ақын танымындағы жел ерекше си­­­мволдық образ. Жанаттың табиғат туралы лирикаларының көбінде жел еркеліктің, еркіндіктің қозғаушы күші ретінде көрініс береді.
Ынтызар едім желіңе бұла,
Демеу жетпей жүр деміме мына.
Кеудемді жарған керімсал өлең –
Тіріге сәлем, өліге дұға.

Өзекті жарып шыққан өлең болмысын ақын желдің қасиетімен параллель сипатта бей­нелейді. Керімсал өлең… Ыстық ап­тап­та­ғы аңызақ жел, қызуы қайтқан ыстық жа­лын сияқты. Кеудені жарып шыққан өлең­нің  де дәл сондай ыстық екеніне еріксіз ұйый­сыз. Ақынның туған жерге бағыштаған дұ­ғасы да, сәлемі де өлең. Қайшылықты екі құ­былыстың басын біріктіріп тұрған бір ұғым.
Адам ғұмыры өтпелі, қамшының са­бын­дай қысқа, ал табиғат мәңгілік. Ол біз­дің бабаларымыз өткен дүбірлі жолдың көз алдымыздағы тірі куәсі. Мысалы, «Кө­не Ғұн тауын аңсадым, аға» деген ли­ри­ка­сын­да  ақынға ой салған Берел қорғанынан табылған Алтын адам туралы ақпарат се­кілді, бірақ оны қуаныш көріп әлемге жар сап жатқан бүгінгі ұрпақтың санасында өт­кен тарихымыздағы ұлылық, ерлік, аза­маттық парыз деген түсінік-пайымдардың қаншалықты сақталып қалғаны алаңда­тады.
Ғұн тауы еді паналар жері,
Бөрілер бүгін құрыған.
Тау жүрегі де жарадар ма еді,
Бір үн естимін ұлыған.
…Көне ғұн тауын аңсадым, аға…

Жалпы, Ж.Әскербекқызының поэзиясында тарихи деректер мен оқиғалардың мәні-маңызы жеке тақырып ретінде жиі көрініс беріп отырады. Және әрбір тарихи құбылысқа ақын әрдайым өзінше баға бе­ріп, оның  жұрт көп назар аудара қой­май­тын нәзік тұстарына өзінің шығармашылық қия­лы арқылы барлау жасап, жаңаша ой түйіп, тың тұжырымдар жасауға қалыптас­қа­ны байқалады. «Білге қағанның бақұл­дасуы» деген лирикасында қағанның ішкі мо­нологын былайша сипаттайды:
Бастыны жүгіндірдік,
Тізеліні шөктірдік,
Тоңғанды жылындырдық,
Өштіні – жоқ қылдық.
Деген ем қақырамайтын
Қағанат құрам,
Байтақ жұртымды намысы барға
Аманат қылам…

Өлеңнің формалық құрылымының өзі сол баяғы көне түркілік тас жазуындағы жыр үлгісіне ұқсас. Мазмұны  да сол жыр­дың жал­ғасы секілді, Білге қағанның өкіні­шін, мына жалғанда бәрін жасауға адам өмірінің жете қоймайтын қысқалығын айтып, бо­ла­шақ  ұрпағының қамын ойлаумен өткенін ақын қағанның аузына жоғары пафосты сөз­дерді салу арқылы ұтымды жеткізген. Ақын сомдаған лирикалық қаһарманның тү­сінігіндегі ел басқаратын адамның ақыл­ды, парасатты, саясатта көреген болуы бел­гілі жайт, ал Білге қағанға солардың бә­рінен де намысты жоғары қойғызуының да өзіндік себебі бар. Намыс әділдіктің, адал­дықтың серігі…
Тарбағатай – күміс су, алтын бел-ді,
Сусып дәуір, ғұрпы мен салтын көмді.
Қола дәуір сарқыты – бұл шырағдан
Сол күндерден қалған бір жарқын белгі.

Ақын осы жерді мекен еткен біздің ата-ба­баларымыздың осыдан мыңдаған жылдар бұрын да мәдениеті ешкімнен төмен бол­мағанын, олардың өздеріне тән эс­те­тикалық танымдары мен талғамының бол­ға­нының дәлелі ретінде шырағданды куә­лік ретінде ұсынады. Ақын шырағданның қола дәуірінен біздің заманымызға аман-есен жетуінің өзін символикалық сипатта түсіндіреді:
Шырағданды бабамыз қалдырған-ау,
Өзі жаққан алау от сөнбесін деп.

Ақын жырларында көзге жиі түсетін та­­биғат образдарының бірі – Ай образы. Мы­салы, «Айды етекпен жаба алмайсың, Сұм­дық бұл, Ай жүзінде айдай болып шындық тұр» деген өлең тармақтары кез келген оқыр­манның көкірегінде жатталып қала­тын айшықты да мазмұны терең жолдар. Ай образын сомдауда ақын көп ізден­ген, фольклордан бастап, бүгінгі әдебиетке дейін оқып қана қоймай, өз лирикасында орнымен пайдалана алған.
Мен түнге айналамын,
Айдан алқа тағамын,
Жұлдыздан сырға саламын, –
деген жолдар Мағжанның «Жұлдызды – жү­зік, Айды – алқа ғып берейін» деген өле­ңін еске түсі­ре­ді, бірақ  Жанат соны жаңа мазмұнда пай­даланады. Айдың сыр-сипа­тын сөзбен құ­былтуда ақын әр алуан бейнелі сөздерді жиі қолданған. Оның әр өлеңінен Айға қатысты айшықты теңеу мен ұтымды метафораларды, метонимияларды, синекдоха мен сәтті шыққан паралле­лизм­дерді жиі ұшыратамыз. «Ай – жалғыз да, жұлдыз көп», «Ай көңілі қаяулы», «қиық Ай көк­тен қиылып қарады», «Ай туыпты тігі­нен», «Ай­ға қарап түнімен, ақ қағазға төктім мұң», «Ай жылады, білдің бе, айны­ғаның бұл се­нің», «ішкі дүнием – Ай тұтыл­ған түн әлем», «Ай сұп-суық, үнсіз», «сағын­ған Ай, жұмбақ Ай, налыған Ай», «ақын жаны санамас  Айды бөтен», «мен адаммын Айға айналған екен­мін», «Ай бесікте әлди­леймін сонан соң», «Ай нұрынан ақшыл желек бүркеніп», «ай­ма­лаған Айға қылып құлшылық», «жарты Ай жатыр ойға шомып бір ауыр», «Ай көзінен жұлдыз тамшы сырғыса», «сен күнәһар, са­лып кеткен Айға дақ», «ал, Ай үшін Темір­қазық – бір нүкте» деген суретті сөздер со­ның дәлелі.
Халқымыздың тарихи тамырынан сыр тар­татын «Бұрынғы әуен», «Кешегі әуен», «Сұл­танмахмұтпен сұхбат», «Баба жұртына оралу», «Тастағы таңба», «Білге қағанның Күл­тегінді жоқтауы», «Маңғыстау деген өл­ке бұл» деген эпикалық сарында жазыл­ған өлеңдерінде ақындық қиял арқылы осыдан талай ғасыр бұрын өмір сүрген ата-бабаларымыздың қарапайым адам ретіндегі жан дүниесіне еніп, олардың арман-мұ­рат­та­рын сыршылдықпен жырға қосады. Ақын бірде көне дәуір трагедиясын сол за­манға сай ырғақпен, жыраулардың өздері қол­данған жыр өлшемімен жеткізеді.
Шалкиіз жырау шалған жұрт,
Қазтуғаннан қалған жұрт,
Доспамбеттей қыршын ер,
Соңғы демін алған жұрт,
Ақтамберді толғанып,
Махамбет атой салған жұрт.

Әр жыраудың өмірі өзінше бір дәуір, өз­геше бір тарих. Ақын он бесінші ғасырдан бергі кезеңдегі күллі тарихи кезеңдердің хро­нологиялық  жылнамасын бере  отырып, сол батыр жыраулардың ұрпағы біз – қа­зақ­тар екендігімізді мақтанышпен жыр­ға қосады. Тарихилық оның шығармашы­­лы­ғының өн бойында ылғи да қайталанып оты­рады. Қазақ тарихында  өздерінің  өш­пес ізін қалдырған батырлар мен ақындар, ел бастаған көсемдер  мен шешендер Жа­нат­тың лирикасында романтикалық си­пат­та бізге беймәлім жаңа қырларынан көрі­ніп, оқырманға өзгеше ой салады. Ақын тарихи тұлғалардың өлмес образдарын сомдай отырып, олардың бүгінгі ұрпа­ғын ерлікке, мәрттікке, ірілікке үндейді.
Жанат қай өлеңінде болмасын, халық­тың фольклорындағы, тарихи жырлары мен дастандарындағы айшықты ойларды, әдемі тіркестер мен типтік бейнелерді өз шығармаларына үйлесімді етіп шебер пайдаланады. Бізге бала күнімізден таныс ауыз әдебиеті мен ертегілердегі образдар ақын лирикасында басқаша қырынан, өзгеше мінездерімен есте қалады. «Перінің қызы Бек­торы» дәл сондай образ. Күллі әрекеті, болмысы ғасырлар бойы тыңдармандары мен оқырмандарының көкейіне қорқыныш ұялататын, бір кездері жағымсыз образ деп қарадай ат-тонымызды ала қашатын Бек­торыға Жанаттың өлеңін оқығаннан кейін кімнің  де болса рақымы түсіп, аяушылық­пен қарайтыны бекер емес. Бекторы ақын лирикасында адамға тек қана қастық ойлайтын пері емес, жай ғана жолы болмаған пен­денің бірі ретінде суреттеледі. Ақын жы­рындағы лирикалық  кейіпкер Бек­то­ры­­ның романтикалық сарындағы мифтік қа­сиетінен арылып, архайкалық образдың реа­листік сипатқа көшкенін аңғарамыз.
Пендеге айтпа өкпені,
Перінің қызы Бекторы.
Қайтесің мыстан-пиғылды
Тәңіріңе сиын көктегі.
Сынықси күлмей сыр бүгіп,
Көрсеттің несін сұм қылық.
Сорқұдық кімге сор мекен,
Сорлы жер, сірә, шерге тең.
Төстіктей ерді қай күні
Шыққыр да көзің көрді екен?!

Ақынның өз кейіпкеріне «мыстан пи­ғыл­дан жеріп, тәңіріңе құлшылық ет» деген сөздерінің астарынан да оны райынан қай­туға шақырып, қарапайым адам ретінде қа­былдайтынын аңғарсақ, ал сол перінің қы­зының «сынықси күліп сыр бүккен» мі­незінің өзі өмірде жиі кездесетін арамызда жүрген шайпау мінезді жандардың бірі ғана екенін айғақтай түседі.
Ертегі желісінде Кенжекей Сорқұ­дық­тың басына қонғаны үшін «Сорқұдықтың басына, сорға бола қонды әкем», – деп Ер­төстіктің әкесі Ерназарды кінәласа, ақын Сорқұдықтың керісінше Бекторыға сор болып жабысқанын өзінше дәлелдейді. Ақын лирикалық шегініс жасап, өзіне-өзі «Сор құдық кімге сор мекен?» деген сұрақ қоя­ды. Расында да осы бір эпизодтағы өлең­нің идеясы нені меңзеп тұр? Сорқұдық басынан сорлап шыққан кім? Ол – Бекторы. Сондықтан да оған ақын мүсіркей қарайды. Егер  оның шыққыр көзі Ер­төстікті көрмесе перінің қызы ондай қарау ойға бармас па еді? Ол да өз сүйген адам үшін ба­сын бәйгеге тіккен, сол жолда құрбан бол­ған шерменденің бірі ғана.
Жанаттың лирикасын оқи отырып, оның өлеңдерінің мазмұнынан өзіміз өмір сүріп жатқан бүгінгі заманның сыры мен сипатын, қоғамның  әр алуан құбылыс­та­рын, адамдардың бойындағы сан қилы мі­нез бен ерекшеліктерді жазбай танимыз.
Ол өзінің басынан өткізген көңіл-күй құ­былыстарын әрдайым өзіне ғана тән на­қышпен, сезімді  қозғайтын  нәзік иірім­дерді суретті сөзге айналдыруда өзгелерде көп кез­десе бермейтін қарама-қайшы құбы­лыс­тарды салыстыра суреттеу тәсіліне жиі жүгінеді.
Жанат өлеңдерінің тағы бір ерекшелігі – оның өлеңдері төрт аяғы тайпалған жорға сияқты. Ақынның өлеңнің әуезділігіне, ұйқастың шымыр да сұлу болып шығуына көп мән беретінін байқаймыз.
Ж.Әскербекқызы қазір қазақ поэзиясында өз орны бар, өзіндік стилі қалыпта­сып, өз жолын тапқан ақын. Ол жай ғана ақын емес, ғалым, зерттеуші ақын. Сондық­тан да Жанаттың поэзиясында биік ин­тел­лектуалдық қасиет көзге көрініп тұрады. Зерттеушілік ол нақты деректі, дәлелді қа­жет етеді. Ал сол ғылымда да кейде ойша бар­лау жасап, қиялмен, түйсікпен сезетін, бі­рақ анық айғағың болмай аһ ұрып өкі­нетін кездерің болады. Жанат сондай сәт­терін өзінің лирикасында үйлесіммен жыр­ға айналдыра білген ақын.
Ақын үшін мынау маңызды өлең, мынау мәнсіз өлең, мынаусы үлкен, мына бірі кіш­кентай деген түсінік жоқ. Егер өлеңді оқығанда ол бізді өз арнасымен алып кетер бол­са, егер ол өлеңнің болмысынан адам жа­ны ләззатқа бөленер болса, онда оның шы­ғармашылық тұрғыдан құнды болғаны. Әрине, біз кез келген өлеңді ғылыми жа­ғынан талдай аламыз, оның құрылымы мен ұйқасын, мазмұны мен мәнін ашып көрсете алуымыз мүмкін, бірақ оның рухани сал­мағын ешқашан да таразыға салып өл­шеп бере алмаймыз. Сондықтан да біздің сөзі­міз, қалай  десек  те, жеке адамның көз­қарасы болып қала бермек…

Жолдасбек Мәмбетов,
 М.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институтының жетекші ғылыми
 қызметкері, ф.ғ.к., доцент.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір