Арыстан жүрек
Жұмабек Тәшенов – қазақ үшін, «Қазақ әдебиеті» газеті үшін, осы газеттің оқырмандары үшін қастерлі тұлға. Өткен ғасырдың қиындау, қысымы көптеу заманында ұлт болашағы жолында, мемлекет жерінің тұтастығын ойлап, ұлттық баспасөздің әлеуеті азаймауына қам жасап, азаматтығын таныта алған нән тұлғалардың қатарындағы аяулы есім. 1986 жылғы 16-18 желтоқсанда денесін аяз қарыған, жүрегі жалғыздықтан мұздаған қазақ баласы басынан сипар, көз жасын сүртер тұлғасын іздеді. Батыр Бауыржанның жоқтығы сол кезде анық байқалды деп еді бір қаламгер ағайымыз. 1986 жылдың 16 желтоқсанына бір ай ғана уақыт жетпей, сол жылғы қарашаның 18 күні, 71 жасында көз жұмған Жұмабек Тәшеновті де іздеген шығар қыр баласы? Қазақтың кең даласының кішкене пұшпағын да жаттың қолына бермеу үшін қызметтік мансабын құрбан қылған, қазақ саясаты, қоғамы, мәдениеті мен әдебиеті үшін ірі-ірі қадамдарға барған айтулы тұлға дәл осы аласапыран шақта қазақтың жанын жылытар сөзін аяп қалмас еді ғой деген бір ой келеді. Тағдыр тақтасының жазуы басқа болды, желтоқсанға жетпей үлкен бір тұлғасын елі мәңгілік сапарына аттандырып салды…
Тәшенов билікке келген уақыт – Сталиндік қуғын-сүргін аяқталған, жылымық кезең болып суреттеледі. Алайда, дәл осы «жылымық кезеңде» қазақ халқының болашағы үшін түрлі жымысқы әрекеттер ойластырылып жатқан еді.Никита Хрущевтің: «Патшалық Ресей екі жүз жылда істей алмағанды, мен екі-ақ жылда жүзеге асырдым», – деген сөзі бар екен. Бұлай дейтіні, патшалы Ресей тұсында басталған қазақ жерін отарлау жоспарын дәл осы Хрущев жүзеге асырды емес пе? Бұл жоспар – астық өндіру ғана емес, Қазақстанға КСРО-дағы өзге ұлт өкілдерін де жаппай қоныстандырудың жолы болатын. Н.С.Хрущев осынау ауқымды жобаны іске асыру үшін КСРО-ның соғыстан кейінгі жинаған бар байлығын тың өлкесіне төкті. Тың игеруді желеу етіп, 1954-60 жылдары екі миллионнан аса өзге ұлт өкілдерін қазақ жеріне қоныстандырды. Тың игерушілерге алапат материалдық көмек көрсетілді. Астықты аймақты Ресейдің қарамағына өткізу үшін Торғай, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Павлодар облыстарымен бірге Қарағандының солтүстік бөлігін біріктіріп «Тың өлкесін» құрды. Астанасы – Ақмола қаласы болған бұл өлкенің жеке партия комитеті мен атқару комитеті, Мәскеу тікелей тағайындайтын Бірінші, Екінші хатшылары, төрағалары, тіпті жеке бюджеті де болды. Сол кездегі Республика басшыларына қыр көрсету үшін совхоз директорларын Кремль өзі таңдап – азулы генералдар мен полковниктер, зауыттар мен фабрикалар басшыларын Тың өлкесіне арнайы шығарып салды. Бұл директорлар Қазақстан құрамындағы ауылды басқаруға емес, сол ауылды тартып алуға келгендей жұмыс атқарды. Мәселен, Көкшетау облысындағы Горький атындағы совхоздың директоры Н.Ф.Козинец: «Мен, Көкшетау облысындағы №5 совхоз директоры Козинец, КСРО совхоздар министрлігінің №260-шы бұйрығына сәйкес жерді және ондағы бір шоқ қайыңды қабылдап алдым», – деп жазған екен. Тағы бір мысал, Алматыда Үкімет мәжілісінде мінбеге көтерілген Тың өлкелік кеңшарлар басқармасының бастығы А.И.Козлов: «Жұмабек Ахметұлы! Біз сіздерден ештеңе сұрамаймыз, тек Мәскеудің бергеніне тимесеңіздер болғаны», – деп шалқаяды. Сонда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Ж.Тәшенов: «Тың өлкесі Қазақстанның құрамында, ал Қазақстанды оның Орталық партия комитеті мен Үкіметі басқарады. Сіз сол партияның мүшесісіз. Мынадай қыңыр мінез бен істі қоймайтын болсаңыз, партиядан шығарып, орныңыздан аламыз», – деген екен…
Иә, сырт көзге мамыражай көрінген, шынтуайтында, Қазақстанның біраз бөлігін жырымдап бөлу әрекеті басталған үнсіз соғыстар жүріп жатқан бұл уақытта Жұмабек Тәшенов Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы еді.
1960 жылы Тың өлкелік партия комитетінің 1-ші хатшысы Т.И.Соколов Ақмоланың атын Хрущевград деп өзгертіп, тың өлкесін Қазақстаннан бөліп алып, тікелей Одаққа қарайтын өлке ету туралы ұсыныс жасайды. Жұмабек Тәшеновтің өзі Мәскеуде Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу туралы Н.С.Хрущевтің әрекетіне қалай тойтарыс бергенін былай деп еске алады: «Кешкі сағат он кезінде менің бөлмеме Д.А.Қонаев (сол кездегі Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы) телефон шалып, Хрущевтің екеумізді шақыртып жатқандығын айтты. Бұрын кездескенімізде жылы шырай көрсететін мәскеулік бастық жүзінен бұл жолы қатаңдық байқалды. Сөзін бастағаннан-ақ: «Кеңес Одағындағы ұлт республикаларының жан-жақты дәрежеге жетуінің негізгі себебі – ол Кеңес үкіметі мен Ұлы партиямыздың көрегендік саясатының арқасында екендігін көпшілік білсе де, әлі күнге дейін соған дұрыс мән бермейтіндер жоқ емес. Соңғы кезде Саяси Бюро мәжілісінде Қазақстанның саяси-экономикалық мәселелері сөз болғанда, бұл республиканың алға дамуына кедергі келтіріп отырған түрлі себептер бар екендігі айтылып отырады. Солардың ең бастысы – республиканы басқарып отырған кадрлардың қазіргі талапқа сай келмейтіндігі және өзге республикаларға қарағанда жер аумағының өте кеңдігі, ал өндіріс салаларының өте көптігі. Ал енді осы жағдайларды ескере келіп, Саяси Бюродағы келісім бойынша осы кедергіні тез арада шешпейінше, республика алға жылжи алмайды. Кадр мәселесін кейінірек қарауға тиіспіз, қазір кезектегі және жедел шешетін мәселе – ол республиканың жер көлемі жайында болып отыр. Жолдас Қонаевпен және облыс басшыларымен пікір алысқанбыз. Бұл пікірімізді олар негізінен қолдады. Жұмабек Ахметович, енді сіздің пікіріңізді білгім келіп шақырып отырмын», – деді. Мәймөңкені білмейтін басым: «Никита Сергеевич, мен бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуының өзіне қарсымын», – дедім. Менің сөзімді естісімен-ақ бастықтың беті қызарып, көзі аларып, тұтығып, маған жалтақ-жалтақ қарап тұрып қалды. Сәлден кейін: «Саяси Бюроның келісіміне қарсы шығатын сен өзің кімсің, біз саған сенім білдіріп, республиканың үкімет басшысына дейін көтердік, ал сенің айтып отырғаның мынау. Бұл мәселені сендерсіз-ақ шешеміз. Кеңес елі бір мемлекет, қай жерді қай республиканың меншігіне беру КСРО Жоғарғы Кеңесінің еркі. Бұл жай пікір алысу еді», – деді. Халқымыздың «шешінген судан тайынбас» дегені есіме түсіп, пікірімді жалғастырдым. «Никита Сергеевич, – дедім, – егер Жоғарғы Кеңес әр республиканың жерлерін жергілікті органдарынсыз шеше беретін болса КСРО-ның және ұлт республикаларының Конституциясын жою керек қой. Ал ол Конституциялардың баптарында әр ұлт республикасы өзінің тарихи жерін, ондағы байлығын өз меншігім деп пайдалануға құқы бар. Оны өзгертуге ешкімнің, ешбір органның құқы жоқ» деп, ойымда жүрген Ата Заңымызда жазылған баптардағы тұжырымды айттым. Сөзімді жалғастырып: «Егер бұл заңдармен санаспайтын жағдай туса, онда біз халықаралық заңды мекемелерге дейін шағым беруден тайынбаймыз, ондай құқығымыз бар» деп айттым…
Димекең, Дінмұхамед Қонаев Жұмабек Тәшеновтің батылдығына таңғалғанын жасыра алмай, қонақүйге келе жатып: «Сіздің жүрегіңіз, Жұмеке, адамдікі емес, арыстандікі шығар» деп айтыпты деген сөз де бар.
Егер арыстан жүректі Жұмабек Тәшенов сол кезде Тың өлкесін Ресей құрамына өткізбейміз деп ашық қарсылық көрсетуге батылы жетпегенде, біз осы күнгі территориямыздың 565,4 мың шаршы шақырымынан немесе қазіргі жеріміздің бестен бір бөлігінен айырылып қалған болар едік. Ал сол бес облыстың қазіргі аумағында қазақтың тарихы, тағдыры, тұлғалары үшін қастерлі қаншама мекен бар? Бұл мекен қазақ халқының бастан өткерген қым-қуыт оқиғаларына да куә болған тау-тасы, даласы емес пе?..
Сөз басында Тәшенов есімі «Қазақ әдебиеті» үшін де, «Қазақ әдебиетінің» оқырмандары үшін де қадірлі екенін айтып өттік. Газетімізді қадағалап оқып жүрген оқырман хабардар, ұзақ уақыт үзілістен соң 1956 жылы қайта жарық көре бастаған «Қазақ әдебиеті» газетінің басына бұлт үйірілгенде дәл осы Жұмабек Тәшенов қайрат көрсетіп, басылымды жабылып қалу қаупінен сақтап қалған еді. Басылымды жабу жөніндегі ұсыныстар мен пікірлер айтылған ол жиналыс жайлы сол оқиғаны көзімен көрген Садықбек Адамбековтің естелігі газетімізде 1991 жылы басылған.
Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатында сол іс әлі сақтаулы. «Қазақтың әдеби газеті «Қазақ әдебиетінің» жұмысын тексерудің материалдары» атты жинаққа қатталған, жалпы көлемі 339 бетті құраған папкада «Қазақ әдебиеті» газетінің жұмысына қатысты айыптаулар, ҚПК ОК Президиумының осы айыптауларға қатысты шешімдері, ОК-те өткен мәжілістің стенограммасы, «Қазақ әдебиеті» газетінде басылған кейбір мақалалардың орысша аудармалары, газет бетіндегі мақалаларға оқырман пікірлері, газет қызметкерлерінің тізімі, газет жоспары сияқты басқа да ісқағаздары толық қатталған. Біз есімдерін атап өткен қаламгерлердің жазғандарымен мұрағат құжаттарын пайдалана отырып, газетімізге арнайы мақала да дайындаған едік. Бұл да Тәшеновтің қазақ руханияты үшін жасаған ең ірі қамқорлығы еді.
Осы күні Тәшенов есімі аталса, ол айтты деген мына азаматтық сөз еске қатар түседі. «Қазақтың газетін ашқан да сен емессің, жабатын да сен емессің!». «Қазақ әдебиеті» газетінің «ұтшылдық» әрекеттерін «әшкерелеп» жатқан жиында, барлық республикалық қазақ тіліндегі басылымдарды жауып, орыс тіліндегі нұсқасының көшірмесін жасасақ болмай ма деген пікірге қатысты: «Социалистік Қазақстанды ашқан да сен емес, жабатын да сен емессің», – деген Тәшенов сөзін өз құлағымен естіген, сол жиынға қатысқан Ә.Шәріпов өз естелігінде Тәшеновтің: «Қазақ тілінде шығатын газет-журналдарды сен ұйымдастырған жоқсың, оларды сен жоя алмайсың! Қазақ халқы қаншама өмір сүрсе, оның газеттері мен журналдары соншама өмір сүреді. Сен не деп сандырақтап тұрсың», – деп залда отырғандарды дүр сілкінткенін жазады.
Ә.Шәріпов бұдан кейінгі өткен бюрода Журин республикалық, облыстық, аудандық газеттерді негізінен орыс тілінде шығарып, содан қазақ тіліне аудару мәселесін көтергенін айтады. ҚР Президенті архивіндегі деректерге көз жіберсеңіз, 1955 жылдан бастап Қазақстан аумағындағы аудандық газеттердің орысша нұсқасын шығару туралы өтініштердің көптеп жазылғанын аңғарасыз. Ал Қазақстанның алты облысын біріктірген Тың өлкесіндегі барлық облыстық, аудандық газеттер жабылып, олардың орнына бір ғана «Тың өлкесі» газеті пайда болуынан-ақ қазақ баспасөзіне араша түспесе, республикалық газет-журналдардың ендігі жай-күйі қалай болатыны аңғарылып қалған еді. Тәшенов соны білді. Сондықтан да өзі санаулы қазақ баспасөзінің ешқайсысы да жабылмауын, қайта қазақтың күйін күйттеген мақалалар баса беруіне жағдай жасау керегін түсінді. Сөйтті де, бір-ақ ауыз азаматтық сөзімен қазақ баспасөзінің шайқала бастаған шаңырағын қайта орнықтырды.
Білетіндер Тәшеновтің қазақ әдебиетін қадағалап оқығанын айтады. Тәшеновтің ағайыны Ұлықпан Бәшен: «…Жұмекең әдебиетке өте жақын еді. Ақын-жазушылардың, әсіресе, Абайдың шығармаларын жақсы білетін. Халық ауыз әдебиетін, дастандарды жақсы көретін», – дейді.
Осы күні Алматыда Абай атын иеленген басты көшесімен келе жатып та Жұмабек аруағына тағзым жасап қоюды ұмытпағайсыз. Қай қаламыздағы қай көшеге қай тұлғамыздың атын беруді өзіміз шешетін бүгінгі заман емес, ол уақытта Алматы секілді бас қалаға қазақтың бас ақынының атын беру үшін де үлкен қажыр-қайрат керек еді. Себебі, Алматының ең үлкен көшесін Абайдың атымен атауды және көшенің мәртебелі төріне ақынның алып ескерткішін қоюды ұсынып, оған ақша жоқ деп «қиналған» мәскеулік шенеуніктерге Тбилисиде–Руставелидің, Мәскеуде – Горькийдің, Ташкентте – Науаидің айбарлы ескерткіштері барын алға тарта отырып, «түсіндіріп» берген де Тәшенов болатын.
1958 жылы қазақ өнері мен әдебиетінің Мәскеудегі онкүндігін жоғары деңгейде өткізуге мұрындық болып, бес бірдей қазақ өнерпазына (Қ.Қуанышбаев, Р.Жаманова, Е.Серкебаев, Ш.Айманов, М.Төлебаев) ең жоғары атақ – КСРО халық артисі атағын алып беруде де Жұмабек Тәшенов үлкен жұмыстар атқарған.
«Шығармашылық одақтар өкілдеріне үй-пәтер бергендігі үшін Алматының ортасында «қазақ ауылын» құрды» деген «айып» арқалаған да Тәшенов еді.
Кейін, қызметінен төмендетіп, Оңтүстік өлкесін басқарушының орынбасарлығына жіберген тұста да Тәшенов бұрынғы қалпынан таймай, қазақ руханиятына қызмет етуін жалғастыра беріпті. Оның бір дәлелі, Түркістандағы Қ.А.Иассауи кесенесінің жанында топырақпен көміліп жатқан Шығыс моншасын қалпына келтіреді.
Айтқандай, Қазақстанның мақтанышына айналған Медеу мұз айдыны құрылысына да Тәшеновтің маңдай тері сіңген. Ол Мәскеудегі әріптесі, әрі тікелей бастығы КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы К.Ворошиловты Алматыға шақырып, оған Медеудің тамаша табиғатын көрсетіп, бұлтартпастай дәлелдерді алға тарта отырып, К.Ворошиловтың көмегімен құрылысты аяқтауға қаражат бөлдіріпті.
«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген Абай ұстанымын ұстанған Тәшеновтің бір ғана ісін ауызға алсақ жеткілікті. Ол кезде одақтас республикалар Жоғарғы Кеңестерінің Төрағалары КСРО Жоғарғы Кеңесі Төрағасының орынбасары болып есептелетіндіктен, кезекпен, Мәскеуде бір ай бойы қызмет етеді екен. Тәшенов Мәскеуде КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары қызметін атқарғанда Украинаның бір белгілі ғалымы жазықсыз жаламен ату жазасына кесіледі. Жұмабек Ахметұлы оның мәселесін әділетті түрде қайта қарап, Бас прокурорға қайта тексерткізіп, ғалымды ақтап шығарған. Адам тағдырына, өміріне қатысты істе әркез де мұқият болуды мақсат тұтқан Тәшенов ұстанымы – азаматтықтың бір биігі десе де болғандай.
…Қызметінен шеттетіліп, оңтүстікке ат басын бұрған Жұмабек Тәшенов үлкен мансаптан айрылып қалдым-ау деп күйзелмей, өз ісін адал атқарып жүре беріпті. Оның өз ісіне берілгендігін Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы В.А.Ливенцов мойындап, 1964 жылы Мәскеудің өкілі қатысып отырған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіндегі мәжілісте: «Н.С.Хрущев Ж.Тәшеновті қызметінен төмендетіп, бізге облатком төрағасының орынбасары етіп жіберсе де, ол өзінің таңғажайып қабілетінің арқасында Оңтүстік Қазақстандағы ең құрметті адам болып отыр», – депті.
… Иә, ол әлі күнге дейін Қазақстанның құрметті азаматы…
Қарагөз СІМӘДІЛ.