«Бабтардың бабы – Арыстан баб»
29.10.2024
179
0

Жалпы, Оңтүстік Қазақстандағы міндетті түрде көру керек объектілердің тізіміне Арыстан баб кешенін қосар едім. Оның үстіне зиярат етушілер әуелі Арыстан бабқа барып тәу етеді. Қожа Ахмет Ясауи кешеніне барғанға дейін әуелі Арыстан баб кешеніне табан тіреу ләзім деп саналады. Сондықтан Арыстан бабқа баруды біз де жоспарымызға енгіздік.

Әуелі, кешен маңы туралы айта кетейін. Оның қасында дүкендер, дәмханалар мен қонақ үйлер орналасқан (жолдың қарсы бетінде), тоқтап, қонып қалып, малын ниет етіп сойып жатқандар да жетерлік. «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деп айтылады емес пе?! Әрине, біздің уақытымыз тығыз, дегенмен кешенге кіріп, онымен танысуға мүмкіндік туды. Кешенге кіру ақылы, жаңылмасам, 200 теңге болуы керек.
Арыстан баб кесенесі XII ғасырда тұрғызылған, Әмір Темір Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен бұрын осы кешенді салғаны жөнінде аңыз бар. Ол заманнан, XIV–XV ғасырлардан тұрпатын бұзбай сақталып келе жатқан кесене бөлігі – кіреберістегі ағаш бағаналары (айван) ғана нағыз түпнұсқа деп жатты білушілер. Солай болуы керек, айтқандай, осындай ағаш бағаналардың ұзақ сақталуы жайында Самарқандта мынадай әңгімені естіп едім. Ағашқа құрт түспеуі үшін оған қойдың, әлде жылқының қылын майлап қосады екен. Анық-қанығын білмедім, бірақ естіген құлақта жазық жоқ.
Кешен ішінде ислам өркениетінен хабар беретін заттар бар. Кешеннің өзі өткен ғасырдың басында қайта салынған. Ең соңғы рет 1971 жылы тағы бір мәрте қайта салынып, 1982 жылдан бастап мемлекет қарауына өткен. Сандаған уақыт ішінде ғимаратқа табиғат-ана да өз өзгерісін әкелген сияқты.
Ал, енді, Арыстан баб туралы айтатын болсақ, ол жөнінде ақиқаттан гөрі аңыздың көп екенін аңғарамыз. Қалай десек те, оның Қожа Ахмет Ясауидың рухани ұстазы болғаны анық. Бұл жайында Қожа Ахмет өзінің «Хикметнамасында»:
…Жеті жаста Арыстан баб келді бабам,
Хақ Мұстафа аманатын берді маған.
Сол сәтінде – ақ көңілім тауып баян,
Нәпсім өліп, Тәңірі жолына түстім, міне.
Құрма беріп, мейірлене назар салды,
Сол заматта-ақ кеудемде шырақ жанды,
Еркелете шақырып қасына алды,
Мектеп барып, бек қуанып тұрдым мен де.
Кітап ашып, сүрелердің мәнін сұрап,
Ұққанымша асықтым, әзер шыдап.
Қол қусырып, ұстазымның сөзін сыйлап,
Жаутаң қағып көңілін бағып тұрдым мен де.
«Балам-ау, бұл былай», – деп айтты, білдім,
Одан соң да сан сауалды қойып жүрдім.
Күндер өтті, әзәзілді ұстап міндім,
Сом темірмен сойылдап ұрдым мен де.
Бұрынғымнан күрт өзгеріп бөгде болдым,
Алла түспес аузынан пенде болдым.
Әділ сөйлеп, адал жүрер жерде болдым,
Тазалықтың тұрағына ендім, міне… – деп жырлаған.
Қалай болғанда да, халқымыздың: «Сайрамда бар сансыз баб, Түркістанда – түмен баб, Отырарда – отыз баб, Бабтардың бабы – Арыстан баб» деуі ,бекер емес. Осы өңірде жерленген Лашын баба, Қарға баба есімдері де маған ерекше әсер етті. Дәл осындай есімдерді мен де бір тарихи әңгімеде прототип ретінде қолданып едім.
Қазақтың «Қарғам-ау», «Қарға бойлы Қазтуған», «Қарға тамырлы қазақ», «Біздің қолымызға да қарға тышар» деген сөз тіркестері де ойлантарлық ұғымдар екен. Қарға демекші, адам қарасы мол жүретін жер болғанына қарамастан, құстардың кесенеге көптеп ұя салғаны да маған қызық көрінді.
Сөйтіп, біз енді Гауһар ана кешеніне, Үкаша ата кешеніне, Қарнақ ауылындағы алып тұт ағашы мен оның жанындағы қазіргі кезде Түркістанда тұрған қазандық құйылған орынға бет алдық. Сапарымыздың басы-қасында жүріп, Түркістан облысының тарихи һәм табиғи орындарын аралатқан, жолымыздың сәтті болуына жағдай жасаған сол тұста «Түркістан туризм» туристік-ақпараттық орталығының басшысы қызметін атқарып, бүгінде Түркістан облысының Туризм басқармасының басшысы қызметін атқарып отырған Нұрдәулет Медеуовке алғысымызды білдіреміз.

Амандық ӘМІРХАМЗИН 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір