Менің ауылымның адамдары
09.11.2021
4372
0

Совет

Мектеп бітіргенімізге 40 жыл толар кезде ауылдағы білім ошағына робототехника сыныбын ашуға қажетті жабдықтарды апарып беретін болдық. Алматыдан шыққан жігіттер Талдықорғанға соғып, мені де ала кетті. Жете салысымен өзіміз білім алған ескі мектепке кіріп шықтық та, одан кейін осыдан бірнеше жыл бұрын салынған жаңа ғимаратқа кірдік. Робототехника сыныбын ашып, балалардың қуанышын бөлістік. Қасымызда облыс орталығынан қосылған журналистер бар.

Ертеңінде біз келер алдында қайтыс болған,  бала күніміздегі Мыңшұңқырдың бірінші атаманы Совет марқұмның үйіне кіріп, құран оқыттық. Көңіл айтушылар қарасы үзілмепті. Екі апайы Галине мен Надежда сұңқылдатып жоқтау айтып, көз жастарын саулатып отыр екен. Бізбен Өскеменнен ере келген жігіттер екі орыс келіншектің қазақша  жоқтауын естігенде,  бұл қалай дегендей бізге таңдана  қарады. Оларға бала шақтан бірге өскен Совет марқұм жайлы айтып беруге тура келді.

…Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары біздің ауылда орысты емге таба алмайтынсың. Қазір де жоқ. Тек ауылдың төменгі бөлігі – біздің  Мыңшұңқырдағы жиырма шақты үйдің бірінде тұратын Нұртаза атаның үйіндегі Лида әженің ғана қазақ еместігін еміс-еміс түйсінеміз. Батыр  тұлғалы атамыздың отызыншы жылдары Магаданға айдауға кетіп, соғыс біткеннен кейін оралғанда, өзімен бірге нәп-нәзік орыстың ақүрпек қызын алып келгені, одан екі қыз бен бір ұл сүйгені жайлы  үлкендерден шала-шарпы естіп қаламыз. Кейде әкесі сияқты тым ірі болмаса да, алысқанды алып та, шалып та жығатын, тек түрі нағашыларына тартыңқыраған  Советтің қолы батып кеткенде, қуып жете алмайтын жерге алыстап алғаннан кейін:  «Орыс, орыс оңбаған, он қалашқа тоймаған», –  деп мазақтап, кек қайтарғандай боламыз. Ондайда жетіп алса: «Мә, саған орыс!» – деп аямайды ол.

Нұртаза атамыз ақ қашып, қызыл қуған кездері, одан кейінгі қалың ел Қытайға ауа көшкенде жеке батырлығымен танылған, ешкімге бағынбай халыққа көмектескен, шекарадан талай ауылды арғы бетке аман-есен  өткізіп, ашыққандарды барымтамен асыраған деседі. Ақыры құрығы ұзын өкімет, тұзағына түсіріп, біраз жылын итжеккенде өткізіпті. Сол айдауда жүрген ленинградтық ақсүйектің жас қызын жолықтырып, оны қанатының астына алып, бостандыққа шыққанда, ауылға ала келген. Сол Лида апамыз өле-өлгенше тілін бұрап кетті. Қазақша сөйлегенімен, қазаққа тән әріптерге тілі келіңкіремейтін. Марқұм шалынан соң біраз жыл өмір сүріп, Советінен немере көрді. Қайтқанында ауылдастары қазақша ат қойып, ақ жуып, арулап жерледі.

Совет өкіметі де қызық еді ғой. Бір жылдары: «Лида әженің Ленинградтағы туыстары табылыпты, барлығы мықты екен. Араларында оқымысты ғалымдары, генералы бар бірнешеуі туысын іздеп келгелі жатыр», – деген әңгіме шықты. Мыңшұңқырдағы шатырсыз тоқал тамдардың ең нашарында тұратын Нұртазаның отбасын  дереу жоғары жақта бос тұрған үйге көшіретін болды. Олар қуанып отырғанда, қонақтар келмей қалды. Ақыры жаңа үй де бұйырмады.

«Совет Мәскеудің маңында әскерде жүргенде, генерал нағашысы іздеп келіпті. Сол жақта алып қалмақ болған екен, біздің Сәкең: «Ауылға қайтамын», – деп тұрып алыпты», – деген әңгіменің шындығын бір жолыққанда бір жарты ішіп отырып, сұрағанымда, рас екенін айтып еді.

–  Солдатқа барғанда, орысша ұғыңқырамай, біраз қиналдым. Бірақ есімізді  тез жиып, ешкімге есе бермейтін болдық. Үйреніп қалған кез еді. Бір күні барлығымызды плацқа салтанатты сапқа тұрғызып қойды. «Уазикпен» бірнеше офицер келді. Ішіндегі генералы  тіпті дәу екен. Комбат соған құрметін көрсетіп, баяндаған соң, біздің ротаның алдына келді де «Кумпейсов, выйти из строя» деді. «Қап әкеңді, тағы не бүлдірдім екен?» деп атып шықтым. Ана  генерал қасымызға келді де маған біраз тесіле қарап  тұрып, қасындағыларға бірдеңе деді де, штабқа қарай кетті. Мені екі офицер қолтығымнан алып, солай дедектетті.  Сөйтсем, мамамның  кенже інісі екен. «Осында қал, сен қалсаң кейін мамаң өзі-ақ келеді», – деп біраз үгіттеді. Көнбедім. Іздеп барамыз деген. Одан кейін Брежнев өлді, Совет өкіметінде үлкен өзгерістер болды. Әне-міне деп жүргенде шешей де кетіп қалды. Сонан хабар үзілді. Мен де ешкімді  іздегем жоқ, – деген Совет дос та ана дүниелік болыпты.

Бірнеше  жыл бұрын шешем қайтқанда: «Мыңшұңқырдың соңғы апасын өз қолыммен жөнелтемін», –  деп  зират басындағы жерлеу жұмыстарының барлығына өзі бас-көз болған еді.  Марқұмның соңында арасында аналарына тартқан қарадомалағы бар, әкесіне ұқсаған сарышикісі бар бес алты баладан тараған, түп нағашылары орыс екені түрлерінен  аздап білініп тұратын немерелері қалды.

 

ӘМБИЯ

кездегі мәдениет үйіндегі кітапхана қазір тойханаға айналған. Сол жерде берілген астан соң, шағын бақтағы талдың көлеңкесінде  алыс-жақыннан жеткен туыстармен қауқылдасып тұрғанбыз.

«Болат, Алматыдан қашан келдің? Ауылда неше күн боласың?» – деген құмығыңқы дауыс естілді. Жадыда бала күннен жатталып қалған таныс үн. Жалт қарасам, қоршаудағы шарбаққа сүйенген, киімі тозыңқы, аяғына түте-түтесі шыққан шақай киген үлкен кісі үңіле қарап тұр екен. Бетін әжім шимайлап тастапты, жүзі шаршаңқы. Мұңданған жанарында  мейірім бардай.

Қасымда тұрған Қанат: «Ой, не, танымай қалдың ба? Жынды Әмбия досың ғой. Баяғыда бала кезден қамқор болып жүруші едің ғой. Соны ұмытпаған екен. Өзіміз біраз жылдан соң сені әрең танып едік. Мынаның еске сақтауы керемет, ей», – дегенде барып Әмбияны таныдым. Қасына барып, амандасып, жасы елуден асқанымен әлі күнге дейін балалықпен қоштаса алмаған оның арқасынан қақтым. Жыламсырап, түсі өзгеріп кетті. Әке-шешесінің  жоқтығын білдірмей, бірде есі бар, бірде жоқ немересін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай  өсірген апасы жарықтық кеткелі де оншақты жыл өткен еді.  Мейірімге сусап қалғаны байқалады. Тұрды, тұрды да: «Болат, жүрші, дүкенге барайықшы…» – деді. 

Тіршіліктің қамымен төрт-бес жылда ауылға бірер күнге ғана  ат ізін салып, онда да туған-туыс, дос-жарандардан аса алмай, асығыс келіп-кетіп  жүріп, Әмбияны көрмегелі де оншақты жылдан асыпты. Бір кездері келген сайын, басындағы  кепеші жалпылдап, бір қолымен елесіндегі  машинаның рөлін ұстап, екінші қолымен жылдамдығын ауыстырып, көшедегі көліктермен жарысып жүретін оны  дүкенге ертіп апарып, кәмпиті мен пешенейін алып беретінім есіме түсті.  Аяңдап, магазинге бардық. Біздің жастық шақта ауылда дүкеншілердің есімімен аталып кеткен, екеуі азық-түлік, біреуі киім-кешек сататын үш-ақ дүкен бар еді. Қазір үлкенді-кішілі магазин жетерлік.  Соның жақын тұрған біріне бас сұқтық.

 «Үш пашкі темекі мен зажигалка алып берші», – деді. 

Дүкенші қыздан Әмбияның қандай темекі тартатынын сұрадым да,  содан  бір блок және бірнеше оттық алып бердім. Қасымызда тұрған Ертаң: «Ой, бүгін мынаның жолы болды. Арақ сұрамадың ба одан да. Бас ауырып тұрғанын көріп тұрсың», –  деді.   

–  Анада саған ерем деп, ауырып өліп қала жаздағанмын. Енді татып алмаймын, –  деген Әмбия бір қолымен елесіндегі машинаның рөлін ұстап,  екіншісімен скорсқа салды да, шу қарақұйрық деп  қара жолдың шаңын бұрқ еткізіп, жөнеле берді. Бірақ бұрынғы жеделдігі жоқ. Жиі сүрінеді…

Біз оны бала кезден білеміз. Бірер жас ересектігі бар еді.   Үлкендер: «Әмбия бірінші әлде екінші сынып оқып жүргенде, көктемнің аумалы-төкпелі кезінде түнде тойдан қайтқандар оны  көліктің қорабында ұмыт қалдырған.  Содан таңертең бір-ақ көрген. Содан бері бала осындай ауруға ұшыраған», –  деп  отыратын. Жасөспірім кезімізде біз киноға бару үшін тиын-тебен таппай қиналғанда, кассир Шолпан апай Әмбияны елден бұрын клубқа кіргізетін.  Оның өзінің орны болатын. Сол қапталдағы, екінші қатардағы орындықтың оң жақ шетіне жайғасатын. Бір киноны бірнеше мәрте көре беретін. Бір қызығы ол бос тұрса да ешкім отырмайтын.  Зеректігі болар, көңіл-күйі келгенде оқыған кітаптарын, көрген киноларын майын тамыза әңгімелейтін.

Қазір ауылда кино көрсетілмейді. Мәдениет үйі тойханаға айналған. Кітапхананың жұмысы да тұралаған. Мектепте бала саны жыл өткен сайын азайып барады. Әркім қара басын күйттеп кеткен. Тек Әмбия ғана өзгермегендей. Бала кезден соңынан қалмаған елес машинасымен ауыл көшелерін кезіп, ел-жұртын түгендеп жүр…

 

Мергеннің  әулеті

Ауылдағы шеткі үйде тұратын Ханша апа маған туғаннан бүкір адамдай көрінетін. Өйткені ол кісі мен ес білгелі еңкейіп жүреді. Сөйтсем, апаның белі ауыр бейнеттен сұрақ белгісі сияқты бүгіліп кеткен екен. Сенекті қоспағанда, екі бөлмелі қоржын тамнан тұратын үйдің төріндегі қабырғаға ілініп тұратын қара дорбаға ол кісіден басқа ешкім қол тигізбейді. Кейіннен оның ішінде осы үйдің отағасы  Қожақан атадан қалған киелі Құран барын білдік. Қожекең Советтің қатал заңына қарамастан көзі тірісінде бес уақ намазы мен оразасын қаза қылмапты. Ауылдастары бірін-бірі көрсетіп, билікке ұстап беріп жатқанда, аңшы мылтығы мен қақпанын, азығын арқалап Маңырақтың шатқалдарына сіңіп, айлап үй бетін көрмей, анда-санда бала-шағаның, көрші-қолаңның азығын қамдап беріп кетуімен елінің есінде қалған. Бүгінде ол үйдің орны да жоқ. Атамыз ертерек өмірден өтіп, Ханша апа үйдегі бес баланың кенжесін үйлендіріп, немересінің маңдайынан иіскегеннен кейін шалының артынан аттанды.

Үлкендер: «Оу, бұл Ханша текті атаның баласы ғой. Әкесі Керейтай мерген ашаршылық жылдары осы өңірдегі ауыл адамдарын даланың аң-құсымен асырады емес пе?! Жарықтықтың көздейтін көзі  түнімен перілер мініп, таң асырылып тұрған арқарды атқан кезде ағып кеткен. Оның баласы Қолда да құралайды көзге ататын. Азды-көпті орысшасы бар, қытайша тілге тым жүйрік еді. Елуінші жылдардың ортасына таман бір түнде әскерилер алып кетіп, сонымен жоғалды. Алпысыншы жылдары арғы беттен оралған Бастыбай оны қытайдан көрдім деп ант-су ішетін. Соңында қалған жалғыз ұлы Адай қазір ауданда аңшыларды басқарады. Ол да мерген. Ханша апа сол Қолданың жалғыз әпкесі. Жастайынын көргені бейнет», – деп отыратын.

«Перілер бар ма?», «Олар арқарды неге мінеді?», «Керейтайдың оған қандай қатысы бар?» деген сауалдар жанды жай тапқызбаған соң, мен ауылдағы жиын-тойларда басқа балалар сияқты тәтті-пәттіні аңдымай, ақсақалдар отырған жерді жағалайтынмын.

…Керейтайға мергендігі жағынан бұл өңірде ешкім жетпепті. Көздегенін құр жібермейтін сұрмерген екен. Күндердің күнінде ол таң атпастан тауға, аңға  шығады. Сол кезде қарауылына  биіктердің бірінде арбайған мүйіздерінің ортасындағы ақ қасқалы маңдайын шығып келе жатқан күнге төсеп тұрған құлжа ілігеді. Мерген жасырынып, бұқпантайлап барып, енді көздей бергенде: «Атпа, ол таң асып тұрған мал», – деген дауыс саңқ етеді. Селт еткен аңшы, анықтай қараса, шынында да, арқардың арқасындағы ердің ізі  байқалады. Өз көзіне өзі сенбей, маңайына абайлап қарап, ешкімнің жоқтығына білген соң қараса, арқар ізім-қайым жоқ болады. Мұндай жағдай екі рет қайталанады. Үшінші жолы барлығына бел буып, не болса да көріп алдым деген оймен мерген шүріппені басқаны сол екен, сол жақ көзі ағып түседі. Содан бастап біраз уақыт аңшылықты қойғанымен, ашаршылық жылдары үйренген кәсібіне қайта кіріседі. Көз мергендігімен қатар, қол мергендігі бар оның  аңға шыққан сайын мылтығының аузы қандап қайтады. Баласы да оның жолын қуып, немересі де ата жолын жалғастырды. Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары Тарбағатай өңірінде Адайдың аңшылығы мен мергендігі жайлы небір аңыздар айтылатын. Шағанобадағы жұрт көрмеген, білмеген аңды атып алып, жолыққандар қанжығасындағы теріге таңдана қарап: «Бұл қандай аң?» – деп сұрағанда, аңшы оны өзінің де білмейтінін сездіріп: «Аң-таң деген аңның терісі», –  деп жауап береді екен.

Қолда әкесінің жолын жалғастырып, мергендігімен аты шығып жүріп, әскерилердің құрығына іліккеннен оралмайды. Қосағы жалғыз ұлын жеткізем деумен ғұмырын тауысты. Ауылдағы әпкесі де күдерін үзіп, қарашаңырағында дүниеден өткендерге құран оқытқанда жалғыз бауырының да есімін қосып, аруағына дұға бағыштайтын.

Сексенінші жылдардың  бас шені болатын. Елге барғанда, «Қытайдан Қолда оралыпты, мемлекеттік шекараны өзі ғана білетін жерден ешкімге білдірмей кесіп өтіпті» дегенді естідік. Қолда ел айтса айтқандай шекарадан жасырын өткен бойда жайлаудың бір қуысында жалғыз үй отырған шопанның үйіне келіпті. Жалаңаш денесіне жұлым-жұлымы шыққан тонды киіп, белін арқанмен буып алған. Көп уақыт сақал-мұрты алынбағандықтан бет-аузын қалың түк басқан. Алып денелі алпамсадай адам күркірей амандасып, кіріп келгенде,  киіз үйдің ортасындағы жер үстелдің үстін жиыстырып отырған келіншек отырған орнынан тұра алмай қалады.  Көзі алайып құлай жаздағанында: «Амансың ба, қарағым, сусының бар ма, таңдайым кеуіп қалды», – дегеннен кейін  барып есін жияды. Қалбалақтай ұмтылған әйел босаға жақтағы керегеге керілген шиді серпе ашып, түнемел қымызды сапырар-сапырмастан үлкен шараға құйып қонаққа ұсынады. Шарадағы сусынды демалмастан басына төңкерген алып кісі күректей алақанымен аузын сүртеді де, үстелдің жанына тізесін бүгеді. Аяқ-қолы дірілдеп, өңі қашқан әйел одан жапақтаған көзін алмайды.   Айналасына зер сала бір үңіліп, миығынан мырс еткен қонақ, өзіне үрке қарап тұрған жас келіншекке: «Застап жақын ба? Атыңа мін де сонда шап. Бастығына кір де қытайдан Қолда деген мерген келді, үйімде отыр дерсің», –  дейді де өзі іргедегі жүк  үстінен бір жастықты алып, қисая кетеді.

Келіншек асыға шығып, үй маңындағы ақсақ-тұқсақ, қозы-лақты қайыру үшін күйеуі ерттеп кеткен жуас торыға міне салысымен  ат басын сорайған күзет мұнарасы көрінген шекарашылардың қосынына  қарай  шаба жөнеледі. Құйындатқан салт аттының жүрісінен бір сұмдықты сезген  күзетші дереу кезекшіге хабарлап, қақпаны айқара ашқызып қояды. Қойшы қазақтардың мұндай жерге бекерге ат қойып келмейтінін жақсы білетін шекара қызметінің басшысы хабаршыны өзі шығып қарсы алды. Орысша-қазақша араластырып, көрген-білгенін жеткізуге тырысқан әйелдің сөзінен қытайдан келген қорқынышты кісінің  киіз үйде тынығып жатқанын ұғады. Осыдан соң ол дереу бір топ сарбазды жол талғамайтын «Газ-66» автокөлігіне отырғызып, бес-алты шақырым жердегі малшы үйіне бет алды. Үйге бір шақырымдай жер қалғанда  сарбаздар еппен басып, киіз үйді қоршайды. Ұйықтап жатып, даладағы тышқанның сыбдырын еститін мерген бәрін сезіп жатқан. Шекарашылар киіз үйге он-он бес қадам қалғанда, ол екі қолын көтеріп есік алдына өзі шықты. Өзіне тап берген солдаттарға еш қарсыласпады. Тек қасына келген командирге орысша сыбырлап бірдеңе айтқандай болған.  Оның сыбырынан селт ете түскен шекара  қызметінің басшысы тұтқынды дереу машинаға жеткізуді бұйырды. Өзі оңашарақ кетіп, рациямен отрядқа байланысқа шығып, жағдайды баяндады. Осыдан соң ол бірнеше сарбазын жіберіп, шопан жігітті алдыртып, оған және әйеліне бүгінгі көргендері туралы жан баласына  айтпауды, біреу-міреуге тырс етіп тіс жарса, жазаға тартылатынын ескертеді. Сонымен шекарашылар жағдай толық анықталғанша, ерлі-зайыптыны көзден таса етпеуге екі жауынгер қалдырып өздері қашқынды алып аттанып кетеді.

Сол күні шекараға қарай қос тікұшақ самғап өтті де, ертеңінде таңның атысымен кері қарай қайтты. «Ел құлағы елу» деген. Арада бірнеше күн өткенде, Қолданың қайта оралғаны туралы әңгіме ауыздан ауызға тарады.  Жалғыз әпкесі аман табылған бауырының кімнің қайда, қаншаға әкеткенін білмесе де, тірі екенін естіп қуанды.  Құдайға шүкір деп ақсарбас атап сойып, баяғыда ана дүниелік болған әке-шешесіне құран бағыштатты. Аудандағы аңшыларды басқаратын ұлы ешкімге ештеңе айтпастан, азық-түлігі мен бес қаруын сайлап, қорықшылар  қоғамының ескі «Уазигімен» Шіліктіге кетті. Онда келісімен машинасын  тастап,  досының үйінде әрқашан бабында тұратын құла қасқа айғырды мініп, Шағанобаға сіңіп, тек жарты айдан соң ғана қайта оралды.  Кеткенінде түнеріңкі еді, қайтарында жайдары болып келді.  Өзі орта мектепте оқып жүргенде жоғалған әкесі жайлы қауесеттерге әбден көндіккенімен, кеудесінде бір өкініш, бір сағыныш бар еді. Сонысы тарқаған сыңайлы. Әкесінің апайының үйіне барып, төргі бөлменің есігін қымтап жауып алып, бірнеше сағат күбірлескеннен кейін, Ханша апаның да жүзіне күлкі үйіріліп, белі бірер күнде тіктеніп кеткендей болды.

Елдің іші пыш-пыш. Біреулер: «Ойбай, Қытайдан 62-де қайта оралған Бастыбай шалдың айтқаны шын екен. Қолда сол жерде біздің елдің жансызы болып жүріп, ұсталып қалыпты. Жиырма жыл түрмеде отырып, ештеңені мойындамаған екен, ақыры шығарыпты», – десті. Енді біреулер барлығын жоққа шығарып, «мергенді Совет өкіметі атып тастапты» десіп жүрді. Қалай болғанда да, жансыздыққа  қатысты сөздің жаны бар.  

Ақыры алты айдан соң Қолда ауылға апайына амандаса келді. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғары шенді офицерінің киімін киген, сықырлап тұр.  Жиырма жылдан астам сыртта жүрген жан сияқты емес. Сол күні Мыңшұңқырда ақ түйенің қарны жарылды. Ханша апа жайлаудан жарылардай болып түскен екі жасар жылқыны жығып, бауырының аман келгеніне бүкіл ауылды шақырды. Аулаға шекарашылардың әскери-далалық шатыры тігіліп, ұзынынан-ұзақ үстелдер қойылды. Төрде әскери киім киген, қасында тымпиған екі нөкері бар  мерген отырды.  Ол кезде дастарханда тамақтан бұрын арақ тұратын. Ақаңды судай сіміріп, әңгімені соғып, барынша  желпінген ол өзінің көрші елде мемлекеттің тапсырмасын орындағанын,  қапияда қолға түсіп, қапаста ұзақ жылдар отырғанын майын тамыза отырып жеткізді.

–  Мен ашаршылық жылдары  осы өңірден көрші елге өтіп кеткендердің біразын сол Қытайда көрдім. Олардың мені байқаған, байқамағанын білмеймін. Онбайдың ұлы Бастыбайды Құлжаның базарынан көргенім есімде, әлі күйін бермеген екен ғой деп таңданғаным бар.

Қапаста жатсам да ешеңені мойындамадым. Тек шекара бұзғанымды ғана айып етіп, мойныма тақты. Ақыры тура жиырма жыл өткенде, қамаудан шығарып, үстіме қолға түскендегі жалбыр тонды жапты да, қараңғы машинамен шекара маңына әкеліп, қойшылар мінетін жаман торы атқа мінгізіп, өздерінің торынан өткізіп жіберді. Қалғанын өздерің білесіңдер. Мәскеуге апарып, бірер ай тергеп, бақылауда ұстаған соң бір кездегі барлаушылық еңбектерімді ескеріп, әскери атақ беріп, қомақты зейнетақы тағайындады.  Жалғыз әпкем мен ұлымды көріп, мауқымды басайын деп келдім. Мен – өкіметтің адамымын елде жүруге қанша рұқсат береді, сонша боламын да, қайта кетемін. Жүріс-тұрысымның барлығы шектеулі, қайта ораламын ба, жоқ па оны бір Алла біледі, – деді. Сонда ауылдың ақсақалдары оған барлығы жақсы болатынын айтып жұбатса, әпкесінің қабағы тағы да басылыңқырап қалды.  Ал жалғыз ұлдың қабағынан ештеңе байқалмады.

Қолда айға жуық, ауылдарды аралап, ескі көздерге сәлем беріп, өзі жоқта ана дүниелік болған ағайындардың рухына бағыштап құран оқытқан соң,  қайтадан Мәскеу жаққа кетті. Содан елге оралған жоқ. Тағы да құпия тапсырмамен кетті ме, әлде көрші елден көп мәлімет алып келген жанның көзін құртты ма, ол жағы беймәлім. Сол бойы қайта оралмады.  Апайы да бауыры келгенде бірер күнге бой жазғандай болып еді,  кейін хабар-ошарсыз жоғалған соң қайта бүкшиіп қалды. Балаларын түгел жеткізіп, ұлдардан немере сүйіп, сексенге жақындағанда көз жұмды. Ішінде қанша арман мен шер кеткенін өзінен басқа ешкім білмейді  және біле де алмайды енді.

…Қалай дегенмен, қоңыр аңның киесі құр жібермейді екен. Тоқшылық заманда ешқандай қажеттілігі болмаса да даланың елігі мен арқар, текесін ермек үшін аулаған, еріккен басшылардың көңілін табу үшін атқан Адай өрістен малын жаяу-жалпылап айдап келе жатқанда, алдындағы сиырға сілтеген ұзын бишігінің ұшы қайырыла соғып, оң көзін ағызып түсірді. Тура Керейтай атасының жолын құшты. Жығылғанға жұдырық, бір басқа бір көз де жетер деп жүргенде оның жалғыз ұлы мектеп бітірушілердің кешінде болған төбелес кезінде пышаққа жығылып, мүгедек болып қала жаздады. Ел ішінде, тұқымымен аңшы болған әулеттің ақыры аң мен құстың киесіне ұшырағаны туралы әңгіме көп тарады. Адай аңға шыққанды доғарып, атадан келе жатқан қара мылтықты қабырғаға ілді де, қалған қаруларын түгелімен өкіметке өткізді. Дегенмен ұрпақ үзілген жоқ. Ұлы мектепте жүргенде-ақ аяулысына айналған ауылдас қызды келін қылып түсіріп, арада тоғыз ай өткенде мерген ұрпағының шаңырағында шілдехана болды…

Болат АБАҒАН,

Қазақстанның Құрметті журналисі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір