КЕЙІН «ӨРТТЕН КЕЙІННЕН»
Түйгені көп қаламгер жазған көркем шығарманы оқысаң, өзің сүріп отырған өмірді, қоғамды, адамды тани түсесің. Күнде өзің көріп жүрген жағдай болса да, астарында жазушы ғана аңғаратын сыр жатады. Былайғы кезде мән бермейсің, парықтамайсың, тереңіне үңілмейсің. Бірақ оқыған шығармадан сол өзің білетін өмір мен өзің көріп жүрген қоғамның өзің елемей жүрген кей жақтарын тани түсесің.
Ал ол шығарма көркем прозаның табиғатын түйсініп, суреткерлік мәнермен жазылса, ондай туынды жадыңда жылдар бойы сақталады. Кейіпкердің сөзі мен ісі әр кез мысал болып ойыңа орала береді.
Жазушы Мереке Құлкеновтің әңгімелерінде осындай шеберліктің ізі сайрап жатыр. «Телевизор» атты бұрынырақта жазылған шағын әңгімесінің қалай басталатынын ұмытпайтының содан. Бір үйдің тете өскен қарадомалақ балалары бір бөлмеде үйіліп-төгіліп сабақ оқып отыратын еді ғой. Үлкені математикаға қанша жерден шұқшиса да, есебі түскір миына қона қоймайды. Оның есіл-дерті – дала, көрші балалармен асыр салып доп қуу. Алайда есепті шығармаса тағы болмайтынын, ертең математика мұғалімінен көресіні көретінін біледі. Ал шығарайын десе, інісі бар болғырдың дауыстап өлең жаттап, бір жолды он қайталап, заржақтанып отырысы анау. Оған тетелес кіші інісі керісінше тым-тырыс, шұқшиып кітаптан басын алмайды. Оның осылай отырысының өзі-ақ ит жыныңды қоздырғандай. Ал титімдей қарындасы не болса соған бақырып жылап, шырқыңды бұзады-ау! Кейде оның тым-тырыс бола қалатыны да бар. Демек бірдеңені бүлдіріп жатыр дей бер. Әне, бұл жолы да… қайдан қолға түсіргенін қайдам, бояу қарандашпен рақаттанып қабырғаны әлемештеп тастапты. Мұрны пыс-пыс етіп, ықыластана сызғылайды-ау… әйтеуір есепке бөлген көңіліңді ит тартқан терідей жырымдап бітеді.
Улап-шулап, үймелесіп сабақ қарап отырған қарадомалақ балалардың әкесі – Атыраудың озат балықшысы. Сол балықшы әке бірде балалар сабақ оқып отырғанда арсы-гүрсі асығыс келе қалады. Келе сала, күндегідей емес, жалма-жан теледидарды қосады. Оның бұнысына балалары аң-таң. Бұрын бұндай әдеті болмаған. «Күнде: «Сабақты кім оқиды?» – деп, келе телевизорды өшіріп тастаушы еді, енді экранға бақшиып отырысы мынау», – деп жазады автордың өзі. Қырсық шалғанда, бұл жолы теледидар бұзылып қалыпты. Тас төбесінен добалдай жұдырығымен бір персе де мелш етпейді. Бұрын осылай бір персе сөйлеп қоя беретін. Балықшы күйгелектеніп, құдды бір теледидарды солар әдейі бұзып тастағандай қарадомалақтарын қуырып ала жөнелсін. Өзі де шала бүлінсін. Телетехникадан хабары болмаса да, асығыс артқы қақпағын жұлып алып, лампаларын түртіп, сымын қозғап әбігер болсын да қалсын.
Бұдан халықтың жүдеу кейпін танисың. Егер осы әңгіме сол уақытта капитализм жайлаған шетелдің қолына түссе, олар дереу өз тіліне аударып, «кемелденген социализмінің сиқы мынау» деп СССР-ді келемеж етер еді. Онда бұл әңгіме: «Біз Америкамен жарыспаймыз, жарыссақ, озып кетеміз», – деп, қайдағы бір нанымға жуыспайтын ұран тастап жүрген Брежневтің маңдайына тиетін соққы болар еді. «Телевизор» қазақша жазылғандықтан елеусіз қалғандай. Бердібек Соқпақбаевтың қазақ өмірін жазып отырған боп, социалистік қоғамның тұрмысын, оның идеологиясын аяусыз әшкерелеген шығармалары ақыры КГБ-ның ізге түсуімен жазушының түбіне жетіп тынғанын енді біліп жатырмыз.
Орыста Сергей Довлатов атты жазушы өткен. Мәкеңмен замандас. Сол Сергей социалистік қоғамның келеңсіз өмірін суреттегені үшін қудалауға ұшырап, ақыры АҚШ-қа эмиграцияға кетуге мәжбүр болады. Оның алдында баспадан шығып тұрған шығармалары аяусыз туралған. СССР Журналистер одағынан аластатылған. Нью-Йоркке тұрақтаған соң, сондағы «Жаңа америкалық» атты апталық газеттің бас редакторы қызметін атқарады. Он екі жыл эмиграциялық өмірінде он екі кітап шығарады. Оны СССР-де оқуға тыйым салынады. Ал осы Сергейдің СССР шошып жүрген алғашқы әңгімелерін оқысаң, біздің Мәкеңнің одан сәл кейін жазған «Телевизор» әңгімесінің деңгейіндей-ақ дүниелер. Оның атағын шығарған – өкіметтің қудалауына түскені ғана. Не дегенмен, ол Мәскеуге таяу жүрген адам ғой.
Иә, сонымен жазушы Мереке Құлкеновтің «Телевизор» әңгімесіндегі социализмнің қоясын ақтару онымен бітпейді. Балықшы Жаңбыршы Берішбаевтің бұлай әбігер болып жүргенінің себебі бар екен. Оны жуық арада республикалық телеарна озат балықшы ретінде телехабарға түсіріпті. Сол хабар осы күні көрсетілмек. «Қалай болды екен? Қалай сөйледім екен?» Қимыл-қозғалысы мен бет-пішінінің құбылуын автордың нанымды суреттегені сонша, оның әлденеге қуыстанып жүргенін бірден байқайсың.
Телевизордың қорғағыш лампасы күйіп кеткен екен, сонысын салғаннан соң сөйлеп кетеді. Сол екі арада үйге келе қалған көршісі Сәлім ағай. Мұның Ленин орденді балықшы атағын қайтсін, әлдеқандай болып теледидардан сөз сөйлегенін ерсі көріп мырс етіп күлсе, онысын жақтырмай одырая қарайды. Сәлім ағайы ұрлығының дәл төбесінен түсіп тұрғандай. Сонда ол неге қуыстанып тұр десеңші? Журналистің сұрағына балықшы: «Еліміздегі барлық еңбекшілер сияқты мен де өзімнің еңбегімді Отаныма арнаймын. Міндеттемемді жүз он, жүз он бес процентке орындауға уәде беремін. Сол уәдемнен қалай да шығамын. Менің жанымда атақты балықшылар Назарбай, Сенбек, Дәркендер еңбек етуде…» – деп заулата жөнеледі. Бұл жағдай сол заман тынысын сезіп өскен аға ұрпаққа бірден түсінікті. Сөйлейтін сөзің шектеулі, өз пікіріңнің соқыр тиын құны жоқ, идеологияның айт дегенін айтуға мәжбүр болған Сәбет үкіметінің кезі ғой. Балықшы да солай, оның микрофон алдында сөйлейтін сөзін журналист айтып, түсіндіріп беріп отыр. Өз сөзін айтпай, біреудің үйреткенін айтқаны үшін көңілінде ұялыс бар. Артынан: «Тілші баланың айт дегенін айтып жатырмын», – деп сөйлегені өз сөзі емес екенін өзі де мойындайды.
Теледидардағы (бүкіл баспасөздегі десе де болады) бұл жағдай Совет өкіметінің ақырғы демі бітетін соңғы жылдарға дейін өзгерген жоқ. Тіпті, кей жағдайда, қазірге дейін жалғасып келеді.
Бұл енді социализмді масқаралау, жұмсартып айтсақ, келемеж қылу. Автор өз дәуірінің шындығын сол қалпында шынайы суреттеген. Сөйтіп өзі өмір сүріп отырған қоғамды мүйіздеп өтеді. Көркем шығарма сол шығарма жазылып отырған уақыттың демін, қоғамның жағдайын білдіреді.
Жазушының «Өрттен кейін» деп аталатын шағын әңгімесінен де осыны көруге болады. Бұл әңгіме қазақтың аңғал мінезін барынша ашып көрсеткен әңгіме сияқты болып көрінгенімен, оқиға барысында социалистік тәрбиенің нәтижесі айқын аңғарылады. Шығарма тақырыбынан шығарып, капитализм дүниесіне, яғни бүгінгі күнге де қатысты біраз гәпті айта кетуге болады.
Жекеменшік деген ұғымды жат көретін социализм дүниесінде ақшаға деген түсінік те біржақты. «Қарапайым еңбек адамы ақшаны тек жаны қиналып, еңбек етіп қана табуы керек» деген қағида бірінші орында тұрды. Ал ақшаға жақын жүретін жұмыста істейтіндер моральдық жағынан солқылдақ адам ретінде бағаланып, оларға үрке қарау әдетке айналып кеткен. Социализмде тек мемлекеттік меншік деген ұғым басымдыққа ие. Жоғары оқу орнында оқытылатын «Саяси экономика» деген пәнде осылай ұғындыратын. Солай қақсай берген соң адамның меншікке деген пікірі де өзгереді. Адамдар мәселе нақ ақшаға тіреліп тұрса да: «Мәселе ақшада емес…» – дегенді күмілжіп айтатын. Сол заманнан санада сартап боп қалып қойған сол сілем, іс жүзінде басқаша болса да, санада бәрібір қалып қояды екен. Қазір де көпшілікке: «Ақша деген не?» – деп сауал тастасаң, кейбіреу: «Ақша – қолдың кірі», – деп баяғыдан санада жаттанды боп қалғанды айтып, таңдайын тақ еткізіп жауап береді. «Онда сол қолдың кірінен аздап бересің бе?» – десең, ешкім бергісі келмейді. «Демек, ақша – қолдың кірі емес, ол маңдай тердің өтеуі», – десең, бұл ойыңа ол салған жерден келісе кетеді. Өйткені қазіргі адам маңдай тердің өтеуі тым қымбат екенін жақсы түсінеді. Адамды адамға жат түсінікпен тұсап ұстау социалистік идеологияның тікелей жұмысы болды. Автор қозғап отырған мәселеде соның нәтижесі айқын көрінеді. Әңгіме кейіпкерлері ақшаға мұқтаж, бірақ сол ақшаны алуға келгенде намыстана қалады. Алғысы-ақ келеді, бірақ еш мұқтажы жоқ жан көрініп бағады. «Өкімет өлтірмейді» деген түсінік қалыптасқан. Бұл енді кәдімгі құлдық сана. Құл байғұсты да бағзы замандарда қожайыны аш тастамаған. Қожайыннан кетсе, аштан өлетінін, баспанасыз қалатынын құл екеш құл да жақсы түсінген.
Жә, әңгіменің оқиғасына келейік. Жаздың жанып тұрған бір күнінде жайлауда отырған Батырбек қойшының киіз үйі өртеніп кетеді. Өртке құйып сөндіре қоярлық мол су қайда, тіпті сол суың ішуге де тапшы. Аға-жеңгесінің пұшайман боп қалған жағдайын естіген інісі Асылбек жетеді ертеңіне. Алайда түк болмағандай жайбарақат. Аға-жеңгесінің күйініп айтқан әңгімесіне, тіпті қабырғасы қайысатын сыңайы да байқалмайды. Сөйтсе, совхозда есепші боп жұмыс істейтін оның ішке бүккен қисабы бар боп шықты. Ол бұлардың үйін он мың сомға қамсыздандырып қойыпты. Ағасы болса, бұл хабарға қуанудың орнына: «Мені сыртымнан билеуді қашан қоясың?» – деп кәдімгідей ренжіп те қалады. Қулық-сұмдықтан ада қазақы мінез ғой. Сол қазақы мінездің көкесі қамсыздандыру агенті алдына барғанда айқын көрінеді. Әйелі: «Өртке қошқар мүйіз ою салған текеметім кетті», – десе, «Өй, сен де айтады екенсің, ол текеметті мен кеше өрттің ішінен алып шыққан жоқпын ба?» – дейді сол ерлігін әйелінің бағаламай отырғанына күйініп. Байқамай бүлдіріп алғанын кеш аңғарған Батырбек: «Жеті жүз сомға сатып алған дубленкам кетті өртке», – деп салады. Өртенген заттың санын көбейтіп, жаңағы кінәсін жуып-шайған түрі. Осы арада дубленка жырына қанық әйелі тулап ала жөнелсін. Өйтетін себебі де бар. Батырекең осы қыста орталықта өткен кәсіподақ жиналысына сол дубленканы киіп барыпты. Дубленка киіп барайын демеген, әйелі қояр да қоймай иығына іліп жіберген. Әйелінің сөйткен еңбегін бұл қасқа ақтаса кәні, ақтамапты. «Жоғалтып алдым», – деп үйге біреудің көнетоз жыртық тонын жамылып, сүмірейіп келіп тұр дейді. Әйелі қымбат дүниенің жоғалғанына, әрине, іші өртенеді ғой. Дегенмен қазақтың көнбіс әйелінің ашуы қазан қайнатуға ғана жетеді емес пе, тулап-тулап ақыры басылады. Бірақ: «Дубленканы қалай жоғалтқанымды қатын шіркін түбі біліп қоймас па екен?» – деп Батырекеңнің іші біраз уақыт қылпылдауын қоймайды.
Ауыл арасында әңгіме жата ма, ақыры «қылмысы» әшкере болады. Сөйтсе… иә, қойшы адам кәсіподақтың жиылысынан не алсын, сол үш-төрт күнде жиылысқа да бармай, туған-туыстарының үйіне де бас сұқпай, Қаныш деген жесір келіншектің үйінде арақ ішіп, қарта ойнап жатыпты. Ауыл қатындары отқа май боп құйылар мұндай қызық әңгімені іште сақтап қалай шыдасын? Олар да қираған мен бүлінгенді елден бұрын жариялауға асығатын бүгінгі әлеуметтік желі мен телеарналар сияқты емес пе? Ақыры болған оқиға әйелінің құлағына жетіп тынады. Ұрыстың көкесі сонда басталады ғой. Сосын ол хикая өмірі ұмытыла ма? Еске түскен сайын ит жының қозып шыға келмей ме?
Жарықтық қойшы қасқа сол хикаяны қамсыздандыру агенті алдында ойда жоқта аңғалдықпен еске салып жібергені емес пе. Сол-ақ екен әйел шіркін шоқ басқандай шоршып түседі. Батырекеңнің абыройын айрандай төгіп, сол арада өтірігін бетіне шыжғырып басады. Әрі сонысына өзінің мерейі үстем бола қалғанын айтсаңшы. Әрине, әуелгі мақсаты қалай да қымбат мүлік санын көбейтіп, артығырақ пайда табу еді. Сол жағы естен тарс шығып кетсе қайтерсің.
Ал енді осы күнгі адамдар бұндай жағдайда не істер еді? Ақша үшін ашуын ауыздықтай тұрар ма еді, қайтер еді? Оқиға желісіне шідерленген оқырман солай ойлауы мүмкін. Алайда бүгінгі Батырбектің бұрынғы Батырбектен озып тұрғаны шамалы-ау.
Бұрынғы Батырбек інісіне ыза боп отырып: «…Страхованиең не сенің, естіген елден ұят емес пе? …Саған еріп жұрттың мазағына қалатын жайым жоқ», – деп басына пайда әкелетін істен ат-тонын ала қашса, бүгінгі Батырбек те қамсыздандырудан аулағырақ жүргенді жөн көрер еді. Бірақ ол «ел-жұрттың мазағына қалам» деп емес, ондай компанияны алаяқ деп күмәнданғандықтан да жолағысы келмейді. Ондай алаяқтық Қазақстан қамсыздандыру тарихында болғанын, соның бір басшысы бүкіл елдің ақшасын жымқырып, шетелге тайып тұрғанын ұмыта алмайды. «Қыруар қаржыны жалғыз адам жымқырып, шетел асып кетті» деген әңгімеге сенбей, оның көзін жойып, ақшаны біреу пайдаланып кетпеді ме екен деп күмәнданатындар да кездеседі. Қалай болса да страхованияның ақшасы тып-типыл болғаны рас, сондықтан да халықтың страхование десе аза бойы қаза тұрады. Соның кесірінен елімізде қамсыздандыру мәселесі әлі күнге абырой жинай алатын түрі жоқ. Бұл – біздің дамыған мемлекеттер қатарына жуық арада қосыла алмайтынымыздың бір белгісі. Дамыған мемлекеттер қатарына қосылу үшін, әрбір мемлекеттің қаржыны инвестициялау арқылы бай болуға ұмтылатыны сияқты, әрбір адамның да солайша бай болуға талпынғаны, қаржылық сауатты болмағы керек. Олай болмайынша, бәрі бекер. Қаржылық сауаттылық дегенде, зейнетақы қорын, инвестиция мәселесін айтпай кете алмайтынымыз сондықтан. Дамыған мемлекеттерде әрбір адам ертеңгі қарттық өмірін ерте бастан ойлап, келешек зейнетақысын саналы түрде алғашқы жалақысынан бастап жинай бастайды. Ал біз ондайға әзірге сене қоймаймыз. Сенімсіздік қайдан туындап тұр? Зейнетақы қорларының алғашқыда жеке қолдарда болғанынан сескенген үкімет оны мемлекеттік ұйымға айналдырғаны тіпті сорақы қателік болып шықты. Дамыған елдерде, зейнетақы қорлары біздегі екінші деңгейлі банктер сияқты жеке қолда, сондықтан оған ақша аударып отыруды мемлекет міндеттемейді. Әркім өзі біледі. Тапқан табысының қанша бөлігін аударуды да әркім өзі шешеді. Ал бізде бұл мүлде керісінше.
Құнды қағаздар нарығы да мәз емес. Елімізде он жылдан аса уақыт табысты жұмыс істеп келе жатқан бір инвестициялық-консалтингтік акционерлік қоғамын күштік құрылымдар қаржы пирамидасы деген желеумен кеңселерін жауып, есеп-шоттарын тоқтатып қойғаны бұның бір мысалы. Қытайдың бір ойшылы айтыпты: «Инвестиция өз ішіңнен шықпайынша оңбайсың», – деп. Ал бізде инвестиция мәселесі мүлдем керісінше сипат алып тұр. Міне, осындай жүйесіздік бүгінгі Батырбектерді секемшіл етіп тастаған.
Бұл әрине, «Өрттен кейін» атты әңгімені оқығаннан кейін келген ойлар. Мәкеңнің адам психологиясын шебер суреттеген осы әңгімесі – әрбір қазаққа қатысы бар әлеуметтік тақырып. Со- циалистік замандағы қазақтың страхование туралы түсінігі анадай болса, бүгінгі капитал жолына түскен қазақтың қамсыздандыруына қатысты ұғымының артып бара жатқаны шамалы. Қайшылыққа толы. Егер жазушы Мереке Құлкенов қолына қаламын қайта алып, осы тақырыпты көркем шығармаға өзек етер болса, бүгінгі қазақстандық қамсыздандыру мен қазақстандық құнды қағаз нарығының адам жыларлық жағдайы мен кісі күлерлік кескіні көркем образдар арқылы оқырманға түсініктірек бола түсер еді.
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ
ПІКІРЛЕР11