Өлең боп өрілген өмір
Ол әдебиеттің түрлі жанрларына қалам тербеді. Бірақ солардың ішінде ақындығы ерекшеленіп тұратын. Ол – нағыз ақын еді. Ол деп отырғанымыз кім? Ол – ақын Рүстем Жанай. Рекең Қызылорда облысының Қазалы ауданында өмірге келген. Кезінде «КазПИ» аталған, бүгінде Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің түлегі. Жер басып жүргенде жетпіс бір жастың жотасына енді көтеріліп жатар еді. Көңілі даласындай дарқан, ғұмырында ар мен намысты пір тұтқан абзал жанның өмірден өткеніне де бес-алты жыл болыпты. Желдей ескен уақыт-ай десеңші!..
Зерек те алғыр жас аудан басшылығының көзіне ертерек түсті. Уақыт өте оған аудан жастарына жетекшілік ету тапсырылды. Кейін кеңшар парткомының хатшысы болды. Қызмет баспалдақтары одан әрі көтеріле берді. Ауылшаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетін басқарды. Халық депутаттары аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудан әкімінің орынбасары болды.
Рүстем Жанайдың қызмет істеген жылдары Қазалының әлеуметтік жағдайын, әсіресе, мәдениетін көтерудегі еңбегі ерекше болды. Талантты, жан-жақты азамат аудан көлеміндегі саяси, мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға білек түре, белсене қатысты. Тіпті, кейбір ойын-сауық отауларының, концерттік бағдарламалардың сценарийін өзі жазып, қолғабыс-көмегін көрсетті. Ондағы мақсаты – көпшілікке ұсынылатын дүниелер талаптағыдай, әсерлі болып шықса деу. Қызмет саласы бойынша шаруасы онсыз да шаш-етектен еді. Соған қарамастан қолға алған жұмысты ұсақ-түйек деп қарамай тәрбиелік шаралардың мазмұнды, тиімді өтуіне атсалысты. Әйтпесе аудан әкімінің орынбасары ретінде қарамағындағыларға тапсырма беріп, сырттай бақылап, қадағалап жүрсе де болар еді. Бірақ ол өйтпеді. Іс басында өзі жүріп, «қазанда» біте қайнасты.
Жүріп келем,
Мен әлі жүріп келем.
Асау жүрек айтарын ірікпеген.
Баяндама жазылған папкаларда,
Ұмытылмай жазылып жүріпті өлең, –
деп өзі айтқандай, басшы болып, қолына папка ұстап жүрсе де шабыт шақырып, жыр тудыруды бір сәт те тоқтатқан емес.
Ақын – сезім жаршысы. Көз алдында сұлулық, әсемдік көлбеңдеп тұрғанда ақын жүрегі селт етпеуі мүмкін емес. Сұлулықты көрмеген, сезінбеген адамның ақын болып жаратылуы да күмән тудырары хақ.
Рүстемнің махаббат жырларынан жүрегінің тазалығы, сұлулыққа құмарлығы анық аңғарылар еді. Ол сүйсе, бар жан-тәнімен құлай сүйді.
Өзіңе серт –
Қадірімді білмесең.
Қиялымда өмір сүрдің
Бірге сен.
Жүректің де болар ма екен керегі?
Егер сені дәл осылай
Сүймесем.
Шынымды айтсам:
Жер басып та жүрмес ем.
Расында ғой, махаббат, іңкәрлік, сағыныш болмаса өмірдің не мәні болар еді? «Махаббатсыз өмір тұл» деп Абай да айтпап па еді. Рүстемнің де махаббат туралы ой-толғамы Абай сөзімен үндес. Бірақ ол өзінше жырлайды. Өз жүрегінің үнін білдіреді.
Өмірге, сұлулыққа құштар ақын алғашқы жыр жинақтарын негізінен махаббат тақырыбына арнады. Олар – «Мәуелі махаббат», «Бақыт босағасы», «Бір өзіңе», «Әйелдердің жүрегімен ойнама» атты өлең кітаптары.
Өмір тек сұлулықтан, жайма-шуақ күндерден тұрмайтыны белгілі. Өмір – арпалыс. Қуанып тұрып, қабағыңнан қар жаууы лезде. Рүстем ақын осыны жақсы түсінді.
Жана бермес бұл адамның бағы кіл,
Таңсық емес құлап түсу тағы бір.
Өмір деген тойлау емес жеңісті,
Өмір кейде:
Жеңілу мен шабуыл, –
деуі де содан.
Ақынның қай өлеңі де зор тебіреністен, терең толғаныстан туғандығы байқалады. Оның «Ар туралы» атты өлеңі автор үшін, яғни жырдың иесі үшін бәрінен бұрын ненің қымбат, ненің қастерлі екенін айғақтайды. Осы өлеңді түгел келтірейік:
Ес білгелі
Бір сезім ескірмейді,
Ол сезімнен айырмас ешкім мені.
Сатпа Арыңды, жан балам,
Сақта арыңды
Деген сөздер соңғы рет естіледі.
Қайран әке, көзіңе мақтамаған,
Ала жібін біреудің аттамаған.
Жанын арға садаға етіп мәңгі,
Туған жерде мәңгі ұйықтап жатқан адам.
Байлық іздеп,
Басқа өмір таңдамаған,
Тер боп ағып,
Жалын боп жанған адам.
– Жарлы бол, – дейтін еді ол–
Ал Арыңнан айрылып қалма, балам!
Өмір – сынақ,
Сынақтан жүз өтемін.
Қатемді өмір білемін түзетерін.
Шекараны күзеткен сақшыдай бір,
Мен де Арымды күні-түн күзетемін.
Қандай келісті теңеу! «Арымды шекараны күзеткендей күзетем» деп тұр. Аршыл, намысшыл адамның сөзі бұл. «Жаным – арымның садағасы» дейді қазақ. Адамдар Рекең секілді арды, тек қана адалдықты ту етіп жүрсе өмірде жамандық атаулы, реніш те, сатқындық пен қаскөйлік те болмас еді-ау деп ойлайсың.
Ақын – туған елінің жанашыры, патриоты. Рүстем ақын да туған жерін, туған елін ерекше ардақ тұтты. «Құтты ұям» дейтін өлеңінде туған ауылы туралы мақтана, шаттана келіп:
Қасиетті жер бұл!
Мәңгілік өзін сүйдіріп,
Күллі әлемді де сүюді маған үйреткен, –
дейтін жолдар бар. «Туған жерді сүю арқылы, әлемге деген құштарлығым артты» деген ойын білдіреді ақын. Оның «Қазақпыз – ұлы халықпыз», «Қазақпыз», «Егеменбіз», «Желтоқсан желі», «Дала сыры» секілді өлеңдерінде де еліне, жеріне, халқына деген сүйіспеншілігі менмұндалайды.
Елдің, халықтың басына түскен қасірет ең алдымен ақын жүрегіне салмақ салады. Ақынның жүрегі нәзік. Төңіректе болатын жайлы да, жайсыз оқиғалар оған тез әсер етеді. Ақын Рүстем де кешегі толқындары жағалауды ұрып, ернеуінен аса шалқып жатқан Арал теңізі аяқ астынан тартылып қалғанда мазасыз күй кешпей тұра алмады. Сол тебіреніс, сол аһ ұру «Арал қашып барады», «Қайырылап жатыр кемелер», «Шардараға көшкен шалдың ауылдастарына хаты», «Қаратерең қарттары» атты өкінішке, күрсініске толы өлеңдерді өмірге әкелді.
Рүстем поэзияның күрделі жанры қатарындағы поэма-дастандарды да қолға алып, бағын сынап көрді. «Солдат тағдыры», «Дәулет батыр» поэмалары оқырман қауыммен қауышты. Алғашқысында соғыстың адам баласына тартқызар қайғы-қасіреті баяндалса, екіншісінде белгілі балуан, түрлі додаларда қазақтың намысын қорғап, жүлдегер атанған Дәулет Тұрлықановтың өмірі жастарға үлгі етіледі. Бұл екі шығарма да кезінде көпшілік тарапынан жоғары баға алды.
Сөзіміздің басында ол ең алдымен ақын еді дедік қой. Қаламгер Рүстем Жанайдың ендігі бір қыры – жазушылығы. 2007 жылы Астанадағы «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Рүстем Жанай. Шығармалары» деген кітапқа автордың өлең, поэмаларымен қатар, повестері мен әңгімелері де енгізілді. «Қайыртал», «Жанайқай» повестерінің, «Ұйқысыз түн», «Еркектің көз жасы», «Ол» әңгімелерінің негізгі тақырыбы – ауыл өмірі, ауылдың өзімізге таныс қарапайым адамдары. Бұл шығармалардың тілі жатық. Алып бара жатқан күрделі оқиғалар жоқ, соған қарамастан тартымды. Әсерлігі болар, бір демде, қызыға, құмарта оқып шығасыз.
Драматургия да Рекеңді бөтенсінбеген. Алғашқыда жергілікті жердегі «Тамаша» театрына көптеген сахналық қойылымдардың сценарийін жазған ол бертінде «Жанқожа батыр» атты пьесаның дүниеге келуіне ұйытқы болды. Жанқожа – елге белгілі тарихи тұлға, күрделі бейне. Бұл тақырыпқа кім болса сол тәуекел ете алмайды. Батыр өмірінен, жалпы ұлт тарихынан жан- жақты хабардар адам ғана қолына қалам алады. Бір сүйсінерлігі, Рүстем осы талап үдесінен шыға білді. Пьесаның желісімен қойылған спектакль аудандағы театр репертуарынан тұрақты орын алды. Жұртшылық осы пьеса арқылы ұлт қаһарманы – Жанқожа батыр бейнесіне, оның ерлік істеріне бұрынғыдан да қаныға түсті. Осы үшін де батырдың жерлестері қаламгерге шынайы ризашылықтарын білдірді.
Рүстем Жанай әдебиет сынына да қаражаяу емес еді. Әттең, оны жалғас-тырмаған. Студент кезінде жазған рецензияларының өзі республикалық басылымдарда жарық көріп жүрді. Мәселен, 1966 жылдың 13 қазанында «Лениншіл жас» газетінде жарияланған «Дала тарихының таразысы» атты мақаласында қазақтың дүлдүл ақыны Қадыр Мырза-Әлінің поэзиясына шолу жасайды. Осында ақынның жетістіктерін тілге тиек ете келе алдағы уақытта ескерер жайларды да ортаға салады. Тұманбай Молдағалиевтің, Фариза Оңғарсынованың, Төлеген Айбергеновтің, Тұрсынзада Есімжановтың, өзге де танымал ақындардың шығармашылығы жөніндегі пікірлері ашықтығымен, нақтылығымен ерекшеленеді. Ол тек поэзиялық шығармаларды ғана емес, прозалық туындыларды да талдап, саралай білді. Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаңына» қатысты ойын былай түйіндейді: «Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаңы» қазір оқырман қолында. Кітапқұмар көпшілік бұл дүниелерді оқып, өзіндік ой түйіп үлгірді. Біздің байқағанымыз – бұл кітаптар оқырманын бейжай қалдырмағанына кепілдік беруге болады. Себебі, бұл шығармалар халқымыз тарихының ең бір елеулі кезеңінен сыр шертеді. Тарихымызды білуге құмартсақ – бұл біздің рухани өскеніміз. Рухани өскен ұрпаққа сол деңгейде рухани азық керек».
Рүстем Жанайдың өзге шығармаларынан бөлек назар аудартар бір туындысы бар. Ол – «Өмір парақтары» деген еңбегі. Автордың өзі ескертетіндей бұл өмірбаян деуге де келмейді. Естелік те емес. Бұл не сонда? Мұның жауабын автордың өзі береді: «Данышпан да, ғалым да, ақын да, өнерпаз да, қайраткер де, айтулы азаматтар да, тағы басқа еліне елеулі, халқына қалаулы адамдар да белгілі бір ортадан шығатыны сөзсіз. Орта – сені қоршаған адамдар, кім-кімді де солар тәрбиелейді. Адам болудың бөтен мектебі жоқ. Оқулығы жазылмаған. Ойлана-ойлана өзімнің қалыптасу жолымды ой елегінен өткізіп, жанры белгісіз шығарма жазып отырмын…».
«Өмір парақтары» қалай өмір сүру керек, өмірде нені темірқазық етіп алған жөн, нені ардақтап, неден жирену керек деген көкейкесті сауалдарға жауап береді. Автордың өзі қорытынды сөзінде атап көрсеткендей, бұл кім-кімнің де кәдесіне жарайтын асыл мұра.
Енді әттеген-ай бір жайтты айта кетейік. Сегіз қырлы, бір сырлы азамат арамызда жүргенде өткен жылы жетпіс жасқа толған болар еді. Осы мерейтойдың атаусыз қалғаны жаныңды жабырқатады. Жақсылықтың ерте-кеші жоқ дейтініміз бар ғой. Сол өкініштің орнын биыл толтырып жатсақ та адамгершілігіміздің, елдігіміздің бір белгісі болар еді.
Нұрперзент Домбай,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.