Бауыржан Бабажанұлы. Бесқала жырлары
29.10.2021
2920
10

(Сапарлас ағам, ақын Қасымхан Бегмановқа арнаймын)

Ақтарылу

Ай, Қасымхан ағам-ай,

Ай, Қасымхан ағам-ай.

Бесқалаға жол тарттық,

Карантинге қарамай.

Мені қойшы, кіндік қаным тамған жұрт,

Ата-бабам қалған жұрт.

Аруағынан солардың

Қорықсам да барам-ай.

Сенің жөнің бір бөлек:

Жұрт айнала қашатұғын «қалпақ» деп,

Елді сүйіп, қайғы-мұңы ортақ деп,

Айбергенов жатыр деп,

Есенғали шыр еткен ақ тақыр деп,

Алып-ұшып баладай,

Жолға шыққан.

Шетсіз-шексіз даладай

ниетіңнен айналайын, жан аға-ай.

 

Тағып қолға тағдыр дейтін сақина,

Кетті екі ағам бақиға.

Жүрегіңді алатұғын суырып,

Не айла бар Ажал атты ақиға?

Солар туған топырақты іздеген,

Атқосшы боп сізге мен,

Куә қылып Бесқаланың түндері мен таңдарын,

Аралатсам қарт Әмудің бер жағы мен ар жағын,

Сенің дархан көңіліңнің бодауына тати ма?

 

Жүрегіңді шайып алып кірлеген,

Санаңда бір салатұғын дүрбелең.

Құдайберген боп қаңқылдап,

Жақсылық боп жарқылдап,

Наурызбек боп саңқылдап,

Түкпіріңде жатқан ыстық қоламтаңды үрлеген.

Аралатып ғасырлар мен ғасырлардың арасын

Кіндігіңді бабалардың рухына жалғайтын,

Бұл жақта бір ғаламат бар жыр деген…

Отыра қап ал тыңда,

Содан кейін өлең оқы, жарқылда,

Қасымхандай ақын келген жыл ғой деп,

Аңыз қалсын артыңда,

Бұндағы жұрт сөз қадірін біледі!

Аузын ашса, көрінетін жүрегі,

Аңғал-саңғал қалпы бар,

Жанын жырмен сүртіп алсаң, алтындайын жарқырар,

Төлеш ағам жырлап кеткен тауыса алмай,

Сағыныштан жаралған ел бұл деген!

 

Ай, Қасымхан ағам-ай,

Көкірегіңді қазынаға толтырар,

Бұл өлкені аралай түс, аралай.

Ниеттеніп шыққасын,

Ұлы сапар үстінде

Жұқтырмайды қалам дерт.

Содан кейін көргеніңнің барлығын,

Ойдағы елдің қуанышын, зар-мұңын,

Жаза алмасаң, саған серт!

Жаза алмасам, маған серт!

 

Хожелі. Ес-Ағаңды еске алу

Баста мәңгі тұра бермес азап кіл,

Тірі қалсаң, мынау өмір ғажап-дүр…

…Күн туғанда алағай да бұлағай,

Ақылдасып кіл адай,

Сезіп басқа төніп тұрған қауіпті,

Бесқалаға ауыпты,

Төніп келген сәбеттің

тепкісіне шыдамай.

Не көрмеген қазақ бұл?!

 

Бұл да жат жер емес-ті,

Бестөбеде Қосай бар.

Сырт көзге анау сес-айбар…

Абайсызда шаншып кеткен құрығың,

Бәйтерек боп шығатын,

Бесқаладан тапты сөйтіп мұратын.

Өрт шалғанда өрісін,

Ауа қашқан ел үшін

Есендіктен артық не бар ғаламда,

Есенғали деп қойыпты ұл атын,

…Е, бұл-дағы – қуанышқа мас айлар.

 

Сол Ес-ағаң кіндік кескен Хожелі,

Бұл да оның өгей емес, өз елі!

Рухы оның шыр айналып жүр бүгін,

(Әуехандай анамыз

Дәл қай тұсқа көмді екен

Ұлы ақынның кіндігін?).

Біздің осы сапарды анық көріп тұр –

Хожелі мен Қатептің

Топырағында ізі қалған балдырған.

…Не істер едің, Қас-аға,

Тайға мінген қаракөк,

Кіп-кішкентай бала боп,

Есенғали шыға келсе алдыңнан?

 

…Бұл арадан кеткелі

Түсті араға сан жылдар.

Пәлен-түген демейік,

Қилы-қилы тағдыр бар.

Қанша өлеңі іште өлді –

Жауа алмаған жаңбырлар.

Есенғали досыңыз

өзі туған мекенді

«Көрмеймін деген жоқ еді,

Жеткізбей кетті сан қырлар…»

 

Қоңыратты таныстыру

Қоңырат деген жер – осы,

Қоңырат деген жер – осы!

Секілденген жер осі,

Қоңыраттың топырағын басқан жанның әп сәтте,

Биіктейді өресі,

Бойындағы зілдей мұңнан арылып,

Төлегеннің Сағынышын жамылып,

Тиер көкке төбесі.

 

Бес қаланың бірі – осы,

Ішіндегі дүрі – осы.

Хорезмнің қақпасы –

Мына жағы – қазақтың кең даласы,

Мына жағы – даңқты Хиуа қаласы 

Қызғыш құстай көлден безген сәтінде,

Махамбеттей елден безген сәтінде,

Талай батыр бұрған мұнда ат басын.

Қай кезде де жүріп жатты Ақ пен Қара күресі.

Қашқанды да даладан,

Қашқанды да қаладан

ұстап бермей, паналатқан бауырына ап,

Мұнда Ақтың басым болған үлесі.

Уай, Қас-аға, бұны да есте сақташы.

 

Бізді көріп демесінші: «Кім бұлар?»

Шешін-дағы Ханжапқа бір сүңгіп ал.

Төлегеннің жырын оқып тұрайық,

Қазақжаптан су алғанда құрбылар.

Содан кейін Үстірт жаққа кетейік,

Асауұлы Дәуітке

Барып зиярат етейік.

Кім біледі, сонда жатқан мың аруақ,

Бесқала деп қайырыла беретін,

Көкірегі қарс айырыла беретін,

Біздің мынау түкпірдегі сырды ұғар…

 

Қоңырат деген жер – осы,

Қоңырат деген жер – осы!

Тұнған тарих оның әрбір төбесі.

Тұңғиыққа тартады,

Өткен күндер елесі…

Қоңыраттан аттанғанның бата алып,

Өрге жүзіп кемесі,

Тиеді дәл жебесі.

…Ай, ағатай, етегімнен тартып қал,

Көп мақтанып бара жатсам, мен осы…

 

Қара үйдің орнындағы әңгіме

Ай, Қас-аға, Қас-аға,

Дейсің маған: «Босама…»

Қалдым тіпті көзімнен жас тырс еткенін аңдамай,

Толқымайын мен қалай?

Таудай әкем шаңырағын көтеріп,

Талдай анам үй тіккен жер осы ара.

Мына жерде төр бар-ды,

Мына жерде босаға.

(…Сол уақ, шіркін, бір-ақ сәтке қайта айналып соқса ғой,

Басқа түгіл алғысымды айтар ем,

Шешем байғұс түтіндік сап қуатын,

Түніменен ұйықтатпайтын масаға…)

 

Кім де болса, сәл еңкейіп кіретін,

Қасиетті төрдің бұл да бірі етін.

Тек еркіндік берілетін құстарға.

Біз де құс ек…

Дәл айтқанда, балапан,

Есік қағып, аттағанда жаңа таң,

Бір-бір көрпе жамылып ап майысып,

Отыратын шай ішіп,

Ортадағы оттан түтін шаңыраққа ұшқанда.

 

Ата-анасы қасында,

Бала едім ғой алтын тәж бар басында.

Қайран күндер, барды-жоқты елемес,

Тайым бар-ды Құлагерден кем емес,

Итім бар-ды, Тілектес-тін аты оның,

Шын тілектес досым еді ол, расында.

Көріп мені сапарға алыс аттанған,

Соның бәрін ап қалған,

Не дей алам жиырмасыншы ғасырға…

 

Басты еңсемнен зілдей мұң,

Аппақ бетін бұлт торлаған Күндеймін.

Сол бақытты шақтар шығып қалар деп,

Өткен күннің қоламтасын үрлеймін.

Тезірек ержетуге,

Осы ауылдан кетуге

Неге сонша асыққаным, білмеймін…

Айырбастамайтын алтын сарайға,

Тағым – осы (менікі емес, алайда).

Біртүрлі боп қарап тұрған сыртымнан,

Түк өкпем жоқ үй иесі – ағайға.

Сол кісімен әңгіме айта тұрыңыз,

Ал мен қазір…

Жарай ма?…

*Қара үй – киіз үй.

 

Ауылда

Ештеңе де өзгермеген секілді,

…Демек, Уақыт оқымаған өкімді.

Мен емес деп кім айтар,

Қозы айдаған анау ұлды кекілді.

Бәсе, бәсе, көрген түсім екен ғой,

Бастан өткен оқиғалар не түрлі.

Ұйқым қазір ашылады, көр де тұр,

Қазақжапқа келсем шайып бетімді.

 

Болат өлді дегенге кім сенеді,

Ыбырай мен Мұрат қайтты дегені –

бос былшыл ғой, өлсе егер, айтпай ма,

Анау тұрған Кеулімжайдың терегі?

Сол теректің түбінде сәл демалып,

Бір ысқырсам, олар жетіп келеді.

Содан кейін жөнелеміз бетке алып,

Ізейкештің жанындағы төбені.

 

Төбе ғой бұл көңілдерге салар ой,

Ойын қызса, демес ешкім: «Бара ғой…».

Әкем тағы боқтайтұғын болды-ау бір,

Келмей қалса, қозысы өлген қара қой.

Шешем байғұс күңкілдер-ау қорғаштап:

«Білмей қалған шығар енді… бала ғой…»

 

Ала бұлты, қара бұлты аралас,

Аспан, аспан, арманымды ала қаш.

…Мен бәріне сеніп қалып едім ғой,

– Сәнін бұзған төрдің кеп,

Сені қайдан көрдім? –  деп, –

Шекесінен қарағанша қара ағаш…

 

Мойнақ қаласы

Мынау, міне, Мойнақ деген қалаңыз –

Іргесінде Арал жатқан кезінде,

Айналасын орап жатқан кезінде,

Кемелері күркіреп,

Дүн-дүние дүркіреп

Тұрған шақтар, бұл күндері бәрі – аңыз.

 

Әму-ұлы арсалаңдап құшағына құлаған,

Арал деген тірі адам.

Араны үзіп көкке ұмтылған көп кеуде,

Сол Әмуден хабар болмай кеткенде,

Адамдардан көңілі қап,

Ер-тоқымын бауырына ап,

Тіпті алысқа кетіп қалған бұл ағаң.

 

Содан бері мына Мойнақ жетім-ді,

«Атам келіп қалар» – деп,

Жолға қарап жүрген ұл бұл кекілді.

«Кекілді ұлдың көңілін бір табам» – деп,

«Кеудесінде үміт отын жағам» – деп,

Өзбек бауыр барын салған секілді.

 

Шыққыр көзім арбамаса, тегі, елес,

Мен баяғы көрген мынау жер емес…

Қуанышыңды еселер

Оқтай түзу көшелер,

Үмітіңді маздатар

Ақшаңқан үй қаз-қатар, –

Бұрынғының бәрі тіпті өзгерген, –

Сұлулығы дәл бүгінгі Мойнақтың

Өзбегіңнің кез келген

Шаһарынан кем емес.

 

Бұдан артық не керек?

Бәрі жақсы, бәрі тіпті керемет.

Тек бұл жақта билемейді инелік,

Тек бұл жақта ән салмайды көбелек.

Арал ағам жоқ әлі,

Кімге Әмудің обалы?

Қарлығаш-қыз ұшып жүр,

Кеуіп жатқан аңқасы

Далаға су себелеп…

 

Алсақ егер түсіне,

Сеніп әбден күшіне,

Табиғаттың берекесін кетірген,

Адамзаттың қылығына шамданған,

Бұл да Құдай ісі де.

…Құмға шаншып құйрығын,

Мүлгіп жатыр көп кеме

Шыға келіп ойпаңнан,

Су үстінде тайпалған,

Шақтар кіріп түсіне…

 

Мойнақта

Атам терін төккенім,

Әжем бақша еккенім,

Әкем әрбір қыратыңа сүйінген,

Анам келін болып түсіп, иілген –

Алты жаста аттанғанда төсіңнен,

Кіндігімнің қаны тамған топырақ  –

Мойнақ, сені ұмытамын деп пе едім?

 

Заманға айла таба алмай,

Қарсы келіп, қала жаздап арандай,

Ат тұяғын сындырғанда оқпан-күн,

Өкіметтен жеңіліп,

Ағайыннан бөлініп,

Саған ауған Өтеулі мен Бабандай*,

Олқы тұсын толтырар деп кеудемнің

Өзіңді іздеп кеп қалдым…

 

Аң-құс қашып жағаңнан,

Әму, саған не болған?

Жойқын деген атың қайда біз асық?!

Апта, кейде бір ай бойы өте алмай,

Арғы бетке жете алмай,

Күндер қайда халық асау толқыныңнан қорқатын?

Кесір қатын аттап өткен үстіңнен,

Сәтті көріп қандай күйге түстім мен,

Жылап аққан сызашық…

 

Бірдеңені күбірлейді шеге құм,

Келді ме екен айтқысы,

Хакім ата** дерегін,

Тоқпақ ата*** дерегін,

(Не дегенін ұға алсам,

Салмақтырақ шығар еді-ау өлеңім.

Жер бетінен қаншама жыл іздеген

Табылар ма керегім?..)

…Бірақ бізге ұғу қиын бірден әулие хабарын,

Уа, шеге құм, не дедің?!

 

«Арал қайтып келеді,

Аққу ұшып, қаз қонған,

Айнала жұрт мәз болған,

Заман қайтып келеді,

Мынау елдің артады әлі-ақ ырысы!» –

деп өзімше «тәпсірледім» шеге құмның айтқанын.

…Мына өмірде өзіңді алдар аппақ дүние жасап ап,

Сосын соған сеніп өлген, дұрысы…

 

* Өтеулі, Бабан — аталарым.

** Хакім ата — Сүлеймен Бақырғани.

*** Тоқпақ ата — ертеде өмір сүрген ірі діни қайраткер, жергілікті халық құрмет тұтатын әулие адамның есімі.

 Ақтөбе-Алматы-Ақтау-Нөкіс-Ақтау-Ақтөбе.

ПІКІРЛЕР10
Аноним 30.10.2021 | 08:38

Керемет! Жазарыңыз таусылмасын, шабытыңыз шыңдала берсін ағатайым!

Аноним 30.10.2021 | 08:40

Керемет! Жазарыңыз таусылмасын, шабытыңыз шыңдала берсін ағатайым! Зэ
Зауре қарындасыз.
Нұр Сұлтан қаласы

Аноним 30.10.2021 | 11:57

Қаламыңыз ұштала берсін інім биіктерден көріне беруіңізге тілектеспін. Ағаң ҚАМБАР.ЖАҢА&ӨЗЕН.

Аноним 30.10.2021 | 12:24

Керемет жырлар! Туған жерімізді еске салып, ерекше сезімге бөледі.
Сәбит Жаңаөзен

Аноним 30.10.2021 | 17:31

Аркашанда осындай биык шындардан корыне берыныз каламыныз уштала берсын Кулсары каласы Конратбай

Аноним 30.10.2021 | 23:03

Каламыннын жазар жыры коп болсын, Бауыржан! Алматыдан апкен Гулзина

Аноним 30.10.2021 | 23:52

Қазақтың шын тарихынан көп мәлімет бере отырып, талай жанның туған жеріне сағынышын арттырып, жүректерге жылу беретін, толғандыратын — керемет өлең! Бауыржан, жазарың таусылмасын!

Аноним 31.10.2021 | 20:08

Бесқала жырлары-туған жерге деген сағыныштан туған өлеңдер.
Сағыныш -мөлдір мұң. Сағыныш-жүрек қылын шертер сырлы саз. Көңіл пернесін тап басар осындай жырларың көп болсын,Бауыржан інім!
Мақсат Д.
Алматы қаласы.

Аноним 06.11.2021 | 07:43

Бәрекелді! Толғанып, толғап отырып жазыпсыз. Керемет! Бесқаланы менің де көргім келіп кетті. Алла сізге күш-қуат, мықты денсаулық, шалқар шабыт, бақытты өмір бере берсін, Бауыржан аға!
Алматыдан Саят Қамшыгер

Аноним 09.11.2021 | 16:57

Туған жерге деген сағыныш,сөзіңізді жібек жіптен алып, ойыңызды толғанып отырып кестелепсіз, кереметтт. Аға шығармашылық табыс тілеймін. Гаухар

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір