АЛТЫН ОРДА ДӘУІРІНДЕГІ ИСЛАМДАНУ ҮДЕРІСІ
29.10.2021
2259
0

Моңғол шапқыншылығы нәтижесінде Шығысында Зайсан көлі мен батысында Шығыс Еуропаның біраз бөлігіне дейін созылып жатқан жаңа мемлекет құрылды. Тарихи деректерде бұл алып территория «Жошы Ұлысы» ал орыс деректерінде «Алтын Орда» деген атаумен енді. Бұл мемлекет қазақ, өзбек, татар, ноғай және, т.б. көшпелі халықтардың ұлттық және діни бірегейліктерінің қалыптасу үдерісінде маңызды рөл ойнады. Бүгінгі таңда Алтын Орда тарихын зерттеуші мамандар осы кезеңге қатысты көптеген соны мәліметтерді ғылыми айналымға енгізуде. Бұндай зерттеулер, әлбетте сол уақытта Еуразия даласында жүрген саяси, этномәдени және әлеуметтік-экономикалық үдерістерді зерттеуге, олардың даму барысы мен нәтижесін бағамдауға мүмкіндіктер беретіндігі сөзсіз.

Осы ретте Алтын орда кезеңін зерттеуде археологиялық деректер негізінде Шыңғысханның Жошыдан тараған ұрпақтары құрған мемлекетте исламдану үдерісінің тарихи динамикасын зерттеу кенже дамып келе жатқан бағыттардың бірі,

Бүгінгі таңда Алтын Орда тарихында ислам дінінің алатын орны туралы ғалымдар арасында түрлі көзқарастар қалыптасып отыр. Бір топ зерттеуші мамандар Алтын орданың әлсіреп, ыдырауының басты себебі мұсылманшылық дәстүрдің мемлекет ішінде кең өріс алуынан болды деп пайымдайды. Келесі бір топ мамандар бұл уақыт моңғол шапқыншылығы нәтижесінде құлдыраған Орта Азия мұсылманшылық дәстүрінің қайта жандану дәуірі деп бағамдайды. Ұсынылып отырған мақалада біздің мақсатымыз Алтын Орда мемлекетінде ислам дінінің орның анықтау, екі түрлі көзқарастағы мамандардың арасындағы пікір-таласқа араласып, өзіндік пікірлерді көрсету емес. Біздің мақсат – нақты археологиялық деректер негізінде Алтын Орда мемлекетінің исламдану үдерісінде керуен жолдарының рөлін көрсету.

Алтын Орда мемлекетінің исламдану үдерісінің басы Жошының ұлы Беркенің исламды қабылдануынан басталады. Тарихи деректерде хан тағына отырған Берке ағасының салдырған Сарайшық қаласына барғанда Бұқарадан келген көптеген керуендердің біріндегі екі жақсы кісіні бір аулақ жерге шақыртып мұсылмандықтың шарттары мен тарихын сұрағандығы, әлгі екі жанның мұсылманшылықты жақсы баян қылуының арқасында Берке хан шын жүрегімен исламды қабылдағандығы жазылады. Беркенің соңынан інісі Тоқай-темірде ислам дінін қабылдағанын Әбілғазының деректерінен кездестіреміз. Алтын орда дәуірі туралы деректерде Беркенің исламды Сейфуддин Бахарзидің уағыз-насихаты нәтижесінде қабылдағандығы келтірілген. Беркенің исламды қабылдауы оның өзге дін өкілдерімен ара-қатынасының нашарлауына себеп болғандығын Әбілғазы өзінің шежіресінде жазады. Бірақ, Берке мұсылман бола тұра өзінің әскерін 1258 жылы Құлағудың Бағдат қаласын басып алуына көмектесу үшін жібергендігі туралы мәліметтер кездеседі. Рашид ад-Дин Беркенің мұсылмандардың қалаларын қиратып, мұсылман басшыларының үйлерін өртегенін, досы мен жауын ажыратпай, туысқандарымен кеңеспей халифты тақтан тайдырғандығын сөз етеді. Беркенің мұсылман бола тұра бұндай қадамдарға баруы саяси мүдде тұрғысынан жасалған өзіндік шешімі екені айтылады.

Жошы ұлысының толыққанды мұсылмандануы Өзбек ханның исламды мемлекеттік дін етіп жариялауымен басталады деуге әбден болады.  Әбілғазы өзінің шежіресінде «Өзбек хан елдің ұлыс-ұлысын исламға кіргізді, халықтың дәулеті артты. Одан соң барша Жошы елі өзбек елі атанды», – деп жазады. Өзбек хан билікке келісімен өз ұлысында исламдану үдерісін тез әрі қысқа уақыт ішінде жүргізуге тырысты. Билік құрған екі жылдан кейін Мысыр сұлтаны Мәлік ән Нәсирге жазған хатында Өзбек өзінің ұлысында кәпірлердің аз қалғандығын айтады. Парсы жылнамашысы Муин ад-Дин Натанзи: «Өзбек хан тұсында Дешті Қыпшақ Аллаға табынған елге айналды», – дейді.

Өзбек ханның исламды қабылдауы туралы XIV ғасырмен мерзімделетін Өтеміс қажының түрік тілінде жазылған «Шыңғыс-наме» еңбегіне сәйкес Баба Шашты Түкті Әзіз бастаған әулиелердің көрсеткен кереметтерін өз көзімен көрген Өзбек бастаған барша халық мұсылман болған екен. Өтеміс қажының бұл еңбегі Жошы ұлысы аумағында реисламизация үдерісінде сопылық ілім мен сопылардың ерекше рөлін айшықтап береді.

Алтын Орданның исламдану үдерісі Девин Деуис пен Әшірбек Муминовтың редакциясымен шыққан «Исламизация и сакральные родословные в Центральной Азии: Наследие Исхак Баба в нарративной и генеалогической традициях. Открытие пути для ислама: рассказ об Исхак Бабе, XIV-XIX вв» еңбегінде біршама жақсы баяндалған.

Сондай-ақ, нумизматикалық материалдар негізінде де Жошы ұлысының исламдану үдерісі біршама жақсы қарастырылған десек те болады. 

Жошы ұлысында ислам дінінің таралу мәселесі археологиялық тұрғыдан Г.А. Федоров-Давыдов [1966], Е.А. Халиков [1986], В.А. Иванов, В.А. Кригер [1988], А.А. Бисембаев [2006], Д.В. Васильев [2007] және т.б. археологтар тарапынан зерттелді. Дегенмен, керуен жолдары мен керуен сарайлары арқылы ислам дінінің таралуына қатысты археологиялық аспектіде қарастырылған еңбектер аз десек болады.

Ұсынылып отырған мақала деңгейінде Алтын Орданың ислам дінінің таралуының тарихи динамикасын керуен сарайларының материалдары негізінде қарастыруды мақсат етіп отырмыз. Мақалада негізінен Үстірт арқылы Сарайшыққа дейінгі керуен жолдары мен керуен сарайлары қарастырылатын болады.

Алтын Орда тарихын зерттеуші мамандар Мәуереннахр, Хорезм, Бұлғар және Мысыр сияқты тарихи-географиялық аймақтарды Жошы ұлысының исламдануына импульс берген басты өңірлер ретінде қарастырады. А.Ю. Якубовский Алтын Орданың көшпелі қоғамының, әсіресе саяси элитасының мұсылманшылық дәстүрді қабылдауына зор ықпал еткен аймақ Хорезм болды деп жазады. Ол кісінің пікірі бойынша Хорезмнен Алтын Орданың Сарайшық, Сарай Берке сияқты ірі саяси орталықтарына көпестер мен қолөнершілер ғана емес, дін таратушы миссионерлер келіп, ислам дінінің өркендеуіне ықпал еткен.

Хорезмнен Маңғыстау мен Үстіртті басып өтетін керуен жолдары б.д.д. VI ғасырдың басынан белгілі. Археологиялық зерттеулер Сырдария мен Амудария жағасынан Еділге дейінгі және одан ары кететін жолдар болғандығын көрсетеді. Тарихи деректерде б.д. І ғасырында Каспий теңізінің жағасындағы халықтарға Үндістан мен Бабылдан түйеге артылған тауарлар тасымалданғаны айтылады. Сондай-ақ, қытай деректерінде оңтүстік Орал аймағын б.д. V ғасырында мекендеген ғұндардың Орталық Азияда қалған өздерінің руластарымен сауда-саттық қарым-қатынастарын ұстанатындығы келтіріледі. Саяси мүдде тұрғысынан ерекше рөл ойнаған Қытайдың жібек матасын Византияға жеткізу үшін Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы ашылып, ол осы Арал мен Каспий теңізі аралығындағы Үстірт пен Маңғыстау жері арқылы өткенге ұқсайды. Себебі, Византияға жібек Сасанитті Иран арқылы жеткізілетін. Сасаниттер салық ретінде жібектің біраз бөлігін өздеріне алып қалып отыратын. Осы себепті Византия жібекті Иранды айналып өтетін жол іздеуге және осы бағыттағы саяси жақтас іздеуге мәжбүр болды. Жібектің Қытайдан Византияға дейінгі қауіпсіздігіне жауапты болған түркілерде сауда жолдарының кеңеюіне мүдделі болады. Осы сауда-саттыққа негізделген саяси одақтың нәтижесінде Ұлы Жібек жолының солтүстік бағыты қалыптасып, тауарлар енді Үстірт, солтүстік Каспийді айналу арқылы Кавказға, ары қарай Византия астанасы Константинопольға жеткізілген.

Керуен жолдарының қалыптасуына Каспий теңізінің ойнаған рөлі орасан зор болғанын байқау қиын емес. Маңғыстау түбегі Ұлы Жібек жолы сияқты алпауыт керуен жолының бір бөлшегіне айналды. Құрлық арқылы жеткізілген тауарлар Каспийдің жағасында желкенді кемелерге тиеліп жөнелтілетін. Х-ХІІ ғасырларда Каспий теңізінің жағалауында Қарақабақ, Жезді және Сайаралық сияқты кемежай қалалар өмір сүрді.

Геоморфологиялық зерттеулер Каспий теңізінің деңгейі бірде көтеріліп, бірде түсіп отырғандығын көрсетеді. ХІІІ ғасырының аяғында Каспий теңізінің деңгейі көтеріліп құрлықтық біраз бөлігін су басады. Осы кезден бастап Үстірт пен Маңғыстауда жаңа керуен жолдары қалыптаса бастайды. Ендігі кезекте негізгі керуен жолдары Үстірт арқылы өтетін болады. Үргеніштен шыққан тауарлар Жайық өзені арқылы Сарайшыққа жеткізіліп, Сарайшықтан ары қарай Сарай Берке, Сарай Бату сияқты қалаларға жөнелтілетін болған.

Каспий теңізінің деңгейінің көтерілуі Алтын Ордада исламдану үдерісінің қарқынды басталуымен қатар келеді. Осы кезден бастап Үстірттегі керуен жолдарының бойына керуен сарайлар салына бастайды. Керуен сарайлар аралары бір-екі күнді құрайтын бұлақтардың, құдықтардың және су жинауға арналған сардобалардың қасына салынған.  Бұл туралы біз XVIII ғасырдағы тарихшы-өлкетанушы П.И. Рычковтың «Топография Оренбургская, то есть описание Оренбургской губернии» еңбегінен біле аламыз. Бұл жол «Ескі Ноғай жолы» атауымен ХІХ ғасырда да керуен жолы ретінде қызмет атқарып тұрды.

Үстіртте Алтын Орда дәуірінде қызмет жасап тұрған әзірге 8 керуен-сарай белгілі. Олардың бесеуі Қарақалпақстанда орналасқан. Бұлар: Үшқұдық, Әжігелді, Белеулі, Қосбұлақ және Шұрық. Үстірттің қазақстандық бөлігінде әзірге үш керуен сарайының орны белгілі. Бірінші керуен сарай Шұрықтан 46,5 шақырым қашықтықта орналасқан Күйше құдығы. Бұл жерде ескі керуен сарайының орны байқалады. Керуен сарайдың қабырғалары күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Қабырға кірпіштері кейінірек тұрғызылған молаларды қалауға алынған. Керуен сарайдың көлемі 25х25 м болған. Екінші керуен сарай Күйше құдығынан 36 шақырым жерде Тұрыш құдығының маңында. Бұл жерден 17 км қашықтықта Бесқұдық немесе Белдеулі деп аталатын құдықтардың маңында керуен сарайдың орны анықталды. Керуен сарайдың маңындағы бес құдықтың екеуі бітеліп қалған, қалған үшеуінде су әлі бар. Белдеуліде жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде көлемі 27х24 м болатын төртбұрышты құрылыс анықталды. Қабырғалары әктастан қаланған. Осы жерден михрабы бар мешіттің қалдықтары табылды.  Үшінші – соңғы керуен сарайы – Қосқұдық. Керуен сарай жоспарда төрт бұрышты келген. Төрт бұрышында мұнараларының іздері сақталған. Қарақалпақстан мен Үстірттің қазақстандық бөлігінде зерттелген керуен сарайларға ортақ дүние оларда шаруашылық бөлмелерінен бөлек мешіттердің болуы. Ал Белеулі керуен сарайынан тіптен медресенің орны табылған.

Алтын орда дәуірінде қызмет жасаған керуен сарайларда құлшылық үйлерінен тек мешіттің болуы Жошы ұлысы территориясында исламдану үдерісінің табиғатын түсінуге мүмкіндік береді. Әбілғазының шежіресі мен араб тарихшысы Ибн Касирдің «Бидая уа ан-нихая» еңбегінде Берке хан мұсылманшылыққа бет бұрғаннан соң өзге дін өкілдерінен бойын аулақ салғаны жайында дерек кезігеді.

Біздің ойымызша көпдінді және өзге діндарларға құрметпен қарайтын Жошы ұлысының хандары мұсылманшылыққа өткеннен кейін, Моңғол империясының орталығына бағына бермей, дербес саясат жүргізуді қолға алғандай. Себебі, Үстірт бойындағы керуен сарайларда тек қана мешіттердің болуы, Жошы ұрпақтарының өз аттарынан мұсылманшылық дәстүрде тиындарды басып шығаруы  және Берке ханның арап түбегіндегі мұсылман династияларымен Құлағуға қарсы саяси одаққа бірігуі осы ойларымызды растайтындай.

Бұл бағытта әлі де болса тарихи-археологиялық материалдарға негізделген кешенді зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру керек деген ойдамыз. Жошы ұлысының исламдану үдерісі отандық тарих және археология ғылымында әлі де толыққанды зерттелмеген тақырыптардың бірі.

Айдын ЖҮНІСХАНОВ,

«Назарбаев Университеті» ДББҰ Оқытушы ассистенті,

Археология және этнология магистрі

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір