Қатира Жәленова. Өлеңмен некелескен ақын қызбын
22.10.2021
1057
2

Тәй, тәй,

Қаз бас.

Бір, екі, үш,

Аз бас.

Құлама,

Құласаң, жылама!

Он жылдық орта мектепті бітіргесін бесіктен белі шығып тәй-тәй басқан бала секілді Алматыға тарттық. Арманымыз – оқуға түсу. Түстік. Құламадық. Жыламадық. Қалпағымызды аспанға атып қуандық. ҚазМУ-дың «Аққу» атты ансамбліне әнші, күйші, биші студенттерді іріктеп, жасақтап жатқанда филология факультетінің бірінші курс студенті Қатира Жәленованы 1968 жылы алғаш рет сахнада көрдім. Он жеті жаста. Бір қасық сумен қылқ еткізіп жұтып қоятындай сұлулығы өз алдына, мың бұралып билегенде буының босайды. «Мына қыз шешесінен биші боп туған ба?» – дейміз өнеріне риза болып. Жас ақындар мүшәйрасында өз өлеңдерін жатқа оқығанда бәріміз ризашылықпен ду қол шапалақтаймыз. Ғұлама ұстаз Зейнолла Қабдолов қаршадай қыз Қатираның есте сақтау қабілетін ерекшелеп, студенттерге үлгі тұтады деп естиміз. Оқуды бітіргесін Қазақ радиосында жиырма екі жылдай редактор боп істеді де, өзінің-туып өскен Қызылорда қаласына қоныс аударып, көшіп кетті. «Содан кейін не болды?» дейсіз бе? Сұхбатымызға көз жүргіртіңіз. Білесіз.

 

Даусын сақтасын деп аузына қалампыр салып қояды екен…

 – Биші боп жүргеніңде қандай бишілердің өнеріне тәнті болдың? Сол кездегі атақты бишілермен кездестің бе? Немесе олардың өнерін арнайы барып сахнадан көрдің бе?

– Бала күнімізден атақты би падишасы – Шараның атын естіп өстік қой, бірақ ол кісінің биін көріп, тамашалай алмадым. Ауылға концерт қойып келген жоқ. Кішкентай  кезімде алғаш көрген кәсіби биші – Нұрсұлу Тапалова еді. Құм арасындағы аядай ауылға келіп, өнерін көрсетіп кетті, ол да Шарадай ән салып жүріп билейді екен. Үнді әртістері де кинода ән салып, би билейді емес пе? Әсіресе, осы үнді биіне өте әуес болып өстім. Ол кезде балетмейстр жоқ, өздігімнен үйрендім. Балалық әуесқойлық десек те болады. Әуесқой бишілігім сол бала күнгі, студент күнгі жылдардың ішінде қалып қойды. Ол дегенің жәй ғана «хобби» еді ғой.
  – Біздің студент кезімізде ақындар бір-бірімен ұшыраса қалса: «Мен бүгін жақсы өлең жаздым, тыңдашы!» – деп тұра қалады да жаңбырдай жауған жырларын нөсердей төгіп жатқа оқитын. Кейбіреуі баяғының бақсылары секілді екі қолын ербеңдетіп, дүниені ұмытып кететін. Ұмытпасам,  сен де сондай болдың-ау деймін?..

– Рас, өз өлеңдерімді жатқа соғудан алдыма жан салмадым. Обалы не керек, қатарластарым арасында жатқа айтатындар біраз болды ғой. Бірақ мәнерлеп оқу жағынан, мақтанғаным емес, оқ бойы озық болдым қыздар арасынан… Көбісі ол кездері қағазға не қойын дәптерге үңіліп оқитұғын. Алматының «жас перілерінен» қалыспай, талай кездесулерде қолымды сермеп тұрып өлең оқитынмын қағазға қарамай. «Арқам қозып» екпіндеп кететінмін, оның үстіне,  жадқа сақтау қабілетім қатты дамыған! Олжас, Мұқтар, Жарасқан, Кеңшілік, Жұматай, Исраил, Иран Ғайып ақындардың өлең оқуы сұрапыл болатын, көзбен көріп, құлақпен тыңдап, талай тәнті болдық. Оларға ілесу қайда-а-а… Ақындар сахнаны жарып жіберердей ғып өлең оқығанда зал сілтідей тынатын. Өкініштісі сол, аңыз ақындар Төлеген Айбергенов пен Мұқағали Мақатаевты көзі тірісінде көре алмадым. Жазғандарын жатқа соғып, өлеңсүйер қауымды өзіне жіпсіз байлап қойғанын көзімен көргендер әлі күнге аузының суы құрып айтады. Ал Мұхтар Шахановтың жеке шығармашылық кештерін үлкен сахналардан  талай тамашаладым. Оның әсерін айтып жеткізе алмаймын, оны тек тыңдау керек! Шынын айтқанда, өлеңді жүрекпен оқып елге жеткізе білу де – үлкен өнер!

– Атам қазақ азан шақырып жарық дүниеге келген перзентінің атын қояды. «Атына заты сай болсын» деп  іштей ырымдайды да ерекше есімді таңдайды. Сенің есімің – Қатира. Қыз балаға лайықты бұл есімді саған кім қойды? Қандай мағынаны білдіреді?

– «Қатира» сөзінің түпкі негізі араб-парсы тілдерінен бастау алады. Дұрысы –  Хатира. «Ақыл-ес, сана» мағынасында. Әкем осы атты өзі таңдаған, шамасы,  өзіне ұқсап, ақыл-есі бар қыз болсын деген-ау? Қалай болғанда да, бұл есім қазақта көп кездесе бермейді. Сирек ұшырасатын есім.

– Кімге тартқансың? Əкеңе ме, шешеңе ме? «Əдетте жас сəби кіндік шешесіне тартып кетеді» деген де ұғым бар. Кіндік шешеңнің кім екенін білесің бе? Тіпті əке-шешесіне ұқсамай туған баланы да алысқа жібермей «нағашысына тартқан» деп байланыстырып жатады ғой. Айтайын дегенім – атадан туу бар да, ата жолын қуу бар. Ақындық қасиет қай жағынан көбірек қонған?

Әкем Жәленұлы Сыздық бала кезінен ән-жырға құмар болып, он үш жасынан топ жарып айтысқа да түсіпті. Қарсыласының ауызын аштырмай түйдек- түйдек сөзбен төпелегенде еркектер әрең есін жиса, қыз-келіншектер алдынан жылап кеткен көрінеді. Ол кездегі айтыс қазіргідей емес, айыбын ел алдында бетіне басып, көңілге қарамай әшкерелейтін болса керек. Қалай да  қарсыласын жеңу үшін ештеңеден тайынбаған ғой. Солай бола тұра айтысқа түскендер кейін өштесіп жауласпаған, бір-біріне түсіністікпен қарай білген. Көңілі даладай кең қазағым-ай! Құрдастар арасындағы қилы-қилы  қалжыңдар беріге дейін жалғасып келді ғой, оның шет жағасын өзіміз де бала кезімізде естідік.

Әкемнің өте әуезді, қоңыраулы үні болды. Той-томалақтардан қайтқан соң ұйықтағанда қасындағы серіктері даусын сақтасын деп аузына қалампыр салып қояды екен. Не деген жанашырлық? Бірақ маған оның тек ақындық қасиеті жұғысты болды, әншілігі дарыған жоқ. Алайда  жоғарғы сыныпта оқып жүргенімде Шәмші Қалдаяқов сияқты  мандолина үйреніп, соның керемет үніне еліткенім сонша, қалай ән шығарғанымды да байқамаппын. «Соңғы қоңырау» деп аталған сол тұңғыш әнімнің сөзін де өзім жаздым. Бірақ Құдай әуезді, әдемі дауыс бермеген соң қиын екен, ән айта алмаймын. Басқаға тыңдатуға ұялшақтығым жібермейді. Сол ән жөргегінде тұншықты.

Одан соң Әбділда Тәжібаевтың «Тіге ғой кестеңді» дейтін бір әдемі лирикалық өлеңіне романс жаздым. Ол да «көзі ашылмай» өзімде қалды. Студенттік шағымда «Мен жиырма жастамын»  деген  үшінші әнім дүниеге келді. Бұны да сырт көзден жасырдым. Тұрсынай құрбым сияқты әнді сазын келтіріп орындайтын дауыс болмағасын не істейін? Басқаға үйретуім үшін де дауыс керек қой, болмаса,  қалай жеткізем? Ақырында қолымды бір сілтеп, сазгерлікті қойдым да дауысты қажет етпейтін бишілік өнерге көштім. Бүгінде қоғам  қайраткері болып отырған  Уәлихан Қалижановтың ұйымдастыруымен университетте  студенттік ансамбль құрылып жатқан. Ол менен екі курс жоғары оқиды, студенттік комсомолдың серкесі, күндіз-түні шапқылайды да жүреді. Ансамбль бишілері екеу едік. Фаузия  Оразбаева «Айжан қыз» күйіне мың бұралып билейді, ұлттық киімі өзіне  керемет жарасатын. Ал мен сол тұстағы «модный»  мата – ақ капроннан сари жасап жамылып үнді биін билейтінмін. Фортепианода сүйемелдейтін кім дейсіз бе? Ол кезде аты шыға қоймаған жас композитор – Ескендір Хасанғалиев. Ең бір есте қалғаны – ҚазМУ-дың  40 жылдығына  арнап  қойған үлкен концертімізге Димекеңнің  өзі бастап, өзге де  үкімет мүшелері қатысты…

 

Режиссер өз ойындағыдай нәтижеге жеткенше ешкімді аямайды екен…

– Сен ақын болмай биші болғаныңда опера жəне балет театрының сахнасын шаңдатып, 35 жасыңда зейнетке шығатын едің. Балериналар заңы солай, 35 жастан кейін билетпейді. Сол саған керек пе еді? Құдай сақтаған, ақын болғаның қандай ғажап! «Қазақтың Қатирасы!» Бұдан артық бақ бар ма?

– Соған өзім де шүкіршілік етем. Сөз өнері дертпен тең десек те, есесіне өзіңнен өзге ешкім сезіне алмайтын ерекше сезім рахатын сыйлайды жаныңа. Әлдебір туындыны қағазған түсірген сол сәтте сенен бақытты, сенен биік жан жоқтай ғажайып бір әлемде ұшып жүресің…

Сахна, режиссер жұмысы маған жақсы таныс. Жиырмаға толғанымда кездейсоқ киноға түсіп мен де кино артисі болып кете жаздағам. «На быстрине» дейтін тың игеру тақырыбындағы бір киноға бекіткен қыздары аяқасты ауруханаға түсіп, соны тез алмастыруға адам іздегенде режиссер Сапарғали Шәріпов ағай мені қоярда-қоймай сүйретіп апарсын… Кино түсірушілерге атқа мініп шаба алатын  дайын қыз керек болған ғой. Ал мен – ауылдан шыққан қызбын. Сөйтіп әкеммен (кинода) бірге бір үйір жылқы қайырып жүретін атақты жылқышының қызы боп ойнадым. Әке-шешем (кинодағы) кім болғанын айтайын ба? Нұрмұхан Жантөрин мен Бикен Римова! Өзім алғаш естігенде құлап қала жаздағам. Бұны айтып отырғаным, сол атақты Жантөриннің өзін бір көріністі отыз мәрте қайталатып қатты шаршатқан сол режиссерың… Сұмдық! Режиссер дегенің өз ойындағыдай нәтижеге жеткенше ешкімді аямайды екен.

– Мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған оқушы: «Ағай, шөлдедім», –  десе, ұстазы оны далаға шығарып жіберіпті. «Неге? Не үшін?» – деп таңырқаған шəкіртіне: «Мектептің іргесінде өзен ағып жатыр, бар да шөлің қанғанша іш. Су ішуді өзің үйрен, оған ұстаздың керегі жоқ»,  –  десе керек. Айтайын дегенім, Қатира, поэзияға шөлдеген жас кезіңде «өлеңді осылай жаз» деп жол нұсқаған ұстаз бола қоймаған шығар. Шымырлап шыққан бұлақтай алғашқы өлеңің есіңде ме?

– Есте болмағанда ше, әрине, ол сәт бүгінге дейін жадымда сақтаулы. Әкем төсекке таңылып ауырып жатқанда ойыма өлең шумақтары оралды. Ол кісіні бірге туған бауырлары «көке» дейтін, үлкендерге  еріп біз де солай атадық. Күннен-күнге көз алдымда  әлжуаз тартып өшіп бара жатқан  көкеме үрейлене қарап: «Алдағы күнім не болар, көке, Сізден айырылсақ? Жігерім менің құм болар, қанатымыздан қайырылсақ?» – деп тірідей жоқтағаным есімде. Ұзамай сол асқар тауым құлады. Қырыққа енді жеткен шешем жесір, үш қыз жетім боп шулап қала бердік соңында. Бұл кезде мен 15-ке де толмағам. Қапалы жүректің өксігінен өрілген жолдар  ғой бұлар.

 

Әбілданың алдында Мұқағали ақын текке қауіптенді дейсің бе?

Қатира дос, біз университетте қатар оқыдық. Ғұлама ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың, академик Зейнолла Қабдоловтың құлағымызға құйған нəсияттары көкейімізде. Ұстаздарымыз: «Алға ұмтылған адам екі нəрседен қорқу керек, – дейтін. – Біріншіден, білім шыңына шыға алам ба, шыға алмаймын ба деп қорық. Екіншіден,  шырқау шыңға арқаланып шығып, алған білімімді айдалада жоғалтып алмаймын ба деп қорық» «Ұлағатты білімді ұстап тұру үшін өмір бойы ізденіңдер» дегенді меңзейтін. Тұла бойыңа тұндырып құйған ұстаздар дəрісін сарқа пайдаландың ба? Кейінгі ұрпақ біле жүрсін, бізге дəріс беріп, көкжиегімізді кеңейткен ұстаздарымыздың ғибратын еске алайықшы…

– Мына сауалыңа нақты, қысқа жауап беріп, айтарымды аз сөз аясына сыйғызу мүмкін емес. Себебі үлкен өмір мектебінен өттім. Бұған дейін әкеден ертерек айырылғанымды айттым ғой. Сол сәтте жетім жүректің өксігін басып,  жаныма жалау болған аталас туысым әрі әкемнің бала кезден досы – Әбділда Тәжібаев еді. Ол тұста, шынын айту керек, поэзия пайғамбары атанған жалғыз ақын осы кісі болатын. Ал оның бауырына тартып, қамқор болған шәкірттері – түгелдей тас жарып шыққан таланттар. Мұқағали мен Төлегенді алғаш танып, топтама өлеңдерін «Қазақ әдебиетіне» бастырған да, оларды ауылдан қалаға көшіріп алған да Әбекең еді ғой.

«Бой түзеп, босқа кетпей сауықпенен,

Боз қырау босағасын тауыпты өлең.

 

Жаман жыр жазғанымда ақ таяғың

Арқамда ойнай ма деп қауіптенем…»

Әулиедей көрген Әбілданың алдында Мұқағали ақын текке қауіптенді дейсің бе? Оған қоса Қадыр, Тұманбай, Өтежан, Фариза, Күләш, Ханбибі деп әрі қарай ұзай берсек, ұштығына жету қиын. Осылардың бәрін (Қадырша айтқанда) «әдебиет көкжиегіне шейін  шығарып салған Әбекең» екендігі тағы шындық. «Әбеке, қолыңды жай, бер батаңды!» – деп жазған Жарасқан Әбдіраш ақын бекерге алақан жайған жоқ. Міне, осы әдебиет ақсақалының батасы маған да дарыды. Студент кезімде «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне топтама өлендерімді ұсынып, сәт сапар тілеген алғашқы ұлы ұстазым – осы кісі. Бірақ маған:  «Талантыңды қор ғып жүрген жалқаусың, аз жазасың», –  деп ұрсып кетті дүниеден озғанша. Қатар құрбы-достарым Күләш, Ханбибідей өндіріп жаза алмағанымды өзім де мойындаймын. Әлі күнге солай,  осал тұсым да – осы.

 Ал енді студенттік кездегі ұстаздарыма келсек, өздерінің ұлағатты тәлім-тәрбиесімен мені биікке көтерген Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Сұлтанғали Садырбаев, Мәлік Ғабдуллин, сол тұстағы жап-жас кураторымыз Рымғали Нұрғалиев ағайларды ерекше атар едім. Рымғали ағай ата-анасынан алыстап бейтаныс ортаға түскен біздей сарыауыз балапандарды өз бауырына қысты. Еркелетті. Әзіл-қалжыңын жарастырып күлдіріп алушы еді бәрімізді. Содан болар, ағайдың алдында барынша еркін ұстайтынбыз өзімізді. Десек те жайшылықта емен-жарқын араласатын ағайымыз емтиханда ешкімді аяған жоқ. Қандай дайындықпен барсақ, соған лайықты бағамызды алып шығатынбыз.  

Ал Сұлтанғали Садырбаев  ағайды ерекше еске алсам, алдымен ол кісінің ҚазМУ-де құрылған Мұхтар Әуезов атындағы әдеби бірлестіктің тізгінін ұстағанын айтар едім. Бұл әдеби бірлестік арқылы біз кімдерді танып-білмедік, кімдердің жазған  туындысын талқыламадық десеңші?! Осының өзі үлкен бір мектеп қой. Енді тағы бір ұстазым ойыма оралып тұрғаны… «Шырағым, былай келісейік. Бұдан былай лекцияға сен кешіксең, жағыңнан шапалақпен тартып жіберейін. Мен кешігіп келсем, ұстаздығыма қарамай сен де солай ет!» –  деп бипаздай сөйлеп, кешіккендердің ұятын оятып жататын майдангер-батыр ұстазымыз – Мәлік Ғабдуллин. Байыбына барған адамға осының өзі – үлкен тәрбие.

«Біз де студент болғанбыз, қазір сіздер де – студентсіздер. Біздің сіздерден артықшылығымыз – Мұхтар Әуезовтен дәріс алуымыз», –  деп қайталап айтудан шаршамай, жүзінен әрдайым мейірім-шуақ төгіліп тұратын бітімі бөлек  Зейнолла Қабдолов жайлы мен де шаршамай айтар едім ұзақ көсіліп. Ол кісі «Әдебиет теориясынан» сабақ берді. Бірде өзімен бірге аудиторияға шашы дудыраған, аласа бойлы бір жігітті ертіп кірді де: «Бұл – Қадыр дейтін мықты ақын. Қазір сендер осыны тыңдайсыңдар!» – деді. Бәріміз елең етістік, есімі етене таныс. Ол тұста курстағы елуіміз де өлең жазушы едік,  өзімізді ақын   санап. Анау мықты ақынның сұрапыл жырларын тыңдағанда аптығымыз басылып, кәдімгідей еңсеміз түсіп қалды. Содан кейін шығар бәлкім, оқу бітірерде сол елуден жалғыз ақын Қатираның қалғаны…

Зекеңнің тағы бір ерекшелігі, кейде өз дәрісін былай ысырып қойып:  «Бүгін біз Қатираның жаңа жырларын тыңдап талқылаймыз», – деп, кәдімгідей қолпаштап мені ортаға шығаратын.  Ары қарай да  өзі бастап, басқалар қоштап, менің өлеңдерімді жіліктеп шағуға кірісуші еді. Осының өзі маған бұрын өзім байқап сезбеген кемшіліктерді түзетуге, өлеңіме басқа қырынан қайта қарауға жәрдемдесетін. Міне, ұстаз мектебінен өту деген осы ғой! Ол кісі Әуезовпен қалай мақтанса, біз де: «Менің Қабдоловым!» – деп басқалардың алдында мақтанатын болғанбыз. Әлі күнге солай!

Көзі тірісінде «Менің Қабдоловым!»  дейтін өлеңім ұстаздың көркем суретімен «Қазақ әдебиеті» газетінде шықты. Сол күні Зекеңе жан-жақтан

көп қоңырау соғылып, көңілі судай тасыпты. Бұны кейін ол кісі қатты науқастанып қалғанда қоңырау шалып, Сәуле апайдың аузынан естідім. Қайран, ұстаз!

 

Тілден таяқ жеп көрмеппін

Сұхбатымызға жан кіре бастады. Алабұртып, алып-ұшып жүрген жас кезімізде анау туралы, мынау туралы пікірімізді жасырмай жайып салатынбыз. Іркілмейтінбіз. Қай қаламгердің қабілет-қарымы қандай екенін айтып, қайсыбірінің қабырғасын қақыратып сөгетін сəттеріміз де бар-тын. Бұл бір жағы – бəсеке, бір жағы сыншылдық көзқарас болатын. Сондайда аузы дуалы аталарымыздың: «Біреуге асығыс үкім шығарма. Өйткені сенің көзіңе қисық болып көрінген нəрсеге мұқият қарасаң, оның түзу екенін байқайсың», – деген ақылын қаперге алдық па, алмадық па,  білмеймін. Өзің еріген майдай, есілген жібектей биязы қыз болып бойжеттің. «Он пəленің тоғызы – тілден» дейді бұрынғылар. Пəлеге қалған кезің болды ма? Осы төңіректе ой өрбітсең…

– Иә. Әдебиеттің «жас перілері»  ол тұста өз ойын ірікпей ашып айта алатын. Қазір көз алдыма дөңгелеп келе қалған осындай бір пікірталас туралы  айтайын. Бірінші курс. Бізге көрген-білгеніміздің бәрі – қызық, әсершіл кезіміз. Сол тұстары Мұхтар Әуезов атындағы әдеби бірлестік    аясында елге танымал ақын-жазушылармен жиі жүздесіп, олардың шығармашылығы жайлы өз ойымызды ортаға салып талқылайтынбыз. Небір қызықты айтыс-тартыстардың куәсі  болдық. Сағат Әшімбаев, Жарасқан Әбдіраш, Кеңшілік Мырзабеков, Бекділдә Алдамжаров, Оралхан Бөкеев, Смағұл Елубаев сықылды жас қаламгерлердің бәрі көз алдымызда. Әлгі жүздесуге келген атақты кісілердің дүниесін ақтарып-төңкеріп қарап, быт-шытын шығарып тастаушы еді. Сондай үлкен тартыс тудырған шығармалардан Сайын Мұратбековтың «Көкорайы»  мен Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдары» есімде сақталып қалыпты. Студенттер Меңтайды өлімге қимай, оның тірі қалуын талап еткен еді жазушыдан. Әрине, ол кезде біз Әз-ағаның ол кейіпкері, шын мәнінде, жер басып тірі жүргенін білген жоқпыз. Өзің білесің, сынды біреу көтерсе, біреу көтере алмайды ғой. Бізбен кездесуге келгендердің ішінен сынға шыдамай тұра қашқандары да болды. Соның бірі – ақын Сәбит Баймолдин  өзіне айтылған сыни пікірге шыж-быжы шыққан. Осындай тағы бір  жүздесуде өзіміздің жастар өзара қырқысып қалғаны бар. Жайшылықта ұрынарға жер таппай, көрінгенге соқтығып жүретін Бекділдә  Алдамжаров атып тұрып Оралханның  басылым бетіне шыққан бүкіл туындыларын түкке алғысыз ғып сынап тастады. «Енді не болар екен?» деп залдағылар  ішінен дем алып, тым-тырыс отыр.  Алтайдың кербұғысындай кеудесін керіп асқақ жүретін Ор-ағаң  бұған шыдамай, сөз сұрап мінберге ұмтылғаны сол еді, кездесу кешін жүргізіп отырған Сұлтанғали Садырбаев ағайымыз ескерту айтып үлгерді:  «Оралхан, қатар жүрген жігітсіңдер ғой, тым қатты кетпеңдер!» – деді. Осы сәтте сахна төріне көтерілген оның бар айтқаны мынау болды: «Ағай, еш абыржымаңыз!  Ұлы Мұхаңның өзі осындайда: «Қапқан иттен өш алам деп мен де қайыра қапсам, ауызымнан не қасиет қалады», –  дейді екен. Мен де сол!»  Осыны айтып орнына оралған Оралхан босқа сөз шығындамай, тектілігін сақтап қалды. Бұл да білген адамға ғибрат алар нәрсе емес пе? Өзім қазір тұрып жатқан Сыр өңірінде де әлгі әңгімеге ұқсас  бір гәп бар. Ұзақ жылдар бойы ел басқарған Қазантаев Қонысбек ағамыз қасындағыларға: «Итаяқтың ішіне түсіп өздерің ит болмаңдар, шетін жаласаңдар да өлмейсіңдер», –  деп жиі қайталап  айтып жүреді екен. Түсінген адамға бұл да –  ғибрат.

«Асығыс үкім шығаруға асықпа, сенің қисық дегенің  түзу болуы мүмкін» дегеніңдей, кезінде студенттердің талқысына түсіп, ірілі-уақты сынға ұшыраған қаламгерлердің көбісі кейін қазақ әдебиетінің ірі тұлғаларына айналғанын көрдік. Өзің айтқандай, «басқа пәле – тілден» екендігі де рас. Көбінесе, сол қыршаңқы тілінен дұшпан табатындар өзіңдей сатира жанрындағы қаламгерлер болар деп ойлаймын. Өз басым әзірге тілден таяқ жеп көрмеппін.

«Баяғыда еріген майдай, есілген жібектей биязы мінезді қыз едің», –  дейсің тағы да. Ол қыз қазір жоқ  қой, досым-ау, сол жастық  шағыммен қоса жоғалған. Бүгінде мен – басқа Қатирамын! Ашулансам, аяқастынан дауыл тұрғызып, жан-жағымды жайпап тастаймын. Бірақ ол ашуым – шәйі орамал кепкенше тез басылады. Содан да шығар достарымның көптігі, кім білсін?

Өмірімде  сен арқылы елмен сырласуым  осы болып тұр. Қасым Аманжолов сияқты «өзге емес, өзім айтам өз жайымда». Басқа кім айтады? Соңымда қалып, жоғымды түгендейтін ұрпағым жоқ қой. Өмірлік серігім өлең болды. Тағдырыма түрен салайын, ішінен керегін сүзіп аларсың, жарай ма?

– Қыз құпиясын ашса, қызығы болмай қалады. Оны қоя тұр, Қатира. Жырыңды білгенмен сырыңды білмейміз. Тәуелсіздік алған жылдары кәсіпкерлікті бастадың да поэзияны тастадың. Дүниенің түбіне жете алмайтыныңды  біліп түнілдін бе қайдам, кәсіпкерлікті ептеп доғардың да, қайтадан өлеңге оралдың. Әлде құдіретті поэзия түсіңе кіріп шошытты ма?

– Осы кәсіпкерліктің  арқасында жиырма жыл бұрын Алматыға барып, шығармашылық кеш өткізіп қайтқаным олжа болды. Шынын айтсам, өлең жазуға мойын бұра алмай, ақындығымды ұмыта бастағам. Құдайдың құдіретіне қалай тәнті болмассың? Күндердің бір күнінде шабыттың өзі түнгі ұйқымнан жұлып ап, қолыма қалам ұстатты.

Өзі іздеп кеп толғақ шақырған шабыттан мынадай өлең шумақтары      құйылып түсіпті сол түні…

Құны қалмай қара бақыр, 

Сұлулықтың сағы сынды. 

Саудагер-күн санап жатыр,

Жырымды емес, табысымды.

 

 Жаным ауыр жалықты ойдан

 Жабырқайды жетім жырым.

Көшкен жұртта қалып қойған

Алтын  сақа секілдімін…

– Жабырқаған ақын жалғыз сен емес. Мұқағали да мұңдаған, қапаланған. «Шау тартып қалыпсың-ау, қайран шабыт», – деп торыққан. «Бұрынғы күнім жоқ менде, қырғидай тиер кептерге», –  деп уайым жеген. Бірақ басылып қалмай басын көтеріп сілкінген. «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін. Алынбаған ақым бар сенде менің!» – деп шамырқанған. Сенің де шамырқанып, шабыттанған сәттерің болған шығар?

– Иә… Ішкі іркіліс пен жанайқайым әлдебір тылсымның күшімен түйсік арқылы Фариза апама жеткен сыңайлы. Әлгі өлең дүниеге келісімен телефон безектей жөнелсін. Таң шапағымен қабаттаса шырылдаған телефонды көтергенім сол еді, арғы жағынан: «Мен ғой бұл – Фариза Оңғарсынова!»  – деген дауыс естілсін. Күтпеген қуаныштан есім шыққаны сондай өзіме-өзім әрең келдім. Мен Сыр бойына оралғалы бері соңымнан іздеу салған ақын апаларымның алғашқысы  осы кісі болды. Әй, әулие апам-ай, менің мынау жалғанда жалғызсырап, құлазып жүргенімді қалай   сезді екен? «Астананың онжылдығына орай әр тараптан шақырып, он ақын қызды осында алдырғалы отырмын. «Фариза және сіңлілері» дейтін ән-жыр кешіне келіп қатыс, айналайын! Бұл кешке жасы 35-ке дейінгі жас ақын қыздар келеді. Соларға сені ғана қостым, шетте жалғызсырап жүр ме деп…» – деді жыр падишасы сонда.

 Осылайша  Фариза апамның алқалауымен Астанаға барып,  Президенттік мәдениет орталығында дүрілдеп өткен сол ғажайып кешке қатысып қайттым. «Апыр-ай, кеше ғана нарықтың қара құйыны соғып өткенде, тағынан түсіп қалған поэзия патшалығы  өз орнына қайта көтерілген екен-ау… Бұл неткен бақыт!»  – деп іштей тебірендім.

 

Өте кеш жолықтырған тағдырға не істерсің?

– Поэзияңды кейбір жылдары кебірге айналдырып, өлеңнен безсең де, қасиетті жыр Қатирадан қашқан жоқ. Ата-бабаңның қанымен тараған қара өлең алпыс екі тамырыңда айналып тұрды ғой. Соның бір дәлелі –  «Қызғалдақты көктем», «Аңсаған менің əнімсің», «Ақ гүлдер», «Кел, махаббат!», «Балалар әлемі», «Сырдан ұшқан қарлығаштар» жинақтарың жарық көрді. Бір топ өлеңдерің «Разбег» атты ұжымдық жинақта орыс тілінде басылып шықты. Тәжік ақыны Гүлчехра Сүлейменованың «Қырық бұрым» өлеңдер жинағын қазақ тіліне аудардың. 1979 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық жас ақын-жазушылардың кеңесіне, Түрік дүниесі поэзиясының фестиваліне қатыстың. Республикалық «Жігер» фестивалінің, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреатысың.  Абайдың 150 жылдығына арналған ақындар мүшәйрасының жүлдегері болдың. Өзің туып-өскен Шиелі ауданынан «Құрметті азаматы» деген абыройың тағы бар.

Бұдан бөлек, сенің өлеңдеріңе шығарған қаншама әуезді әндер ел аузында. Әсіресе әнші Әйгерім Қалаубаеваның орындауындағы «Жылайды жапырақ» хитке айналды. Ән қайырмасы: «Жылайды жапырақ, жылайды жапырақ…» – деп әлденеше қайталанады. Ара-арасында: «Әніңе ғашық болам деп, өзіңе ғашық боп қалдым»  секілді сезім иірімдері тұңғиығына батырады.  «Жылама жапырақ, қуаныштың туар сағаты», – деп үмітке иек артады да, соңғы шумағы былай түйінделеді.

Арманым қайда кетті ізгі?

Іздеумен жүрмін әлі күн.

Аңсаумен жүрсін деп бізді,

Қоспаған шығар тәңірім.

Құпия болмаса, ағыңнан ақтарылшы, осы бір мұңлы лирика қандай сезімнен туды? Тасада жатқан тарихы бар ма? Бар шығар…

Композитор Ермек Елгезектің «Жылайды жапырақ» әніне мәтін болған өлеңімнің өмірде тірі кейіпкері бар. Ол екеуміз арада  27 жыл салып, кездейсоқ ұшырасып қалдық. Жас кезімізде жүрегімізде тұтанған сезім шоғы сөнбеген екен, соны сезіндік. Бірақ жастық оралмайды ғой. Жас кезімізде тағдыр жолымызды бөлді, енді бәрі де кеш. Қариялыққа бет бұрғанда бір-бірімізді көруіміздің басы да, соңы да осымен тәмам болды. Өте кеш жолықтырған тағдырға не істерсің? Біздің мәңгі өлмес махаббатымыздың символы болып соңымызда ән қалды.

Сөз соңында бір сұрағым бар, Қатира. Бүкілодақтық Жазушылар одағының мүшелігіне өтерде қай қаламгерлер кепілдеме берді?

– Әбділда Тәжібаев, Мариям Хакімжанова және балалар ақыны Сұлтан Қалиев.

– Сыр сұлуының ішінен жыр сұлуы атану оңай ма? Оңай емес. Енді өзің де шәкірттеріңнің басынан сипап, бата беретіндей ұстазға айналдың. Бұған да шүкір…

Алатау баурайынан Сыр-анамның құшағына оралғаныма мың да бір шүкіршілік! Елім мені еркелетіп төбесіне көтерді. Бұл жаққа қоныс аударғаныма да ширек ғасыр болыпты. Сыр өңірінің бүкіл мәдени-әдеби іс-шараларына араласып, жас таланттардың жолын аштым. Бүгінде елге танымал Ғазиза Әбілда, Толқын Қабылша, Назгүл Бердіқожа, Жангүл Әлмахан, Мөлдір Айтбай сияқты ақын шәкірттерім бар. Бір кездері төңірегіме    тіккен көк шыбықтарым бүгінде биік шынар боп өсіп, ну орманға айналып жатса, бұл – мен үшін үлкен қуаныш қой. Менің жыр-ғұмырымның жалғасы – солар аман болсын.  Марқұм Шер-ағаң көзі тірісінде айтып кеткендей, біз базардан қайтып келе жатсақ, жастар сол базарға бара жатыр қазір, солардың жолы ашық болсын. Мойындауымыз керек, осы күндері талант-қабілетімен бізді он емес, жүз орап алатын жастар өсіп келеді. Сондықтан  қазақ әдебиетінің болашағы жарқын боларына сенемін!

         – Әңгімеңе рақмет, Қатира!

                                                           Сұхбаттасқан Көпен ӘМІРБЕК,

                                                           Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

ПІКІРЛЕР2
Аноним 28.10.2021 | 11:22

Қазақфильм киностудиясы 1974 жылы шығарған «На быстрине» («Ағыста») фильмін бала кезімізде талай рет көрген едік. Жақсы фильм. Бұл фильмді қойған режиссер Борис Теткин болатын. Басты рольдерде Нұрмұқан Жантөрин мен ленинградтық актер Герман Колушкин ойнады. Сіздің бейнеңіз эпизодта ғана көрінген болар. Сіз айтқан Сапарғали Шәріпов екінші режиссер немесе ассисент болуы мүмкін.
Фильмнің қоюшы-режиссері Борис Теткин 1930 жылы Ақмола қаласында туған. ВГИК-ті бітірген. Бірнеше фильмдері бар.

Аноним 29.10.2021 | 20:43

Кинорежиссер Борис Теткиннің қазақ киносына қосқан келесі бір фильмі — «Құрманғазы». Режиссерлік шешімі сәтті шыққан туынды. Фильмнің сценарийін жазушы Амантай Сатаев жазған. Құрманғазы рөлінде Нұрмұқан Жантөрин, Перовский рөлінде Евгений Диордиев ойнаған. Фильмде Құрманғазының күйлері ретімен пайдаланылған. Алғашқы эпизодтың «Кішкентай» күйімен басталуы сондай әсерлі. Бала Құрманғазының рөлінде ойнаған Қамбар Уәлиевтің бейнесі естен кетпейді.
Қазір осы фильмдерді неге көрсетпейді? Қорда бар ма? Сақталды ма екен?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір