АБАЙДЫҢ ДІНІ – СЫНШЫЛ АҚЫЛДЫҢ ДІНІ
Дін саласы – қоғамның ең өзекті һәм нәзік мәселесі. Тәуелсіздік алған тұстардан бері әртүрлі діни ағымдар мен сан қырлы ұйымдар ел ішінен қылаң берді. Ақ пен қараны, жақсы мен жаманды айыруда тағы да кемеңгер хәкім Абайға жүгіндік. Өлеңдерінен рухымызға қуат алып, қара сөздерінен иманымызды таразыладық. Ал, шын мәнінде, сол Абай ұстанған дін қандай еді?!
Құдияр БІЛӘЛ, жазушы:
Дін әрқилы болмайды. Нақтыласақ, бір дін әрқилы болмайды. Ол – ислам. Хәкім Абай ұстанған дін де – сол. Рас, әр мәзhабтың өзіндік ерекшелігі бар. Соған орай, қазақ халқы тұтастай Әбу Ханифа мәзhабын ұстанады. Ал мәзhабсыздық – әр адамның жеке өз дінін қалыптастырады. Өкінішке қарай, осы кейінгі ұстаным қазір алға шықты. Біздің хәкім Абайға жүгінетініміз сондықтан. Ол кісі бұл тұрғыда:
«Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса –
Адамның хикмет кеудесі», – дейді.
Міне, Абай ұстанған дін осы. Біз оны «Дәстүрлі дін» деп те атаймыз. Жалпы, біз дінді жүректің көзін ашу үшін ұстанамыз. Жүректің көзі ашылған кезде барып Алланы тани бастайсың. Ол тануды хәкім Абай хақтан түсер сәулеге балайды. Ал ол «сәуле» – іштегі кірді қашырады. Сол кезде кеудеңдегі хикмет қақпасы ашылады. Ол – рухани әлем. Діни тілде «Ихсан» деп аталады. Хәкім Абай ұстанған дін – сол.
Асан ОМАР, зертеуші, дінтанушы:
Абайдың діні – сыншыл ақылдың діні. Оған исламның бес парызын терең қаузап, діннің түпкі мағынасын жаңғыртуы дәлел.
«Діннің бес парызы шарт еткен жолдарды Абай өзінің сыншыл ақылымен діндік соқыр наным – предрассудок деп түсінеді», – дейді Мұхаң. Осы түйткілді де тарата кетелік. Абайша бес парыз тең емес. «Жаны бар жетекші, қалған төртті қозғаушы күш – шын иман. Бірақ «инанмақтығың құр ғана инанмақтықпенен қалмасын, – дейді Абай 38-сөзінде, – сен өзің инанмақтығыңнан пайда ал. Сонда мінезің түзеледі, «кәміл иман болады». Бұдан асқан ақыл бола ма? Соңғы өсиет өлеңін кемеңгер:
«Мүмин болсаң, әуелі иманды бол,
Бендеге иман өзі ашады жол», –
деген айқын оймен түйеді. Абайша иманигүл жоқ жерде, яғни «махаббаты толмаған» жағдайда тақлиди иман (біреуге еріп иман келтіру) төрге шығады. Ол – «жарым мұсылман». Оның Алла барын жүрекпен сезуі, бұйрықтарын саналы түрде орындауы неғайбыл.
Бүгінгі қоғамымызда Абай ескерткен әсіре діншілдік қаупі жойылды дей алмаймыз. Оның себебі неде? Осыған қайтып оралайық.
Екі нәрсеге назар аудармақпын. Ілкіде дін (Құдайға сенім) – біреу, ал діни заң – шариғат әр елде әртүрлі қалыптасады дедік. Салафшы, уахабист ағым өкілдері араб дәстүріндегі шариғатты тықпалап әуре. Сексеуіл өскен топырақта пальма ағашы тамыр жая алмайтыны сияқты бос әурешілік бұл. Десек те, әр дәстүрімізді «харамға» балаған бұл ағымға қарсы тұра алмасақ, қазақтың төл мәдениеті, әдет-ғұрпы құрбандыққа шалынуы мүмкін. Бұл – бір. Екіншіден, жастарымыздың жат діни ағым торына көптеп түсуінің астарында исламдық бес парыздың мән-мағынасын дұрыс түсінбегендік жатыр. Тағы бір айтайын, дін ғибадаты екі түрлі: ішкі (иманигүл, яғни жан тазалығы) және сыртқы (мұсылмандық төрт парыз және шариғи заңдарға беріктік). Бірақ соңғысы алдыңғыға тәуелді, соның қызметшісі екенін айырып, ажырататын уақыт жетті. Әйтпесе соқыр сенім мен әсіре діншілдіктен құтылу қиын.
Бауыржан МЫРЗАҚҰЛ, жас ақын, Нұр-Мүбәрәк университетінің түлегі:
Абайдың діни көзқарасы өлеңдері мен қара сөздерінен анық байқалады.
«Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі хаққа жол емес», – дейді хәкім.
Яғни ақын Алла деген ұғымның тым терең екенін, оған «саяз жүзер сайқалдар» бара алмайтынын меңзейді. Істің басы – Құдайға болған махаббат, адамға болған махаббат және осы әділетті жолға болған махаббат дейді.
«Бас жоғары жаралған, мойын төмен,
Қарашы дене біткен ретімен.
Істің басы ретін танымақтық,
Иман білмес тағатты қабыл демен».
Істің басы, шынында, ретті тану. Бірінші – жүректің көзін ашып алу. Ғибадат содан соң. Өйткені ішін тазалап болмай тек сыртқы сақал мен шашты түзегеннен ешнәрсе өнбейді. Бүгінде қоғамда бүлік шығарып, әртүрлі зорлық-зомбылыққа себепші болып отырғандар – сол ішін тазаламаған, іші кір адамдар. Жыраулар поэзиясында: «Имансыз көңіл кірмен тең», – деген қатар кезігеді. Яғни имансыз көңіл – тазармаған, қызғаныш пен залымдыққа, жаман мінезге толы көңіл.
«Руза, намаз, зекет, хаж талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.
Бастапқы үшті бекітпей соңғы төртті,
Қылғанменен татымды бермес жеміс», –
дейді. Яғни жоғарыдағы біз айтқан бастапқы махаббат, адамды сүю, сол әділетті сүюді жүрекке бекітіп алмай, «соңғы төрттің» жеміс бермейтінін Абай есімізге салады. Міне, өздеріңіз байқап отырғандай, ұлы ақынның діні махаббат пен сүйіспеншіліктің, жақсылық пен кемелдіктің діні екен.
Алпамыс ФАЙЗОЛЛА, ақын:
«Әрбір ақылды адамға иман парыз, әрбір иманды адамға ғибадат парыз», – дейді Абай. Яғни, ойшыл сана биігіне көтеріліп, кемелдікке жетудің шартын Жаратушыға сенуге және құлшылық етуге әкеп тіреп тұр. Дегенмен Құдайға ғибадат жасау сыртқы көрініс не дене жаттығуы ғана болып қоймай, адамның жан-жүрегін де нұрландырып, ізгілендіруі тиіс. Бұл жөнінде де А.Құнанбайұлы шығармашылығында көп айтылады. Мәселен, ақын «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп басталатын өлеңінде былай жырлайды:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және Хақ жолы осы деп әділетті.
Осы үш сүю болады имани гүл,
Иманның асылы деп сен тәхқиқ біл».
Одан әрі данышпан осы үш имани гүлді тарату үшін: «Басты байла жолына, малың түгіл», – дейді. Демек, толық адам дәрежесіне жету үшін Алланы сүю, бүкіл адамзатты бауырым деп сүю және Хақ жолы осы деп әділетті сүю керек екен. Сүйіп қана қоймай, қоғамның, адамның түзелуі үшін осы қасиетті жолға дүние-мүлкіміз түгілі күллі ғұмырымызды арнауға тиіспіз.
«Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.
Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті,
Қылғанменен татымды бермес жеміс», –
деп Абай жырлағандай, жүрекке «үш сүюді», яғни имани гүлді екпей тұрып, жасалған ғибадаттың адамды кемелдікке жеткізуі екіталай. Сондықтан алдымен Алланы және Алланың ақ жолын сүйіп, бойымызға ізгілікті, тазалықты, мейірімді, әділдікті, көркем мінезді сіңіруге талпынғанымыз жөн. Бұған кедергі келтіретін нәрселерді де Абай хәкім атап көрсеткен: яғни, пайда, мақтан, әуесқой. «Әуесқой» сөзі бұл жерде көрінген жылтырыққа қызығатын жеңілтектік, ұшқалақтық, нәпсіқұмарлық мәнінде қолданылған.
Алла жолында қызмет етіп, халқымызға, адамзатқа пайдамызды тигізу үшін өмір сүрсек, екі дүниелік бақытқа, жүрек тыныштығына кенелеріміз хақ. Абай айтқандай:
«Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде одан басқа?..»
Дайындаған Батырхан СӘРСЕНХАН