![Zheltoksan_Monument](https://qazaqadebieti.kz/wp-content/uploads/2016/01/da0b268a28c8aee9c57898f16d879fcd.jpg)
Тарих ақсақалдан өрбіген үрім-бұтақты санауға екі қолдың саусағы жетпейді-ау! Анығында – сондай екен! Бірақ солардың ішіндегі ең сыйлысы, ең беделдісі және белбаласы – Тәуелсіздік! Тәуелсіздік – рухтың шырақшысы, қамқоршысы… Бұлай деуімізге себеп – Әлемді өзгертіп, жалпақ жаһанды өзі жаратқандай көретін «Билеуші аппаратына» халықтың қарсы шығуы, өре түрегелуі азаттықты аңсаудан, бостандықты сағынудан туған әрекет. Бодандықтың жазасыздар қаны сіңген қара қабырғасын құлатып, айдаһардың от шашқан аузындағы еркіндікті жұлып алу – кез келген ұлттың ғасырлар бойғы қол жеткізгісі келген арманы. Ол арманға жетудің жолы тым ауыр… Тым ауыр! Тар жол, тайғақ кешу, құлау мен тұру, жығылса да өңгенің алдында әлсіздігін көрсетпеу, балғамен ұрған сайын болаттай шыңдалу, ішкі беріктікті қалыптастыру, ыдырамау, қызылкөздердің араға салған іріткісіне қарсы іс-әрекет жасау секілді аспектілері өз мақсатына жету жолындағы ұлтты өсіре әрі аспандата түседі. Саясат пен Басқару жүйесі үшін қыс өте қолайсыз мезгіл саналады екен… 16-ның ызғары 15 елге азаттық алып берді… Солардың ішінде Қазақстан да бар… Кейде бізге Тәуелсіздікті тәлейі барлар ғана алатын секілді болып көрінеді. Туы, Әнұраны, Елтаңбасы, Конституциясы, шекарасы және Президенті бар суверенитетті республикалар екі жүзге жуықтайды. Ал Құдайға зарын айтып, заманның бұлайша – Кафка «құбыжығынша» құбылғанына өкінген, өкіне отыра дәрменсіздік танытқан, еркіндікке қол жетізе алмай жатқан ұлт пен ұлыс алпыстың төңірегінде екені тағы рас. «Кіші ұлттарды» (Ленин) тасқабақ империялар үрейлі де қаһарлы көрінетін қанатының астына алғанымен, бауырына басып, басынан сипаған жоқ-ты. Дінін бұзып, ділін өзгертіп, тілін шұбарлап, діңіне – діңгегіне, негізіне балта шауып, езген үстіне езе түсіп, арыстанша атылуының себебі – уысынан шығармау. Мысалды алыстан іздемей-ақ қояйық. Іргелес Ресей Федерациясы… Егер бір ұлыс көтерілсе, артынан бәрі ілесіп, олар тасқын, сел, дүлей күшке ұласу қаупі бар. Сондықтан орыс билігі федератифтілігін сақтап, орталық – Мәскеу маңына шоғырланған жиырмадан аса автономияны жоғалтып алу саяси жеңілістің алғышарты, АҚШ алдындағы әлсіздігін мойындаумен пара-пар. Путинді «фашистке» теңеген Еуропа оның шамына тию арқылы үлкен мүддені көздеп отыр. Шешенстан, Гүрзістан, Ирак, Ауғанстан, Қырғызстан, енді келіп Украина XXI ғасыр репертуарына еніп үлгерген, шымылдығын қан-төгіспен – «шекспиршілеп» ашқан саяси спектакльдің бірен-сараны ғана деп білеміз. Сол шымылдықты ашқан қол белгісіздеу, көзге көп түсе бермейтін «саяси машина» мәпелеп өсірген анасын, үлкен жолға бастаған әкесін де аяйтын түрі жоқ. Айналып келгенде, бұл мағынасыздау, мұнай мен Жер шарының билігін қолына алу мақсатын көздеген, өзін арлы көрсетуге ұмтылатын Үлкен аренаның артистері үшін киелі, қасиетті делінетін ештеңе қалмай бара жатқанын байқағандай болдық. Дәл осы бір аумалы-төкпелі кезеңде тәуелсіздік туралы айту, оған ұмтылу қисынсыздау көрінеді. Ал егеменді ел болғандар шүкіршілік айтып, Аллаға разылығын төгудің орнына – сергектіктен гөрі ұлтына деген сенімнің азаюы, бейбітшілік артынан бей-жайлық келді де бабалар аңсаған, елі үшін еңіреп жүріп намыс туын жықпаған, елін шынайы сүйетіндер ғана алып берген рухани «жеңістің» бағасын өз деңгейінде бере алмай жатқанымыз – әлсіздігімізбен қатар, сормаңдайлығымыз, жігерсіздігіміз. Адам саяси тәуелсіздіктен рухани тәуелсіздікке өткенде ғана Жаратушыға тәуелді екенін және ұлтының ұлылығын ұғынғандай болатын шығар. Сана өзгеріп, өзімізді тануға деген талпыныс – қоғамға үлкен қозғау салар еді. Байғыздың зарлы даусын бұлбұлдың сұлу үні басып, ұлт пен ұлт дос болса, жер бетінде соғыс болмаса, адамзат бірін-бірі қырмаса, нағыз тәуелсіздік осы емес пе?.. Айтыңызшы! «Адамзат комедиясы» циклын тудырған Бальзак үшін Париж жай ғана әсем қала емес, «жанын тербеген, шабыт шақырған ару» еді. Франция астанасындағы Саясат атты сары иттің бомбы болып үргені – әдебиет пен мәдениетті үрейлендіріп, адамзаттың құтын қашырды, жылатты, сорлатты, қинады… Әр ел басшылары орталыққа қазанама жолдап, түк болмағандай мүләйімси қалғанын жұртшылық жасандылық деп қабылдады. Тура сол күні ойналған Марсельеза лаңкестікке, Ібілістің ылаңына ергендерге қарсы марш ретінде қабылданған болса керек-ті. Бастилияны алған, революция ошағын тұтатқан француз халқы үшін Тәуелсіздік қандай терең ұғым екенін айтып жатудың өзі артықтау сияқты. Ал әлсіздерді қылғытқысы келетін гегемониялар кеңірдегіне қылтанақ болып қадалған саны аз ұлттарды жою, оларды тырп еткізбей ұстап отыру әлем билігіне, әлем тоталитаризміне жетудің төте жолы. Ал бұл «жолды» жүріп өтуге бәрі ниетті. Үлкені де, кішісі де… ортаншысы да… Оның ішінде Біз де бар шығармыз, кім білсін! Жер шарының картинасында саяси реңк басымдық алып, «мәдени соғыс» ушығып барады. Уақыттың да ойнайтын өз ролі бар. Және сол Уақыт мырзаның уағыздайтыны да – ешкімге сенбеңдер, ешкімге көнбеңдер! Мінберде тұрған бүгінгі адамның сөзінен астар іздеп, сенбестікпен қарауды да заман үйретіп үлгерді. Қалай болғанда да, қандықол қылмыскерді, ниеті бұзықтарды ендігі жыл, одан кейінгі жыл, тұтас Ғасыр өзі іздеп табады, анықтайды, қажет деп тапса жазалайды. Солар… иә солар қаза тапқандардың қабіріне гүл шоғын қойып жатып, іштей болса да Жаратушыдан, сол бейжазалардың әруағынан кешірім сұрауға ары жетті ме екен?.. Естілер-естілмес қана күбірлей кешірім сұрағаны адам алдында, Алла алдындағы әлсіздігін байқатып қоя ма деген ойдан туған секілді. Бірақ олар Құдай емес, жай ғана адам ғой, пенде… Отанын сату, туған анасын өлтіру, елін қанау мәңгүрттің де қолынан келеді емес пе?! Бірақ біз оны «адам емес, адамдықтан жұрдай» деп кінә тақсақ та, сол мәңгүртіңіздің күйін кешіп жүргендігімізді қалай түсінбей отырмыз?.. Нигилист, маргинал үшін бостандық бос сөзге айналғалы қашан. Африка мен Азиядан Еуропаға ағылған босқындарға пана беру арқылы олардың тәуелсіздігін, отаншылдығын шектеп отырғаны бір емес, бірнеше рет жазылып та, айтылып та жүр…
Біз Тәуелсіз Қазақ елінің азаматымыз, біз егеменді елдің азаматшасымыз, Құдайға шүкір!.. Осыдан жиырма бес жыл бұрын босағамыздан ибамен иіле аттаған Бостандығымыз мерейлі болғай. Туған күнің құтты болсын, қазақтың «арманы»… Тәуелсіз рухымыз биік болғай!..
Тәуелсіздік алғанымызға 25 жылға жуық уақыт болды. Кейінгі жылдардағы әлемдегі саяси өзгерістерді ескерсек, тәуелсіздік қадірі мен бағасы арта түсетіні анық. Егер тәуелсіздікке дер кезінде қол жеткізбесек, қазақ халқының бүгінгі рухани-мәдени және экономикалық жағдайы қандай болар еді?
Алтай ТАЙЖАНОВ,
философия ғылымдарының докторы,
академик:
– Тәуелсіздік дегеніміз – үлкен, ұлық мереке. Өйткені, біздің Тәуелсіздігіміз болмаса, біздің Президентіміз де болмайды. Тәуелсіздік болмаса, жеке экономикалық та, әлеуметтік те, рухани да саясатымыз болмайды. Бір сөзбен айтқанда, Тәуелсіздік – еркіндік, бостандық. Ал барлық тіршілік иесі, оның ішінде адам да – жасы да, кәрісі де бостандықты, еркіндікті қалайды. Сол үшін күреседі. Ал Тәуелсіздікті дер кезінде алмағанда да мемлекет есебінде өмір сүруіміз мүмкін, бірақ ол Тәуелсіз емес мемлекет болар еді. Ол уақытта оның азаматтарының да, құндылықтарының да жалпы өмір сүру тіршіліктерінің де берекеті болмайды. Міне, осы тұрғыдан алғанда, бұл Тәуелсіздікке қол жеткізгеніміздің өзі үлкен бақыт. Сондықтан қазақ халқы үшін барлық ресми мерекелердің ішіндегі ең бастысы – Тәуелсіздік мерекесі дер едім.Тәуелсіздігі жоқ мемлекет атынан саясатын да, экономикасын да, идеологиясын да жүргізе алмайды. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана осындай мәселелерді қозғап жүрміз. Енді бүгінгі күнімізге келетін болсақ, біз басқа мемлекеттерменен бәсекелестікке түсе аламыз. Ол біздің екі рет қабылданған стратегиямызда айтылған. Біріншісі – 2030-шы жылға дейінгі, кейінгісі – 2050-ші жылға дейінгі стратегиямызда. Онда біз алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосыламыз деген мақсат қойдық. Ал ол мақсатты орындау үшін біздің елімізге дұрыс саяси бағыт керек. Ұстаным керек. Экономикалық өрлеу керек. Белгілі бір жол керек. Сондықтан «Нұрлы Жол» бағдарламамыз, «100 қадамымыз» болмаса қазіргі жасалып жатқан өрлеу, реформа, даму, осылардың барлығы басқа елдерменен иық тірестіру үшін, соларменен бәсекеге түсу үшін жасалып жатқан үлкен істер. Бәсекелестік дұрыс. Ал көреалмаушылық жаман әдет. Мемлекеттер арасында көп жағдайда бәсеке болуы керек. Себебі, бәсеке өсіреді, белгілі бір орталыққа жетелейді. Бірақ әрбір мемлекеттің өзінің ұстанымы болады. Ол ұстаным экономикалық, саяси әлеуметтік болғанымен соның негізгі өзегі рухани ұстаным болуы керек. Демек, біздің Тәуелсіз елдің рухани ұстанымы болуы керек. Ол Елбасынан бастап ары қарай күні кеше өмірден өткен Әбіш Кекілбаев, Салық Зиманов сынды көптеген дара, дана азаматтардың Тәуелсіздік үшін жасаған ұлан-ғайыр еңбектері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатын болса, біз алдыңғы қатарлы дамыған елдердің қатарынан көрінетінімізге күмән жоқ.
Әзімбай ҒАЛИ,
саясаттанушы:
– Егер еліміз егемендікті жариялаудан сәл де болса кешіккен болса, біз біраз нәрседен ұтылып, яки айырылып қалатын едік. Мәселен, Беларуссия мемлекеті өз тілінен айырылып қалды, халықтың өзі өз тілінен бас тартты. Біріншіден, орысқа тым жақын халық, оның үстіне Ресейдің Беларуссияға деген саясаты тым үстем болды. Ирландықтар да тәуелсіз мемлекет атанғанымен өз тілінен айырылды. Өйткені, оларға көрсетілген езгі тым қатты болды. Бізге, яғни Қазақстанға көрсетілген езгі де осал болған жоқ, демократиялық нәубеттерді айтпағанның өзінде, қазақ халқы қатты орыстанып бара жатқан еді. Мәселен, мен мектеп қабырғасында оқып жүрген жылдарда қазақтың жартысы орыс мектебінде білім алды. Қазір жағдай өзгерді, қазақтың 87 пайызы қазақ мектебінде оқиды. Егер орыс мектебінде оқитындар елу пайыздан асып кетсе, орыстану қаупі сақталып қалар еді. Жалпы, белгілі бір дәрежеде Ресейге тәуелділік бар, оның да қаупі жоқ дей алмаймыз… Ол бізді экономикалық дағдарысқа ұшыратуы мүмкін. Қазіргі қиындық тек мұнай мәселесінде ғана жатқан жоқ…
Біздің тәуелсіздігіміз тек рухани салаға ғана емес, экономикалық салаға да оң әсерін берді. Егер тәуелсіздік алмағанда өндірістік деградация белең алар еді. Негізінен Ресейдің шикізат өндірушісі болып қана қалатын едік. Құрылымдық, әлеуметтік, рухани өзгеріс халықты дағдарысқа ұшыратып, радикалды көтерілістердің болуы әбден мүмкін еді, ал ол елдің ішкі құрылымын ыдыратуға әкеп соғуы ғажап емес. Сол себепті, біз тәуелсіздікті дер шағында алдық деуге болады. Егер де радикалды Азамат соғысына, яки революциялық жолға түсіп кетер болсақ, жағдай ушығып, элитаның қатты ашынуына әкеп соғар ма еді?..
Әлемдегі мемлекеттер тарихына көз жүгіртсек, егемендік алған жалғыз біз емес, өз тәуелсіздігін алып, тіпті мұнайдың үстінде отырса да, ағылшын тілді мемлекет бола тұра аш-жалаңаш отырған елдер бар. Өйткені, оларда мемлекеттің ішкі механизмі бұзылған. Ал біз аман-есен өз тәуелсіздігімізді күшейтіп, нығайтып келеміз. Әрине, ол кезең-кезеңмен, рухани, тілдік, саяси-экономикалық тұрғыдан жүзеге асып келеді. Біздің ендігі міндет – тәуелсіздіктің баянды болуына қызмет ету. Ал оның алтын діңгегі, меніңше, өз ісін білетін мамандардың мемлекетшіл ұстанымы мен елге деген адал ниетінде.
Сейдахмет ҚҰТТЫҚАДАМ,
көсемсөзші,
«Мысль» журналының Бас редакторы,
саясаттанушы, философ:
– Егеменді ел болдық! Қанша ғасырдан бері аңсаған арманымыз, алдымызға қойған мақсатымыз еді ғой, бұл. Қалай болғанда да, Тәуелсіздік – терең ұғым, қасиетті нәрсе. Қазақ елінің азаматы ретінде мені: «Бізге азаттық не алып келді? Соның қадір-қасиетіне жете алдық па?» деген сұрақтар мазалайды. 16 желтоқсан күні телеарналар шулап, белгілі бір тұлғалар сөйлеп, халық өздігінше тойлағандай болады. Бұл да дұрыс шығар… Бір қызығы… біз Тәуелсіздікке қол жеткізген уақытта ірі-ірі жоспарлар құрылып, кесек-кесек ойлар айтылған-ды. «Бұрындары байлығымыздың 95 пайызы Ресейге, 5 пайызы ғана біздің еншімізге бұйыратын. Енді жағдай мүлде бөлек болмақ. БАӘ, Кувейттен кем болмаймыз. Бәсекелестікті арттырамыз…», – деген әңгімелер де айтылған-ды. Өкінішке қарай, бұның бірін де көре алған жоқпыз. Совет үкіметін қанша жамандасақ та, бір нәрсені мойындауға тиіспіз. Ол кезде зауыт-фабрикалар, өндіріс орындары мен мәдени-рухани ошақтар халықты тәрбиеледі, өсірді. Көмір өндірісі, мақта зауыты, темір қорыту мен тау-кен индустриясын атасақ та жеткілікті шығар. Ал бүгіндері бәрі қираған… Қаңыраған үйлер, үйінділер… Қазір Қазақстан ине де шығармайды. Әйтеуір: «Бәрін жасап жатырмыз, қатырдық, бүйттік-сөйттік», – деп ауыздары көпіргені болмаса, шынында ештеңе істемейді.
Мұнай, алтын, уран, газ орындары шетел азаматтарының қолына өтіп кетті. Қайдағы бір алаяқтар, жыртық кебісімен келген келімсектер байып, миллионер, миллиардер болып, өз елдеріне қайтып жатыр. Қазақта да бай-бағландар бар. Бірақ бірен-саран. Ал негізгі қара халық босып жүр. Киейін десе киімге жарымай, жейін десе тағам таппай, өз елінде тұрған қазақты өз ағайындарымыз өзекке теуіп, сондай бір мүсәпір күйге түстік. Үйсіз-күйсіз сандалып жүргендер кім? Баяғы қазақ. 95 пайыз… Сұмдық қой. Ауылдағы жағдайды айтудың өзі қорқынышты. Жұмыс жоқ, не істейді, жатып келіп ішеді. Одан кейін барып «ұлт денсаулығының күрт нашарлап бара жатқаны» туралы желпініп тұрып сөйлейміз. Деректерге сүйенсек, ТМД елдерінің арасында Қазақстан халқының денсаулығы бойынша ең соңғы орында екен. Айналып келгенде, өз қолымызды өзіміз шауып отырмыз. Ал бұрындары қазақтың білім жүйесі қандай мықты болған. Негіз, фундамент бар еді ғой. Ал халық телеарнадан не көріп жатыр?! Күні-түні той-думан, ән-би, бір сөзбен айтқанда, нағыз жынойнақ. Ей, сонда өсетін, алдында үлкен жоспар қойған ұлт осындай болу керек пе? Ұлт туралы, ел туралы бір әңгіме жоқ. Айтатынымыз – той. Біреу екіншімен бәсекеге түсіп, басып озуды көздейді. Мағынасыз тірлік қой, бұл, Құдай-ау!.. Қашанға дейін бүйтіп өмір сүрмекпіз?.. Әлі де кеш емес…
Жақын аралықта доллар бағамы 400 теңгеге барады деген сыбыс бар. Сонда жағдайымыз не болмақ? Ал Қазақстанның шетелдегі қарызын айтсам, шошисыздар. Егер өміріміз өзгермесе, су көрмеген гүлдей солып қаламыз. Рухани солудың басы басталды, айналаға қараңыз. Мықты-мықты делінген жас ғалымдар шетелге қашып жатыр. Неге? Себебі, мемлекет тарапынан қолдау жоқ. Әйтеуір өлместің күні… Бір мәселе төңірегінде сөз қозғалса: «Ойбай сөйлеме! Дымыңды шығарма…», – деп екі елі ауызға төрт елі қақпақты қойғаны қойған. Егер құлдық психологиямен өскен өскелең ұрпақ ертең өз құқын қорғай алмайтын ынжық, қорқақ, белгілі бір ұлттық ұстанымы жоқ мутант болып өссе, не істемекпіз? Осының бәрі ішімде жүр. Зиялылардың өзі кеудесін соғып, өзін-өзі мақтаудан аспайды. Шетінен – Таусоғарлар! Ал одан келер пайда бар ма? Айтыңызшы… Мерейтой дегеннен аяқ алып жүре алмайсыз. Біреудің алпыс жылдығы, біреудің сексені, біреудің тоқсаны, маған бүкіл қазақ қоғамы той тойлап жүргендей көрінеді. Біз – қазақтар, соншалықты сорлы күйге түсуіміздің сыры неде? Алдымызға ұлы мұрат қойған ұлт едік қой. Елімізде үлкен ғалымдар, саясаткерлер, спортшылар, мәдениет және өнер адамдары бар еді. Өзектерін өкініш өрті шалып, біразы күйіктен қайтыс болып кетті. Сонда немен мақтанамыз? Егер бізді елдің жағдайы шынында да мазаласа, онда бүйтіп отыра беруге болмайды. Әркім өздігінше ұлтына еңбек сіңіріп, жаңа жол іздеуі керек. Еліміз тозып барады. Бірін-бірі сотқа сүйреп, бірін-бірі қаралаудан басқа қолдан ештеңе келмей ме? Оңтүстік Кореяны қараңыз, анау Жапонияны мысалға алыңыз, іргедегі Қытайдың тәжірибесін неге меңгермеске?.. Абай елін шын сүйгендіктен ашына, ащы-ащы ойлар айтты… Оны қазекем кейін түсінді ғой. Сол сияқты, ұлтым үшін жаным ауырады. Қазақтан терең ұлт жоқ. Орыстың әсіре-ұлтшылдары: «Сейдахмет нацист, өзінен басқаны көрмейді», – дейді. Мен олар айтқандай «нацизммен ауырмаймын». Ауыратын – солар! Скинхедтер мен шовинистерден Ресей билігі де қорқып отыр емес пе?! Бұл сұмдық жағдай ғой. Ел ішіне іріткі салып, ыдыратып жібермекші…
Әлемді мойындатып жатқан қазақтың ұл-қыздары шығып жатыр. Бұл бекер емес. Қазақ – өте дарынды, өте алғыр халық. Дәл осы әңгімені ширек ғасыр бұрын айтқанмын, әлі де айтуға мәжбүрмін. Тәуелсіздікпен ғана тоқтап қалмауымыз керек. Әлемде ойып тұрып орын алатын ел екенімізді паш ететін уақыт жетті…