«МАХАББАТ ТУРАЛЫ ЖҮРЕГІ ТҰРМАҚ СҮЙЕГІ СӨЙЛЕЙТІН» АҚЫН
15.10.2021
3098
0

Өмірде дайын үлгі жоқ. Дайын үлгі болса, ол өмір болудан қалар еді. Біздің бірсыдырғы тіршілігіміз күнделікті қайталанатын әдеттердің ортақ көрінісі ғана. «Привычка с выше нам дана, Замена счастью она» дейтін еді ғой Пушкин. Жер бетінде қаншама адам бақытты әдетке айырбастап ғұмыр кешіп жатыр. Ал өміріңді ешкімге ұқсатпай, тек өзіңше сүру – өз қолыңда.

Танагөз Толқынқызы жаттанды өмірдің адамы емес және бірсарынды өлеңнің де өкілі емес. Сонысына сәйкес оның шығармашылығы да арындаған, арқыраған драмалық шиеленіс, ширығыстарға толы. Ол тағдырдың асау толқындарының жалынан жармаса ұстаған арпалыстан шаршап-шалдығу емес, әдемі үйлесім тауып келе жатқандай.

Танагөз – махаббаттың жыршысы. Бұл әйел ақындар туралы айтылғанда жиі қолданылатын әдеттегі жаттанды сөз емес. Өйткені Танагөз шығармашылығындағы махаббат ұғымы – жасыған, жылаған немесе еңсесі езілген кеп емес, керісінше ерекше қуатты өріс, энергетикалық ауқым, оған бүкіл реалды, идеалды әлемнің бәрі сыйып тұр. Ол — «Махаббат туралы жүрегің тұрмақ сүйегің сөйлесін!», – дейтін ақын!

Қызыл, жасыл, көк түстердің беттесуі біздің жанарымызда ақ түске айналатыны сияқты, ақын санасындағы өмір, өлім, мейірім, қатігездік секілді түрлі ұғымдар тоғысып Махаббаттың аясына сіңісіп кетеді. Олай болса, Танагөзді бір ғана тақырыпты толғаған ақын деп қалай айта аласыз?!

Оның жан сыры ішінде әбден қайнап, шайқалып, кемеліне жеткенде бірақ шығады, шыққанда да шыныланып, маңызданып, селдей төгіліп, дауылдай буырқанып шығады.  

 

Өмір зая болды ғой, ғұмыр ада,

Кім аспанда күн кешті, кім ұрада?

Іңір солай өледі ыңырана

Гүлдер солай өледі құмырада.

 

Сезім тілін жұтқандай құмыға ма?

Осы сорлы жүректі кім ұғады, ә?

Сен сыймайсың уақытқа зымыраған

Мен сыймаймын бақытты құмыраға.

 

Немесе:

Кетпеген соң айналып құсқа жаным

Қыл үстінде жанымды ұстағаның….

Жүзіменен жүргізіп ұстараның,

Үнсіздігің ғасырға созылғанда

Балауыздай өртеніп, қысқарамын.

Автордың жүрегінің өрті оқып отырған өз ішіңе түсіп, сол жалын жан дүниеңді астаң-кестең етіп барып, аузыңнан лап етіп қайта шыққандай күй кешесің. Күй кешесің де, «түүһ» деп отырып қаласың.  

Өртеніп сүй. Өзіңді жағып жібер!

Тамшы біткен қамығып ағып жүдер.

Бір бума гүл сыйлап кет іңкәрліктен

Тұмар қылып кеудемде тағып жүрер. 

Ол үшін не жан-тәнімен сүю керек, не мүлде сүймеу керек. Баяу, орташа немесе әлсіз сезім деген жоқ.

Ақынның мұндай ұстанымының ар жағынан өлеңді де не тас-түйін ғып жаз, не мүлде жазба деген шығармашылық кредосын көруге болады.

Танагөз сұлу өлең, сиқыр сөз қумайды, жасанды жылтырақ жапсырмайды, ештеңені күштеп таңбайды, тек шындыққа арқа сүйейді. Оның шындығы жүрегіңді жұлып алардай өткір. Соған қарағанда махаббат тақырыбы біз ойлағандай тек қана сызылған сезімдерден тұрмайды, ол қажет кезінде суырылған семсердей, түйрелген найзадай бола алады.

Сен несіне мені сонша әуре еттің?

Әлеміңе мас боп кіріп, сау кеттім…

Сені сүйген мына жүрек жау маған,

Мен өзіме өзім келген нәубетпін.

Лирика қашанда синтименталды. Танагөз сол аса сезімтал лириканың өзін драмамен үндестіріп жібереді.

Зарықтырды. Күттірді. Лапылдатты.

Өкіндірді… Өксітті… Мақұлдатты…

Қараңызшы, әр өлеңде, тіпті әр жолда да емес, әр сөзде бір-бір кезең жатыр. Өмір  кезеңдері! Осылайша бір шумаққа тұтас бір драманы сыйдырып жібереді.

Иә, шынында да ол бір өлеңінде:

Өмірді өлең түгіл шумағымның

Жалғыз-ақ  бір жолына сыйдырамын, — деп жазған екен.

Әркім суреттегі адамды өзіме қарап тұр деп сенеді. Ал расында ол маған да, саған да, оған да емес, объективке қарап тұр. Объектив – Ақиқат. Ал Ақиқат – Құдайдың бір аты. Дәл солай шындыққа тік қарап айтқан жүрек сөзін әр адам өз сөзіндей қабылдайды. Кей шығармаларды оқығанда «Мынаны мен айтып тұрған сияқтымын», иә болмаса «Мен туралы айтып тұр» деп ойлайтыныңыз рас қой. Танагөздің ғашықтық ғазалдарындағы әр күй мен күйзелістің, әр мезет пен қуаныштың бізге етене болатыны да сондықтан.

Сен кетесің. Мән кетеді тағдырдан

Мән кетеді Желден,

Күннен,

Жаңбырдан…

Сен кетесің. Өмір кетер ілесіп.

Өлең қалар өмір үшін күресіп…

Гете: «Өнер – табиғаттың нұры сияқты басқа нәрсе» депті. Сол тұрғыдан алғанда Танагөздің жырлары – шын өмірдегі Махаббаттың көркем өмірдегі моделі. Оған назар салғанда сүюдің ләззаты ғана емес, машақаты да осынша сәулелі екен-ау деп ойлайсың.

Кәсіби кескіндемеші, майталман мүсінші адамның анатомиясын жақсы біледі. Оның қандай көңіл күйде бет-жүзі қалай өзгереді, әр қимылында бұлшық еттері қандай қозғалыс-қалыпта болады — бәрі оған етене таныс. Ал ақын — ішкі сезімдердің білгірі. Әрине, ол — адам психикасын ғылыми негізде меңгерген маман емес, тек түйсікпен таныған өнер иесі. Ал түйсік қашанда табиғатқа жақын, түп-тамырымыздың нәзік жібі. Сондықтан ақынның жүрек қалай атқақтайды, қалай сыздайды, қан қалай тасиды, қалай тулайды — соның бәрін жан-жүйкесімен сезінуінде ерекше құдірет бар.

Жүрекке кірш еткізіп сұғып алып,

Пышағын біреу ұмыт қалдырғандай…

Ауамды әкеткендей жұлып алып,

Жайрадым, жанымды өртке алдырғандай.

 

Не өлмей, не босанбай пышағынан,

Көзіме жаным келіп көрінгенде,

Ажалдың қысылғанда құшағынан,

Мен көмек күттім, сенсең, өлімнен де…

Сөз — орынсыз шығындауға болмайтын оқ секілді. Нағыз мерген артық оқ шығындамайды. Әуесқой адам «бірде болмаса, бірде тиер» деп нысанаға үздіксіз ата беруі мүмкін. Киік, арқар тәрізді түз тағыларының жүріс-тұрысы, жүгіріс-желісінің қыр-сырын әбден меңгерген мерген мүлт кетпес үшін шүріппені қай кезде басу керек екенін жақсы біледі. Дәл сол сияқты сөздің аунап-төңкерілетін, ырғып секіретін барлық қимыл-қозғалысын нағыз ақынның сезіне алатынына дау жоқ. Ары-бері ырғалып, толқып, өз орнына келіп дөп түскенде ғана оның сыртқа шығуына жол ашық. Танагөз өз өлеңдеріне дәл осылай жол ашады.

Сағыныш НАМАЗШАМОВА, ақын.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір