СҮЙЕГІ СЫҚЫРЛАЙДЫ «САТУРННЫҢ…»
«…Қызылқұмның батыс беткейі бұрынғы теңіздің ұлтаны еді. Арал шалқыған кезде бұл жағалаудың бәрі сыңсыған қалың ел болған. Қазір «бастан бақ тайған заман» болып тұр».
Фотодағы ағаш кеме осы Ұялы ауылының орнынан 18 шақырым берірек жатыр. Ұялы – теңіз ортасындағы арал. Сонда осылай аталатын ауыл болды. Қазір су қайтқалы ашық дала болып жатыр. Демек, теңіз бар тұста сол маңдағы қазіргі Қазалы ауданының Кәукейі де, Ажар да – жағалауға жақын орналасқан ауылдар. Ағаш кеменің қазіргі тұрған жері «Зәруха жалы» деп те, «Заузан» деп те аталады. Қазақтың әр төбеге ат қойғышын ескерсек, бұл бізге таңсық дүние емес.
Барған адамға алдынан шөккен нардай болып кезігетін, оң жағына жамбастай қисайыңқыраған ағаш кеменің тарихын Қызылқұм ауылдық округінде тұратын Сәкен Қабылов аға былай тарқатып еді.
– Кеменің – аты «Сатурн». Теңіз табанында қалғанына да жарты ғасырдан астам уақыт болған. Биіктігі 3 метр болса, ұзындығы 19, ал ені 6 метр шамасында.
Менің естуімше, «Сатурн» кемесінің қызметі – «Ұялы» ауылдық кеңесіне қарасты он екі ауылды азық-түлік, тұрмыстық заттармен қамтамасыз ету, яғни елдімекендердегі дүкендерге азық-түлік, тұрмыстық заттар жеткізіп берген, – деп шешіліп сыр шертті өлкетанушы ағамыз.
Теңіздің алай-дүлей құбылысын адам түсініп болған ба?! Бірде «Қос шегенді», «Ұзынқайыр», «Сандал», «Жалпақ», «Қарабура, «Айжарым-тасты» елді мекендеріне қарай жүк артып шыққан кеме теңіздің кешкі асау толқынды дауылына кезігеді. «Сатурн» осы кезде «Қос шегенді» тұсындағы панасы молдау ұзынша келген қолтыққа келіп тұрақтауға мәжбүр болыпты. «Қауіп-қатерден құтылдық» деген кеме капитаны мен көмекшілері ауыр-ауыр якорьлерін терең суға тастап, дауыл басылғанша тоқтай тұруға шешім қабылдаса керек. Бірақ үйдей толқын қанша пана жер болса да, ағаштан соғылған кемені жағалауға қарай тықсыра береді. Таң атып, жан-жағы анық көріне бастаған уақытта теңіз де сабасына түскен. Дауыл тыншыған кезде капитан құрғақта қалғанын байқайды. Теңіз жағасы бұл кезде артқа шегініп кеткен еді.
Жағалаудың бірде тасып, бірде қайта орнына келетінін білетін сырмінез кеме командасы қорқынышқа бой алдырмайды. Шегінген жағалау қайта қалпына келер-ау деген сеніммен, «сол кезде алып кетерміз» деген ойға үміт артқан күйі «Сатурнды» қалдырып, өздері тарасқан көрінеді.
Енді қараңызшы, Аралдың апатқа ұшырар шағына дөп келгендей бәрі. Теңіз жағалауы сол шегінгеннен бірте-бірте кері қайтып, бері оралмайды. Арал айдыны көзге көрінбейтін жағдайға жетеді. Ал «Сатурн» сол қалғаннан жағалауда қалып қойған.
Сол сапарда көргенім ғой. Күннің ыстығы мен қыстың қар аралас қара суығына төтеп берген «Сатурнның» әр жері шұрық-тесік бола бастапты. Қызылдың желі соққан сайын сықырлайды. Сықырмен қоса кеменің әр тесігінен уілдей дыбыс шығады. Жетім ұлдың тұншығып жылағанындай. Үзіліп естіледі. Сол сәт ағаш кеме жоғалтқан теңіз-анасын бір сәт жоқтағандай көрінді маған…
Ержан ҚОЖАС