ТЕАТР ӨНЕРІ ӨМІРШЕҢДІГІН ЖОЙМАЙДЫ
15.10.2021
2283
0

Қазақ өнерінің қарашаңырағы – Мұхтар Әуезов атындағы ұлттық драма театры көрерменмен қайта қауышты. 96-маусымның шымылдығын ашқан театр ұжымы көпшілікті  қандай қойылымдармен қуантпақ? Репертуарға енген спектакльдер несімен ерекшеленеді? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде театр директоры Еркін Жуасбекпен әңгімелесіп көрдік.

«Қан мен терге» Ақбала  арқылы  үңілеміз

         – Күні кеше театрдың 96-маусымы шымылдығын түріп, көрермен қауымды қуанышқа бөледіңіздер. Жаңа маусымға дайындық жұмыстары қалай жүрді, қандай жоспарларыңыз бар?

         – Әлемді дүрліктірген, қай салаға да әсерін тигізбей қоймаған пандемияның  «беті бері қарап келе жатыр» деген әңгіме шыққаннан кейін біз де жаңа маусымға дайындықты бастап кеттік. Оған дейін,  23 қыркүйектен бастап Ақмола облысының орталығы – Көкшетау  қаласына және  Солтүстік Қазақстан облысының орталығы –  Петропавл қаласына бір апталық гастрольдік сапар  жасадық.  Гастрольдік сапардың өтуіне мұрындық болғандар аталған шаһарларда жүріп, бәрін өте жоғары деңгейде ұйымдастырды.

         Ел-жұртымыз аман болып, театрға келуге, спектакль көруге жағдайы жетсе, біз үшін сол  –  үлкен бақыт. Барша көрермендерді 96 маусымның ашылуымен құттықтағым келеді. Жаңа маусымды жаңа да тың тыныспен бастап кеткен театрларға сәттілік тілеймін. Өмір күйбең тіршілікпен өте бермей, әр сәт рухани азықпен де толығуы керек қой. Осы тұрғыда, театрымыз да көрермендерін асыға күтті.

         Өздеріңіз білесіздер, көктемде, эпидемиялық ахуалға байланысты театрды жаба тұруға тура келген. Енді 13 қазан күні, дәстүрлі уақытында, Мұхтар Әуезовтің ең үлкен шығармасы  – «Абай» қойылымымен маусымды аштық.   

         Әрине, театр болғаннан кейін, басты жаңалығымыз  жаңа қойылымдар болмақ. Қазіргі кезде өндіріске енгізілген, көрермен назарына ұсынылатын  бірнеше қойылым бар. Біріншісі  – қазақтың көрнекті жазушысы, тоқсаннан асқан абызымыз  – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» спектаклін қайта сахналамақшымыз. Бұл жолы қойылым «Қан мен тер. Ақбала» деп аталады. Өткен ғасырдың 70 жылдары Әзірбайжан Мәмбетовтің режиссурасымен сахналанып, бүкіл Кеңес одағына мәшһүр болған спектакльдің  режиссурасы, актерлық өнері ең озық үлгідегі сахналық жұмыс ретінде танылған болатын, КСРО-ның мемлекеттік сыйлығына ие болған.  Заман өзгерді, шығармаға деген көзқарас та басқа арнаға ойысты. Классикалық шығарманың жақсылығы да сол, оны уақыт өткен сайын жаңалап оқып отырсаң да, жаныңа дарытатын жауҺар байлығы түгесілмейді.  Сондықтан да осы шығармаға біз жаңа көзқараспен, Ақбаланың тағдыры арқылы қайтадан келіп көрмекшіміз. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. 70 жылдардағы қойылымда басты идея бас кейіпкер  –  Еламанның төңірегінде өрбиді. Еламанның қарапайым балықшыдан үлкен төңкерісшіге дейінгі жүріп өткен жолы бейнеленіп, оқиғалардың өрбуі де сол уақыттың талабына орай ойластырылса, біз бүгін  Ақбаланың  тағдырына үңілсек дедік. Дәл сол кейіпкерлер… Сол Еламан, сол Тәңірберген… Қызының қилы тағдырға түсіп кеткеніне пұшайман болатын сол Сүйеу қарт.  Тек, негізгі ой Ақбала арқылы ашылмақ. Спектакль  қазіргі оқырманның да, қазіргі көрерменнің де аталған шығармаға көзқарасына қызықты ойлар үстемелейді-ау  деген ниеттеміз.

         Тағы бір жаңа қойылым  бұрын еш жерде қойылмаған «Мәшхәр түнгі махаббат» деп аталады. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған бұл пьесаны автор Дулат Исабеков  белгілі жазушы Рахметолла Райымқұловтың әңгімесінің желісімен сахнаға лайықтап жазып шықты. Кешегі советтік дәуірдің солақай саясаты тұсында туған жерін, мал-жанын, ел-жұртын, әйел-баласын, махаббатын тастап үдере көшкен, қашуға, жер аударуға мәжбүр болып, тағдырлары талқан болған жандар жайлы, тұтас ел туралы сыр шерте отырып, бүгінгі тәуелсіздігіміздің не бергенін сахна арқылы айшықтасақ дейміз.   

         – Гастрольдік сапар туралы айтып қалдыңыз. Бұл сапарға кімдер барды? Жалпы, бұл сапар несімен ерекшеленді?

         – Гастрольдік сапар шығармашылық ұжымға, театрларға  айтарлықтай серпін береді. Әр театр өзінің қойылымын еліміздің түлі-түрлі қалаларында көрсету арқылы ең алдымен көрерменнің ризашылығына бөленіп, өнердің жаңа кеңістігін қалыптастыруды мақсат тұтады. Соңғы кезде бұл дәстүрді  аздап қолдан шығарып алдық. Пандемия халқымыздың барлық театрларын осы гастрольдік жүйеден ажыратып жіберді, расын айтқанда.  Сол олқылықтың орнын толтыру, сахна салтын қайта қалпына келтіру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігінің нұсқауымен біздің театрымызда «Қазақстанның гастрольдік орталығы» деген құрылым жасақталды. Күз мезгілінде барлық театрлар өңірлерді аралайды. 

         Сондай игі негізде, сапарымызды қиелі өңір Көкшетаудан бастап кеттік. Серілер еліне, әншілер мекеніне өзіміздің бірнеше спектаклімізді алып бардық. Солардың бірі – репертуарымызда он шақты жылдан бері үлкен табыспен көрермен назарына ұсынылып келе жатқан Дулат Исабековтің «Жаужүрек» спектаклі. Переселендердің жерімізге көшіп келген кезіндегі алауыздыққа, әділетсіздікке Балуан Шолақтың қарсы тұруы негізінде  жер тағдыры, ел тағдыры көтерілетін  мәні терең туынды. Сонымен қатар өткен жылы Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай жазылған «Қара» спектаклі, көптеген жылдардан бері көрермендеріміз сүйіп көретін «Сыған серенадасы», «Бес бойдаққа бір той», «Қоштасқым келмейді» секілді танымал қойылымдарымыз да Көкшетау, Петропавл жұртшылығының жанын серпілтті.

         Өнердің қайнар көзі Көкшетау, Қызылжар топырағына сапарлаған құрамда кімдер бар десеңіз, тағы сол пандемияның салдарынан  алпыс бес жастан асқан танымал актерларымыз бұл жолы жолын өздерінен кейінгі жастарға берген жайы бар. Бекжан Тұрыс, Асылбек Боранбай, Дулыға Ақмолда, Дария Жүсіп, Күнсұлу Тұрғынбекова сынды орта буынның мықтылары осы гастрольдің шырайын келтірді.

         –  Бұрынырақта театр ұжымдары шетелдерге де гастрольдік сапарға шығып, тәжірибе алмасып тұратын. Қазіргі кезде бұл үрдіс бар ма?

         – Театрдың кейінгі бес-алты жылдағы жұмысына көз салатын болсаңыз, театр бір жағы Жапонияға, мына жағы Францияға, ортасында Ресейдің бірнеше қаласында гастрольдік сапарлар шекті. Тәжірибе алмасуда, өзіндік келбеті, ұлттық сипаты  бар қазақ өнерін әлемге танытуда ұжымның еңбегі орасан. Соны жалғастырамыз деген ниетпен өткен жылы Италияға, Кореяға баруымыз керек еді. Барлығы эпидемияға байланысты тоқтатылды. Дегенмен мүндай процеске бірнеше бағыттағы спектакльдеріміз дайын тұр. Репертуарға өткен жылы енген мәскеулік режиссер Олжас Жанайдаровтың «Екеумізі» сынды  жаңа талаптың үдесінен  шығатын, кез келген фестивальге ұсынуға лайық қойылымдар жоқ емес. Халықаралық тәжірибе де –  ойымызда. Сондықтан біз дайынбыз, тек  пандемиялық шектеулер тоқтатылса болғаны.

Басты мақсат – көрерменге ой салу

         – М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрына басшылыққа келгеніңізге бір жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде театрға қандай өзгерістер әкелдіңіз? 

         – Меніңше, басшы  өзінің келген ұжымына өзгеріс енгізуді ғана мақсат тұтпаса керек. Себебі  бұл – тарихы, қалыптасқан дәстүрі бар театр. Бұл өнер ордасының үлкені, олардың артынан ерген кішісі бар, яғни дәстүрлі-классикалық театр. Сондықтан қарашаңырақ, қасиетті орынға «мен келдім екен, енді олай болмайды, былай болады» деу –  әбестік. Бүгінгі таңда басшының негізгі жұмысы –  осы театрдағы таланттарға, шығармашыл адамдарына еркін жұмыс істей алатындай жағдай жасау. Тек бекітілген репертуарға ғана көңіл бөліп қоймай, қазіргі сахна өнеріне қандай жаңашылдықтар енді, қандай жаңа тәсілдер өмірге келді, осының бәрін сахнадан көру үшін жас режиссерларға мүмкіндік беріп, көптен бері образ сомдамаған, жаңа рөл ойнамаған актерлар тартылсын деп, түрлі жұмыс жасап жатырмыз. Былтыр «Әдеби драма» бөлімінің мұрындық болуымен монопьесаларға байқау жарияладық. Көптеген авторлар өздерінің құлшынысымен біраз жаңа дүниелер берді. Осы спектакльдерді  лайық-ау, оң жамбасына келеді-ау деген актерларға бөліп бердік. Бәрі қазір үлкен ізденіс үстінде. Әртүрлі режиссерларды өз еркімен, өз қалауымен шақырып, солардың еңбегінің нәтижесінде үлкен залдың, кіші залдың мүмкіндігіне қарай спектакльдер көпшілікке жол тартуда. Сахна арқылы көрерменге ой салудың қилы бағыттарын игеру –  басты мұраттарымыздың бірі.

         Театр  актердың заман талабына қарай ілесіп отыруын, бүгінгі уақыт ағымында жұмыс жасауға бейім болуын талап етсе, біз де осы жүйеде харекеттенудеміз. Жақсы дүниелер түптің-түбінде көрермен көзайымына айналады, көптің көңілінен шықпаса да, ең болмағанда актерларымыздың өсуі, өре деңгейінің қалыптасуы үшін де пайдасы болады деген оймен жасалып жатқан шаралар көп.

         Жыл бойына жоспарланған қойылымдар міндетті түрде шығуы керек. Одан бөлек, әлемдік драматургия болсын, өзіміздің классикаларымыз болсын немесе жаңа драматургия туа ма, бұрын-соңды қазақ сахнасына келмеген қойылымдар қойылса  екен деген тілектеміз.

          Театрлардың  көбі Шекспирді, Мольерді, Чеховты сахналауға әуес, бұл жағынан келгенде әлем тек осы бірнеше драматургтың ғана деңгейінде емес қой. Дүниежүзінде қазақтың үғымына сай келетін, бүгінгі проблемамызды сахнада бедерлеуге мүмкіндік беретін шығармалар, авторлар көп.  Солардың бірі, мысалы, аз уақыт бұрын сахналанған Бертольд Брехт, қазір  дайындығы жүріп жатқан Бернард Шоу. Енді, әрине, әзір көпшілікке ұсынылып үлгермеген қойылымдар  жайында сөз қозғауға ерте, уақыты келгенде көрерменнің талғам таразысына саламыз.

Қазақ театры ең алдымен қазақтарға керек

         – Театртанушы ретінде қазақ театры қай бағытта дамуы керек деп ойлайсыз?

         – Қазақ театрынан бұрын Қазақстандағы театрлар  кеңістігінен  алатын болсақ, біздің бақытты көрермен екеніміз рас. Себебі бізде көптілді, көп бағытты театрлар жұмыс істеуде. Еліміздегі  өзге тілді театрларға кейде немқұрайылау қарайтын сияқтымыз, ал, шын мәнінде, олардың бізден гөрі әлемдік театр  тенденциясын игеруге бір табан жақын екені де шындық. «Қай театрда қандай жаңалық болып жатыр?», «Қай театр несімен ерекшеленеді?» деген сұраққа жауап іздеген көрермен кез келген театрдың табалдырығынан еркін аттай алады. Әртүрлі ұлттардың болмысына үңілуге де ешкім шек қоймайды.

         Ал қазақтың театры, қазақтілді театр ең алдымен біздің өзімізге, қазақтарға керек. Әрине, бұл «әлемдік туындыларды сахналамау керек» деген ойға жетелемеуге тиіс. Өйткені әлемдік классиканың өзін бүгінгі қазақтың проблемасын  көтеретін, ұлт ретінде ұйысуымызға, дамыған халық ретінде қалыптасуымызға, қазіргі көкейтесті мәселелерді айтуға бағыттайтын компос ету  – өз қолымызда. Біраз театрларды аралап жүрмін, қойылымдарын тамашалаймын. Қазіргі қазақ театрларының көпбағыттылығы  мені қатты қуантады. Дәл іргеміздегі Ғабит Мүсірепов атындағы театрдың жаңашылдығы, облыстардағы театрлардың жастық жалынға тұнып тұрған аурасы, ойға келмеген дүниелерді сахнаға шығара алатын батылдығы, жас режиссерлардың түрлі жанрға бара алатыны, барғысы келетіні  ғажап әсерге бөлейді.

         Әр театр бір-бірін қайталаса, одан ешкім ештеңке ұтпайды. Керісінше,  адам жанын толқытатын түрлі жанрларға, жан-жақты туындыларға сахнада жан бітіріп, әр өнер ордасы өз бағдарымен даңғыл жол салса, ең үлкен мұратқа жеткеніміз.

         Театрдың тағы бір тамаша қасиеті  – сабақтастық үрдісінде өмір сүруі ғой.  Ешбір театрдың үлкендерден бас тартып, бірінің етегінен бірі тартып жатпағанына барлығымыз да куәміз.

         Қазақ сахнасының айтулы табысы – актерлық өнер. Үлкен актерлар да, жас актерлар да өзіндік мектебін қалыптастырып үлгерген.

         – Ұлттық театр, ұлттық нақыштағы қойылымдар әлем талғамына, әлемдік бәсекелестікке төтеп бере ала ма?

         – «Ұлттық театр» деген ұғымның  өзі ұлттық болмысымызды, тілімізді, ділімізді, дәстүрімізді, қазақы қасиетімізді қазық етіп, ұлттығымызды ұлықтайтын мәнге ие емес пе?.. Соған қарамастан, домбыра мен сыбызғының айналасында қалып қалу осы үдеден шығудың жолы деп ойламаймын. Қазақтың бүгінгі жастарының беталысы қандай, кешегіміз қандай болды?  Орта буын өмірдің эволюциясына қарай қандай өзгеріске түсті? Күйбең тіршіліктің құрсауынан шыға алдық па, рухы мықты халық бола алдық па? Осының бәрін көркем өнер арқылы көз алдыңнан өткізіп, өмірдің дәл өзіндей көңіліңе  қозғау салу, санада сілкініс жасау, міне, театрдың құдіреті осында. Осы мақсат тұрғысынан қарағанда, ұлттық театрға артылатын жүк ауырлай береді, тереңдей түседі.

         Қазіргі заман адамдарының өмір сүру салтында қандай мәселелер алға шығып кетті? Сөз жоқ, ең алдымен – тіршілік қамы. Адамның уақытын жалмап жатқан ақпарат майданы… Осындай кезеңде адам адамға жанашырлық танытуы керек, адам адамға достық пейілмен қарағаны жөн. Адам, ата-ана, туған жер, Отан деген ұғымдарға біздің жүрегіміз қаншалықты селт етеді? Мұның бәрі – ойландыратын жайлар. Сахнаның мақсаты – қатайып, суып бара жатқан жүректі иітетін, жібітетін шығарманы көрермен назарына ұсыну. Онда тек ұлттық сипатымыз ғана көрініс табуы шарт емес, Шекспир немесе Чехов арқылы да ұлтты құрайтын әр жанның жанына ізгілік нұрын себуге болады. «Тобырды ел қылатын – театр» деген сөзге сүйенсек, «Ұлттық театр» ұғымының аясы кең. «Әлемнен қалмаймыз, дүниежүзіндегі барлық жетістікті, жаңашылдықты игеретін ел боламыз» деп қанша айтсақ та, «қазақтықтан бас тартамыз» деген сөз шыққан емес аузымыздан. Әлемнен қазақ ретіндегі орнымызды ойып тұрып алуымыздың басты тетіктерінің бірі де – театр, спектакль.

          Театрдың маңыздылығы, қажеттілігі ешқашан жоғалмайды. Ол бұған дейін де талай-талай шабуылдарға тап болған, талай дүрбелеңді өткерген. Әлем театрының тарихында осынау қастерлі орданы дін келгенде жоққа шығарғысы келген. Жоқшылық та театрды жоққа айналдырғысы келді. Бір кездері жалаң белсенділік те сахна өнеріне «шабуыл» жасаған. Мұның бәрін еңсерген өнер өміршеңдігін сақтай береді. Бүгінгі ақпарат ағымының адымдап дамып бара жатқан шағында да «Театр кімге керек, неге керек?» деген қасаң ойлар қылаң беріп қалғанда, өз басым ол түсініктің қате екеніне, театрдың мәңгілік жасайтынына қатты сенемін.

         – Пандемия, карантиндік шектеулер театрларды тұралатын тастаған жоқ па? Бұл тұрғыдан М. Әуезов театрының жағдайы қалай? Заманның жаңа талаптарына сай (пандемия жағдайы) театр стратегиясы қалай өзгерді?

         – Пандемияның театрға ғана емес, күллі тіршілік атаулыға тигізген әсері жан-жақты ғой. Эпидемиялық ахуалдың кері ықпалына да, пайдасына да анализ жасап отырмыз. Шектеулердің қатаң кезінде көрерменмен байланысты жоғалтып алмау үшін көптеген спектакльдерімізді телеэкрандардан, әлеуметтік желілерден  халыққа көрсетіп отыруды мақсат еттік. Орындадық та. Қаралым саны да көп болды.

         Көрерменмен кері байланысты арттыру үшін театр мамандары, актерлар көпшілікпен тікелей эфир арқылы тілдесу, онлайн кездесу өткізді, сұхбаттар жүргізді, поэзия оқып, ағартушылық мәні зор әңгімелер айтты. Бұл процестің кері тұсы да болмай қалған жоқ. Кейбір көрермендердің  «театрмен осылай да байланыс орнатуға,  бармай-ақ қойылымдарды көре беруге болады екен» деген ойға кетіп қалуы мүмкін еді. Алайда қойылымды жүз камерамен түсіріп, экран арқылы жолдасаңыз да, ол көрерменге нағыз спектакльдің әсерін сыйлай алмайды.

         Студенттер аудиториясына оралды, оқушылар мектеп партасына отыратын күнге жетіп қуануды. Сол секілді көрермен театрын, театр көрерменін сағынды. Пандемия талаптарды қатаң сақтауға үйретті, біз де санитарлық ережелерді сақтай отырып, көрерменді түрлі спектакльдермен қуантуға әзірміз. Ең бастысы, халқымыз аман болсын!

         – Әңгімеңізге көп рақмет!

 Сұхбаттасқан Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір