Евгений Папов. Рух қайда қаласа, сонда тыныстайды
11.10.2021
1753
0

Евгений ПОПОВ, жазушы, Ресей ПЕН-Клуб президенті

 

Евгений Папов, Ресей жазушысы

Мен Роллан Сейсенбаевпен, тәтті әуезді эмигрант Вертинский айтатындай, «басқа ғаламшарда» – бүгінде көп адамдар үшін аңызға айналған КСРО атаулы ел әлі тіршілік етіп тұрған кездерде ұшырастым.

Ресей мен Қазақстанның жас азаматтары «кемелденген социализм» заманын көре алмай қалды. Дон Кихотқа еріп жүретін Санчо Панса сияқты, осындай социализмнің соңынан бір елі қалмайтын «тоқырауды» да көруге үлгермеді. Осының өзі ақыр соңында алып кеңес империясының күйреуіне әкеліп соқты… Алайда, біздің бәріміз қазір жаңа шындық жағдайында өмір сүрудеміз. Ал өмірді «кері бұру мүмкін еместігі» белгілі жай. Дұрысында, қажеті жоқ. Қай кезде де лайықты өмір сүруге жол ашық, өйткені, «рух қайда қаласа, сонда тыныстайды».

Бірақ әңгіме мүлдем де саясат жайлы емес. Әңгіме әдебиет жайлы және соның аса жарқын өкілі, энциклопедияда сипатталып айтылатындай, аса көрнекті қазақ жазушысы, драматург, аудармашы, баспагер, мәдениет жаршысы, қоғам қайраткері Роллан Шәкенұлы Сейсенбаев жайлы. Өзінің анасы тұратын Семейдің – өмір-бақи кіші отаны болып қалатын қаланың тума түлегі. Троицкідегі зиратта барлық ата-бабаларым жатқан Сібірдегі Красноярск де мен үшін дәл солай.

Жасырып қайтейін, энциклопедиядан мен туралы да оқуға болады. Бірақ 40 жылдан астам бұрын біз екеуміз де «жаңа бастаған жас талаптар» қатарына қосылғанбыз. Екеуміз де жас жазушылардың VI Бүкілодақтық кеңесіне қатыстық. Біздің тырнақалды әңгімелеріміз 1975 жылы «Молодая гвардия»  баспасы шығарған «Біз – жастармыз» атты беделді жинақта басылды. Бізді Кеңес жазушыларының одағына қабылдады. Біз, шет аймақтар өкілдері, сол кезде Мәскеуде тұрдық.

Бір-бірімізбен бірден жарасып кеттік. Бізді біріктірген тағы бір жайт, екеумізге де Василий Макарович Шукшинді білу бақыты бұйырды. Ал осынау ұлы адам һәм жазушымен араласу, менің пайымдауымша, онымен тым құрса жай кездесіп қалғандардың өмірінде де көп нәрсені айқындап берді. Бұған көз жеткізу үшін біздің – менің, Ролланның ертеректегі әңгімелерімізді қайта оқып шығудың өзі жеткілікті.

Мәскеудің сол кездегі жақсылығы сол, онда әдебиеттің басқа шеберлерінен де әлі «тірідей» көзбе-көз үйренуге болатын. Юрий Домбровский, Валентин Катаев, Леонид Мартынов, Юрий Трифонов, Белла Ахмадуллина, Андрей Вознесенский, Юрий Казаков, Булат Окуджава, Семен Липкин, Фазиль Искандер… Олармен жанасудың дәру-шипасы мен дауасы мол еді, олар әдеби һәм өмірлік қырсық-бәлелерден сақтандырды. Солардың бастысы өз-өзіңе, өзіңнің пешенеңе тиесілі міндет-парызыңа, шама-шарқын біз айқындай алмайтын өзіңнің талантыңа опасыздық жасау болатын. Өйткені, бәрі де арсыда әлдеқашан есептеліп, өлшеніп, бөлініп қойылған ғой.

Көп ұзамай біздің көптің көз алдындағы жолдарымыз екі айырылды. Роллан Жазушылар одағының аппаратында құдіретті Ю.Верченконың қарауында жұмыс істеді. Ал мен Батыста «Метрополь» альманағын шығарғаннан кейін әдеби «диссиденттер» қатарынан бір-ақ шықтым. Әйткенмен, атап көрсетуге тиіспін, өмірімде саясатпен ешқашан айналысқан емеспін, оны, жұмсартып айтқанда, өнімсіз іс деп есептеймін. Сол кезде де, қазір де.

Алайда, біздің ішкі жақындығымыз сақталып қалды. Жұрт көзінше біз кейде, астыртын-ашық түрде амандаспайтынбыз. Бірақ мен ауық-ауық оның Богородская  көшесіндегі қонақжай үйіне барып тұрдым. Мұнда Клара ханым бізге керемет дәмді бесбармағын тартатын. Ал Клара мен Ролланның балалары Дархан мен Мархаба сол кездің өзінде бізге ағылшын тілін еркін дерлік білетінін көрсететін. Біздің буын мұны тек армандай алатын.

Ешқашан ұмытылмайтын тағы бір жай, сол бұлыңғыр кездерде Роллан маған жасырын әдеби жұмыстар беріп тұрды. Оларды мен, әлбетте, бөтен атпен орындадым. Жұмыс дегеніңіз – өмір. Біріншіден, ақша, екіншіден, бөтен мәтіндерді редакциялай отырып өз стиліңді ұштайсың, ал үшіншіден, егер ол жаза білсе, жазуды сүйсе, жазушыға қалам еңбегінің қай-қайсысы да пайдалы. Оны мейлі түрмеге немесе жындылар үйіне отырғыз, ол сосын мұны да суреттеп жазады.

Дәл сол кезде мен Ролланның аузынан «Ит үреді, керуен көшеді» – орысшасы «Собака лает, караван идет» дегенді естіп, мәңгі жадымда сақтап қалдым.

Мен оған большевиктер 1922 жылы «философия кемесіне» отырғызып, отанынан айырған атақты орыс профессорлары, әдебиетшілері, ойшылдары туралы, ал ол маған – ақындар мен жыршылар, Шоқан Уәлиханов, Шәкәрім, Абай, Сәкен Сейфуллин, қазақ ашаршылығы, Семей полигонындағы ядролық сынақтардың салдар-зардаптары туралы әңгімелеп айтып берді…

Жақында мен оның көп жыл бұрын жазылған басты кітабы «Құм кезген өліктерді» қайтадан оқып шықтым, әрі оны тағы да заманауи әдебиеттің аса көрнекті шығармасы деп есептедім. Ол, салиқалы автор бұл романды оның өзім құрметтейтін көптеген басқа шығармаларынан артық көретінім үшін маған ашуланбайтын шығар деп ойлаймын. Бұл дегеніңіз – «Бір ғана түн» «Далада адасқан айқай», «Шайтанның тағы», «Желтоқсан күндері» және басқалары. Оның көптеген мәтіндерін мен оқиға желісімен, бет-бетімен есімде сақтағам. Мысалы, «Паркай» әңгімесін.

Сейсенбаев – қазақ жазушысы. Шындығы осы. Бірақ ол сонымен бірге орыстың да жазушысы. Роллан – бақытты адам. Ол қос тілді. Яғни қос қанаты бар деген сөз. Кез келген адамның басында қазақ және орыс тілдерінде жазатын екі сиясауыт бола бермейді. Ал Ролланда бар.

Қазақ тіліне мен төреші емеспін. Бірақ оның орысша жазушылық тілі керемет. Ол Толстойдың, Тургеневтің және Андрей Платоновтың тілі емес. Бұл, Олжас Сүлейменов сияқты, қазіргі орыс әдебиетіне жаңа мағыналар мен ұғымдар енгізген Роллан Сейсенбаевтың тілі. Мойындауыма тура келеді, осынау жанды тіл – қазақ сақарасының тілі, дәл бір Астафьевтің, Аксеновтің, Шукшиннің, чалдон әндерінің тілі сияқты, менің жаныма дәстүрлі орыс тілінен гөрі жақын әрі түсінікті.

Және де оның мәтіндерінің Қазақстанға, Ресейге немесе келмеске кеткен кеңес империясына ғана емес, біздің көз алдымызда тым жылдам есінен адасқан бүкіл өркениетке, бүкіл әлемге тікелей қатысы бар. Жарылыстар, өрт қою, апаттар, әдеп нормаларын мүлдем елемеу. «Адамгершілік» ұғымын ұмыту. Тас балтадан бастап, Жерден басқа ғаламшарларға заулаған ғарыш кемелеріне дейінгі ғылым мен техника дамуының кез-келген жағдайында мұнсыз адамзат тіршілігі ақылға сыймайды.

Кейіптеген шындықтарының сұмдық ащылығына, баяндаудың әрбір бетінен білінетін өзек өртер өксік-күйінішке қарамастан, Роллан Сейсенбаевтың кітаптары – нәрлі һәм жұбатушы әдебиет.

Роллан өзінің жазушылық еңбегінің көптен-көп жылдарында ондаған, тіптен, жүздеген кейіпкердерді мүсіндеді. Әрқайсының өзінің уақиға-хикаясы, өмірбаяны, географиясы, өзіндік ойлары бар кейіпкерлер. Автордың оларды осылайша көрсетуі бұлтартпас бір ақиқатты кәміл сеніммен дәлелдейді: әсте де игіліктің синонимі болып табылмайтын байлық пен билікті былай қойғанда, білім мен ой өрісінің кеңдігі де өмірдегі басты мұрат емес. Сондықтан да «Құм кезген өліктер» романындағы ең жиі қолданылатынның бірі «құлдар» деген сөз екені ойлантады.

Гәп «бір арайлы таңның екіншісін ауыстыруға асығуында» емес. Біз Беловеж келісімінен кейін де жиырма жылдан астам өмір сүріп келеміз… Гәп өмірдің кез келген ең қиын алмағайып жағдайларында да жалғаса беретіндігінде. Өйткені, ол басқа жолды білмейді. Жер шары барлық кезде өмір сүреді немесе ол мүлдем болмайды. Үшінші жол жоқ. Гулагты, ашаршылықты, кәмпескені, колхоздарды, «қорлаудың үздіксіз тізбегін» бастан кешкен Ресей мен Қазақстанның адамдары Жердегі көптеген басқа жан иелерінен төзімдірек, шыдамдырақ екен-ау. Олар биологиялық жанталас талмасы кезінде жағаға шығып қалатын балықтарға, немесе жабайыланғанда қасқырдан да жаман болып кететін иттерге мүлдем ұқсамайды.

Сейсенбаев прозасы поэзияға толы, болып жатқан жайлар эпикалық кең құлашпен егжей-тегжейлі айшықталған мәңгілік халық өнерінің ауанында өмір сүреді. Бұл – қазақ прозасы. Оны жазған адам үшін Қазақстан – туып-өскен ата мекені. Фолкнердің кейіпкерлері үшін – Иокнопатофа, Маркестің кейіпкерлері үшін – Латын Америкасының кең байтақ кеңістігі қандай болса, Қазақстан да ол үшін сондай.

Сонымен қатар, барлық жоғарыда аталған авторлардағы сияқты (бұлардың қатарына венгр Петер Эстерхазиді, түрік Орхан Памукты және орыс Василий Аксеновты қосуға болады), бұл – оңтүстіктің, солтүстіктің, шығыстың немесе батыстың прозасы емес, бұл – жалпыадамзаттық мағынасындағы еуропалық проза. Оның үстіне соңғы жүзжылдықта  мәдениеттер шын мәнісінде бұғауларынан босап, кең тыныстап, байи түсті. Буддалық қағидалардың жаңғырықтары «Битлз» бен Борис Гребенщиков  әуендерінде, Аллен Гинзберг пен Эзра Паудтың өлеңдерінде естілді, қытай романы Герман Гесске кәдімгідей ықпал жасады. Әйткенмен, мен бұл жайлы білікті пайым айта алмаспын. Себебі, мен академик те, әдебиетші де емеспін, Роллан Сейсенбаевтың өзі сияқты, қарекетшімін.

Ақыр соңында айтайын дегенім, қаламдасымның һәм ежелгі досымның шығармашылығы туралы ой толғау мен үшін сондай ғанибет, пайдалы. Оның кітаптары менің кітап сөрелерімде тұр. Мен оларды қашан болсын алып, парақтап, жекелеген сөздерін, өлеңдерін оқи аламын. Содан кейін кенеттен тағы ойлаймын: ау, сонда да болса, бұл өзі кім – Адам ба, әлде Құдайдың кереметі ме? Ол бәріне қарамастан және ең алдымен өзіне қайшы, кереғар келіп, бәрібір Ғаламшарда өмір кешуде.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір