Дәріжан және мен

«Алла Тағала жердегі өзі жаратқан тірі нәрселердің ешбірін мәңгілік етпеген. Әрі олардың тағдыры мен қазасын анықтап қойған. Тағдыр – әркімнің басына келетін жақсылық пен жамандық, байлық пен кедейлік, бақ пен билік іспетті істерді Алланың алдын ала белгілеп дайындағаны. Ал күнделікті іс-әрекет тағдыр емес. Тағдыр – Лаухул-махфузда тағдыр дәптерінде – пешенеде) жазылып қойылған. Кімнің әулие, ғұлама, патша, пайғамбар болатыны онда көрсетілген. Ал кімнің иманды, имансыз болуы өз іс-әрекетіне байланысты. Алла Тағала әр пендеге не жақсы, не жаман жолын өзі таңдасын деп ерік берген. Ойлансын деп Құранды түсірген. Сөйтіп, әрбір іс-әрекетті амалға асыратын ерікті ойды – ниет деп атаймыз. Алла Тағала пендесіне ерік бергендіктен олар жақсы, не жаман іс-әрекет етсе де тежемейді. Әрі ол іс іс-әрекеттердің жақсы не жаман екеніне қарамай, жүзеге асуына қуат береді. Істі істейтін Алла Тағала емес, сонда ниет болып шығады. Сондықтан да жақсы не жаман, қайсыбір істі де істеуге әркім ерікті. Бірақ ақырдың болатынын ұмытпаған абзал», – дейді «Құрандағы қағида-ережелердің қысқаша түсініктерінде» (Құран және оның қазақша мағынасы. Аудармашылар Нұралы Өсерұлы, Жұмабай Мақашұлы. 3 бөлім. «Москва», 1991 жыл. 486-487 бет).
Сонда тағдыр сенің еркіңнен тыс бұйрықты нәрсе, ал іс-әрекетің өзіңе тиесілі, өз қолыңдағы, өзіңнің ниетіңнің ыңғайындағы, ықпалындағы шаруа болды. Демек, ниет адамның болашақ табиғатын қалыптастыруда бірден-бір қозғаушы күш екен. Ал ниеттің түп төркіні, қазақша айтқанда, адамның «көргенді», «көргенсіздігіне» байланысты емес пе екен?!
Көзімізді ашқанда көріп сезген ата-ана тәрбиесінің әсері, қалпы шығар, айналаңдағы біреудің жетістік, жақсылығын қызғанып, күндеу деген, көре-алмаушылық деген мінез-пейіл, бір Алла білер, біз екеумізде болмаған сияқты. Біреулерде анау бар, мынау бар, бізде неге жоқ деп аласұрған да емеспіз. Үлкенмен де, кішімен де өз сәлем ыңғайына қарай сәлемдестік. Өзімізге пейілі ашық дегендерге шын көңілмен тілектес болдық. Артымыздан қуалап жүріп біреулердің айтқан өсегін біз де біреулерге айтсақ айтқан шығармыз. Ал өзіміз өсек шығарып көрген емеспіз. Әрі ондай сөздерге үйірсектігіміз болмаған тәрізді.
Сөз дертімен ауырғандарға, яғни ақын-жазушыға жар болу оңай емес екені әлімсақтан айтылып келе жатқан ақиқат. Ал біздің заманымыз, біз өмірге қалыптасқан қоғам әйелдерге «масыл» болу психологиясының ең бір дәуірлеген тұсы шығар, бәлкім. Көбімізге ортақ мынандай бір мінез, табиғат бары шындық еді. Ойыңдағы жазамын, жазсам деген дүниенің аусар әуресі, оны жазудың машақаты, жазғаннан соң жарыққа шығару, оны елдің қалай қабылдаған қас-қабағының ауанын аңду әуресі өз алдына; күнделікті қызмет, тіршіліктің тауқыметі, ұлтыңның, тіліңнің мұңы, қоғамдағы, өмірдегі әлденендей келеңсіздіктерге жан ауыртатын жағдайларды былай қойғанда; «осыдан қоғамға қарсы бір нәрсе шығып қалмай ма, осы саясатқа тиетін бір нәрсе айтып қойып жүрмей ме?» деген биліктің күдікті, тіміскі сұғына ілініп жүргендерін, осылай, өз күйлерінің аса қоңыржай, мәз емес екенін аужайлап, «айлас қатын мұңдас» болып, бір-біріне ниеттес қамқорлық танытудың орнына қарадай-қарап бәсекелесіп, біріне-бірі артық-кем сөз айтып, орынды-орынсыз мінесіп, сынасып, қай-қайсысының да «ұлтым, халқым!» деп соғатын есіл жүректерін бір-бірінің шаншу жебесімен сыздатып, жау жоқ жерден жау тауып, дау жоқ жерден дау тауып әбігерге түсіп жүріп, «отбасы – ошақ қасының» қамында шаруамыз болмай кететін кездеріміз аз емес.
Жанындай жақсы көретін балаларының ертеңгі қамы, оларға не жағдай жасап, не мұра, несібе қалдырып кетемін түгілі, бүгінгі ас-суының жәйі, киім-кешегінің бүтіндігі ойларында бола бермейтіні айдай ақиқат еді. Оның бәрі әйелінің шаруасы сияқты. Обалы нешік, шынында да бұл тірліктерді көбісінің әйелдері реттейтін. Осы бала-шағам не ішіп, не киіп жүр дегенге бас ауыртпаған пақырлардың бірі – Мен шығармын. Әрине, екеуміз де ел қатарлы қызмет істедік. Сол азын-аулақ айлықты Дәріжан өзі реттеп жеткізетін. «Анау жоқ, мынау керек, аналарда анандай нәрсе бар екен, мыналарда мынандай нәрсе бар екен, бізде неге жоқ» тәрізді әңгімемен ешқашан менің құлағымды жеп, мазалаған емес. Барына риза едік. Тіпті, үйдегі су жүйелерінің тетіктері бұзылып, жарық өшіп қалса да менің шаруам жоқ, өзі жөндеп, өзі айналысатын. Әбден арқа сүйеп кеткендігім болар, кейде менің ағайындарыма қатысты той-томалақ па, сырттағы әлдеқандай шаруаларға «сен баршы, сен араласшы» деп жұмсай беретінмін. Кейде «неге өзің айтпайсың, неге өзің бармайсың, кілең маған сілтейсің де отырасың» деп қалатын. Ондайда мен бір уәж-әзіл айтып, екеуміз де күліп мәмілелесетінбіз…
Біздің алдымызда төрт-бес жас үлкендігі бар Рамазан Тоқтаров деген ағамыз болды. Түрлі-түрлі қазақтар бармыз ғой. Бұл кісі де бір ерекше болмыс қазақ еді. Қызық-қызық әңгімелері, қызық-қызық істері болатын. Төңірегін күлкіге толтырып, дүрілдетіп жүретін. Әкім аға (Әкім Тарази) екеуі жан жолдас еді. Үнемі бірге жүретін. Мен екеуімен де қаламгер інілері ретінде жақсы сыйластықта болдым. Бірде, мен онда «Жазушы» баспасында қызмет ететінмін. Баспа Одақтың бірінші қабатында отыратын. Дәлізде тұрсам, өзінің әдетінше асығыстай, тапырақтай басып, Рамазан ағамыз ішке еніп келеді екен. Алдынан шығып сәлем бердім. Қолымды ұстаған күйі жібермей «әй, жүрші, бардан барып кофе ішейік, мен саған бір әңгіме айтайын» деп ертіп жүрді. Сондағы әңгімесі қысқарта айтқанда мынау. «Әй, сенің Әкім ағаң мені кейде итше жұмсайды-әй, собака! Кеше маған бір шаруа айтып, «сен соны орындашы» деп тапсырады. «Әй, сенің өз шаруаң емес пе, мені неге жұмсайсың оған. Өзің бар» десем, маған жайбарақат қарап отырып: «Сенің бетіңнің терісі менікінен гөрі қалыңдау ғой», – дейді. От, собака! Маған өтініп, шаруа тапсырғандағы айтып отырған сөзі», – деп өзі не реніш жоқ, не өкпе жоқ, қайта әлденеге риза болған кісідей бүкіл барды басына көтере қарқылдап кеп күледі, мәз болып. Өзі сол түрінде Әкім ағаның әлгі тапсырмасын орындап келген адам сияқты.
Жұмыстан кейін үйге келген соң Дәріжанға Рамазан ағаның әлгі әңгімесін айтып, екеуміз де мәз болып күлгеніміз бар еді… Дәріжан кейде менің әлгіндей тапсырмаларыма мойынтаулық білдіре қалса, осы әңгімені алдына тартып, әрине «бетіңнің терісі демей, «жүрегің бар ғой» дегендей сипақтататынмын. «Е, сонда сен Әкім ағаң болдың да, мен Рамазан аға болғаным ба» деп күлетін.Әлгі істі, бірақ, тындыратын.
Дәріжанның жастай бойында бар көкіректеу, албырт, ерке мінезі атасы мен енесінің, менің әкем Серәлі-Шахан мен анам Қадишаның шексіз мейіріміне, қайырымды жүректерінің жылуына жолыққанда екі аралықтан жаңа бір жайсаң жанның табиғаты, болмысы қалыптасып, өмірге келгендей еді. Әкем жүз жастан асып қайтыс болғанда шешем тоқсаннан асқан кісі еді. Жүзге таянған бірер жылда бейкүнә сәбидей болып, отырып қалған шалын өзі аялап күтіп, мәпелеп бақты. Төсегіне өзі көтеріп жатқызып, өзі жуындыратын. Тіпті, қолындағы келін балаларға қарияны күтіп, қараудың салмағын түсірген емес.
Алдымен Алланың бұйрығы шығар, әрине. Тапа бір соны есептеп, күтіп жүргендей шалын абыроймен жөнелткен соң шешем бірер жылдан кейін өз аяғымен жүріп жүрген күйі бір-екі күн ғана төсек тартып жатып, қапа жоқ, қиналыс жоқ, «Алласын» аузына алған күйі дүниеден өтті. Екеуінің мейірім шуағы, төңірегіне қайырымы, қолғабысы ерекше жандар еді. Бір ғасырға жуық өткен өмірлерінде екеуі де сол заманда халқы көрген зауалды белуардан кешкен жандар еді. Бидің, байдың, тектінің тұқымдары ретінде тап жауларымен күрестің, жиырмасыншы жылдардың аяғындағы солақай «кәмпескенің» құқайын, отыз екінші жылғы аштық пен шұбырындының нәубетін, отыз жетінің қара бұлтын, қырық бірінші жылғы соғыстың зобалаңын, бәрін-бәрін бастарынан өткерген. Осы зауалдардың салдарынан менен бұрын дүниеге келген ұл-қызы аралас сегіз перзентінен айырылған. Бірі бес, бірі үш жастағы соңғы екі перзенті соғыс басталардың алдында – отыз тоғызыншы жылы әсіре қудалаумен колхоздастырудағы ұрдажық саясаттың кесірінен бір күнде дүние салыпты.
«Оңашалаумен», қудалаудан әбден зәрезап болған Серәлі-Шахан жалынып, жоғарыға арызданып жүріп, ауылдағы колхозға мүше болып кірген. Колхоз қай жұмысқа айдаса сонда барады. Жаздыгүні бидай піскен кезде «әйелің де, өзің де орақ оруға шығасың» дейді. «Үйде жас балалар бар, әйелім бармайды» деуге шама жоқ. Не халық жауы, не қаскүнем атанасың. Амал жоқ ауылда қалған, жұмысқа жарамсыз ересек біреулерге тапсырған болып, екі баланы үйге тастап кете барады. Ораққа азанда кетеді, күн кешкіре қайтады. Бір күні келсе екі баласы есік алдында ес-түссіз қылжиып-қылжиып жатыр.
Айнала елден: «Бұ не болды, не білдіңдер?» – деп сұрайды. Ешкім еш нәрсе білмейді. Біреулер «қораның төріндегі бұтаның арасына қойған құтыдағы керолинді жалаған шығар» дейді. Енді біреулері «тауықтың қиын жеп қойған шығар» дейді. Қасақана біреу жасаған дегенге ешкімнің дәті бармайды. Қысқасы, екеуінің қолында жатып, күн бата екі сәбидің демі үзіледі. Нақақтан-нақақ осыншама қуғын-сүргін, шұбырындыға ұшыраған, қорлау мен кемсітудің неше түрін басынан өткізіп келе жатқан, сол әбігерлердің себебінен мұнан бұрын алты перзентінен айырылған ата-ананың енді мына екі бүлдіршінінің өлі денесін құшақтап отырған күйін сөзбен жеткізіп айта аласың ба?!
Жынданып, не Құдайыңа нәлет айтып, мына дүниеден баз кешіп кететін жағдай ғой. Қалай төзімдері жетіп, өздерін-өздері сақтап қалған. Сақтап қана қоймай, әу бас табиғатындағы кісілік болмыс, пайым-парасат, қайырымдылық сезімін, мына дүниеге, айналасындағы адамдарға деген көңіліндегі мейірім шуағын жоғалтпай, Алласына деген тәубесінен айырылмай, қалай өмір сүре білген?! Не деген табиғат, не деген мықтылық. Иә, бұл оқиғадан кейін бірер жылдан кейін мен туыппын. Менен кейін Беркін, Еркін атты екі ұл, Балапан атты қызы дүниеге келді. Құдайға шүкір, төртеуміз де әзір жер басып жүрміз. Әкем мен анам бәріміздің үйлі-жайлы, балалы-шағалы, немерелі болғанымызды көріп кетті. Бұл жайларды әңгімелеп отырғаным, мен әкемнің елу жасында, шешемнің қырықтан асқан шағында дүниеге келген екенмін. Мен ес біле бастағанда танығаным – әкем қайратты, еңбекқор, сол еңбегінің арқасында бардам әрі қолы ашық кісі болды. Әкем де, шешем де ағайынға қайырымды, жанашыр, имандылықты ұстаным еткен жандар еді. Ол кісілердің басынан әлгіндей қиыншылықтар өткенін мен кейін есейгенде өздерінен де емес, төңіректегі ағайын-туыстардан еститінмін. Сонда да, қазір де таң қалатын әрі сүйсінетін жайым – мен өмір бойы сол кісілердің мейірім төгілген байыпты жүзінен, ағайынға, елге болсыншы деп құрақ ұшып отыратын ықылас-пейілінен өткенге деген, әйтпесе біреулерге деген өкініш, өкпе, қыжыл табын аңғарған емеспін. Өмірлеріне риза, шүкір, тәубесі түгел, мынау тіршіліктің осы амандығына, жақсылығына құмбыл, тілеуқор қалыпта көретінмін.
Мұндай сабыр, төзім, мықтылық, имандылық кісінің ақыл-парасатына байланысты ма екен?! Мүмкін шын ниетімен Құдай деген пенде осылай болатын шығар. Дәріжан осындай ата, ененің алақанына келін боп түсті. Бұл кісілер оған мынау келін ғой, қалай сөйлейді, қалай жүріп-тұрады деп зер салып қараған емес. Осы үйдің ақылды болсын, шалдуар болсын, бір баласы, бір жаны деген сезіммен қарады. Тек ел болып кетсе екен деген тілектері ғана көңіл түпкірлерінде жатса керек. Ауылға, үйге барғанда екеуінің алдымен сәлемдесуі, жай-жапсар сұрап, шаруа жайын әңгімелесуі әрдайым алдымен Дәріжанмен болатын. Оған ол мәз болып, «көкем мен апам сенен мені жақсы көреді» деп марқайып жүретін. Осындай мейірімнің Дәріжанның алдағы өміріне көп тәрбие, ізгілік жасағанына мен кәмілмін.
Өзі де әкемді соншалықты жақсы көрді. Ол кісі қайтыс болғаннан кейін біраз жыл көлемінде сағынып, маған «ауылға барып келейікші. Көкем есіктің алдында ақ таяғына сүйеніп: «Балалар малдарыңды уақытылы суардыңдар ма», – деп айқайлап жүрген сияқты. Барсақ алдымыздан шығатын тәрізді көрінеді», – деп көзі мөлдіреп, қайта-қайта айта беретін.
Дәріжан мен біздің ес біліп, мектеп қабырғасында оқыған кезіміз соғыстан кейінгі елдің еңсесі көтеріліп, тамағы тойынып, ойын-күлкісін қайта тауып, ажары кіре бастаған шағы еді. Түйенің қос өркешіндей боп қатар өскен екі ағасы да ауыл, аудан арасында жауырыны жерге тимеген палуан атанып, еңбекте озат шығып, сый-сияпатқа бөленіп, айтулы жігіттер болып жүрді. Ауылда мұндай жігіттердің қарындасының бетінен ешкім қаға қоймайды. Әрі мысымен де, сөзімен де өзін асқақ ұстайтын, қажырлы, көсем бәйбіше ананың сүт кенжесі Дәріжанның жастайынан ерке, еркін өсуінің реті осылай еді. Оның асау, ерке мінезіне қарай «сырлы аяқпен ас беріп, сабынан қарауыл қарайтын» сыншыл, міншіл ата-ененің қас-қабағы емес, жандарын жолына шуда етіп төсеуге дайын кең жүрек адамдардың мейірім-пейілі алдынан тосып алды. Бұл да бір болашақ отбасының ынтымағының кепілі еді.
Құдайдың жазуы солай шығар, біз Дәріжан екеуміз қиыннан қиысып ел болған жандар тәрізді едік. Дәріжанның анасы Құндыз төңірегіне қадірлі, атақты бір Қажының ерке өскен қызы екен. Көрші ауылдың белгілі байы құда түсіп, келін етеді. Кешікпей жиырма сегізінші жылғы «кәмпеске» кезінде атасы да, күйеуі де алыс шетке жер аударылады. Алды алты-жеті жасар үйелмелі-сүйелмелі төрт баласымен Құндыз жұртта қалады. Олармен бірге кетпек болған келініне атасы рұқсат етпейді. «Біздің алдымыз мәлімсіз. Балаларды ертіп, ілесемін дегеніңді қой. Елдің ортасында қалып барасың, осы елмен бірге болыңдар», – дейді. Ол екеуі сонан қайтып оралған емес. Арада бірер жыл өте отыз екінің аштығы басталады. Жан сауғалап, «Бетбақ» асып Өзбекстан, Тәжікстанға қарай босыған елге төрт баласын көтеріп, Құндыз да ілеседі. Екі кішкентайы жолай шетінеп, бір ұл бір қызымен Тәжікстанға жетіп тұрақтайды. Ажары да, қайраты да келіскен, саусағынан өнері тамған тігінші кісі екен, осы еңбегімен өзін де, балаларын да асырайды. Сол жерде салт бас жүрген ауылдас жігіті Төлеубай деген кісімен бас қосады. Онан Құрбан, Қорғанбай атты тете ұл табады. Сонан соң елге – Қазақстанға қайтады. Олар мұнда келген шақта қырық бірдің соғысы басталып, Төлеубай майданға кетеді. Содан қайтып оралмайды. Әкесі майданға кеткен соң Дәріжан дүниеге келеді. «Қиыннан қиысып» деп отырғаным, шешесі соншама «тар жол, тайғақ кешуді» өтіп жүріп дүниеге келтірген Дәріжан аман-есен өсіп, бойжетсе; төңірегіндегі ағайындары «сегіз баласының бірі тұрақтамаған бұл екеуінен енді ұрпақ қалар дейсің бе» деп есіркеген Серәлі-Шахан мен Қадишадан онан кейін мен туып, осы күнге жетіппін. Біздің екеуміздің осы өмірбаянымыз сан рет жоғала жаздап барып, Құдай қолдап, көшін қайта түзейтін қазақ халқының тағдыр-талайына сәйкесетін үйлесім тәрізді.
Шешесі Құндыздың басынан өткізген тағдырынан ана деген ұғымның, ана еңбегінің, ана махаббатының қадыр-қасиетін ана сүтімен жастай сезініп өскен Дәріжан есейе келе «Осы Алматы қаласының көрнекті бір жеріне «Аналарға мәңгілік тағзым» атты зәулім ескерткіш тұрғызылса, бұрынғы-соңғы аналарымыздың аруағына құрмет, кейінгі жас ұрпақтар гүл қойып, аналар рухын әспеттейтін өнегелі шаруа болар еді» деп армандайтын. Осы мақсатта 2002 жылы Республикалық «Ана» қоғамдық қорын құрып, сол қордың Төрайымы бола жүріп, арғы-бергі қазақ аналарының өмірі, тарихы, өнегелі істерін насихаттап, бүгінгі жас ұрпақтардың санасына сіңіру жолында игілікті жұмыстар атқарды. Баспасөз беттерінде көптеген хабарлар ұйымдастырып, фотокөрмелер жасады. Өмірінің соңғы оншақты жылында осы іске бір өзі белсене кірісіп еді. «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» табиғат қой. Көп машақатпен жүріп, ескерткіштің жоба-мәтінін жасаттырып, Үкіметтің шешімін алып, министрліктің жанындағы тиісті комиссиялардың мақұлдау құжаттарын жинастырып, Алматы қаласы әкімдігінен нысанды орнатуға арнайы жер бөлдіртіп, соңғы кезде осы істі тиянақтай бастаған. Енді уәде берген демеушілердің көмегімен ескерткішті құйдырып, орнатуға кірісемін деген мезгілде өзі кенеттен дүние салды. Бірақ аналардың рухын әспеттеу жолында осындай иманды шаруа жасап кетті.
Пенде аз өмір сүре ме, көп өмір сүре ме, ол енді Алланың бұйрығындағы кеп екен. Дәріжанның да өмірден өткеніне жыл толып қалыпты. Кім келіп, кім кетпеген жарық дүние бұл! Кеткендердің Тәңірім алдын жарық етсін, иманын жолдас қылсын. Артындағыларға амандық, ынтымақ берсін. Өзі мейірімді, қайырымды етіп жаратқан қазақ халқын Құдайым осы Тәуелсіз Ел қалпында адамзат дүниесімен бірге жасай беруге жазғай!
Осылай деп өз көңілімізді өзіміз демдеген жөн тәрізді.
Берік Шаханұлы.