«СЕНІҢ ӨЛЕҢІҢСІЗ ӨМІР СҮРЕ АЛМАЙМЫН»
05.10.2021
4064
8

 

Ақиық ақынның мерейтойына орай жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековке хабарласып, Мұқағали Мақатаев туралы ел көп естімеген естеліктерін айтып беруді сұрағанбыз. Жазушы Мұқағали туралы айтатын әңгімесі көп екенін ескертіп, үйіне шақырды.

Мұқағалидың іні-досы әңгімесін былай бастады: «Иә, жақсыға бәрі жақын болады-дағы. Қазір Мұқағали жайлы оның қасында жүрмеген, сөйлеспеген адамдар да бірге жүріп, бірге тұрғандай естелік айтқыш болып кетті. Ал мен «Мұқағалиды жақсы білемін» деп айта аламын. Өйткені «Жұлдыз» журналында екі жылдай бірге жұмыс істедік. Бір кабинетте отырдық…».

 «Я ВЕЛИКИЙ ПОЭТ!»

Бір күні бас редактор Тахауи Ахтанов: «Мұқағали Мақатаевты жұмысқа шақырамын» – деді. Тахаңның бұл сөзіне біраз адам қарсы пікір білдірді:

– Таха, ол – ақын ғой! Жұмыс істемейді. Бірақ өзіңіз көріңіз…

Ол Мұқағалидың керемет ақын екенін, поэзия бөлімін жақсартатынын айтып, жұмысқа қабылдады. Жұрттың айтқаны расқа шықты. Мұхаң жұмысқа көңілі түссе келеді, көңілі түспесе келмейді. «Поэзия» бөлімі тоқтады да қалды. Ахтановтың шырылдап жүргені. Бірақ Мұқағали Тахаң қызметінен кеткенше жұмыс істеді. Т.Ахтанов қызметтен кеткен күні Мұқаңды да жұмыстан босатып жіберді. Жұмыстан босатқан – Шерхан Мұртаза. Шер ағаң бұйрықты, Мұқағали Мақатаевты жұмыстан босату жайлы мәтінді ауызша айтып, терімші қыз көзін жас жуып қағазға түсіріп отырды. Баяғы Шер ағаң:  

 – Неменеге жылайсыңдар? – дейді өзінің күркіреген даусымен. – Ол не деген сөз? Мұқағали болмаса «Жұлдыз» қараң қалады дейсіңдер ме? Незаменимых нет!?.

Одан кейін Асқарға тиісе бастады. Асекең оның бұйрығын күтпей-ақ арыз жазып кетіп қалды. Тиісетінін білдім де, мен де сөйттім. Төлен Әбдіков «Жалын» журналында редактордың орынбасары еді. Бас редактор – Тұманбай Молдағалиев. «Проза» бөлімі меңгерушісінің орны бос тұр екен, сонда ауысып кеттім. Ол күнделікті тұрмыстың жайы ғой… Ал Мұқағали қандай адам еді? Қандай қызметкер еді? Қатар жүргенде өзін өзі қалай ұстаушы еді? Жайшылықта қалай еді? Ол – ұлы ақын. Кейде сәл «қызып» келіп: «Я великий поэт!» деп қоймайтын. Сол кезде Қуандық Шаңғытбаев: «Ты – великий алқаш!» – деп шығатын.

Үлкен кабинетте бәріміз бірге отырамыз. Ол кезде «Жұлдыздың» беделі өте күшті еді, 200 мыңдай тиражбен тарайды. Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтан басқасының бәрі тірі. Олар роман жазса, 5-6 нөмерге бір-ақ жарияланады. Жастарға орын жоқ десек те болады. Біз жұмысқа сағат онда кірісеміз, Мұхаң он екілерде шаң бере бастайды. Тып-тыныш жұмыс істеп жатсақ, Мұқағали кіріп келіп берекемізді алатын:

– Әй, жұмысты тоқтатыңдар! Мен жаңадан өлең жазып келдім, өлең оқимын!

– Қойшы-ей өлеңіңді. Біз журналдың алдағы санымен арпалысып отырмыз, түскі астың кезінде оқисың, – деп шу ете қалады жұрт.

Бәрібір біраздан кейін өлеңін оқиды. Содан кейін: «Қалай екен?» – деп сұрайды. Асқар (Сүлейменов – ред.): «Ну и что? Мұндай өлең қазақта толып жатыр» – деп әдейі ашуына тиеді.

 – Өй, воробей, сен өлеңді түсінбейсің, – деп кейиді Мұхаң.  

– Түсініп қайтем, – дейді Асекең. – Қазір адам поэзиямен емес, прозамен ойланады. Ал сен әлі күнге шейін өлеңмен жүрсің. Өлең жазу – жұмыссыздықтың белгісі, – деп қасақана қыжыртады. Содан кейін барып «Саған ұнады ма?» – дейді маған. «Терпимый» деп жауап беремін мен.

 «Тахауиді қызметтен босатамыз» деген сөз дүрілдеп тұрған кез еді. Тахаңды екі күннің бірінде Орталық комитетке шақырады. Қыс. Жазушылар Одағында жаппай жөндеу жұмыстары жүріп, бас редактор, жауапты хатшы – бәріміз бір кабинетке тығылдық. Сол уақытта қырсық Асқар кіріп келіп, амандасудың орнына: «Немене, сіз бізге бүгін тағы да редактор боласыз ба?» – дейді. Тахаң қатты уайымдап жүрген. Түстен кейін біз «Шахта» деп атап кеткен, Одақтың қасындағы кафеде шарап ішетін болып келістік. «Біз» дегенім – 4 адам: Тахаң, Асқар Сүлейменов, Мұқаң, мен. Аз уақыттан соң Мұқағали өлең оқимын деді. Асқар тағы да қарсы болды. Негізі, Асқар Мұқағалиды өте жақсы көрді. «Бесін» деген кітабындағы басты кейіпкердің аты – Мұқағали. Ол кейіпкердің науша денесінен де Мұқағалидың прототипі екені көрініп тұрады. Сол шығармадағы тағы бір кейіпкердің айтатын сөзі бар: «Осы қазақтарды жек көремін. Бәрі де бір ана Мұқағали сияқты денелі, алып тұлғалы боп келеді»…

Мұқағали өлеңін оқыды. Керемет өлеңдер. Содан кейін:

– Ал болдың ба? – деді Асқар.

– Тағы оқиын ба?

– Жоқ, осы жерден тоқташы, айналайын! Пікір айтатын хәлде емеспіз. Бұл жерде басқа мәселемен отырмыз. Сен бұрын диктор болып істегенсің ғой, иә? – деді бір уақытта Сүлейменов. – Мынандай дауыспен өлең емес, информбюроның жаңалықтарын, сосын азалы хабарларды оқу керек. Сенің даусыңмен өлең оқуға болмайды!

Сосын өлеңдерін талдап-талдап іске алғысыз қылып тастайды. Мұқағали бұған ашуланып бұй деді:

– Сен шынымен өлең түсінбейсің бе, әлде маған қырсығып отырсың ба?

– Не айттым, соны естідің ғой, –  дейді сөзге сараң Асқар. Мұқағали одан бетер жынданады.

– Сен бәрібір менің өлеңімсіз өмір сүре алмайсың!

– Өміріңде тауып айтқан сөзің осы болды. Өлеңіңсіз өмір сүре алмайтыным рас, бірақ өзіңнің түк қажетің жоқ. Сен маған нөмірі төртінші троллейбус сияқтысың. Үйге дейін мінем де, түсіп қалам. Қайтадан мінем де, жұмысқа жетемін. Мен үшін сен де бір, троллейбус та бір. Ал өлеңіңсіз өмір сүре алмаймын, – дейді Асқар. Мақтап отыр ма, жамандап отыр ма – Мұқағали не дерін білмей тұрып қалды. Мұқағали Асқардың сөзін түсінбей, басын шайқап-шайқап алады…

 

«ҚАДЫРДЫ ҚАРШЫҒА ҒЫП ҚОЛЫМА ҚОНДЫРЫП, ШӘМІЛДІ ТАЗЫ ҚЫП ЕРТІП…»

«Жалын» баспасында жүрген кезіміз. Мұқаң ішіңкіреп келіпті. Шашы жалбырап, үстелге басын қойып ұйықтап жатыр. Біраздан кейін адамдар редакцияда әңгіме бастады. «Құсбегі болсам, Қадыр Мырзалиевті қаршыға ғып қолыма қондырып, Шәмілді тазы қып ертіп, аңға шығар едім» дейтін Мұқағалидың сөзі бар. Сол Қадырдың Мұзафар Әлімбаев сияқты мақал жазып бастаған шағы-тын. Әңгіме Мырзалиевтың шығармашылығына ауысты. Соның алдында ғана «Джунглиде маймыл, Киіз үйде Айгүл» деген өлеңі шығып, жабыла талдап шуылдап жатқанбыз.

– Осындай сөз бола ма екен? Мұнымен не айтқалы отыр? – деп Қадырдың біраз өлеңін сынадық. Біршама уақыттан кейін барып Мұқағали басын көтеріп алып: «Әй, қызталақтар! Айта бермеңдер! Қалай айтсаң, олай айт, Қадыр Мырзалиев – великий поэт» – деді. Қайтадан басын үстелге дүңк еткізді.

Ақынды ақынның тануы деген сол.

 


Әдебиетті салынып жатқан ғаламат бір ғимарат, көк тіреген күмбез, сұлулық сарайы деп есептесек, сен соның талантты тас қалаушыларының бірі едің.

Қадыр МЫРЗАЛИЕВ


***

Әнуар Әлімжановтың кезінде Жазушылар Одағында бар ашылды. Сол бар керемет еді, өйткені сонда бәріміздің басымыз қосылады. Ол жақтан ешкім алқаш боп шыққан жоқ. Қайта «Қаламгер» бар қазақ ақын-жазушыларына ішудің мәдениетін үйретті.

Түскі үзілісте Төлен екеуміз сок ішейік деп барға бардық. Бардың бұрыш жағында, қаракөлеңкелеу жерде екі адам шахмат ойнап отыр. Қарасақ, Тоқаш Бердияров пен Мұқағали. Бұ кісілердің шахмат ойнай алатыны туралы  өмірімізде бір ауыз сөз естімеген екеуміз жандарына бардық. Екеуінде де кароль жоқ. Екеуі де бір-бірінің каролын жеп қойған.

– Каролдарыңыз жоқ қой. Қайда?

– Өй, мынау жеп қойған,  – дейді Тоқаш аға.

– Онда несін ойнап жатсыздар? Онда мына шахматта қандай мағына бар? – дейміз ғой біз.

– Осы ойынды бітірейік енді, – дейді Мұқағали.

Күлдік те, кетіп қалдық. Кейіннен қарасам, олардың негізгі мақсаты – шахмат ойнау емес, шахмат тақтасы алдында бір-бірімен қарама-қарсы отыру екен. Ақынды ақынның сыйлауы деген осы.

МҰҚАҒАЛИ ӨЗІН ДЕ, ОРАЛХАНДЫ ДА ОСЫЛАЙ ЖҰБАТТЫ

 «Жұлдызда» жүргенімізде Мұқағали Мақатаев жайлы Сағат Әшімбаевтың мақаласы жарық көрді. Қатты сынап тастаған. Мұхаң: «Өлең түсінбейді деп айтсаң ренжиді. Анау сынаған жерлерінің бәрі өзіме ұнайтын жолдар ғой» деп дегбірсізденіп жүргенде Оралхан (Бөкей – ред.) кіріп келді. Қолында газеті бар. Оны да, кім екенін білмеймін, біреу оңдырмай сынапты. Мұқағали – көңтерілеу адам, айтып-айтып қояды, ал Оралхан ондай сынға шыдай алмай күйіп-пісетін.

– Мынаны қараңыздаршы. Мені әділетсіз сынап жатыр, – деді. Сонда Мұқағали:

– Әй, Оралхан! Сен үлкен жазушысың! Ұсақ-түйекке мән беріп қайтесің!? Біз де отырмыз ғой. Өлген жоқпыз. Кез келген іске бұлай күйіп-пісу саған жараспайды. Сабырлы бол! Ақын-жазушы жазғанда тек мақтасын деп жазбайды ғой. Сыналу да керек. Керісінше, сыналғаннан кейін өзіңе өзің қамшы басасың, –  деді. Мұқағали осы сөзімен өзін де, Оралханды да жұбатып, шығарып салды.

 

*  *  *

Естуімше, Мұқағали Мәскеуде жүрген кезінде Андрей Вознеценскийдің үйін іздеп, тауып барыпты. Есіктің қоңырауын қақса,  әйелі шығыпты да: «Кто вы?» –  деген.

– Мукагали, из Казахстана.

– Ой, нет. Он очен занят. Сейчас он работает.

Мұның бәрін естісе керек, Андрейдің дауысы шыға бастаған: «Кто это? Кто там?». Сонда Мұқағали бірден: «Андрюша, это я! Мукагали Макатев, из Казахстана» – депті. Андрей жыға танымаса да ішке кіргізген екен. Екеуі сөйтіп таңға дейін шарап ішкенге ұқсайды…

Ақынды ақынның түсінуі деген осы.  

 


Қазақ жырының аспанындағы аз ғана жұлдыздардың арасынан сенің жұлдызыңды біз оңай танушы едік. Сенің жұлдызың –  ең шұғылалы, ең мейірімді жұлдыз.

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ


*  *  *

Мұхаң ең соңғы, ең атақты, ең мықты өлеңдерін емханада алты айдай жатқан кезінде жазды. Анау «терпимый» деген сөзімді көкейіне түртіп алған. Өлең оқып болғаннан кейін менен сұрайды: «Қалай? Терпимый ма?».

«Қарлығашым, келдің бе» деген кітабына «Әй, Дулат! Мынау терпимый кітап» деп жазып беріпті. Сол шақ әдебиеттің керемет кезі екен. Жұрттар әдебиетпен дем алып, әдебиетпен тыныстап, әдебиетпен өмір сүруші еді…

 

 «БАСЫМА ҚОЙЫЛАР КӨК ТАСТЫ ҚАЗАҚТАР ОРНАТАДЫ…»

         Бір күні сағат он бірдің кезінде есікті біреу жайлап басы сыйғанша ашты. Жалтырбас бір еврей.

– Скажите пожалуйста, Мукагали Макатаев здесь сидить? – деді.

– Иә, осында.

– Если не трудно, как можно с ним встретиться?

Біреу жауап берді: «К обедам может он подойдет». Біраздан кейін далаға шықсам, анау еврей фойеде отыр екен. Барып амандасып, жөн сұрастық. Өзін атақты «Смена» журналының әдеби қызметкерімін деп таныстырды. «Смена» – бес миллион тиражбен бес тілде шығатын аты мәшһұр журнал.

– Редактордың тапсырмасымен Мәскеуден келдім. «Қазақта Мұқағали Мақатаев деген ақын бар. Соның өлеңдерінен топтама берейік» – деп мені жұмсады, – деді. Мен қуанып кеттім.

Сөйтіп отырғанымызда қара плащының етегі желмен делбең-делбең етіп Мұқағали жоғары этажға көтерілді. «Вот он Мұқағали» – дедім. Қасымызға келгенінде мен таныстырып, ол жөнін айтты.

– Александр Межиров сіздің өлеңдеріңізді аударуға келісім беріп отыр. Александр Межиров – орыстың керемет ақыны.

– На каком языке это выходит? –  деді Мұхаң.

– Интересно вы, журнал «Смена» это на русском же.

– На русском…  а я думал это на казахском, –  дейді. Содан Мұқағали бір кезде: «Сіздің бас редакторыңыз осындай тапсырма берді ме? Он пьет?»  – деп сұрады.

– Ну, извените, что за вопрос? Он не пьет!

– Если он не пьет, тогда поэзию не поймет, – деді Мұқғали.

Мен «Әй, қойсаңызшы, сонау жақтан іздеп келіп отыр ғой сізді» деп шырылдап жатырмын. Байғұс еврей ашулана бастады. Мұхаң бастырмалатып:

– Знаете, когда нибудь если мне поставить памятник, не Москва, а в Алмате будет ставить. Не русский, а казах читателей. Меня казахи читають наизусть, мне это достаточно, – деп кетіп қалды. «Смена» журналының әдеби қызметкері де: «Ну таком случий с ним разговаривать невозможно. Что за человек?» деп тайып тұрды. Сөйтіп журналға материалы басылмай қалды.

Жарықтық ақыры Алматыдан мәңгілік жай тапты. Мұқағали үшін қазақ оқырмандары «Кеңсайға» әлі де күн құрғатпай барады…

P.S: Соңғы сөйлемдерін иегі дірілдеп айтқан ағамыз күлсалғышқа темекісін тастап жіберді. Жаншымады, түтіні жоғары қарай түзу ұшып барып, әлдеқайда сіңіп кетті. Исабеков Мақатаев өлеңдерін жатқа оқып, тебірене толғағанда, еріксіз көзіме жас келді. Естеліктерін бар ынта-шынтасымен әңгімелегенде оның да жанарынан жас домалаған еді…

Әзірлеген Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІРЛЕР8
Аноним 05.10.2021 | 11:46

Ғажап естелік екен!!!

Аноним 05.10.2021 | 11:47

Жоғарыдағы пікірді жазған Жұмаш Кенебай деп білерсіздер…

Аноним 05.10.2021 | 12:23

Z. Александр Межиров.

Аноним 05.10.2021 | 23:39

Тамаша! Шығармашылық жетістіктер тілеймін!

Аноним 08.10.2021 | 11:47

Мұқаңды мен де көрдім.

Аноним 09.10.2021 | 16:24

Қоспасыз шындық айтқан екен Дулат аға! Нағыз естелік осылай айтылып, осындай болуы тиіс.

Аноним 22.10.2021 | 09:46

естелік осындай болу керек!

Аноним 04.11.2021 | 09:29

Менің сүйікті қаламгерлерім. Сіздерге алғысым шексіз

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір