Сүйе тұра келмегенің қаталдығың емес пе?
11.12.2015
1807
0

Мағиза ҚҰНАПИЯҚЫЗЫ

magiza-hunapia-3-776x584ҚАРА  КӨЛІК

Беймезгілде қай сезімге еліттім,

Сыйластық пен қимастық бір деп ұқтым.

Елеңдеймін қара көлік зу етсе,

Түсі қара сіз мінетін көліктің.

 

Осындайда келмес ойға жыр тегін,

Кешқұрым шақ жарығындай білтенің.

Қызыл шырақ алдына кеп тоқтаған,

Көліктерден елесіңді тінтемін.

 

Көзілдірік тағып біреу сазарып,

Ал біреуі кептелістен қажалып.

Кейбірінің қос жанары әйнекті,

Ары тесіп өтетіндей қадалып

 

Қала желі тінтсе бойды дір етем,

Сағыну да, құлазу да бір екен.

Өрмекшінің торы сынды көшенің

Қара көлік қай маңында жүр екен?!

 

Сұрақ белгі сынды ойда жұмбақ қап,

Бара жатты нарқың өсіп қымбаттап.

Қара көлік қара түннің ішіне,

Мені алып кететіндей құндақтап.

 

Жан сырымды жеткізе алмай қыстығып,

(Сүйе тұра үндемеу де мықтылық).

Қара көзден мөлдір моншақ сыйласам,

Қара шашқа қырдың гүлін қыстырып.

 

Қуаныш пен жұбаныштың  жасы бір,

Бітпейтұғын хикаяның басы бұл.

Түнгі ызғар қалтырата бастаса,

Қара көлік ішіне кеп жасырыл

 

Беймезгілде қай сезімге еліттім,

Сыйластық пен қимастық бір деп ұқтым.

Елеңдеймін қара көлік зу етсе,

Түсі қара сіз мінетін көліктің!..

 

МЫНАУ ҚЫСТЫ СҮЙІП ҚАЛДЫМ

Мынау қысты сүйіп қалдым,

Келседағы күзді ұрлап.

Жұқа пальто киіп бардым,

Жыпжылы ғой сіздің жақ!

 

Таулары да тым өзгеше,

Шым жамылған тастары.

Біздің жаққа қарағанда,

Сәл солғындау аспаны.

 

Бітпейді екен бақтарыңда,

Қыс пен жаздың тартысы.

Жылы лептің ақтарылған,

Сөзіңде жүр жартысы.

 

Сылық иттің үрісі де,

Түгел жандай ұпайы.

Тұлпарының желісі де,

Жүрісі де сыпайы.

 

Тек толқыны бағынбайды,

Сәлемдесті ентелеп.

Қалсам болмас бұдан ары,

Қайтып кеттім ертерек.

 

Мынау қысты сүйіп қалдым,

Келседағы күзді ұрлап.

Жұқа пальто киіп бардым,

Жыпжылы ғой сіздің жақ!

ҚОС КЕМЕ

Біле алмадым.

Қуаныш па, қайғым ба,

Құлашымды тым алысқа жайдым ба?

Ақ жалаулы сенің кемең жолықты,

Жүзгенімде өмір дейтін айдында.

 

Біле алмадым.

Бақытым ба, сорым ба?

Сылқым толқын би биледі жолыңда.

Менің кемем қатарласты сенімен,

Көк жалаудың арқаны бар қолымда.

 

Таныс та емес, бейтаныс та,

Біртүрлі

Танитындай көздеріңде сыр тұнды.

Қолымда арқан сусып кетіп кенеттен,

Менің кемем алға қарай ұмтылды.

 

Алып қашқан толқын ба, әлде сезім бе,

Үлгірмедім парықтауға өзім де.

Толқын шайқап мені алысқа ап кетті,

Қала бердің мұң ұялап көзіңде.

 

Құлақ түрмей өте шығам кей үнге,

Сан кемені көргем бұған дейін де.

Желкен алға жұлқи тартты кемені,

Ал жүрегім жұлқи тартты кейінге

 

Бір қимастық жанды мүлде еңсеріп,

Тұрғандай ед барлық әлем теңселіп.

Ызғырық жел тінтті тұла бойымды,

Бірақ ішім бара жатты өртеніп

 

Жағалауда жүздессем деп ойландым,

Сол үмітті бекер босқа ойға алдым.

Сенің кемең бір қазыққа байланды,

Менің кемем бір қазыққа байланды

 

НӘН  ҚАЛАНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Естілетін сирек күйдің күмбірі,

Ысы қою нән қаланың тұрғыны.

Сөзіңізде керуеннің сыңғыры,

Сіз де өлеңге айланарсыз бір күні

 

Құмға аунаған баладайын кір басқан,

Көшесінде көлік ағар тынбастан.

Таптаған соң сан тағдырлы табандар,

Едендердің жүгі ауыр зіл батпан.

 

Өзгелердің үні басым жасқаған,

Бұл қалада естімейсің асқақ ән.

Өкпелейсің соқпай кеттің неге деп,

Барғанымды естіп қойып басқадан.

 

Шырақтарға қарап үнсіз ойланып,

Жүргендерді сіз бе деймін бой жазып.

Тыншымайтын теңізінде адамның,

Жүрсіз бе есен бір ноқатқа айналып?!

 

Ертелікеш тұра шауып дүрліккен,

Жұртқа ілесіп асығасыз кім күткен?

Біздің жаққа неге тартып кетпейсіз,

Қажығанда абырсабыр тірліктен

 

Маған сенің белгісіздеу кешірмең,

Бола тұра ұмытпадым несін мен?

Кетер едім баяғыдаақ ұмытып,

Сен шығармай жүріп алдың есіңнен

 

Қимай сол бір пәк кездерді таза аппақ,

Сағыныштар үзілуге азақ қап.

Бақыт құшқан сәттерімде несіне,

Жиіжиі еске түстің азаптап?!

 

Сен ойлайсың.

Біледі тек ай мұны,

Күрсінесің жанға ұқсап қайғылы.

Айналдырдың бір шеңбердің ішінде,

Айтшы, мені босатасың қай күні?!

 

Мұңаймауға тырыс дейсің,

Көзімде жас күліп қайтем?

Саған барар жолдар жабық,

Қалжайыңды біліп қайтем?

 

Кеудең сырға толғанменен,

Есігіңде құлып қайтем?

Іште ақ боран ұлып тұрса,

Сауықсайран құрып қайтем?

 

Кемерінен кеме көшкен,

Жағалауда тұрып қайтем?

Көңілді бір көншітпеген,

Мына өмірді сүріп қайтем?!

 

ЖАР ДЕГЕНІҢ

Жар дегенің жарты деген сөз екен,

Құралдың ба бүтінделдің онымен.

Ғұмырыңның жартысы да сол екен,

Қалған күнді бірге өткіз жөнімен.

 

Жар дегенің түзу жүрсең кең жазық,

Қиыс бассаң құлататын құлама.

Кімдер екен қойған солай ор қазып,

Жардан сұра, басқа ешкімнен сұрама.

 

Жар дегенің жарылқайтын кісі екен,

Қасқабағы аңдулы аттан түспейтін.

Жар дегенің жарғанаттай құс екен,

Түн баласы шаруалары бітпейтін.

 

Жар дегенің жарқыраған күн екен,

Мейірленсе нұрландырар жүзіңді.

Жар дегенің Жаратқанның құлы екен,

Жұптастырған жалғау үшін ізіңді….

 

ҚЫЗ КҮБІРІ

Бір сұлуды құшқың келіп достарыңмен ішкенде,

Талғамыңнан айырылып шарап буға түскенде.

Біреуінің саусағынан, біреуінің белінен

Келгендейақ сөз бастарсың ғашықтардың елінен.

 

Бір биікке мені қойып алғаннан соң жүрегің,

Ешқайсысы ұмыттыра алмайтынын білемін

 

Түнде ештеңе болмағандай, тағы шарап ішесің,

Бітпейтұғын сағыныштың сүрлеуіне түсесің.

Аялдайтын не қалды енді, кете берем биіктеп,

Әрбір тұстан көздеріне көрінемін күйік боп.

Жеткізбейтін жерде емессің, болмайды екем мен де алаң,

Алқамсалқам күйі бір күн жолығарсың сен маған

 

***

Білдім ақыр менен бетер сағынады екенсің,

Бітпейтұғын өкініштің қыр соңынан кетерсің.

Жүрегіңді сонау жылдар кетіп едім жыраққа ап,

Мені ойламай үйіңнен де шыға алмассың бір аттап.

 

Үйдегі жан ұмыттыра алмағаны белгілі,

Ұмыттырар біреуді іздеу алданышың ендігі.

Сызып таста ойыңнан да, сызып таста өлеңнен,

Жүрегіңнің бұрышында бірге жасап келем мен.

 

Сезімдегі сәтсіздікті таразылап білсін кім,

Бақытсыздау жайыңды ойлап теңіз болып күрсіндім

 

***

Соншалықты жақын едің, соншалықты алыс ең,

Жүрегімнің қағысы едің, басқа арнаның ағысы ең.

Жан сырыңды біле тұра алыпқашпа сөзге ердім,

Алыпқашпа сөзге ердім де танымастай өзгердім.

 

Сонша жақын көре тұра жұмбақ сақтап өзімді,

Сонша алыста бола тұра жасырмадым сезімді.

 

Мейірімді едің сонша, соншалықты қатал ең.

Жадыраған жүзіңді ойлап сан қиялға батар ем.

Мені салып тағдырменен бетпебетке егеске,

Сүйе тұра келмегенің қаталдығың емес пе?!

reWalls.com-58446_c1

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір