ТЕЗЕК ТӨРЕ МЕН СҮЙІНБАЙ  АҚЫН
16.09.2021
5240
0

Советтік идеологияның талабына сай Сүйінбай ақын туралы кезінде: «Ол кедей еді,  мал-жаны болмаған адам еді» – деп жазылып та, айтылып та келді. Ал негізінде,  Сүйінбай  Аронұлы  дәулетті де сәулетті, қазақ-қырғызда  алдына  жан  салмаған, аруақты  да ардақты  ақын болған. Сүйінбайдың  Тезек  Төремен айтысы, төреге айтқан өлеңдері ертеден белгілі.

Тезек Төре  Нұралыұлы Абылайханов (1821-1879) жайлы  зерттеу, зерделеу де жаңа-жаңа  басталды.

Тезек Төре – Шыңғыс ханның тұқымы, Абылай ханнан тараған  Нұралы ханның баласы, Жетісуда сұлтан, хан болған өз дәуірінің ірі тұлғасы. Ел-жұртына  қайырымды, шапағатты, айтулы көсем, қырғыз-қазаққа  билік жүргізіп, дау-жанжалдарды білгірлігімен шешкен  ел тұтқасы. Ол жайлы Шоқан Уәлиханов, П.П.Семенов, Ә.Диваев жазбаларында, Ресей мұрағаттарында көптеген деректер бар.

Тезек Төреге патша өкіметі полковник шенін беріп, орден,  медальдармен, бағалы сыйлықтармен  марапаттапты. Ал  Қытай  мемлекеті  үшінші  дәрежелі  «Тайджи» атағын  берді. Бұл «кіші хан» деген  арнайы  белгі болатын. Міне,  сол аумалы-төкпелі заманда дәргейіндегі  елі мен  жері үшін  атқа қонған Тезек Төренің жанкештілікпен жасаған қаһармандық ерліктерін Сүйінбай, Түбек, Бақтыбай, Құланаян Құлмамбет, Егізбай қатарлы ақындар  жырылап, толғады.

Осы орайда  ерекше  атап өтер  жайт – Сүйінбай ақын мен  Тезек төре  бір-бірімен  сыйлас,  сырлас, дос-жегжат болған адамдар. 1868 жылы  патша  өкіметінің қазақ жеріндегі шенділерімен ұстасқан Тезек  Төрені  алты ай  қамауға  алғанда,  Сүйінбай  ақын Жетісудің жақсыларын жинап,  өзі бас болып,  арызданып  жүріп  төрені  абақтыдан  босатып  алады.

Биыл Тезек Төренің туғанына 200 жыл толып отыр. Тезек Төре 1879 жылы  шілде  айында қайтыс болғанда, Сүйінбай жоқтау айтып күңіренеді. Бұл жоқтаудың  бірінші  нұсқасында  Сүйінбай  Тезек Төре  шаңырағында,  қаза үстінде  көңіл айтып, бекзат төренің  өнегелі  ғұмырын кестелі тіл,  кемел оймен жеткізе  жырласа,  ал екінші  нұсқасында төрені жерлеп, молда құран оқып  біткен соң  бейіт басында  дұға  ретінде  дін-ислам  әдет-ғұрпымен  жоқтаған. Сүйінбайдың бұл жоқтаулары даңғайыр ақынның баспа жүзін көрген жинақтарына енбегенін ескерте келіп, құнды жәдігерді газет оқырмандарына  ұсынуды  жөн көрдік.

 Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ, жазушы

 

Тезек төреге арналған бірінші жоқтау

Сүйінбайдың Тезек Төрені жоқтауының бұл нұсқасы филология ғылымының докторы Сәрсенбі Дәуітұлы құрастырған «Тезек төре – ерек төре» кітабынан алынды.

Бісміллә деп бастайын,

Әлхам сөре басынан.

Кәләм шәриф ішінде

Әлиф ләм тұрар қасынан.

Хасиетлі сөре жоқ

Хазіретлі кісіңнен.

Мен жыламай кім жылар,

Айрылдым теңдер асылдан.

Көкірегі гаухарым,

Сөйлесе меруерт шашылған.

Үш қазақтың баласы

Алдыңа келіп бас ұрған.

Бір ауыз сөз бұзбаған

Кәпір менен мұсылман.

Сыртынан ғайбат қылғандар,

Сөйлесе сасып қысылған.

Жүзін көрсе дұшпаны,

Жығылып мойнын ұсынған.

Ел шетіне жау келсе,

Ерлігін жаннан асырған.

Көрмесе бекер дер еді,

Кім жалған табар осымнан.

 

Жетім қалып жасында,

Қайратымен ел алған.

Кәпірменен сөйлессе,

Дін мұсылман бел алған.

Ақылын жаннан асырып,

Патшадан үлкен шен алған.

Бір кісінің ерлігі

Батырдан асып не болған.

Жердей басып дұшпанын,

Әр алуан жол салған.

 

Ерсіз қалған ел-жұртың,

Ақыл таппай қамалған.

Аруақтар жар болып,

Болмаса медет бабаңнан.

 

Бес жасында хан әкем,

Жетім қалған атадан.

Қызыр Ілияс жар болып,

Қабыл болған батадан.

Алты жасқа келгенде

Тілін тартқан қатадан.

Жеті жасқа келгенде

Дамиын деп бата алған.

Сегіз жасқа келгенде,

Ақ патшадан хат алған.

Тоғыз жасқа келгенде,

Өз аузынан дат алған.

Он екі – он үш жасында,

Бала жолбарыс атанған.

 

Он бес жасқа келген соң,

Топқа барды тіл безеп.

Киім киді, бой түзеп.

Ат жалын тартып мінген соң,

Атанып еді хан Тезек.

Жұмыр басты адамға

Келе-дүр өлім бір кезек.

 

Жиырмаға келген соң,

Аға сұлтан хан болған.

Ерлігі мен хандығы

Есіткен жанға таң болған.

Жиырма бес жасында

Аты Алашқа даң болған.

Ауыздыға сөз бермей,

Көз құтайды паң болған.

 

Отыз жасқа келген соң,

Дабысын білді тірі жан.

Естімеген жоқ шығар,

Кәпір менен мұсылман.

Алатаудай айбаттым,

Сендей-ақ болар бір адам!

Тілеп пе едік біз мұны,

Әр нәрсе болар Алладан.

Әулие еткен әнбие,

Қай пенде қалды алмаған?

 

Отыз беске келген соң,

Ұлы жүзді билеген.

Менменсіген адамды,

Қамырдай басып илеген.

Кітаптан шыққан мағынадай,

Топ ішінде сөйлеген.

Сүйегі қызған тұлпардай,

Сөйлеген сайын өрлеген.

Қайыспас қара болатым,

Дұшпанға теңдік бермеген.

Ердің құны болса да,

Бір тиындай көрмеген.

 

Қырық жасқа келгенде,

Аузына жанды қаратқан.

Шариғат жолын тәрік қылмай,

Мұсылманға таратқан.

Төлеңгітінің біреуін,

Мың кісіге балатқан.

Кім қалады жамағат,

Өлім деген санаттан.

 

Қырық беске келгенде

Ұлы жүзді билеген.

Елу жасқа келген соң,

Залалы жанға тимеген.

Елу бес жасқа келген соң,

Жамандық істі сүймеген,

Естіген елде жоқ шығар,

Хан әкеме күймеген!

Елу тоғыз жасында,

Сапар шекті дүниеден.

 

Жас күнінде биледі

Албан менен Суанды.

Жарлығына көндірді

Алматы, Қапал дуанды.

Теңдікке басы жеткен соң,

Бейшаралар қуанды.

Қоңыр қаз ұшып қу қонған

Дария көлім суалды.

Арыстаннан айрылып,

Артындағы ел қуарды.

 

Ақылымен биледі,

Он екі ата Тарақты,

Айдахарым, жолбарысым,

Арыстандай талапты.

Ұлы жүздің баласын,

Өзіне тегіс қаратты.

Жұрт иесі хан қылып,

Құдайым абзал жаратты.

Қайратымен биледі,

Шапырашты, Дулатты.

Сәрсенбінің түнінде,

Жүректі құдай сұлатты.

Қыран менің хан атам,

Артынан терек орнатты.

Не қылса да еркі бар,

Асылмен жонып қырлатты.

Күмістен табақ жасатып,

Неше алуан сырлатты.

Жоқты асырап тоқ қылып,

Төңірегін қорлатты.

Арыстаннан айырып,

Артында құдай шулатты.

 

Құдайым қалап бақ беріп,

Есепсіз малды айдатқан

Күрең белдің сазына,

Биесін қатар байлатқан.

Жоқты асырап тоқ қылып,

Өз алдына жайлатқан.

Қайсы бірін айтайын,

Дұшпанның сорын қайнатқан.

Болмаймын деген қорқаудың,

Артына қолын байлатқан.

Қаһары қатты хан әкем,

Талайды ұрып жайратқан.

 

Аузын буып бураны,

Буыршынға жаз қылған.

Іштен артық туғызып,

Дәулетін шалқар көл қылған.

Ұлы жүздің баласы,

Қысылғанда бел қылған.

Ел шабысқан іс болса,

Бір ауыз сөзін ем қылған.

Наушаруан Әділге,

Әділетін тең қылған.

Түлкі асырап бөрі қып,

Арыстанды жем қылған.

 

Айтқан сөзі кітапқа,

Мағына болған үлгілім.

Абақ-Тарақ баласы,

Артынан ерген дүлдүлім.

Көкірегі – ақыл, көңілі – хат,

Сайрап тұрған бұлбұлым.

Сүйенішім, мәдәрім,

Келер ме қайтып, бір күнің?!

 

Ерлігі асқан хан әкем,

Ұлықты кісі демеген.

Байлығының белгісі

Күміспен суды бөгеген.

Ырысы асқан ер еді,

Тоқтысын қасқыр жемеген.

Арыстаным, жолбарысым,

Жалғызды көпке теңеген.

 

Қатарлы нарға жүк артып,

Серулеп жамбы теңдеген.

Айдахардай айбаттым,

Шетіне дұшпан келмеген.

Өз райы болмаса,

Дұшпанға досын бермеген.

Мың қат шүкір қазаға,

Адамзат бар ма өлмеген.?

 

Емінханмен достасып,

Жаңжұңнан үлкен тас алған.

Қытайдың торғын, маңлұғын,

Есебі жоқ бос алған.

Жарығым патша жандарал,

Айтқан сөзін қош алған.

Кедейі байға теңеліп,

Жанындағы жасарған.

Қорқағы ерге теңеліп,

Ерегессе бас алған.

Қайыспас қара болатым,

Дұшпанға болмай қасарған.

 

Орыс пен Қытай ұрысқанда

Ерлігі асқан қолбасым.

Колпаковский жандарал

Бірге жүрген жолдасың.

Қос мұрынды соғыста

Кезек тігіп ордасын.

Жігіттерге үлесті,

Қытайдың жүйрік, жорғасын.

Қытайды жеңіп қашырды,

Аруақты болғасын.

Ғафу қылған қатасын,

Асылық сөзім болмасын.

Сүйенішім, мәдәрім,

Артыңды құдай оңдасын.

 

Әулиеата, Шымкентке

Орыстың қолын бастаған.

Қаптап келген көп жаудың,

Алдын бөгеп қашпаған.

Аһаласып келгенде,

Біріне-бірін қоспаған.

Қолынан сүйіп жандарал,

Алтыннан берген тостаған.

Арыстан туған хан еді,

Ерлігі жанның аспаған.

 

Арғы атасы хан Шыңғыс,

Сағымнан болған хан еді.

Ерлігі жанға таң еді.

Дәулетінде әкемнің,

Күң-құтаны паң еді.

Дұшпандарға айбыны,

Алатаудай бар еді.

 

Беріпті атасы Абылай!

Үш жүздің ұғлын билеген.

Әділетпен ел сұрап,

Жамандықты сүймеген.

Торғыннан басқа нәрсені,

Тон екен деп кимеген.

Қарсылық қылған адамды,

Қамырдай басып илеген.

 

Ұлы жүзге хан болған,

Әділ еді бабасы.

Құдайым артық жаратқан,

Нәсілді ханның баласы.

Қайран менің хан әкем,

Ақылдының данасы.

Дәулеті толып кернеген,

Текті елдің баласы.

Бетіне таңлақ тимеген,

Адамның артық сарасы.

Осындай абзал туғызған,

Құдіретін Хақтың қарашы.

Қос өкпемнен тиген оқ,

Өлгенше бітпес жарасы.

Жесір қатын, жетім ұл,

Құдайым болғай панасы.

 

Бекер демес бұл сөзді

Көзі көрген мұсылман.

Осы күнде біз болдық,

Әр нәрседен қысылған.

Неткен сорлы маңдаймыз,

Дәулет құсын қашырған.

Байлар да өтті дүниеден,

Жердің жүзін жасырған,

Батырлар өтті дүниеден,

Ерлігін жаннан асырған.

Патшалар өлмей қалған жоқ,

Жанның бәрі бас ұрған.

Не боларым белгісіз,

Айрылдым гаухар тасымнан.

Үмметім деп Мұхаммет,

Орын бергей қасынан.

Ел иесі хан қылып,

Жаратқан Құдай басынан.

Абақ пенен Тараққа,

Аузынан жарлық шашылған.

 

 Тезек төреге арналған екінші жоқтау

 Әбубәкір Диваевтың  «Тарту» атты  кітабынан алынып отыр. Құрастырған – Флора Оразаева.  

Бастайын ағузы билләдән,

Қиіңіз киім хұлләдән.

Хақ сардары Мұхаммед,

О дағы өткен дүниеден.

Минәл шайтан иражим,

Аулақ қашсын шайтан — жын.

Сүйенішімнен айырылып,

Зығырданым болды құм.

Җаңылмай сөйле тіл мен жақ,

Қыз — келінге келді сын.

Бісміллә дейді сөз басын,

Қайғымен аққан көз жасым.

Жерге де қияр ер ме еді,

Қайран да басын хан басын.

Рахман рахим бір Құдай,

Батты толып туған ай.

Хан әкемнен айырылдық,

Қайтерміз, жұртым, ойпырмай!

Қалимай шаһадат,

Ғаріпке қылған сахауат.

Зал патшадай көп жасап,

Кім өлмейді, жамағат?

Лә илаһа илла алла,

Адасып қалдық біз мұнда.

 

Несіп болса көрерміз,

Мақшардың күні болғанда.

Құдайдың үлкен әр ісі,

Мұхаммед – Хақтың нәбисі.

Сабырлық қылып отырған

Солардың қалып бабасы.

Хасан менен Хұсайын,

Жылауға сізді қосайын.

Шәһәрбану күйінген,

Мен соларға ұсайын.

Құранның отыз парасы,

Қөзімнің ақ пен қарасы.

Иманды өткен хан әкем,

Адамның еді сарасы.

Сөзің теріс демеді,

Үш қазақтың баласы.

Аспаннан түскен төрт кітап

Айтайын, жұртым, енді атап.

Ғафу етіп күнәсін

Рахым қылғай жалғыз Хақ.

Көздің жасы көл болар,

Хан әкемді ойласақ.

Асқар тауым басылып,

Ағын дариям су алып,

Басымнан ұшты берген бақ.

Мұсаға түскен Тауратты

Оқыған ерте ауратты,

Ағайын ел-жұртын аямай,

Тәңірім өзі зарлатты.

 

Дауытқа түскен Забурды,

Хасіретпен халқың сабылды.

Тәрбиесіздей кем қылар,

Қараң қалған ауылды.

Бір күніне зар қылдың,

Ағайын туған бауырды.

Інжілді Гайса оқыған,

Көңіліне жаз деп тоқыған.

Мың қат шүкір Аллаға

Мансабы асты халқынан.

Құранды алған Мұхаммед,

Сиынар оған барша ұммәт,

Қөпірінен сираттың

Өткізгәй, Тәңірім, саламат.

Халық бұзылмай тұра ма,

Патшадан кетті әдәләт.

Пірлерден кетті карамат.

Хүкім келсе, Алладан

Бендесі бар ма алмаған.

Нәмруд отқа салғанда

Ибраһим Жәлил жанбаған,

От ішінде сәжде қып,

Достығынан танбаған.

Тахыт Сүләймен патша өтті,

Тахтымен ұшып парлаған.

Зұлқарнайын ол да өтті,

Хандыққа іштен арнаған.

Нұрмұхаммед Мұстафа

Баршаға үммәтін қолдаған.

 

Ата-анасын тілемей,

Ұммәтім деп зарлаған.

Қаһарман өтті дүниеден

Дәу періні қармаған.

Ан хазіретім Хабиби

Махшар күні зорлаған.

Ғаси Жыфи біздерді

Жанған оттан қорғаған.

Баяны жоқ сұм жалған.

Соларға жолдас болмаған.

Тумақ – сүннәт, өлім – хақ,

Тірі жан өлмей қалмаған.

Үш мың үш жүз жыл жасаған,

Лұқпан хакім де өткен.

Мәрсил нәби пайғамбар

Бұл дүниеден бәрі өткен.

Мың кәпірді бір шапқан,

Хазіреті Ғали де өткен.

Шүкір тәубе қылайық,

Өткенді қуып кім жеткен?

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір