ОРЫС ТІЛІ – ӘЛЕМ  ТІЛІ ЕМЕС
20.09.2021
8297
1

 

Әділбек ЖАҚЫП, халықаралық журналист


Ағылшын тілінің әлемдік маңызға ие болуының сыры

Дүниедегі ғылым мен мәдениеттің жетістіктерін ортақ игілікке айналдыратын  бір  тіл бар. Ол – ағылшын тілі. Ағылшын тілі – 56 елдің мемлекеттік тілі,  25 мемлекеттің ішінара ресми тілі болып саналады. Жалпы әлемде екі миллиардқа жуық адам ағылшын тілін ана тілі ретінде біледі. Біріккен Ұлттар Ұйымының, Халықаралық валюта қорының, басқа да халықаралық ұйымдар мен компаниялардың,  халықаралық ғылыми-зерттеу орталықтарының ресми тілі – ағылшын тілі. Мұндағы кеңсе  құжаттары түгелдей ағылшын тілінде жүргізіледі әрі басқа елдерге ағылшын тілінде таратылады. Әлемнің қай түкпіріне барсаңыз да ағылшын тілі сізге есігін айқара ашып тұрады. Ағылшын тілі арқылы сіз ақпарат аласыз, адамдармен ағылшынша сөйлесуге мүмкіндігіңіз болады. Мынау іргедегі адам саны көп Қытайға немесе Үндістанға сапар шексеңіз, ағылшын тілі жолаушы тіліңіз бола алады. Жоғары дипломы бар кез келген қытай мен үндіс ағылшын тілінде сөйлейді. Еуропа одағының ресми тілі – ағылшын тілі.  

Қазіргі таңда ғылымда ашылатын жаңалықтар мен басқа да ақпараттардың басым көпшілігі ағылшын тілінде жария етіледі. Сәйкесінше, әлемдік ғылыми басылымдар да ағылшын тілінде шығады, сол тілден өзге тілдерге аударылады. Мәселен, ағылшын тілді емес Германияда, Францияда,  Испанияда ғылыми мақалалардың басым көпшілігі  ағылшынша жазылады.   Әлемде таралатын ғылыми  еңбектердің 94 пайызын ағылшын тілі құрайды. Демек, ғылыми кеңістікте, әлемге таралатын барлық ғылыми-техникалық ақпараттар тек ағылшын тілінде жүзеге асырылады. Ғылыми тіл ортасында салмағы бар қытай, француз, неміс тілді ғалымдар ағылшын тіліне басымдық береді. Ағылшын тілінің әлемдік беделін көтеріп, дамытып отырған ел  – Америка Құрама Штатары. АҚШ –  әлемдегі ең ірі, ешкім теңесе алмайтын құдіретті мемлекет. Әлемнің тағдыры, әлемнің көркеюі, демократиялық ұстанымдардың беріктігі осы алып ел – Америка Құрама Штаттарының қолында тұр. Ағылшын тілінің әлемдік маңызға ие болуының сыры да осында жатса керек.

Америка Құрама Штаттарында әлемдік маңызға ие орта және жоғары оқу орындары көп. Оларда білім алу өркениетке қол созған адам үшін өмірдегі ең бақытты сәт болып саналады. Дүниенің әр түкпірінен осы оқу орындарына түсу үшін қаншама  жас ағылып келіп жатады. Мәселен, Массачусетс технологиялық институты, Стэнфорд, Гарвард университеттері – әлемнің соңғы жетістіктерін ұсынатын Жоғары оқу орындары, сонымен қатар  ең дамыған ғылыми орталықтар  санатында. Бұл оқу орындары әлемдік ЖОО-лардың рейтингісі бойынша көп жылдар бойы алдыңғы орындарда келеді. Ал Еуропада –  Швейцария федеральдық технологиялық университеті, Оксфорд университеті, Лондон Империялық колледжі әлемдік деңгейдегі білім ордалары  есебінде.

Соңғы жылдары Азиядағы 26 университет көрсеткіші жағынан әлемдегі ең жоғары 100 университеттің қатарына қосылды. Осылардың арасында Қытайдың – 6, Оңтүстік Кореяның – 6, Гонконгтің – 5,  Жапонияның – 5, Сингапурдың – 2, Малайзияның – 1, Тайванның 1 оқу орыны бар.

Жоғарыда аталған оқу орындарында оқу тек ағылшын тілінде ғана оқытылады. Сонда бұл нені білдіреді? Бұл ағылшын тілінің дүниеде, адамзат қарым-қатынасында дәнекер тіл екенін, білім, ғылым, мәдениет  ағылшын тілі арқылы өркениетке құлаш ұратынын  білдіреді.

Мәселен,  Қытай, Жапония, Сингапур, Үндістан, Пәкістан, Малайзия, Еуропа, Африка, Түркия, Араб елдері ағылшын тіліне неліктен ерекше мән береді? Себебі ол – әлем  таныған халықаралық тіл. Өмірде болып жататын барлық жаңалықтар дүние жүзіне ең әуелі ағылшын тілі арқылы жетеді.    Ал орыс тілі – халықаралық тіл емес, бұл тілде бір миллиард адам сөйлемейді. Сондай-ақ ол әлем тілі деңгейіне көтерілген жоқ. Тек Біріккен Ұлттар Ұйымындағы – алтыншы тіл. Аталған ұйымдағы Ресейдің кеңсе тілі. Оны қызмет барысында  Ресейдің өкілдері ғана пайдаланады. Ал жалпы БҰҰ-ның ресми тілі – ағылшын тілі. Барлық құжаттар ағылшын тілінде таратылады. Біріккен Ұлттар Ұйымындағы басқа елдердің өкілдігі кеңсе қағаздарын өз тілінде және ағылшын тілінде жүргізеді.

Ұлттық иммунитетті сақтау жолындағы әрекеттер

2017 жылдың мәліметі бойынша, орыс тілін 154 миллион адам «ана тілім» деп мәлімдеген. Алайда Ресей халқының саны – 145 миллион. Қазір одан да төмен. Жыл сайын орыстардың табиғи өсімі 4 пайызға қысқаруда. Керісінше, орыс емес ұлттардың саны артып келеді. Өкінішке қарай, өзге ұлттардың ішінде туған тілдерін білмейтіндер, әсіресе, жастар арасында көп кездеседі. Бұл – орыс тілін өмірдің барлық саласына мәжбүрлеп енгізу саясатынан туындап отырған ахуалдың көрінісі. Бір ғана мысал: Ресейдегі миллионға жуық қандасымыздың қазақ тілінде білім алатын бір де бір мектебі  де қалмады.

Орыс тілі Совет кезінің өзінде дүниелік мәні бар ортақ тіл деңгейіне көтеріле алмады. Әлем елдері Совет одағының ықпалына түсіп қалмау үшін орыс тілін, оның мәдениетін қабылдамады. Тиісінше, қарсы идеологиялық күрес жүргізді. Совет одағының ішіндегі ұлттық республикалар орыстық үстемдікке іштей қарсыласа білді. Әсіресе, Балтық жағалауындағы үш ел мен  Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Грузия, Армения, Әзірбайжан елдері өздерінің ұлттық намысымен, ұлттық бейнесімен өмір сүрді. Мұндағы билік басындағы ұлт қайраткерлері ауызбірлікті күшейте отырып, патриоттық, ұлттық тәрбие берудің,  адам санын көбейтудің нәтижесінде орыс тілі мен мәдениетінің ықпалын тежей білді. Ұлттық иммунитетті сақтау жолындағы әлгіндей әрекет өзінің қайтарымын берді. Бүгінде аталған елдер  ұлттық бет-бейнесімен, ұлттық тілімен жалпы азаматтық өркениетке бет бұрып барады.

 

«Орыс әлемі» бағдарламасының «саясаты»

Қазіргі таңда, Ресей өкіметі «Советтер одағы кезіндегі беделге қайтып ие боламыз» деп жанталасуда. Бұл бағытта «Орыс әлемі» деген идеологиялық халықаралық бағдарлама жасап, оны, әсіресе, бұрынғы  одақтас республикаларда жүзеге асыруға құлшына кірісе бастады. Өкініштісі, бұл бағдарлама – өзара  түсіністікке жетелейтін емес, орыс ықпалын насихаттауға құрылған бағдарлама. Ресей шет елдерде тұратын этникалық орыстарды, оның ішінде орыс емес, бірақ  орыс тілді адамдарды қорғау деген желеумен тәуелсіз елдердің ішкі істеріне араласып, қоқан-лоққы жасауда. «Әлем халқының 265 миллионы орыс тілінде сөйлейді» деген негізсіз ақпарат таратуда. Мәселен, «Орыс әлемі» қорының мәліметіне сүйенсек,  Әзірбайжан, Грузия, Молдавия, Израиль, Польша, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Эстония, Латвия, Литва сияқты елдерде орыс тілінің атқаратын маңызы зор екен. Бұл пайымдау – негізсіз. Өйткені аталған мемлекеттерде орыс тілі шағын топтардың отбасында ғана байланыс құралы есебінде қолданылады. Шындығына жүгінісек, Балтық жағалауы елдерінде,  Әзірбайжанда, Өзбекстан мен Тәжікстанда, Армения мен Грузияда жастар жағы орыс тілін білмейді, оның қажеттілігін сезінбейді де.

Мен  бір жылдары орыс ықпалында болған бірқатар мемлекеттерді араладым. Сонда байқағаным, ешкім, әсіресе, жастар жағы орысша сөйлеуді қажет етпейді екен.   Ал Қытай,  Моңғолия, Польша елдерінде орыс тілі төңірегінде әңгіме қозғаудың өзі ыңғайсыз. Мұнда орысша сөйлеп, нан сұрай алмайсың. Бәрі өздерінің мемлекеттік тілін құрмет тұтады. Сондықтан орыс тілін «халықаралық тіл дәрежесінде» деп әспеттеу – ұят шаруа.

Мемлекеттік тілдің Ата Заңдағы мәртебесі

Иә, Беларусь республикасында, содан кейін Путин билігі экспансия жолымен ықпалына алған қуыршақ мемлекеттерде: Оңтүстік Осетия, Приднестровье республикаларында, Донецк халық республикасы мен Луганск халық республикасында орыс тілі – ресми тіл. Содан кейін… Тәуелсіздігін осыдан отыз жыл бұрын алған Қазақстанда орыс тілі «ресми тіл» ретінде қолданылады.  Мәселен, Ата Заңымыздың 7-бабының 1-тармағында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі», –   деп көрсетілгенімен,  2-тармақта: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады», –  деп жазылған. Осы екі тармақтан екі тілдің екеуінің қандай да бір айырмашылығын ажырату  өте қиын. Түсінген адамға 7-баптағы екі тармақтың екіншісі: «Орыс тілі де мемлекеттік тілдің функциясын атқара алады» дегенді меңзеп тұр. Бұл жерде  мемлекеттік тіл – қазақ тілінің ерекшелігі, қолданылу аясы нақты баяндалмаған, тек «мемлекеттік тіл» деп қана жазылған. Алайда мемлекеттік тілдің қолданыстағы  рөлін орыс тілімен салыстырып көрсек, ешқандай айырмашылықтың жоқтығын көреміз. Ата Заңдағы 7-баптың екі тармағы да мемлекеттік тіл функциясын атқарады. Осы   баптағы тармақтарды жазған заң мамандары, оны қабылдаған халық қалаулылары  қазақ тілі мен орыс тілінің мәртебесін жұмбақтап, астарлап бір деңгейге қалдырғанына көз жеткізесіз. Әрине, Ата Заңымызда орыс тілінің мемлекеттік тілмен қосарлана жазылуы сол кездегі саяси жағдайдың ықпалынан туындаған амалсыз шара деуге болады. Ол кезде заман басқа еді, орыс тілінің ызғары басым еді. Енді бүгін қазақ қоғамы   ұлттық намысы оянған,  ана тіліне деген құлшынысы жоғары қоғам болып қалыптасып үлгерді.

Аралас мектеп пен аралас балабақшада «тілсіздің» күйін кешкен қазақ

Елімізде жыл сайын орыстардың қарасы азайып барады. Жастары тарихи отанына кетіп жатыр. Мұнда қалғандардың негізін зейнеткерлер құрайды. «Көп ұлтты қазақ жері» деген советтік насихат сөзінің де мәні кетті. Бізде Совет кезінде қалыптасқан, биліктің саяси құралына айналған, соншалықты миллиондап саналатын жүзден астам ұлт өкілі тұрмайды. Еліміздің солтүстік өңірін аралап көрсеңіз, көзіңізге қаңырап қалған орыс қоныстары, шағын елді мекендер шалынады. Өзіміздегі ұйғыр мен өзбек, қарақалпақ, татар, башқұрт тағы басқа түркі тілдес халықтарға орыс тілінің қажеті де шамалы. Олар қазақ тілінде еркін сөйлейді. Бір өкініштісі, Қазақстанда «орыс әлемін» орыс зейнеткерлері емес, тілі орысша  туған бауырларымыз асқақтатып отыр. Ресми мәлімет бойынша, орыс сыныптарында оқитын балалардың негізін қазақ балалары құрайды екен. Бұл мектептердің бұрынғыдай «қазақ және орыс мектебі» деп аталмауының сыры осында жатыр. Егер, «орыс мектебі» деп дербес аталатын болса,  ол мектепке ата-аналар  балаларын қолынан жетектеп апармас еді. Бір сәт ата-ананың ұлттық намысы оянары хақ. Ал аралас мектептің орыс сыныптарына балаларын апаратын ата-ана «балаларым орысша оқыса да қазақ ортасында жүр ғой, ана тілін біліп шығады» деген ойда болады. Өйткені  бәрі бір мектепте ойнайды, бірге жүреді деп үміттенеді. Тәжірибе көрсеткендей, аралас мектеп қазақша оқитын балалардың орысшаға бейімделіп кетуіне қатты ықпал етуде. Мұндай жағдай, аралас бала-бақшаларда да бар. Бұл процесс негізінен мектепті немесе бала-бақшаны басқаратын адамның қай тілді жетік білетініне, іс-қағаздарының қай тілде жүргізілетініне тікелей байланысты. Мектептегі әртүрлі іс-шаралар «орыс тілін  түсінесіздер ғой, білімдеріңіз  бар» деген сылтаумен орыс тілінде өткізіледі. Бұған қарсылық көрсетудің орнына қазақ тілді педагогтар үнсіз бас иіп, «тілсіздің» күйін  кешеді. Сондықтан білім ошақтары –  «қазақ тілді» және «орыс тілді мектеп», «қазақ тілді» және «орыс тілді бала-бақша» деп бөлініп көрсетілуі тиіс. Мұның саяси мәні және астары бар. Бұл Қазақстандағы «орыс әлемінің» нақты мүмкіндігін көрсетіп  берер еді әрі соған дәлел болмақ. Мысалы, Халықаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының тапсырысымен, РАМИР агенттігінің ТМД аумағындағы ата-аналарға жүргізген «Балаларыңыздың орыс тілінде оқығанын қалайсыз ба?» деген сауалнамасының нәтижесі: «Қазақстанның 97 пайызы орыс тілінде оқығанын қалайды» деп көрсетілген. Әрине, бұл – мүмкін емес.

РАМИР агенттігі Советтер одағында орыс тілінде сөйлемеген, сөйлесе де нашар білген мына төмендегі елдердің бәрін де  «орыс тілін өзінің ана тіліндей білуге құштар» депті. Аталған агенттіктің дерегіне қарасақ,   Әзірбайжан халқының – 90 %-ы; Арменияның – 99,6 %-ы; Қырғызстанның – 98,5 %-ы; Молдавияның – 87,2 %-ы; Өзбекстанның – 97%-ы; Украинаның – 92,3 %-ы; Тәжікстанның – 99,8 %-ы, Грузия халқының – 96,8 %-ы  «орыс тілі – өзімінің тілім» деп отырған көрінеді. Шылғи өтірік. Себебі бұл мемлекеттердің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толды. Осы мерзім ішінде үш ұрпақ өмірге келді. Олардың бәрі тек өз тілінде білім алды. Орыс тілін білмейді, білуге деген құштарлығы да жоқ. Көбіне олар ағылшын тілін меңгеруге құлшынады. Жастары АҚШ, Еуропа елдеріне барып жұмыс істеп, білім алуға ынталы. Әрине, Ресейге амалсыздан кетіп жатқандар да бар. Бірақ  олар топ-топ болып баруда. Топтасып жүрген адамдар қайда жүрсе де өз тілдерінде сөйлейді, бұл әдіс олардың  жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етеді әрі жергілікті әсірешовинистік пиғылдағы адамдардан қорғану үшін де қажет.

 Соңғы кезде Ресейге Орталық Азия елдерінен жұмысқа баратын жастар саны күрт азайды. Тек тәжік пен қырғыздар ғана баруға мәжбүр. Ресейде сыртқы  еңбек күшіне деген сұраныс жоғары. Соған қарамастан, Ресей жағы мигранттарға талапты күшейте түсіп еді, ол саясат өзінің кері әсерін берді. Енді Ресей жұмыс күшінің қажеттілігін алға тартып, талаптарын жұмсарта бастады. Ал біздің елден  орыс жеріне барып жұмыс істейтіндер өте аз. Қазақ жастары  негізінен АҚШ, Еуропа, Азия, Канада, Түркия, Оңтүстік Корея бағытында еңбек етіп, білім алуда. Бұған ана тілінде білім алған қазақ жастарының ағылшын тілін үйренудегі қабілеттілігі мен табандылығы ықпал етіп отыр. 

Жалпы әлемде орыс тіліне деген көзқарас, оны үйренуге деген ынта өте төмен. Ресейдің дүниеде жүргізіп жатқан басқыншылық саясаты орыс еліне, оның тіліне деген көзқарасты түбірімен өзгертуге ықпал етуде. Мұндай жағдайда  орыс тілінің қазақ әлемінде соншалықты маңыздылығын ұғудың өзі өте қиын болып отыр. Біз, қажет болса, ана тіліміз арқылы басқа елдермен де тығыз қарым-қатынас жасай аламыз.

«Қазақ тілі технологиялық тілді қалыптастыра алмайды» деген жалаң пікірден аулақ болғанымыз жөн. Тілі бізбен төркіндес Түркия елімен барлық салалар бойынша тілдік нормаларды қалыптастаруға әбден болар еді. Тек ниет керек. Ал қазақ тілінің медицина, мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, музыка, өнер, әдебиет, қоғамдық ғылым, педагогика, тәрбие бағыттарындағы сөздік қоры орыс тілін он орап алады. Осы ретте айтарымыз: қазақ тіліне жаппай кең өріс ашылғанда ғана тілдің дамуы мен оның қолданыс аясы кеңейе түседі. Ал, біз болсақ, ана тілімізді тұншықтырып, кеңістігін тарылтып, қолдан қор етіп отырмыз. Ащы болса да шындығы – қазақ халқының тілі не қағаз жүзінде  не өмірде нақты мемлекеттік тілдің шынайы дәрежесіне көтеріле алмауда. Жоғары және жергілікті басқару органдарында мемлекеттік тілдің қолданылу аясы өте тар. Мұндағы қызметкерлер тек орыс тілінде ғана жұмыстарын атқарады да,  мемлекеттік тіл функциясын аудармашылар аударған құжаттар атқарады. Ал  бұл құжаттарға жан бітіп қазақша сөйлемейді, керісінше, том-том болып шаң басқан мұрағатқа айналады. Осы міндеттерді кезінде өзім де атқарған едім. Сөзімді ешкім теріске шығара алмас.

Қазақ тілі –  саяси ойын алаңы емес

Қазақ жыл сайын өсіп келеді. 30 жылдан бері Отанына оралған қандастардың саны миллионнан асты. Бұған орыс тілін білмейтін жергілікті халықты қосыңыз. Алайда ана тілінде білім алған жастардың көбі мемлекеттік тілде өз мүмкіндігін, өз құқығын тиісті дәрежеде қолдана алмай жүр. Ендеше қазақ тілінің шынайы мемлекеттік тіл екендігін анықтайтын кез келді.  Ол үшін, бірінші – жергілікті және жоғары мемлекеттік басқару органдарында таза қазақша сөйлейтін, жаза білетін басшы кадрларды көбейтіп, ресми кездесулерде тек қазақша, содан соң орыс, ағылшын тіліне аударма арқылы баяндау тәсілін тәжірибеге енгізу керек. Екіншіден, мекемедегі қызметшілердің бәрі қазақ тілінде сөйлеуге міндетті болуы қажет. Үшіншіден, халыққа қызмет көрсететін орындарда міндетті түрде мемлекеттік тіл талаптарын күшейту керек.  Төртіншіден, жалпы қазақ тілінің мәселесі жеке адамның ғана мәселесі болмауы тиіс. Ол – мемлекеттік басқару органдарының айналысатын тікелей мәселесі.

 Қазақ тілі –  саяси ойын алаңы емес. Шындығын айтсақ, қазақ тілі отыз жыл бойы халықтық майданға айналды, күлкілі жағдайға душар етілді, 26 рет қазақ тілін дамыту бағдарламасы қабылданды, оған қаншама қыруар қаржы жұмсалды. Соңы ана тіліміздің ауыр қасіретіне әкеп соқтырды. Мынаны ойда сақтау керек: ана тілінің «өлімші» күйін сезінген адам енді бұдан нәтиже болмайды деген оймен өзінің туған тілінен безінеді. Ол қайтадан ана сүтімен бойына дарыған ана тілінің нәрлі бұлағына оралмайды. Ол өзгенің тілінде сөйлеп, бүкіл болмысымен жат тілдің құрбанына айналады. Ол ақылды болса да амалсыздан осындай күй кешеді. 

Бізде қазақ тілінің  мемлекеттік тіл ретіндегі статусын  қағаз жүзінде қалдырмай, заңды түрде бекітіп, оны шын мәнінде  жүзеге асыратын уақыт туды.   Енді артқа шегінуге қазақ рухы жол бермейді. Түптеп келгенде қазақ және орыс тілді қандастардың, отандастардың  тілі  –  бір-ақ тіл. Ол – қазақ тілі. Өз тілінен безіну, өз ұлттын жек көру – адамшылдықтың ісі емес, айуанның ісі. Бұлай өмір сүргенше, өлген артық.  

 Тағы бір айтатын мәселе:  Қазақ мектептерінде жаппай орыс тілін оқытудың қажеті бар ма? Әлемнің көптеген  ғалымдары балаларды шет тіліне мәжбүрлеп оқыту зиян екенін жазып жүр. Біріншіден, қысым арқылы оқыту балалар үшін жақсы нәтиже бермейді. Екіншіден, кейбір баланың шет тілін үйрену немесе  қабылдау қабілеті болмауы мүмкін. Жалпы шет тілін міндеттемей, оны сегізінші сыныптан бастап  факультативтік пән ретінде оқытқан дұрыс. Үшіншіден, бізге  өзіміздің ұлттық білім бағдарламасын жасайтын мезгіл келді. Оның мәні – ұлттық, бағыт-бағдары – әлемдік өркениет болуы шарт. Бұл ретте өзімізге жақын  түрік және жапондық педагогика тәжірибелеріне сүйенсек, келешекте қазақ баласының мейірімді, батыл, білімді азамат болып шығатынына күмән қалмас еді. Қазақ баласы бүгін де, болашақта да, ең маңыздысы, өзінің ежелден келе жатқан ұлттың жалғасы екенін мақтан тұтып, соған лайық болуға тиіс. Әр қазақ баласы әлемді дүрліктірген үлкен империя – Алтын орданың ұрпағы, жалғасы. Демек, жас ұрпақтың бүгінгі іс-қимылын қанға сіңген империялық, патриоттық рухпен үндестіріп, құлдық санадан босанып шығуына барынша ықпал ету қажет.

 Қазақтың кейбір көзі ашық азаматтары: «Ресей – империялық жыртқыш, ол жыртқыштығын жасайды. Байқау керек», – деген сөзді айтып, бұқараны үркітуге ыңғайлана бастады. Қазіргі заманда жыртқыштық әрекет жұмыс істемейді. Қазақтың тамаша сөзі бар: «Бұға берсең, сұға береді» деген. Бұдан былай бұға бермей халықтың патриоттық рухын көтеріп, жасампаздық істерге бет бұруымыз керек. Оның басты көрсеткіші  – ең алдымен ана тілімізді асқақтату, халқымыздың еңсесін көтеру, бірлікте болу. Сонда ғана қазақ елін ешкім басына алмайды. Бұл – ақиқат, өмірде дәлелденген жайт. Бізге қарсы бағытталған кез келген  ақпаратқа дер кезінде батыл тойтарыс беріп отыруға міндеттіміз.

СӨЗДІҢ ТҮЙІНІ: орыс тілі – әлемдік тіл емес, әлемдік тіл  – ағылшын тілі. Ағылшын тілін меңгерген адам  дүниенің кез келген түкпірінде еркін білім алып, тіршілік жасай береді. Сондықтан  Совет кезінде «алтын тіл» атанған орыс тілінің болашағы, маңызы туралы әңгіме етудің өзі – бос әурешілік. Орыс тілін үйренуге жіберетін уақытыңды ана тілің мен ағылшын тіліне арна. Бүгінгі күннің талабы – осы. Әрбір қазақ  ана тілінде бұлбұлша сайрап, өркениетке ағылшын тілінде самғағаны жөн. 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 26.09.2021 | 15:34

Керемет жазылған мақала! Көбірек жазылуы керек тақырып

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір