Жанна ЕРЕКИНА. ӨМІР ДЕГЕН – ӨЗІҢ ЖАЙЛЫ ЕРТЕГІ…
14.09.2021
726
0

***

Кешіріңдер, адамдар!

Бола алмасам қарапайым бір адам,

Жұбатпасам,

Сәттеріңде жылаған,

Жаратқаннның өздеріңдей құлымын

Несібесін сұраған…

Кешіріңдер, адамдар!

Білем,

Сөгер қателіктер көп менде,

Гүл ұсынып

Қуантпадым көктемде.

Алдарыңнан құшақ жайып шықпадым,

Маған аңсап жеткенде.

Кешіріңдер, адамдар!

Жүрдім кейде қуанышты бөліспей

Кем  толтырып бокалдарды

Тең ішпей.

Құбыланы көрсетсеңдер кейбірің

Қарай бердім теріскей…

Кешіріңдер, адамдар!

Көп күнімді өткізбедім сендермен,

Қолдарыңды қақтым кейде

Бергенмен…

Кешіріңдер!

Жүрегімде сендерді

Мен өзімнен кем көрмен!

Кешіріңдер, адамдар!

Сендерге айтқан өкпе-назым көп менің!

Кейде бекер күйдірді де от демім.

Кешіріңдер!

Одан бөтен өмірде

Өкінішім жоқ менің!

Кешіріңдер, адамдар!

Өздеріңді түсінбедім кейде мен,

Сүйе алмадым сүйкімдіні сүй деген.

Теңізге сап жібергенде

Қайраңда…

Қалып кетті күй-кемем…

Кешіріңдер, адамдар!

Сендер көрген көре алмадым шындықты

Шындық менен…

Сендерден де сыр бүкті.

Сендер маған жап дегенде төбеңді

Түріп қойдым түндікті.

Кешіріңдер, адамдар!

Мен сендердей сағына да алмадым,

Кей адамның түсінбедім арманын.

Кей адамның бірге жүріп білмедім

Күні бітіп қалғанын.

Кешіріңдер, адамдар!

Кейбіріңе бола алмадым дос та мен,

Айырбастап кеттім бірді басқамен.

Кей адамның кеттім ұрлап жастығын…

Мен жасымда асқақ ем!

Кешіріңдер, адамдар!

Мен сендерге бола алмадым дұшпан да,

Қызықпадым сендер биік ұшқанда.

Мен ұқсадым жерден жемін іздейтін,

Қанаты жоқ құстарға.

Кешіріңдер, адамдар!

Мен сендерге көп жақсылық бермедім,

(Ешкім, бәлкім, жамандық та көрмеді)

Кешіріңдер, сендер түгіл өзімді

Түсінбейтін пендемін.

Кешіріңдер, адамдар!

Мен сендермен шыға алмадым сапарға,

Таң қарсы алмай…

Бірге болмай батарда…

Сендер мені іздеп жүрген шақта мен

Қосылмадым қатарға…

Кешіріңдер, адамдар!

Ешбіріңнің тыңдамадым мұңыңды,

Кейбіріңнің алған жоқпын тіліңді.

Кейбіріңнің  жүрегіңде жоқ мүлде

Жаза бердім жырымды.

Кешіріңдер, адамдар!

Ар деп кейде

Аттамасам бір жіпті,

Кей сәттерде бола алмасам тым мықты.

Кейбіріңді көрмегелі, ойласам

Біраз уақыт сырғыпты.

Кешіріңдер, адамдар!

Бірден артық көріп сүйдім біріңді,

Көйлек киіп, қыз болмадым бұрымды.

Еркелікпен өртке жақтым біріңнің

Шын ұсынған гүліңді.

Кешіріңдер, адамдар!

Кейде айтқан қате болды шешімім,

Кейбіріңе тиді, бәлкім, кесірім.

Соның бәрін ұмытқым кеп

Өмірдің

Қағып тұрмын есігін.

Беріңдерші кешірім!

 

***

Армандар едім,

Болса деп күнім басқалай,

Өзге бір түсте көрінсе деп те аспан, ай…

Балалық шаққа оралар ма еді, ата-анам

Жетектеп жүрген тастамай.

 

Армандар едім,

Аспанда түйдек түтіндер көшкен ауылды,

Кешқұрым шақта бастағанда анам сауынды,

Желөкпе желден озам деп шапқан кезімді,

Шалына басып бауымды.

 

Армандар едім,

Төгетіндей боп түйіліп көктен бұлт іреп,

Ішегін тартып, найзағай ойнап, күркіреп,

Жылғаға қағаз қайық жүздірген сәуірді,

Тасығанда су дүркіреп.

 

Армандар едім,

Балалығымның куәсі болған даламды,

Мұңсыз күндерді –

Жалап жазатын жарамды.

Күнделігімді анама берген уақытты –

Көрсету үшін бағамды.

 

Армандар едім,

Қозы-лақ баққан күнімді сол бір сайға көп,

Көкжиектермен теңескен шақты жайнап от,

Өзіммен-өзім қарап қалғанда күлуші ем

Құдықтың суы айна боп.

 

Армандар едім

Мамырда майда жауатын бұлтты себелеп,

Жаурап тұратын қанатын сілкіп көбелек,

Ең алғаш сонда әкеме еріп көрген ем,

Тырнаның биін керемет!

 

Армандар едім…

Қалсам ғой, шіркін, есеймей, мәңгі бала боп,

Қайдан бірақ-та…

Аспанның түсі қаракөк!

Сағынышым ба, өкінішім бе, әйтеуір,

Жанымды өртеп барады от…

Қалмаған екем бала боп…

 

***

Жаңбыр билеп  –

Жер – сахна,  таңда мынау,

Төгіп аспан – әуенін, арда жырау,

Қолшатырын жанымның жоғалтттым да,

Жаурадым-ау…

Сахнаның сап-салқын  басып төрін,

Шымылдығын ақырын ашып көріп,

Мөлт-мөлт еткен әуенді қимай тұрмын

Ғашық болып…

Тамшылардың  мөп-мөлдір ырғағы шын,

Төгіле түс, тоқтама, жырла, құсым!

Баста менің мазасыз жүрегімнің

Мұң вальсін.

Жаңбыр билеп,

Тамшы ойнап мұң күйімді,

Қайғысы көп қабақтай күн түйілді,

Ей, адамдар, аспаннан үйреніңдер,

Шын сүюді.

Әлденеге жер, кейде күн өкпелеп,

Сонда да ыстық махаббат тілеп бөлек…

Қараңдаршы,  бұлардай сүю үшін

Жүрек керек…

Жер ғашығын сағынған таң шығар бұл,

Мұңға толы ырғағы тамшылардың.

Жер мен көктің сезімін түсінетін

Мен жалғыз жан шығармын…

 

***

Қоңырауын қағып келді  қара күз.

Бір құпия екеуміздің арамыз…

Байқайсың ба, өмір өзі бір бөлек,

Ал біз?

Біз өлеңде ғанамыз.

Құс қатары тізбектелген-жоралғы,

Аспанымның сәні бар-тын… Жоғалды.

Жыламсырап Ай батысқа жылжыды,

Сұр төбеде – Сүмбіле. Күз оралды.

Өмірімнің осы шағы – екінді.

Жүрегімде сырлар жатыр не түрлі…

Қараторғай салған әнде мұң ғана,

Ал өлең ше?

Көшіп кеткен секілді.

Сезім мен ой тапқан қашан үйлесім?

Күнбатысқа беттеп  көңіл күймесі…

Сағым жыры мөлдіреген сағыныш

Ал сен?

…өлең үшін сүймеші…

Қоңыр өлең.

Сұр Сүмбіле.

Қара күз.

Бір құпия екеуміздің арамыз…

Күннен-күнге жақын болып барамыз.

Күннен-күнге алыс болып барамыз.

Өлең дейсің…

Өмір сүргім  келеді…

Ал біз?

Біз өлеңде ғанамыз.

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір