Ау, сонда Ыбырай қайда?
02.09.2021
1285
0

Ол небәрі 48 жыл ғұмыр кешіпті… Орасан зор еңбек етіпті. Бір адамға, бір әулетке емес, тұтас бір ұлтқа қызымет қылыпты. Ыбырай бала күнінен зерек болып өсіп, орысша сауат ашқан соң, өз ұлтының қараңғылық қойнауында екенін жете түсінеді. Иә, ол бәрінің өзі секілді болуын қалады. Әр баланы әзиз Пайғамбарлар  секілді түнектен жарыққа шығаруды мұрат тұтты. Ал, оның қолында не бар еді? Тек мол білімі мен ат төбеліндей халқы бар еді. Үздіксіз талпыну арқасында дегеніне жеткен ағартушы 1860 жылы Торғайда мектеп ашып, өзі орыс тілінің мұғалімі болды. Бірақ жергілікті үкімет бұл еңбекке қол ұшын беруге асықпады.

Бәлкім алғыр таланттың қанаты берік қарқынынан бой тартты. Не қорықты, оянған сананың дауылынан қорықты. Ақыры басқадан қайыр күтудің бекер екенін білген ақын тынбай қаржы жинауға кірісті. Еңбек етті, тер төкті. Инемен құдық қазғандай арпалысқа толы еңбегі өтеліп, 1864 жылы араға 4 жыл салып қазақ атты халыққа Торғай даласынан алғаш мектеп ашты. «Қаңтардың сегізі күні менің көптен күткен ісім жүзеге асып, мектеп ашылды  және оған қазақтың тамаша да, сүйкімді де, зерек те 14 ұл баласы қабылданды. Мен оларды оқытуға қойға тиген аш қасқырдай кірістім. Қуанышыма қарай балалар айналдырған үш айдың ішінде орысша және татарша оқуды да, тіпті жазуды да меңгеріп алды», – деп жазды ол.  Дала қоңырауын күмбірлеткен ұстаз шәкірттерін үздіксіз оқытып, қара домалақ қазақ баласы әлемді тани бастаған кез еді ол. 1879 жылы Ыбырай  Торғай облысы бойынша орыс-қазақ училищелерінің инспекторы болып тағайындалады. Қырағы ақынның ойға алған істерін жүзеге асыруға мүмкіндік туған тұс еді бұл. Инспекторлық – беделді жұмыс саналатын. Осы тұста Алтынсарин не істеді дейсіз ғой? Торғай, Жітіқара, Обаған, Қарабалық, Әуликөл болыстарында және Қостанай қаласында тағы он бес мектептің салынуына мұрындық болды. 1882 жылы барлық мектепке ән-күй сабақтарын енгізді. Жергілікті, ауқатты ел азаматтарынан ақша жинап, кітапхана ашты. Қазақ балаларын біліммен сусындататып қана қоймай, еңбекке баулуды көздеген ол 1883 жылы 15 қарашада Торғай қолөнер мектебін ашты. Мұнымен қатар қазақ қыздарының тек отбасылық өмірмен шектелмей білім алуына баса көңіл бөліп, 1887 жылдың 15 қарашасында  Ырғыз қыздар училищесінің негізін қалады. 1888 жылы қыздарға арналған 12 орындық мектеп интернат ашты. 1879 жылы қазақ баласын ілім-білім алуға үндеген мектептерге арнап алғашқы ұлттық оқулық –  «Қазақ хрестоматиясын» басып шығарды. Өзі үшін байлық жиып, дүниенің қызығын қумады. Қара басының қамын күйттеп, азуын айға білемеді. Бүгінгі таңда ұлтқа дәл осылай жаны ашитын ерлер бар ма? Бар, бірақ аз. Егер әрбір атқа мінген қазақ ұлтына дәл Ыбырайдай еңбек сіңірсе, ұлтымыз әлдеқашан өсіп-өркендеп, түйдектелген мәселелердің қарасы кемір еді-ау. Шөмішке қолы жетсе-ақ, мұрнын шүйіріп, жеке басына жекен суын бұруды қалайтын көркеуде пенделерден халық қаншама залал көріп отыр десеңші. Қаншама…

Біз Ыбырайды жете тани алдық па? Ұлтқа қызмет ету туралы әңгіме бастасақ, аузымызға алатынымыз: Абай мен Алаш. Ау сонда Ыбырай қайда? Ол алғаш ел ішіне қанатымен су тасыған қарлығаш еді ғой. Отарлық езгісінен еңсесі түсіп, жігері кетіле бастаған ұлтқа аттан салған рух сарбазы Ыбырай емес пе еді! Жалғыз рет берілер дүрия-дүниенің сәті мен сағатын ел мұраты жолында пида еткен қайсар талант Ыбырай емес пе еді! «Бір Аллаға сиынып, кел балалар, оқылық, оқығанды көңілге, ықыласпен тоқылық» деп, алаш баласын рух бостандығына үндеген де осы Ыбырай еді ғой.

     …Асқақ таланттың алдынан шыққан тосқауылдар аз болмады. 1883 жылы дүмше молдаларға қарсы майдан ашып, ұлттық діннің мәйегін қалаған Ыбырайдың «Мұсылмандық тұтқасы» атты кітабы жарық көрді. Ақыры елінде мектеп ашып, жас ұрпақты білім әлеміне жетелеуге жанын салған, әділетсіздікпен өле-өлгенше күресіп өткен ақынды дүмше молдалар мен олардың содыр-сойқандары аяусыз тілдеп, «шоқынған қазақ, орысшыл» деген секілді қауесеттер таратты… Досы Катаринскийге жазған хатында ақынның нәзік жанына бұл оқиғалар тікендей қадалып, едәуір жара салғаны байқалады.
«Қазір жан дүнием құлазып, өте көңілсіз жүрмін. Көмек күткен үкімет орындары қолдаудың орнына заңды да, заңсыз жолдармен де мені қудалауға салып отыр. Бұдан кейін қандай әділдік күтуге болады? Осының бәрі ашық сот арқылы анықталса екен деген тілек көкейімнен кетпейді» дейді.

Ыбырай Алтынсарин Қостанай қаласынан үш шақырым жердегі көл жағасында өзі салдырған ағаш үйде жанын Хаққа тапсырды. Бұл 1889 жылдың 17 шілдесі болатын. Ол небәрі 48 жаста еді…

 Батырхан СӘРСЕНХАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір