ПОСТМОДЕРНИСТІК ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ЦИРКТЕГІ СИҚЫР
19.09.2021
2825
0

Өнер кідіруді білмейді, үнемі дамып, жетіліп отырады. Өзіне дейінгі үздік үлгілерді сіңіріп, алдыңғы буын тоқтаған жерден кейінгі буын ары қарай жалғастырады. Бұл ретте алдыңғы толқынның кейінгілерге көңілі толмауы, кейінгі толқынның алдыңғы буынға құрметі мен «әттеген-айы» қатар өрілуі – заңды құбылыс. Әртүрлі ағымдар мен бағыттардың бастауы да осы «әттеген-айдың» себебінен туындайды десек қателеспейпіз.  

Бұған дейін БАҚ беттерінде түрлі дәрежеде талқыланып келген өзекті мәселелердің әлі күнге дейін күн тәртібінен түспей тұруы – ойланарлық жайт. Шығармашылықта «түсініксіздік, бұлыңғырлық» неден туады? Оқырман талғамы мен қаламгер талғамының бір арнада үйлеспеуі заңдылық па? Постмодернизм ағымы қазаққа жат па? Классикалық әдебиет пен жаңа әдебиетті бір-біріне қарсы қоюдың қажеті бар ма? Осы секілді оқырман ойында жүрген бірқатар сұрақтарға жауап алу мақсатында қазақ поэзиясындағы үш буын өкілдерінің басын қостық. «Алқаның» кезекті басқосуына ақын, аудармашы, Халықаралық «Алаш», «Тәңір күлігі» әдеби сыйлықтарының иегері Жүкел Хамай; ақын Ықылас Ожайұлы; ақын Абзал Сүлеймен; ақын, Баянауыл аудандық «Баянтау» газетінің редакторы Еламан Қабділәшім қатысты.

КЛАССИКАЛЫК ƏДЕБИЕТТІҢ ӨРІСІ ТОҚТАҒАН…

«Қ.Ә.»: «Түсініксіз» өлеңдерді көпшілік оқырман бірден постмодернистік туындыға жатқызады. Бұл дәстүрлі бағытта жазатын қаламгерлердің пікірлерінен де көрінеді. Қазақ әдебиеті постмодернизмге қадам басты ма?

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ: – Осы сауалға жауап беру үшін, алдымен «Постмодернизм деген не?» деп ұзақ ойлануға тура келді. Бұл туралы бұрын мүлдем ойланбаған екенмін. Мүмкін мен ескі көзқарастағы адам шығармын, мүмкін заман көшінен кейін қалған мүсәпір шығармын, мүмкін білімім таяз шығар, мүмкін… Бұдан кейін де аса бас қатыра қоймаспын. Себебі оқыған шығармамның қандай «…измге» жататынын іздеуден гөрі, сол шығармадан алған әсер, кешкен сезім, түйген ойым аса маңызды.

Жүкел ХАМАЙ: – Бұл – адамның бəрінің көзі қара болуы керек деген сияқты сəби түсінік. Əрине, мұндай стереотип кез келген адамда болады. Ертеректе жазған бір шағын эссемде аяғы ауыр орыс əйелін алғаш көргенде, Күлпан деген апамыздың: «Астафиралла! Сайтан көрдім… Орыстың қатындары да жүкті бола ма!..», – деп таңқалатыны бар. Міне, сондықтан қаламгердің өз түсінігі мен санасына бойлаған əр жазбасының  кез келген оқырманға түсінікті болуы – шартты емес!

 Мұнда «постмодернизм» деп нені айтып отырғанымызды түсіну керек шығар. Постмодернизм дегеніміз «изм» деген жалғауы болмаса, белгілі бір «изм» емес. Ол – өзінен бұрынғы түгел дəстүршілердің (реализм, сюреализм, авангардшылар, модерншілер) жалғасы. Қолданыстағы ұғымдардың, əдебиеттегі жазбалардың үлгісі дағдыға айналып, қасаң тартқан тұстағы пайда болатын сезім түрлері. Адамзат мұны түйсіне бастаған тұста бұрынғы əдебиеттің классикалық үлгілері де қасаң тартқанын сезді. Адамзаттың ақыл-ой əлеміне жаңа бағыттар қажет болды. Мұны бастаған ақындарға Т.С.Элиот пен Э.Паундты, романшы Дж.Джойсты атап,  модернистер солардан, солардың замандастарынан бөлек ойлап, бөлек түсінуді ізденді. Мұндағы бір ұстаным – көзге көрініп, ақылға сыйғанды емес, адамның ішкі түйсігінің қатпарындағы тылсымдарды ашу. Түйсіктегі фигураларды суреттеу. Осы бағыттағы қазірге дейін атағы шыққан модернистер Ницше, Бэргсон, Фройд, Юнг қатарлы озық ойлы, сана төңкерісі көсемдерін өздеріне үлгі тұтқан, соларға деңгейлес ойшылдар. Осы ізденістері арқылы олар, əдебиетке ақыл-ойдың бейсаналық жаңа ағымдарын əкелді. Бұл ағым классикалык əдебиеттің өрісі тоқтағанын, бəрін де жаңаша жасау қажеттігін адамзатқа мойындатты.

ХХ ғасырдағы əдебиетте модернизмнің негізгі өкілдері саналатын Виржиния Фульф, Хэмингуэй, Кафка, Камю – барлығы кейіпкерлерінің бейсанасына (ішкі жан-дүниесіне) үңіліп, əпсана, ежелгі аңыздармен ұштасқан – бар мен жоқтың арасындағы (тасадағы) алуан түрлі сезімдерді, оның əрқалай өзгеріс, құбылыстарын суреттеді. Модернизмдегі осы түрлі сезімдер жұптаса дами келіп, əдебиетте біз сөз етіп отырған «постмодернизм» деген атауды қалыптасмтырды. Адамның ақыл-ой, сана сезім, ішкі түйсік, жан-дүниесін толық суреттеуге, жаратылыстың түгел құпиясын ашып беруге сөз де, ойы да жетпесі белгілі. Оған қазіргі өркениеттің оқтай атылған түрлі өзгеріс, түрлі жаңалықтарын қосыңыз. Бұлардың барлығы адамның ішкі санасына өзгеріс жасамай қоймайды. Сол тұрғыдан постмодернизм дегенді ешбір қалыпқа сыймайтын сезім түйсігінің бейөзгерістері деуге болады. Постмодернизмге өткен дəуірлердегі түгел ағымдар, классикалық реализмнен бастап жалпылама абстракт ұғым, түйсіктердің барлығы жатады. Модернизмнен айырмашылығы: модернизмде «өнер өнер үшін» деген қағида ұстанып, өнер мен əдебиетті бұқаралық (масс) жəне элиталық деп бөлген болса, постмодернизм бұлай топтарға бөлмей, жалпылама қарастырады. Сол себепті сіз айтып отырған туындылар нағыз постмодернистік деңгейде болса, оқырман оны түсінбеуі мүмкін емес. Əсіресе, қаламгерлер арасында. Бұған Пикассо суреттерін мысал етуге болады…

Абзал СҮЛЕЙМЕН: – Жалпыға түсінікті болу үшін, тырнақша ішіндегі «түсініксіздіктің» не екенін білуіміз керек сияқты. Қазір біздің шатасқанымыз сонша, бұл сұрақ төңірегінде дөңгелек үстел ұйымдастыруға мәжбүрміз. Қалыпты жағдайда, яғни әдеби сауатты ортада бұған сонша жыл бас қатырмайтын едік. Енді біз желіде көбейген «түсініксіздік» туралы сұрақтар мен оған берілген жауаптардың өзін іріктеуіміз керек деп ойлаймын. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп кимелеп кететін көлденең көк аттыларды да көріп жүрміз. Ол аз болса, уикипедиялық ақпараттарды айылын жимай айлап қайталайтын энициклопедиялық «білім» иелері де өзін интеллектуал көрсеткісі келетіні тағы бар. «Аңқау халыққа арамза молдалар» көбейіп, адам санасындағы өнер туралы түсінікке атүсті қараймыз. Содан да болар, біз осы сұрақ төңірегінде әлі тартысып жүрміз. Тіпті оған ат бере алмай, «түсініксіздік» деп қоямыз. Түсінейік десек біліміміз жетпейді, не ішіміз тар, түсінбедік деп айтуға тағы ұяламыз. Біз «ақ өлең» туралы осылай сыртын айналдырып айтып, тігісін жатқыза салғымыз келеді. Терең поэзияға, жаңа поэзияға ат үркетін ат қоюды доғарып, нақтылауды бастағанымыз жөн секілді. Ал «сканворд жазсам жаңашылмын» – деп ойлайтындар туралы әңгіме мүлде басқа. Қолдан жасалған күрделілік цирктегі сиқыр секілді – жасанды. Бұған да қазіргі әдебиеттану ғылымының кенже қалуы әсер етіп тұрғандай. Қазақ әдебиетінің айналасындағылардың барлығы дерлік сауатсыз деп айтпаймыз. Алдыңғы буын ағалар мен өзіміз қатарлы жас жігіттердің арасында да берері мол қаламгерлер қаншама. Дегенмен «өңшең» «изм» деп әдебиеттанудың терминдерін білгісі де келмейтіндер де көсемсіп кететіні тағы бар. Постмодернизмді нақты мынау деп тамырын басып айта алмасақ та, қоғам сол кезеңде екенін білеміз ғой. Сол қоғамда жазылған шығармаларда постмодернизм элементтері кездесетіні анық. Дегенмен міндетті түрде постмодернистік шығарма жазылу керек деген де аксиома жоқ. Постмодернизм – жазу тәсілі емес, таным мен эстетиканың өзгеруі. Формалық, жүйелік жаңа кеңістікке бет алу деп түсінгеніміз дұрыс сияқты.

Ықылас ОЖАЙ: – Ешкім өлеңді күрделі қылайын деп арнайы жазбайды. Күрделілік – адамның ойлау формасынан, еркіндігінен, ішкі қуатынан пайда болатын феномен. Әрине, мұны өтірік жасаушылар да болады. Бірақ өмірде бір нәрсе рас – ол мәтін. Мәтін – адам ойының негізгі айнасы. Мәтін арқылы адамның ампуласы, ішкі мәдениеті, ойлау формасы – барлығы көрініп тұрады. Қолаңса иіс айналасына қандай деңгейде байқалса, тоқыраған ойдан да, борсыған санадан да сондай иіс шығып тұрады. Мұны күрделілікті қолдан жасайтын адамдарға қатысты, есті оқырманның оп-оңай аңғара алатындығы хақында айтып отырмын. Адамның кез келген жазып отырған тақырыбын өн бойына тоқығаны, ішіне тұндырғаны, оны болмысымен түсінуі мен түсінбеуі сезіліп тұрады. Бұл – бірінші. Екіншіден, дәстүршілдер үшін «түсініксіздік» ұғымы мынадан шығады деп ойлаймын. Сөз де, ой да қозғалмалы болғандықтан, өзгеріс кез келген нәрсеге тән. Ой да, сөз де – эволюциялық құбылыс. Біз бір нәрсені жанымызбен сақтағымыз келсе, онда ол өзгеріске түспейінше сақталмайтынын ұғуымыз керек. Өзгеріске түспеген дүние догмаға, кертартпалыққа әкетеді. Өзіңіз ойланып көріңіз, қазіргі қоғам – қандай қоғам? Бұл – индустриялды қоғам, технакраттық қоғам. Сондықтан қоғамның қозғалысына сай тіл техникаланады, ой да, соған сәйкес мәтін де сығымдалады, мәтін сығымдалғаннан кейін образ өзгереді. Біздің ең қасіретіміз әлі сол – Мұқағалидың теңеуін, Төлегеннің сөз саптауын жастарда жоқ деп санаймыз. Олай болуы мүмкін емес, қазіргі заманның образы мүлдем басқа. Мысалы, ендігі он-он бес жылдың бедерінде «қоңыр салқын» деген ұғымды біз өз баламызға кондиционерден шығатын салқындықпен ғана түсіндіретін боламыз. Келіссеңіз де, келіспесеңіз де – шындығы осы.

Келесі сұраққа келсек, қазақ әдебиеті постмодернизмге қадам басты. Ауызды қу шөппен сүртіп, қарап отыруды керегі жоқ. Жалпы, бұған қатысты және дәстүршілдік пен жаңашылдықты қарсылығына байланысты көп дүние айтуға болар еді…

«ЕҢ КҮРДЕЛІ, ЕҢ ІЗГІ ОЙЛАР ҚАРАПАЙЫМ БОЛАДЫ»

 «Қ.Ә»: Шығармалары «бұқара халыққа арналмаған», өзін «түсініксіз санайтын» қаламгер өз шығармашылық әлемінен стимул, жігер алуы мүмкін бе?

 Жүкел ХАМАЙ: – Егер алдағы жазылатын туындысы санасын түртіп оятпаса, оны орындау үшін жазушы іштей ізденбесе, жазуды мақсат тұтпаса, мақсатына жету шартын толық орындамаса, ол адам «қаламгер» деп аталмас та еді. Ал туындының оқырманға түсінікті, түсініксіз болуы – бөлек əңгіме. Оның əртүрлі себептері болуы мүмкін. Ол қаламгердің білім деңгейіне, сезіну ерекшелігіне, ойына, ойлау қабілетіне, психолгиясына да қатысты. Шынайы қаламгер өзіндегі бар нəрсе – ішке түйген қазынасын жазады. Ойлау қабілеті терең жазушыны оқырман түсінбей жатса, оқырманның санасына қатысты да, саналы оқырманға түсініксіз болса, қаламгердің кəсібилігіне қатысты. Үлкен əдебиетте бұқаралық (масс) жəне ізгілікті оқырмандарға деген ұғым бұрыннан бар. Ал кəсіби жазушы ойға алғанын толық орындап шыққан жағдайда еңбегінен қанағат алуы – шартты ұғым. Жалпы, шынайы туындыны  «ұғынықты», «ұғынықсыз» деп баға беру əдеби түсінікке жатпайды.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ: – Түсініксіз болып көріну де, түсініксіз болу да – стимул емес. Мен – өз мақсат-мұратымды айқындап алған жанмын. Ал «ымды білмеген дымды білмес», «көрмес түйені де көрмес» дегендегідей жағдайлар болса, қоршаған ортам, қоғам мені ақын емес, журналист емес, жай ғана фотограф деп қабылдаса, бұған кім кінәлі?! Сөз басында айтқан мұратыма адалдық таныта алмай жүрсем, кінәлі – өзім. Әріптерімнің арасында адасып, тармақтарымның ортасында шатасып жүрсе, кінәлі – оқырман. Бұл жерде фотосуретші қауымға тіл тигізгім келіп отырған жоқ. Басымнан өткен жағдайды айтқым келеді. Алматыдан ауылға қайтып келіп, аудандық газетке қызметке орналасқан алғашқы күннен-ақ жұмысқа белсенді араластым. Аудандағы кез келген іс-шараға редакцияның фотоаппаратын арқалап тартып отыратынмын. Газетте мақалаларым, өлеңдерім дүркін-дүркін басылды. Бірақ, сол кездерде әлгі жиынға жиналғандардан: «Әй, фотограф бала, бізді түсір. Сосын шығарып бер!» дегенді жиі естідім. Қоғам солай қабылдады. Мені ғана емес, менің қаламдастарымды да! Менің өлеңімнің өзегіндегі «шырылды» түсінбеген оқырманның кеудемдегі қыжылды ұға қоюы екіталай?!

Бірақ бұл жерде айтар ойым жалпыға бірдей жетсін, сөзіме барлығы құлақ түрсін дегенім емес. «Бұхара-халықтың» ішінде қалам ұстаған жұрттың өзін, сөзін, қадамын бағып отырған мәртебелі қауым бар. Иә, олар ерекше құрметке ие. Себебі олар – оқырман. Қазір тыңдарман мен көрерменнің қарасы қалың: тыңдау, көру – оңай, жеңіл. Кез келген жерде, кез келген жағдайда тыңдауға, көруге болады. Ал оқу үшін ерік-жігер, төзім, ең бастысы ықылас-пейіл керек. Мен және менің замандастарыма уақытын бөліп, зейінін салып жүрген оқырманды құрметтеуіміз керек. Олар «Еламан не жазды екен?» деп ден қойғанда, олардың көңілін қалдыруға хақым жоқ. Сол себепті сондай құрметті қауымға «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер» жырлар ұсынуым керек. Менің стимулым – осы. Айналамда сөз ұғар жандар бар. Санаулы болса да, бар! Барының көңілін қалдыруға, «түсініксіз» болып түңілдіріп жіберуге болмайды. Олар өзіне қажеттіні тауып алады.

Светқали Нұржан ақынды «Ұлт» порталында Айбол Исламғалиев пен Шерхан Талап достарым «тергегенде»: «Ақын үшін ең ауыр жаза – ишара-ымыңды ұлтың түсінбей қойса, міне, бұдан кейін өміріңде қара бақыр құн қалмағандай көрінер…» – деген еді. Менің де айтпағым – осы. Түсініксіз болудан қорқамын. Өзге түгіл, өзімді-өзім түсінбей қалудан үрейленемін.

Ықылас ОЖАЙ: – Е.Раушанов туралы жазған мақаламда  «Түсініксіздік», «Күрделілік» ұғымдарына үңілгенмін. Онда мен Альбер Камюдің «Мықты жазатындардың түсіндірушілері, ал қарапайым жазатындардың оқырманы ғана болады» деген пікірін өзімше таратқанмын. Шындап келгенде Камюдың бұл айтып отырғаны – өте жақсы ой. Бірақ мен ең күрделі, ең ізгі, ең классикалық ойлар қарапайым болады деп ойлаймын. Бұл сөзіме Есенғалидың «Біздің егемендік хақында екі ауыз сөз» өлеңін мысал ретінде келтіргенмін. Мен Тәуелсіздікті және біздің менталды санамыздағы іс-әрекетті бұдан артық айту мүмкін емес деп ойлаймын. Сол мақаламда: «Егер біз мұны жазсақ байбалам салып, тәуелсіздікті талады, жеді, құртты деп айтқан болар едік» – деп айтқан едім. Ал «аяғыңа қарасаң шідерің жоқ», бірақ «жіліншік қақсайды». Неге  қақсайды? Міне! Осы өлең қандай қарапайым һәм қандай күрделі?! Ұлттың ішкі тіні, ішкі болмысы өзегімен қарасаң, бұл – өте күрделі, құрылымдық жағынан қарасаң – өте қарапайым өлең. Сондықтан біз мынау қарапайымдылық пен қарабайырлықты шатастырмауымыз керек деп есептеймін. Асқар Сүлейменовтің «өнердің түбіне сорпа бетінде қалқып жүретін түсінікті идея жетеді» деген ойы қарабайырлыққа қатысты айтылған.

Абзал СҮЛЕЙМЕН: – Бәрінің атынан жауап беруге болмас. Мен үшін сіздің айтып отырғаныңыз стимул емес. Жалпы шығармашылыққа «түсініксіз» деп баға беруге болмас. Ол әдебиетші этикасына сай емес деп ойлаймын. Бастысы ол өнер туындысы болса, оған қосымша «ярлык» жабыстыру қате шығар. Қаламгер  стимулы өзіне ғана тән мотивацияға тәуелді. Жазылған дүние жарық көргеннен кейін ол автордан бөлек өмір сүруі тиіс. Сол үшін де оқырман ойы оған стимул бола алмайтын шығар.

ӨНЕР НЕҒҰРЛЫМ ПІРАДАР БОЛҒАН САЙЫН МІНЕЗСІЗДЕНЕ БЕРЕДІ

 «Қ.Ә.»: Постмодернизмге дейінгі сатылар мен әртүрлі ағымдарды соцреализм шекпенінен шыққан қазақ әдебиеті басынан толық өткерген жоқ. Енді оның өтеуіне не бермек? Ол бостықтың орнын біздің әдебиет немен толтырмақ?

Ықылас ОЖАЙ: – Постмодернизмге дейінгі сатылар мен әртүрлі ағымдарды соцреализмнен шыққан қазақ әдебиеті басынан өткерген жоқ деген ұғыммен белгілі жағдайда келісуге болады. Шындығында да, мына біздің ілгерідегі әдебиетті кәсіби әдебиеттің критерийлеріне жауап береді дегеннен гөрі үгіт-насихатқа, пропагандаға жақын деуге болады. «Шолпанның күнәсін», «Ақбілекті» тудырған қазақ әдебиетінің ойлау формасы әлдеқайда жақсы еді. Өкінішке қарай, Алаш арыстарымен бірге біздің санамыздың ойлау формасы да құрып кетті. Ал олар ойлаған форма – әдебиеттің ойлау формасы ғой. Егер осы тұлғалар тұрғанда қазақ әдебиетінің бүгінгі өресі, ойлау жүйесі әлдеқайда терең қатпарларды қаузаған болар еді. Ол сөзсіз. Сондықтан біз біршама кенжелеп қалдық. Әдебиет белгілі бір жоспар бойынша, белгілі бір тапсырмалар бойынша жазылды. Соның негізінде Майлиннің «Мырқымбайы», С.Мұқановтың «Шоқпыты» секілді шығармалар идеалға айналды. Бұл, әрине, үлкен әңгіме.

Осы жерде қосарлап айта кететін дүние — мына әлем әдебиетіне қатысты біздің көзқарасымыз қызық. Жапон, Латын Америкасы, ағылшындар мен орыстардың әдебиетін білген адамды әлем әдебиетін біледі деп есептейміз. Негізі, сол әлем әдебиетінің ішіне сенің де әдебиетің кіреді. «Әлемнің» ішінде біз де бармыз. Әлемге ұмтылу деген – сенің өз-өзіңді ұмытуың, өзіңді өзің қор санап, жоққа шығаруың емес қой. Сондықтан кез келген құндылық, кез келген әдебиет сіздің есігіңізден сәлем беріп кіруі керек. Кез келген ой, кез келген идея сіздің қазаныңызда қайнауы керек. Бізде синтездеу тұрғысынан ішкі әлсіздік бар. Сол себепті қазіргі әдебиетте бір өркениетті өлшемдеп, батыс секілді жазу, жапон секілді жазуды айтады. Шындап келгенде ол жапондарға қызық емес. Бұл ретте ұлттың «мені» алға шығу керек деп ойлаймын. Біз ұтылғанбыз. Ол бостықтың орнын біз ұлттық калоритпен, әдебиетті өркениеттік контекстте синтездеумен, шексіз ізденіспен, махаббатпен толтыру керек деп ойлаймын.

Жүкел ХАМАЙ: – Бұлай «соцреализм топ ете түскен» деп анықтауға болмайтын шығар. Себебі, біздің əдебиет тəуелсіздікке дейін тек реализм, соцреализм қағидалары арқылы зерттеліп келгені болмаса, хатқа түскен (түрік бітіктері, жыраулар поэзиясы, револиюцияға дейінгі, одан кейінгі… т.т.) əдебиетімізде бүгінге дейінгі əдебиеттің барлық түрі бар. Мысалға: поэзиядан Махамбет, Абай, Мағжан, Жұмекен, Тыныштықбек, т.б., прозадан М.Əуезов, Ж.Аймауытов, Ə.Кекілбай, М.Мағауин, Д.Исабеков, О.Бөкей, Т.Əбдік, Д.Амантай, Н.Қуантай, Д.Қуат, т.б. дейінгі аралықты қарайықшы! Бұлардың туындыларында соцреализге дейінгі, одан кейінгі əдебиет теориясында аталған ағымдардың бəрі бар. «Түйенің танитыны жапырақ» деген сияқты қазақ жазушыларын Хемингуэйдің, Борхестің, Кафканың, тағы басқалардың мəнерімен жазбады демесек!? Ал бүгінгіге келсек, Ақберен мен Ерланның қатарластарының, содан кейінгілердің,  Лира, Аягүл құралпы қыздардың туындыларын толықтап, толтырып түгелін атап, жеке-жеке талдап (мейлі, постмодернизм бағытымен!), солардағы жаңашылдықты неге талдап жазбаймыз. Бір ғана Лира Қоныс қызымыздың адамның ішкі сана, ішкі түйсігіне бойлаған əңгімелері Борхестен, Камюден кем бе?! Кейбір əңгімелерінен постмодернизм өкілдерінің сөйлем құрау үлгілерін, солардың қайсысына еліктегенін толық аңғаруға болады.

Жалпы, əдебиет жоқтан бар болмайды. Бардан үйреніп, соны жетілдіреді. Постмодернизм де, жоғарыда айтқандай, сананы, бейсананы, ақыл-ойды, түйсікті, ішкі түйсікті жетілдіруге, соны суреттеуге бағытталған ізденістен туындаған сəттік ой, сəттік түйсіктерді əсірелеусіз жеткізуді ұстанады. Кейбір постмодернист жазушылардан өзі табынатын жазушылардың сөздерін сол қалпында көшіріп алу (Борхес), ойдан шығарылған дерек пен нағыз деректің араласып кетуі, оқырманға түсінікті болуы үшін суреттеп отырған оқиғаны тастай салып, өз ойының мағынасын түсіндіріп кету жиі кездеседі. Бұл – постмодернисттердің алдыңғылардың ізін жалғастырушы, бұл əлем бар болғаны жазымыштар баяны, түгел нəрсе хатталады, хатқа түсіруге болады деген ұстанымдарынан. Роб-Гридің шығармалары Сартрдың, Камюдің шығармаларына ұқсастығы байқалатыны да сондықтан. «Салыстырмалы» теңдікті түсінікті постмодернистер берік ұстанады. Əрі мұны шебер игереді. Кез келген нəрсені бұлтартпас шындық дегеннен қашады. Шындықты бір ғана адаммен дəлелдеуге болмайды деп көреді. Сол себепті, постмодернизм түрлі өнер, түрлі ақыл-ойдың жиынтығынан тұратын əдебиеттің үлгісі. Дəл осы тұрғыдан алсақ та, біздің əдебиетімізді (жалпы өнерімізді!) соцреализм деңгейімен өлшеуге болмас!

Абзал СҮЛЕЙМЕН: – Біз соцреализмнен бірден постмодернистік қоғамға түстік. Енді орнын толтырамыз деп артқа қайтудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Сіз айтып отырған кезеңдер өткен ғасырда аяқталып қойған. Ол кезеңдерді біз бәрібір бастан кеше алмаймыз. Әдебиет жоқтан бар болмайды. Бар нәрсенің жалғасы ғана болмақ. Сол үшін де дәстүрлі һәм жаңашыл топ арасында бос кеңістік жоқ. Бір-бірінің жалғасы ғана. Эсхил өз шығармалары туралы: «Гомердің қазынасынан шашылып қалған дәндер», – деп айтады ғой. Қазіргі жаңа қазақ поэзиясы бұрынғының жалғасы деп білген жөн. Заман ағыны ақпаратты қолжетімді еткенде, тек қазақ әдебиеті ғана емес, шығармашылық адамы күллі әлем әдебиетінің жауһарларын рухани азық қыла алады. Оның формалық өзгерісін, кеңістігін өз тілінде пайдалана алады. Қазақ поэзиясының ауқымын өсіре алады. Бізге маңыздысы осы ғана. Қазақ тілінде жазылған әрбір шығарма – қазақ әдебиетінің өнімі.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ: – Ағымдар арасындағы бос кеңістікте тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын.

 «Қ.Ә»: Көп қайталанған сұрақ болса да, қойғымыз келіп отыр: өнер – өнер үшін бе, халық үшін бе?

 Жүкел ХАМАЙ: – Бірінші сұрақтың жауабында айтылды. «Өнер өнер үшін бе?» дегенге модернистер «Иə» деп, жауап беріп, ары қарай «массалық өнер», «элиталық өнер» деп жіктеген. Қазіргі постмодернизм бұны жоққа шығарып, өнерді «жалпылық» деп, кез келген адамға түсінікті бағытқа бет алған. Жəне де кез келген өнерді өнер иесі өзгенің тұрғысынан ойлап жасамайды. Өзіндегі барды жетілдіріп, оны өзгелердің тұтынысы болдыру үшін көпке (нарыққа) ұсынады. Қойылатын шарт – өзгелерге пайдалы, солардың қажетін өтеуі керек. Əрине, өнер – өлшем бола алады. Өнерсіз, жаңалықсыз, берер пайдасыз дүниені ешкім қажетсінбейді. Əдебиетте жазған кітабың өтпейді. Өнер үшін болатыны – өнер деңгейіне жетуінде ғана. Өзге үшін, халық үшін ешкім де өз өмірін сарп етпейді. Өзгеге қажетің туған  сəтте қол ұшын беру – адамгершілік өлшемі. Ұлыларымыз бізге «Əдебиет – өнер емес, кəсіп!» деп, дəріс берген. Кəсібіңді халыққа пайдалы ету – кəсіби деңгейіңе қатысты. Сондай-ақ, ұдайы жаңара дамып, жаңғырып отыруы шарт.

Ықылас ОЖАЙ: – Өнер – өнер үшін, халықтың оған қатысы жоқ. Біз «өнер – насихат», «өнер – халық үшін арналған» деген секілді кеңестік инерцияның негізінде түсінетін секілдіміз. Өнер туралы Ж.Дериданың сөзі бар: «Әдебиетсіз демократия, демократиясыз әдебиет болмайды». Әдебиетте еркіндік, шындық ол демократиялық құндылықтарға жауап беру керек. Еркіндік болмаса әдебиет те өспейді. Ал шығармашылық адамы бағынышты болса, біреудің тапсырмасын орындаса, әдебиет әдебиет болмайды. Оның биліктен, халықтан тысқары болатыны сол. Екіншіден, бұл өнер жалғыздыққа, «сорға», «мұңға» тән нәрсе. Біз мені бағаламады, маған шен-шекпен бермеді, қадірлемеді деген түсініктен кетуіміз керек. Жазсаң да жазасың, жазбасаң да жазасың деп ешкім мылтықтың ұңғысын желкеге төсеп тұрған жоқ. Жазған екенсің, оны бұлдамау керек. Бұл – шығармашылық адамының негізгі миссиясы. Өнер осылай жасалады. Оны бағалау, түсіну өркениетті қоғамның шаруасы.

Абзал СҮЛЕЙМЕН: – Өнер – өнер үшін. Автордың өлімі – өнер туындысының жеке өмір сүруіне, оқырман санасында өмір сүруіне мүмкіндік береді. Автор тарапынан өнер – өнер үшін. Оқырман тарапынан өнер – өзі үшін. Таласбек Әсемқұловтың: «Қарапайымдылықтың екі түрі бар. Бірі – оқырманның қарапайымдылығы, дәлірек айтқанда, қарабайырлығы. Екіншісі – ақынның қарапайымдылығы. Акутагаваның сөзімен айтатын болсақ, «адам айтқысыз күрделі қарапайымдылық» (простота невероятной сложности)». Оқырманның қарапайымдылығына жету үшін – төмен түсу керек, ақынның қарапайымдылығына жету үшін – өрлеу керек. Демократизмнен тыс тұрған, ол аз десеңіз демократизмның не екенінен бейхабар бір нәрсе бар. Ол – жазу стилі. Ұлы поэзия өзінің жазу мәнерінде демократизммен ешқашан санасқан емес. Бір ғұламаның айтқаны бар ғой. «Шын демократ жазғанда тобыр сияқты – шын жүректен, қарапайым және нашар жазады» деп. («Истинный демократ пишет как толпа – искрене, просто и скверно»). Шамасы пірадарлық пен нашар өлеңнің арасында, біз сырына ешқашан жете алмайтын құпия, симпатикалық байланыс бар. Өлең неғұрлым момын, неғұрлым пірадар болған сайын мінезсіздене береді, нашарлай береді. Керісінше ақыреттің табалдырығына баруға қорықпай, адам пенденің ең көлеңкелі сырларын ашқан сайын поэзия асқақтай түседі. Қабылдаңыз, қабылдамаңыз – жыр өнерінің заңы осы. Себебі, рәсімге құрылған мына дүниемен ешқашан сиыспайтын ақиқат адамның ішкі дүниесіндегі түпсанасында сақтаулы тұр», — деп жазғаны бар. Менің осы пікірге алып-қосарым жоқ. Бұл айтылған оймен біз бірінші сұраққа да жауап беретін сияқтымыз.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ: – Меніңше, өнер – халық үшін. Жоғарыда «Шынайы оқырманның ықылас-пейілімен ойнауға болмайды», – дегенді айттым. Мен – оқырман ретінде сырласқан қаншама баба, ата, аға буын өкілдеріне қарыздармын. Олар менің көкірек көзімді ашты, санама сәуле түсірді. Мені «Адам» қылып қалыптастырды. Өзімді жақсы адаммын демеймін. Бірақ жақсы болуға талпынып жүрген жанмын. Сол талпынысымның бастауында – әдебиет тұр. Алпысыншы жылғы әдебиет өкілдері қандай қыспақта жүрсе де, өмірлері ұстараның жүзінде тұрса да, желкеден төніп тұрған қызыл көздерден қаймықпай қалам ұстап, бүгінгі еркіндіктің негізін қалап кетті. Сол дәуірде туған шығармаларды оқыған жастардың бойында тұтанған алау, алапат жалынға ұласып, құламастай көрінген тас қамалдың күлін көкке ұшырды емес пе?! Талай жыл бұғып, булығып, қысылып жатқан ұлттық рухтың бой көтеруіне – өнер осылай ықпал етті.

Ал қазіргі заманда өнердің халық үшін жасар қызметі үлкен. Бірақ өнер атын жамылып, арзан атаққа ұмтылғандар; аталы сөздің қадірін қашырған ессіздер; санасы белден төмен түсіп кеткен «блогерлер»; ата-әже, әке-ана, ағайын-туыс, дас-жаран алдына шығып алып, «Құдайдан ғана қорқыңдар! Өз өмірлерің өз қолдарыңда» деп ақыл айтатын ұяттан безгендер – «Алтын күн аспанымыздың» астында өріп жүр. Өздерін «Өнер адамы» санайды. Мен айтып отырған халық үшін жасайтын өнер бұлардыкі емес. Олардан Құдай сақтасын!

«Әлемнің мынау нәзіктігі – ардан, мықтылығы да – ұяттан» деген Ерлан ақынның өлеңі санамды жиі түрткілейді. Сондықтан, мен де қалам ұстаған жастардың қатарынан болған соң, халық үшін жазуым керек.

«Алқа» отырысын ұйымдастырған Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір