ЖҮЗ ЖАСАҒАН ЖУРНАЛИСТКЕ ҚҰРМЕТ
27.08.2021
516
0

Қаламгер-журналист Ханымбүбі  Ақжолова туралы «Қазақ әдебиеті» газетінде көлемді мақала жарық көрген болатын (№21, «Қазақ әдебиеті» газеті).  Жуырда әжеміздің жасы 100-ге келді. 100-ге келген журналистің  шәкірті,  жазушы Нағашыбек  Қапалбекұлы бізге ғасырды көрген қарт қаламгердің құрметке бөленгені туралы қысқаша әңгімелеп берді.

 – Жүз жасқа  әркім келе бермейді. Ал, журналисттің жүзге келуі, тіпті, ерекеше еленсе керек деп ойлаймын.  Ханымбүбі  әжеміздің ғасырға толған жасын ел-жұрт қалай қабылдады?

– «Қазақ әдебиеті» газетіне  мен ол кісі  туралы  арнайы  мақала жазып жіберген болатынмын.  Тақырыбын «Жүзге  келген қаламгер» деп қойсам, газеттің бас редакторы  Дәурен Қуат  «Улы Сталин жасасын!» деп  газеттің  айқара  бетіне  мақаланы  тұтас беріпті. Редактордың тақырыпты осылай қоюында үлкен мән бар. Соны қысқаша баян етейін.

Сталиннің қылышынан қан тамып тұрған заман. Ел жақсылары шетінен «халық жауы» атанып, айдалып, атылып кетіп жатқан кез. Сол уақыттағы жап-жас қыз – Ханымбүбі Ақжолова басқаратын аудандық газетте латынша «Ұ» әрпінің басындағы ноқаты ұшып кетіп, «У» жазылыпты да, «Ұлы Сталин» «Улы Сталин» боп шыға келіпті. Сол үшін газетті баспаханада беттеген жігіт ит жеккенге айдалып, жас редактордың жаны әрең қалған екен. Бұл оқиға жайында «Улы Сталин жасасын!» атты мақаламда кеңірек жазған болатынмын.

 Мақала «Қазақ әдебиетінде» жарияланған соң, жан-жақтан телефон шалып,  пікір білдірушілер көбейді.  Алматы облысы  әкімшілігі  ішкі  саясат  бөлімінің  басшысы  Рахмет Есдәулетов  дереу  хабарласып,  әже жайлы жан-жақты  сұрап,  облыс  әкімі  Амандық Баталовқа  айтыпты.  Дереу 100 жылдықты  өткізу жөнінде  шаралар белгіленді. 

Талғат Сүйінбаев  «Егемен Қазақстан», Салтанат  Әшімова «Үшқоңыр», «Әділет» газеттеріне   Ханымбүбі  әже  туралы жазғандарын жариялады. «Қазақстан», «Жетісу» телеарналары  хабар түсіріп, көрсетті.

– Ақжолова  апамыз  жүзге келсе де, қолынан қаламын тастамай кітап жазып тастапты ғой. Рас па?

– Иә, «Бір ғасыр биігінде» деген  кітап  жазды. Ол кісі – көргені көп, білгені  мол  тағдырдың  тар жол, тайғақ кешуінен өткен жан. Жастық шағы  соғыс  кезеңімен тұспа-тұс  келді. Он бес жасында  алғашқы  мақалалары аудандық газеттерге  жариялана бастады. Содан бергі  сексен бес жылда  қолынан қаламы  түскен емес. Бір ғасырлық өмірінің  бүгінгі  төріне  Ханымбүбі әжеміз барша адамзат баласы үлгі алатындай сәнімен, салтанатымен шығып отыр. Ғасыр жасаған ананың жасы – ғибыратқа толы жас. Апамыз  көргенін,  көкірегіне  түйгенін ақ қағаз бетіне  түсіріп, мерейтойына кітап етіп шығарды.

– Әжеміздің  ғасырға  толған  мерейтойы  қалай өтті?

– «Бір адам жаққан отқа жүз адам  жылынады», ал «бір  адам қазған құдықтан  мың адам қанып  су ішеді». Ол кісінің  шәкірттері, қаламдас іні-сіңілілері жан-жақтан көптеген құттықтаулар жіберді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Қазақстан Республикасының  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Алғыс хатын арнайы келіп тапсырды.

«Шежірелі, тағдырлы бір ғасырлық ғұмырыңызда қаншама жанның жан  дүниесіне үңіліп, игі істерін жазып, халыққа паш еттіңіз. Сіздің дидарыңыздан мейірім шуағы төгіліп тұр. Сөзіңіздің бәрі – ақ бата: елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тілейсіз. Көз алдыма өзімнің жасы жүзге тақап өмірден өткен Әйнеке әжем келгендей болды. Мейірім шапағатын төгіп жүретін ақ тілеулі, ешкімнің ала жібін аттамаған ақпейіл жандар қашанда ұзақ жасайтынын ғалымдар дәлелдеді емес пе!  Сізге зор денсаулық тілейміз!» – деді Мемлекет басшысының Алғыс хатын оқып болғаннан кейін Аида Ғалымқызы!   

Ал, Алматы облысы әкімінің  бірінші орынбасары  Ләззат Тұрлашев «Алматы  облысының  Құрметті  азаматы» атағының лентасын тағып,  куәлігін берді. Қазақстанның халық жазушысы, ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді  жақындастыру орталығының  директоры Олжас  Сүлейменов  сөз  сөйлеп,  «Невада-Семей» антиядролық қорының  медалін тақты. Жамбыл, Қарасай  аудандарының  әкімдері  Нұрлан Ертас, Жандарбек  Далабаевтар ел-жұртының  ыстық  ықыластарын  жеткізді.

«Қарты бар елдің – қазынасы бар».  «Көпті  көрген  дана болады» демекші, жерлесі, бүгінгі елағасы  Әскербек  Абаев Ақжолова  апамыздың  ғұмырнамасы жайлы  әдемі  естеліктер айтып, құттықтады. Мерейтой иесіне Қазақстан Журналистер одағы мен Журналистика академиясының құттықтау хаттары табыс етілді.

Әрине, әр ана  баласымен бақытты. Ханымбүбі  апамыздың  қызы  Света  Айткелдіқызы  бүгіндері биология  ғылымдарының докторы, Мемлекеттік  сыйлықтың  лауреаты, үлкен оқымысты ғалым. Ол жиналғандарға  ыстық  ықыласын  білдірді. Жүзге келген  қаламгер  әже  ел-жұртына  арналған ақ батасын  берді.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Арайлым САҒИДАНОВА

 

                                       

 

 

Фотосуреттерді түсірген Н. Қизатов

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір