ӘЛІМЖЕТТІК КӨРГЕН  «ӘЛІППЕ» ҚАЙТА ОРАЛДЫ
27.08.2021
948
0

Білім күнінде 1-сынып оқушыларына «Әліппе» салтанатты түрде табысталады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов аппарат жиналысында мәлімдеді. «Осы салтанатты шарада алғаш мектеп табылдырығын аттап жатқан 1-сынып оқушыларына «Әліппені» ұстатуымыз керек. Бұл – өте жақсы дәстүр. «Әліппе» – баланың ең алғашқы оқулығы. Сондықтан былтыр айтқандай, Әліппені дайындадық. Жалпы Әліппе дайын. Өңірлерге жеткізіліп жатыр», – деді Асхат Аймағамбетов.

 Осы тұста өткенге азды-көпті көз жүгірткенді жөн көріп отырмыз. Қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулығының атасы Ахмет Байтұрсынұлы 1910 жылы қазақ графикасын жасауға кіріседі. Содан 1912 жылы «Оқу құралы» деген атпен Орынбарда жарыққа шыққан алғашқы Қазақ әліппесі 13 жыл ішінде 9 рет қайта басылған екен. Автордың бұл бағыттағы алғашқы кітабының беташары – өзінің «Тарту» өлеңі. Сондай-ақ «Оқу құралының» (Әліппеге жалғасы) 2 кітабы 1913 жылы жарық көріп, 1924 жылға дейін 4 рет басылып шығады. Одан кейінгі «Оқу құралының» (Әліппеге баяншы) 3 кітабы 1913-1921 жылдар аралы­ғын­да 2 рет жарық көреді. 1926 жылы «Әліппенің» жаңа түрі жазылған. Бірнеше буынға қалам ұстатып, кітаппен достастырған «Әліппе» содан бері қолданыстан түспеді. Тек 2016 жылдан бастап сол кездегі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің шешімімен «Әліппе» оқулығының орнын «Сауат ашу» басты. Ел мектептері Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың сөзімен айтсақ, «Асылына адам ақылы жетпейтін» «Әліппесіз» бес оқу жылын өткізген еді. Сағадиевтің солшыл көзқарасы қанша сыналса да, міз бақпаған-ды. Ақыры, экс-министрдің тарихи қателігін қазіргі министр Асхат Аймағамбетов түзеді! Әлділердің тарапынан әлімжеттік көрген «Әліппенің» осы күні білім ордасына қайта оралғанына ел болып қуанып, бір-бірінен шүйінші сұраған жұрт көп.

 Жыл құсы оралғандай осынау тамаша жаңалыққа балалардан бұрын ата-ана мәз. Қуанышты еселейтін тағы бір жәйт: оқулық Ахмет Байтұрсынұлының 1912 жылғы Әліппесіндегі басты қағидат негізінде әзірленген. «Бұл әдістеме бойынша көп рет мәселе көтерілді. Оның негізгі ұстанымындағы дыбыспен жаттығу, әрбір дыбыстың сөз жасаудағы қызметін еске алу, буын бойынша оқу, оңайдан қиынға, жеңілден күрделіге өту қағидасын сақтадық», – деді министр. Оның сөзінше, «Әліппе» бойынша әдіскерлер мен ғалымдар ауқымды жұмыс атқарған.

         Сонымен қатар, Асхат Аймағамбетов «Ана тілі» оқулығы бойынша да дайындық жүргізілгенін айтып отыр. Балалар бұрынғыдай I, II тоқсанда «Әліппе» мен «Букварьды», ІІІ тоқсаннан бастап «Ана тілін» оқиды. «Осы жұмысты барлық өңірлер тиісті деңгейде жүзеге асырады деп ойлаймын», – дейді министр.

 

Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір