АҚИҚАТҚА АР СЕРІК
14.08.2021
1188
2

Жазушы, журналист Мұхтар Қазыбек Түркістан облысы Түлкібас ауданының тумасы. Мұхаммед Хайдар Дулатидың еңбегін қазақ тіліне аударып, ғылыми айналымға енгізуге мол қайрат жұмсаған зерттеуші. Ұлт тарихын түгендеу мақсатында көптеген тарихи маңызы бар кітаптарды құрастырып, жинақтап, оқырманға ұсынды. Қаламгер сұхбатында тарихи тақырыптардың жазылуы, баспа бетін көруі, ғылыми әділдік турасында ой қозғайды. 

 «ҚИЛЫ ЗАМАН» ФРАНЦУЗ ТІЛІНЕ ТІКЕЛЕЙ АУДАРЫЛДЫ

 – Мұха, ұлт тарихын зерттеуде, тұлғатануда құнды еңбектерімен елге кеңінен танылып жүрген зиялы азаматтың бірісіз. Мен мұны зерттеу кітаптарыңызды талғамынан өткізген қалың оқырманның пікіріне қарап айтып отырмын. Жалпы тарихи тақырыпқа қалай келдіңіз?

 – Абай атындағы КазПИ-дің филология факультетін 1973 жылы бітірген соң, екі жылдай елде мұғалім болып жұмыс жасадым. Содан соң «Қазақстан» баспасына қызметке орналастым. Баспаның директоры белгілі аудармашы, қоғам қайраткері Мұқан Мамажанов болатын. Баспа ісіндегі ұстазым осы кісі. Тарихи дүниелерге деген бойдағы бала кезден құштарлығымның артуына ғылыми-көпшілік әдебиеттер редакциясы себеп болды. Бір редакцияның өзі жылына 300-дей баспа табақ кітап шығаратын, тиражы 2000-нан 50000-ға дейін жететін.

Тарихи тақырыпқа саяси цензура күшті болды, бақылауда ұстады. Алаш қайраткерлерінің аты аталмайтын, литоның тізімінде болатын. «Алғашқы қазақ дәрігерлері», «Ғасырлар қойнауына саяхат» деген кітаптардан саяси қате тауып, қайшымен туралды.

Баспада істеген жылдарда қазақтың би-шешендері, батырлары, этнографиясы, салт-дәстүрлеріне байланысты тақырыптарды көтеріп, нәтижесінде небір тың дүниелер дүниеге келді, 1990 жылға дейін көпшілікке Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билердің есімдері әлі белгісіз болатын. Төле бидің тікелей ұрпағы физика-математика ғылымдарының кандидаты, филология ғылымдарының докторы, ЭВМ арқылы Әуезовтың жиілік сөздігін жасаушы Қ.Бектаев Төле би туралы жазатын автор тауып беруді өтінгені бар. Ұсынысы белгілі ғалым, жазушы С.Дәуітов пен М.Қалдыбаевтың «Төле би» туралы кітап жазуына себеп болды. Өзім де қызығып, би-шешендер туралы материалдар жинап жүрген едім. Фольклоршы Н.Төреқұловқа қазақтың екі жүзден астам би-шешендерін жинаттырып, өзімде бар материалдарды да бердім, сол дүниелер үш кітап болып жарық көрді. Оның ішінде Қойбек би туралы мақала да бар еді. Бұл кітаптардың жалпы тиражы 55000 дана болып жарық көрді. 1988 жылы Наурыз мейрамын алғаш қолға алынған тұста елдің сүйіспеншілігі мен қуанышына айналып қайта түлеген ұлық мереке тарихына арнап, шұғыл түрде «Наурыз: жаңғырған салт-дәстүр» деген Журналистер одағының сыйлығын алған кітап құрастырып жариялаттым.

Баспагер болған соң архив материалдарымен де айналысуға тура келеді. Сондай жеке архивтің ішінде Б.Момышұлының қызыл қоңыр түсті мұқабамен қапталған екі томдық материалдарымен танысып, жұмыс істеуімнің сәті түсті. Бұл қуана қолыма алған баға жеткісіз асыл қазына, қымбат әдеби, тарихи мирас болатын. «Психология войны». Книга-хроника деген атпен бұл материалдар 1990 жылы 20000 данамен «Қазақстан» баспасынан жарық көрді. Кітапқа «Психология войны» деген атты Баукеңнің дәрісінің мәтінінен алып қойған едім. Бұл еңбек шет елде әскерилер ішінде үлкен сұраныс тудырды. Оны әскери оқу құралы ретінде пайдаланды.

Баукеңнің Ғылым академиясында оқыған дәрістеріне қайта оралып, «Қанмен жазылған кітап» деген атпен аударып, оқырманға ұсындық. 40000 данамен шыққан бұл кітап тез арада  таралып кетті. ҚХР-да да жарық көрді.

  – «Қазақстаннан» кейін, «Санат» баспасында Бас редактор, «Қазақ университеті» баспасында директор болдыңыз. Тәуелсіздік алғаннан кейін оқырманның іздеп жүріп оқитыны ұлтымыздың тарихына қатысты туындылар еді. Сіз басқарған баспаларда ондай кітаптар аз шыққан жоқ. Солардың біразын атап, қысқаша мәлімет берсеңіз.

 – 1996 жылы «Санат» баспасына Бас редактор болып тағайындалған кезде де бұрынғы инерциямен әлі де кітап тираждары біршама сақталынып келді, кейін басылым тираждары күрт құлдырап кетті. Сол жылдары М.Жұмабаев творчествосына арналған, Мемлекеттік сыйлық алған Ш.Елеукеновтың еңбегі шықты. М.Әуезовтың 100 жылдық мерейтойына байланысты 1997 жылы ондаған кітап жоспарлап, жарыққа шығардық. Солардың ішінде академик З.Қабдоловтың «Менің Әуезовым» роман-эссесін айтуға болады. Бұл кітабы үшін З.Қабдолов Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Мерекелік шараны пайдаланып, институтта қатар оқыған Ғ.Мұқановқа М.Әуезовтың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне арналған «Қилы заман» романын тікелей қазақ тілінен француз тіліне аудару жөнінде ұсыныс жасадым. Ғ. Мұқанов КазПИ-ді, содан кейін Шет тілдер институтының француз тілі факультетін тәмамдаған, қазақ, орыс, француз тілдерінде емін-еркін кез келген мәтінді, әсіресе көркем туындыларды, поэзияны аудара беретін сирек талант, полиглот азамат еді. Ғ.Мұқановтың сол аудармасына байланысты жақсы пікірді Парижде ЮНЕСКО өкілі А.Фишлер білдірді. Ол тәржімаға өте жоғары баға берді. «Қилы заманның» қазақ тілінен тікелей француз тіліне аударылуы – кітап баспа ісінде айтулы оқиға, ерекше құбылыс еді.

 

ИСЛАМ ЖЕМЕНЕЙ ЕҢБЕГІМДІ ПАЙДАЛАНЫП КЕТТІ

 – Мұха, өмірдің талай белесінен өттіңіз. Тағдырдың ащысының да, тұщысының да дәмін таттыңыз. Қуанған да, қынжылған да кездеріңіз болған шығар. Кейде адамдар сенгіштігінен опық жейді. Кейде қапелімде жіберіп алған аңғалдықтарына өкініп жатады. Сіз де сондай көңіл-күйді бастан кешкен жоқсыз ба?

 – «Санат» баспасында директорымыз С.Әбдірайымовпен ақылдасып, ұлы тарихшы, ғұлама ғалым М.Х.Дулатидің 500 жылдығы қарсаңында 1998 жылы М.Х.Дулати қоғамдық қорының Жарғысын түзіп, қорды азаматтармен ұйымдастырып құрдық. Мақсат М.Х.Дулатидің 500 жылдық мерейтойына байланысты ғұламаның еңбектерін, ол кісіге арналған кітаптарды, дүние жүзінің көптеген елдерінің кітапханаларында сақтаулы қолжазбаларын іздестіріп, елімізге қайтару болатын. Қордың директоры ретінде 1999 жылы «Санат» баспасынан 1996 жылы Өзбекстанның «Фан» баспасынан парсы тілінен орыс тіліне аударылып, басылып шыққан М.Х.Дулатидің еңбегін қайта басып шығару үшін Өзбекстандық аудармашыларды Алматыға шақырып, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, академик М.Қозыбаев, аудармашылардан А.Урунбаев және «Санат» баспасының директоры С.Әбдірайымов қатысуымен 1998 жылы 19 наурызда «Договор об издании книги Мухаммад Хайдара Дулати «Тарих-и Рашиди» деп аталатын үш жақты келісім-шарт жасалды. Кітаптың мұқабасына Дулати есімі енгізілді.

Ташкентке барып, кезінде Өзбекстан Ғылым академиясы Шығыстану институтының директоры болған А.Урунбаевтан М.Х.Дулатидің XVII ғасырда көшірілген ташкенттік нұсқасының көшірмесін алдым, мүмкіндігі болса парсы тілінен тікелей аударып жариялау болатын. «Тарих-и Рашидидің» бұл ең толық нұсқасына жататын. Белгілі ғалым ағамыз парсы тілі мен әдебиетінің маманы деп И.Жеменейді ұсынды. Бірақ одан күткен үмітіміз ақталмады, аудармашылық тәжірибесі жоқ адамнан не нәтиже күтуге болады? Жеменейдің аудармасы жарамсыз болып қалды.

М.Х.Дулати қорының президенті, мемлекет қайраткері А.Асқаров ағамыз бұл еңбекті халық күтіп отыр, орыс тіліндегі нұсқасынан аударып шыққаның дұрыс деген ұйғарымды кеңесін берді. «Тарих-и Рашидиді» орыс тілінен аударып, ғылыми аппаратын жасап шығуға табандай 3 жылдай уақытым кетті. Жеменейдің жанашырлары қайта-қайта өтінген соң, отандасымыз ғой деп гуманистік ниетпен тәржімәші (подстрочник) ретінде көрсеттім. Өмірімдегі ең үлкен, тағдырыма таяқ болып тиген қателік жасағанымды кеш білдім. 2003 жылы «Тарих-и Рашиди» шыққаннан кейін ол жар құлағы жастыққа тимей парсы тілінен аудардым деп өзін барлық жерде жатпай-тұрмай жарнамалай бастады.

Орыс тілінен үш жыл отырып аударған еңбегімді рұқсатсыз ұрлап 2015 жылы «Қазақпарат» баспасынан шығарған, кейін тағы да үш рет басып шығарған. И.Жеменейдің теріс іс-әрекетіне байланысты республика газет-журналдарында бірнеше сын материал жарияланды.

Тәжікстандық ғалым Ә.Нұралиев «Былыққа толы басылым. Сараптамалық талдау» деп аталатын терең аналитикалық сын материалын («Жұлдыз», 2016 ж., №11) жариялады. Ол орыс тілінен аударылған кітаптың 90 пайызынан астамын ұрлаған деп атап көрсетті. Шет ел ғалымдары өте жоғары бағалаған, «Тарих-и Рашидиді» Жеменей атын шығарудың құралына айналдырып, пендешіліктің бұлауына батырды.

Ол орыс тілінен аударылған «Тарих-и Рашидиді» парсы тілінен аударғандай етіп көрсетуге тырысып, әбден бүлдірген еді. «Билік төңірегіндегі хандар (?) ұлылық табалдырығы мен Илаһи дәргаһысына (?) жалбарынып, дұға етіп қажетін сұраған. Жәмшид сияқты күнді, зерленген күртеде (?) төртінші аспанның тағында ғалымдар патшалығына Шолпанды басшы етіп (?), хатшылық қаламын тапқырлардың есепші мекемесіне басшылық еткен». (2015 ж., 22-б). Одан әрі: «Жаратушының көркем сарайының (?) табалдырығына ой мен қиял барлау (?) жасағанда, ой-қиялдың шарықтап кеткенінің өзінде, жетер биігі тәңірінің зәулім сарайының (?) төңірегін ғана шарпып өте алады». (23-б). М.Х.Дулатидің тебіреніске толы терең философиялық ой-толғаныстарын аударам деп, әбден ақ тер, көк терге түсіп, әлектенеді, бірақ аудара алмаған. Ол атақты Қасым ханды «Қыпшақ патшасы еді» деп шатасады, оны «қымыздың арағын», «арақтың сусынын» (184-380-б) ішкен еді деп сипаттайды. «Аятқа сәйкес, Алланың ұлылығы мақтауға лайық» (22-б) деп, Алланың өзіне серік келтіреді. «Мәңгілік иелік патшасы, жетінші пейіш қарауылы» (24-б) Аллаға қатысты осындай оралымсыздыққа ұрынады. Періштелерді «сарай сыпырушыға», ал Сүлеймен пайғамбарды «қайыршыға» (22-23-б) айналдырып жібергенін байқамайды. Моғолстан ханы Тоғылық Темірді «ислам мемлекетіне ие болды» (29-б) деп мәтіннің өңін теріс айналдырып жібереді. Ал Дулати Ислам дінін енгізді деп жазған, мәтін мүлде саяси тұрғыдан бұрмаланып кеткен.

Аллаға, пайғамбарларға, періштелерге байланысты М.Х.Дулатидің философиялық пайымдаулары, төгіліп тұрған ғажап ойлары мағынасынан жұрдай болып қалған, соның салдарынан Аллаға күпірлік, періштелерге күмәнділік, пайғамбарлардың елшілігіне нанымсыздық туғызылған. Құран аяттарын да аударам деп мағынасын өрескел бұрмалаған. Мұндай жөн-жосықсыз іс-әрекетімен Жеменей  «Тарих-и Рашидиді» тәрк етіп, адамзатқа ортақ мәдени мұраны халтураға айналдырып жіберген.

 – И.Жеменейдің бұлай жасауға қалай дәті барды?

 – «Тарих-и Рашидиде» жалпы саны 537 сілтеме берілген. Орысшадан аударған кезде бұл сілтемеде берілген түзету, толықтыруды мен аударып текстің ішінде берген едім. Сілтемелер Ленинградтық нұсқаға, Е.Д.Росстың аудармасына, сондай-ақ «Зафар-намеге» жасалынған. Жеменейдің парсышадан «аудардым» деп жариялап келген кітапта сілтемелер біз орысшадан қалай аударып берсек сол күйінде берілген. Бұл сілтемелер парсы тіліндегі қолжазбада жоқ, оны Жеменей білмейді. Жеменейдің жиендік жасаған «аудармасын» түп-тамырымен толықтай жойып, оқырманды шатастыруына тосқауыл қою қажет.

«Тарих-и Рашидидің» XVIII ғасырға жататын парсы тіліндегі нұсқасын белгілі ғалым, профессор Ә.Нұралиев екеуміз бірлесе отырып, 2004 жылдан 2015 жылдар аралығында 11 жыл бойы уақытымызды сарп етіп аударып шықтық. Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты «Тарих-и Рашидидің» осы жаңа аудармасын, «Тарих-и Рашидидің» ағылшын тіліндегі Д.Росстың екі томдық аудармасын, Дулатидің өзбекстандық ғалымдар аударған, «Санат» баспасынан шыққан 2-басылымын Мәдениет министрлігіне үш тілдегі «Тарих-и Рашидиді» ұсындық. Құйтырқы әрекеттің салдарынан біздің жолымыз қиылып, қиянатқа ұшырадық. «Қазақпарат» баспасы М.Х.Дулатиді үш тілде шығаратын болып шыға келген. «Тарих-и Рашидидің» орыс тілінен аударылған нұсқасы ұрланды, оны Жеменей парсышадан «аударғандай» етіп жариялады, өзбекстандық аудармашылардан рұқсатсыз Дулатидің аты «Дулат» болып белден баса өзгертілді, олармен жасалған шарт аяққа тапталды. Академик М.Қозыбаев пен иранист К.А.Пищулинаның керемет алғы сөзі, орыс тіліндегі 100 беттен астам ғылыми аппараты толық алынып тасталған. Өзбекстан ғалымдарының авторлығы, заңды құқығы тапталған. Әлемге әйгілі «Тарих-и Рашидиді» ақша табудың жолына айналдырып, асыл мұра қор етілген.

– Бұндай өрескел қателіктер қалай кеткен?

 – 2015 жылы ол 2003 жылы М.Х.Дулати қоғамдық қоры шығарған, менің орыс тілінен аударған еңбегімді ұрлап, парсы тілінен «аударған» Жеменей деп көрсетіп жариялайды. Осындай теріс әрекетке көшкен Жеменейдің ұрлығын, плагиаттық әрекетін, авторлық құқықты аяқ асты еткен, шектен шыққан жосықсыздығын А.Нұралиев, А.Нұржанов айыптап сын жариялады. И.Жеменей бұған дейін «Тарих-и Рашидидің» (2014) парсы тіліндегі текстологиясын да сауатсыз етіп шығарған, ол туралы Иран Ислам Республикасы, Исфахан университетінің профессоры, доктор Әли Мұхаммади Асиябоди «Бұл «Тарих-и Рашидиді» қолжаулыққа айналдыру емес пе? (Әділет, 22.07.2016) деген мақаласында мынадай түйін жасапты: «И.Жеменей баспаға дайындаған «Тарих-и Рашиди» атты еңбектен… бұл басылымда оған қоса қаптаған, оның үстіне тіптен өрескел қателер келіп қосылған, мұндай қателіктер бұл басылымды тіптен күдік тудыратын әрі пайдалануға жарамсыз еткен. Сондықтан да ғалымдар өздерінің зерттеу жұмыстарын жазу барысында бұл басылымды сенімді дерек көзі ретінде пайдалана алмайды… Өкінерлік жағдай сол, бұл кітапты қай жағынан алып қарасаңыз да қаптаған сұрақтарға тап боласың, бірден-ақ аталған кітапты маман емес адамның, кездейсоқ пенденің дайындағанына көз жеткізесіз… «Текстолог» шығармада баяндалатын кезеңнің тілдік ерекшеліктерін білмейді екен, ол тіптен парсының қазіргі әдеби тілінің ерекшеліктерін игере алмаған».

Иранның екінші бір ғалымы, докторы, текстолог «Тарих-и Рашидидің» 11 нұсқасы бойынша академиялық текстологиясын жасаушы Әли Мұхаммади И.Жеменей дайындаған парсы тіліндегі текстологияның әр бетінен 40-42 қате тауып, қаптаған, быжынаған қатемен шыққан еңбекті көріп түңілгенін жасыра алмады. Ал үшінші шет елдік ғалым А.Нұралиевтің пікірі мынау: «И.Жеменей парсы тілінен аударған деп көрсетілген М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты классикалық еңбегінің аудармасын саралап, талдай келе бұл туындыны И.Жеменей парсы тілінен аудара алмаған деп үзілді-кесілді пікірімді ашық білдіремін… қоғамдық жұртшылықты, зиялы қауымды шатастыратын бұрмаланған «аударма» болғандықтан, оқырмандардың қолдануы мен пайдалануына жарамсыз деп санаймыз». («Жұлдыз», №11, 2016)

Халқымызға әл-Фарабиден кейінгі ұлы тұлға М.Х.Дулатидің дүние жүзі халықтарының асыл мұрасы саналатын классикалық әдеби-мемуарлық «Тарих-и Рашиди» атты еңбегін мен орыс тілінен үш жыл аудардым, ал парсы тілінен А.Нұралиев екеуміз 11 жылымызды сарп етіп, төл тілімізге аударып, оқырмандарымызға ұсындық. Ұлы туындыны қыруар еңбек етіп ата жұртымызбен қауыштырдық – бұл ұлтымыз үшін де, біз үшін де мақтаныш!

Парсы тілінен тікелей қазақ тіліне аударылған «Тарих-и Рашиди» туралы белгілі мемлекет қайраткері, экономика ғылымының докторы, ғалым, академик Өмірбек Байгелди ағамыз: «М.Х.Дулатидің еңбегін ана тілімізге өте жоғары деңгейде шеберлікпен аударыпсыздар, бұдан артық аудару мүмкін де емес. Кітап қазақ тілінде жазылғандай оқылады. Мұндай қыруар еңбек сіңірген еңбек лайықты бағасын алуы керек», деп жоғары баға берген еді.

 

ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ – ҰЛЫ ФЕНОМЕН

– Сіз соңғы кезде Тұрар Рысқұловты көп зерттеп жүрсіз. Рысқұловты күстаналау, ғайбаттау жағы басым. Рысқұловтанушылар оның ашаршылық кезінде елді аман сақтауға ерекше еңбек еткенін нақты фактілермен келтіреді. Осы жайт туралы кеңірек тоқтала кетсеңіз.

 – Рысқұлов Түркістан республикасында 1918 жылдың күзінде Денсаулық халық комиссары болып тағайындалды, бірақ аштық жайлап, халық барлық жерде қырыла бастаған тұста, сол жылы 28 қарашада қызметінен босатуды өтініп, аштықпен күресетін Орталық комиссия құрып, соған басшылық етуге сұранады. Аштықпен күресетін Орталық комиссия Т.Рысқұловтың белсенді түрде ұйымдастыруының нәтижесінде Түркістан республикасында 130-дан астам қоғамдық тамақтандыру орындарын ашады, сол 1918 жылдың күзінің өзінде 3 млн адам, ал 1919 жылы 5 айдың ішінде оданда бірнеше есе көп адам тамақтандырылыпты, жалпы 1 млн-ға дейін адам аштықтан аман қалған. Түркістан республикасында 1917 жылы 7.688.000 халық тұрса, 1920 жылы адам саны 5.221.963-ке төмендеп, 2.447.037 адамға кеміген. Ал аштықтан қырылғандардың саны шамамен 1.900.000 адамдай болыпты, бұл шағын бір республика халқына шамалас. Егер Т.Рысқұлов басқарған аштықпен күресетін Орталық комиссия мемлекеттік деңгейде кең ауқымды жұмыстарды табанды түрде жүргізбесе, қырылған халықтың саны бұдан да асып түсуі мүмкін еді. Аштыққа ұшыраған әр адамды туған-туысындай жан ұшыра қорғау – елім деп еңіреген ерлердің ғана қолынан келетін іс.

Т.Рысқұловтың ұйымдастыруымен құрылған тамақтану орындарынан жан сақтап аман қалған кейбір адамдардың ұрпақтары бүгінде алғыс айтудың орнына Т.Рысқұловты ғайбаттап, «сексот», «доносщик», «алаш қайраткерлерін қуғын-сүргінге ұшыратудың құқықтық негізін салушы», күштеп коллективтендіру саясаты салдарынан халықтың аштыққа ұшырауына кінәлі адам деп күстаналаушылар шықты. Олардың бірде-бірі дәл Т.Рысқұловтай тап қазіргі өмірімізде халықтың арқасына аяздай батып отырған әлеуметтік әділетсіздіктерді неге көтермейді дегің келеді. Себебі оған шама-шарқы да, әл-қауһары да, батылдығы да жетпейді, жүрексінеді!

Түркі халықтары ішінде мақтан ететін осындай тұлғаны жамандап, рухын аяққа таптағымыз келеді, осы да әділеттік пе? Абай айтқандай «екі күймек бір жанға әділет пе?» Т.Рысқұлов зұлым саясаттан төрт рет күйді, бірақ халқы кемеңгер ұлын көкке көтере білді. Ғабит Мүсірепов айтқандай, ол ұлы феномен – феникс еді.

Кеңес үкіметі кезінде аштыққа ең көп ұшыраған, баудай түсіп қырылып қалған халық – қазақтар болды, бұл нәубеттің бейбіт жылдары орын алғаны нағыз трагедия. Демографтар мен тарихшылар 1921-1922 жылдар аралығында – 1 700 000, 1932-1933 жылдар аралығында – 2 млн. 300 мың, яғни 4-4,5 млн. адам қырғын тапты деп санайды, тіпті кейбір еңбектерде 5 млн адам ашаршылықтың құрбаны болды деп жан түршігерлік дерек келтіреді. Кезінде сан жағынан түркі халықтарының ішінде ең көп ел едік, зұлматтан, Ф.И.Голощекиннің кезінде қолдан ұйымдастырылған нәубеттен тігерге тұяғы қалмаған халыққа айналдық. Қазақстанда орын алған сұмдық ашаршылыққа қарсы қатты дабыл қағып И.В.Сталиннің алдына бірнеше рет мәселе қойған, шұғыл шаралар қабылдауды талап еткен де Т.Рысқұлов болатын. Ашаршылықтан Ресейдің Қазақстанмен шекаралас аудандарға, көрші республикаларға азып-тозып, аш-жалаңаш ауа көшкен қазақтардың тағдырлары қатты алаңдатқан Т.Рысқұлов көршілес Ресей облыстары басшыларына Кремльден үсті-үстіне жедел хат жіберіп, істелініп жатқан шаралары туралы мәлімет беруін талап етіп отырған, әсіресе Омбы облысына ауа көшкен қазақтарды тез арада завод, фабрикаларға, шаруашылықтарға орналастыруға пәрмен беріп көмектесті. Т.Рысқұловтың араласуымен қазақтар шоғырланған жерлерде шаруашылықтар ұйымдастырылды, қазақ мектептері ашылды.

Т.Рысқұлов жүз мыңдаған ауа көшуге мәжбүр болған отандастырымыздың тағдырына байланысты КСРО Халкомкеңесі төрағасының бірінші орынбасары В.Куйбышевтің 1933 жылғы 15 сәуір күні қол қойған «Орта Волга, Батыс-Сібір өлкесі және Қырғыз АССР-на ауа көшкен қазақтарға көмек көрсету жөніндегі іс-шаралар туралы» деген қаулының қабылдануына күш салды. Бұл қаулының ашаршылық тауқыметін тартқан қазақтардың мәселесін шешуде ерекше маңызы болды. Сондай-ақ қазақтарды ауа көшкен өлкелер мен облыстардың жерінде орналастыру шараларын ұйымдастыру жөніндегі РСФСР Халкомкеңесі комиссиясының төрағасы ретінде Т.Рысқұловтың Қырғызстан үкіметіне жіберген жедел хаттарында да ауа көшкен қазақтарға үкімет тарапынан көмектесу керектігіне баса назар аудартқызды. Т.Рысқұлов 1918 жылы Түркістан республикасында аштықпен қалай күрескен болса, 1932-1933 жылдары Қазақстанды жайлаған ашаршылықпен РСФСР Халкомкеңесі төрағасының орынбасары ретінде қолындағы билігін пайдаланып, белсене, бар мүмкіндікті жұмылдыра отырып тынымсыз, тоқтаусыз күресті. Қазақ халқының аштан қырылып кету қаупін тоқтату үшін жан ұшыра қимылдап еңбек етті. Т.Рысқұлов сөйтіп миллиондаған халықты ашаршылық бұғауынан, ажал шеңгелінен құтқарып қалды, ұлттық генофондымызды аман сақтап қалу жолындағы оның сіңірген еңбегі теңдессіз еді деуіміз сондықтан.

 – Соңғы жылдары кейбір авторлар Т.Рысқұловқа қарсы негізсіз, дәлелі күдік тудыратын, даярлығы жоқ оқырмандарды шатастыратын мақалаларын әр түрлі сайттарда жариялап, ірі қайраткерге барынша қара күйе жағып келеді. Осыған байланысты не айтар едіңіз?

 – Олардың жұртты адастырар қатесі мынау: біріншіден, олар Т.Рысқұловты зерттеп жүрген зерттеуші емес, сол себептен Т.Рысқұловтың И.Сталинге, Орталық комитетке жазған баяндау хаттарының жазылуына негіз болған жағдайлардың анық-қанығын біле бермейді. Сондай хаттың бірі – 1924 жылы И.Сталиннің атына жазылған. Екіншіден, Т.Рысқұлов әр кезеңде 1920 жылдан бастап қудалауға ұшырап отырған, оның үстінен арыз-шағым түсірушілер европалық шовинистер, Орталық комитеттің өз ішіндегілер де, қазақтар да болды. 1920 жылдан кейін, 1922-1924 жылдары Түркістан республикасы Халкомкеңесі төрағасы болып істеген тұста, тағы да ұйымдастырылған топшылдықтың ауыз жаласқан іс-әрекеттерінің салдарынан Түркістаннан біржола қуғындалды. Соның салдарынан 1924 жылы межелеу кезінде біздер Ташкенттен айырылып қалдық. Оның үстіне қазақтардың өздері де басқан ізін аңдып, арыз-шағым жазып, Т.Рысқұловтың аяғынан шалумен болды. Т.Рысқұлов Орталық комитеттің мүшесі болғандықтан, әрине, күресуге мәжбүр болды. Оның ОК алдына, И.Сталиннің атына жазған хаттарына үстірт қарап, Т.Рысқұловты доносщик, сексот, авантюрист, карьерист, мансапқор, агент деп кінәлаудың ешбір негізі жоқ байбалам, Рысқұловтың есіміне кір жағу болмақ.

Т.Рысқұловқа қатысты құжаттарға сын көзімен қарай алмаудан, өкініштісі сол алашордашыларға қарсы қойып, жалған қоғамдық пікір туғызуға тырысып бағады. Табиғатынан өр мінезді, әділетсіздік пен қиянатқа төзімсіз Т.Рысқұлов өз пікірі мен көзқарасын В.И.Лениннің де, И.Сталиннің де алдында бүкпесіз ашық білдіріп, Түркістан майданының қолбасшысы М.Фрунземен де тайталасқа, қайшылыққа түскен, ал Ф.Голощекиннің қателіктерін И.Сталиннің алдында әшкерелеген де Т.Рысқұлов болатын. Ұлт мүддесі үшін ашық күрескен адамды тап қалайша мансапқор дейсіз!

Т.Рысқұловтай халқымыздың тағдырына көлін қорыған қызғыш құстай шырылдап пана болған қайраткерлер некен саяқ. Қазақстанда 1931 жылдан басталып, 1932 жылы үдей түскен ашаршылық туралы айтуға ресми түрде тиым салынды. Ол аздай жергілікті қызметшілер мал санының да кеміп кеткенін айтуға қорықты. Қазақстанда болып жатқан ашаршылық туралы Москваға, Орталық совет органдарына келген Қазақстан өкілдері республикада орын алып отырған аштық туралы ресми түрде бірде-бір мәселе қойған емес деп көрсетті хатында Т.Рысқұлов. Ф.И.Голощекиннің тікелей өзі, одан аса алмаған республикалық органдардың басшылары жаппай жайлаған ашаршылықтан миллиондаған адамның қырылып жатқанын, 1928-1929 жылы 40 миллион болған мал санының 1932 жылы ақпанында небәрі 5 млн 397 мың ғана қалғанын жасырған, ел басына төнген қасіретке бейжай қараған республика басшы органдарының енжарлығы мен әрекетсіздігіне күйініп, жер-жерге жіберілген комиссия мүшелерінің мәліметтерін келтіріп, И.Сталиннің алдына алдымен мәселе қойған Т.Рысқұлов қана емес пе! И.Сталиннің атына 1932 жылы 29 қыркүйекте, 1933 жылы 31 қаңтарда және сол жылғы 9 наурызда, сондай-ақ 11 наурызда жазған баяндау хаттарын, ұлт тағдыры қиын, алмағайып жағдайда тұрған кезеңде төнген нәубет пен қолдан ұйымдастырылған зұлматқа қарсы Т.Рысқұловтың жанқиярлық күресіне сынаушылар неге көз жұма қарайды? Архивтен Т.Рысқұлов аты ұшырасатын құжаттарды, оның үстіне айғақ іздеу мақсатында мәжбүрлеп алынған тергеу материалдарын сын елегінен өткізбей өз көзқарасына бұрып, қайраткерді қаралауға пайдаланып қалу – абырой әперетін іс емес, керісінше құжаттарды өз мүддесіне бұрмалап қоқсытушы адамның өзіне күдік тудыратын әрекет. Мұндай көзқараспен бүкіл алашордашыларды, барша Кеңес үкіметі қайраткерлерін қаралап шықпаймыз ба? Зиялы шетел қауымы дұрыс қайраткер шықпаған бұл неғылған жабайы халық демей ме бізді?

Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин, С.Меңдешев, Ә.Жангелдин, С.Сәдуақасов және т.б. алдында не Кеңес үкіметін, не кешегі қанап-езіп келген буржуазиялық Ресейді қолдау тұрды, басқа барар жол жоқ болатын. Қанауды, езгіні бастан кешкен қайраткерлер Кеңес үкіметі үшін күресті, ақыры өздері құрған сол үкіметтің құрбандарына айналды. Басы ашық нәрсе мемлекеттің экономикалық негізі – материалдық-техникалық базаға келіп тіреледі. Еліміздің зиялы қайраткерлерінің көш басында тұрған Т.Рысқұлов шын мәнінде Қазақстанның барлық салалары бойынша материалдық-техникалық базасын жасап, индустриалды елге айналдыру жолында қалтықсыз еңбек етті.

Ол дүниежүзілік масштабтағы мемлекет қайраткері деңгейіне көтерілген тұлға, жоғары лауазымды билік тұтқасын ұстаған қайраткер болды, сондықтан ол өз пікірлері мен сындарын, пайымдауларын мемлекет қайраткері ретінде баяндау хаттарында ашық жазды, көзқарасын анық білдірді, ал оны ОГПУ-дың жансыздарының «доносымен» шатастыру саяси қате ғана емес, саяси сауатсыздық болып табылатынын білуіміз керек. Мұндай түбі шикі, ел арасын жікке бөлуге алып келетін арандатушылықтан зиялы азамат аулақ болғаны жөн.

 

Сұхбаттасқан Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

 

ПІКІРЛЕР2
Аноним 26.08.2021 | 18:13

Т. Рысқұловты да, басқаларын да (Жамбыл мен Жұмабай Шаяхметовты,Әліби мен Сәбит Мұқановта т.с. оңын оң, терісін теріс деп, мыс. 40-60, 70-30 деген сияқты, қытайларшв:Мао Гу-ШИ 65-35 пайыз деп, дұрыс бағалау керек. Н. Нұрекең- боса-болмаса 105 проц. жақсы деген сияқты. Осыны ойланып көрейікші! З.Т. Қызылжар.

Аноним 30.08.2021 | 15:10

ЖЕМЕНЕЙ — НАҒЫЗ АЛАЯҚ… ЖЕКСҰРЫН АДАМ. ҚАЛАЙ ЖЕР БАСЫП ЖҮР? ЕЛДЕН ҚУУ КЕРЕК!!!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір