ҚАЗАҚ ҚЫЗЫНЫҢ ӨР БЕЙНЕСІ ЖАСАЛДЫ МА?
«Бопай ханым» тарихи трагедиясы сахналанғаннан кейінгі ой
Адамзат дамуы бастан кешкен тарихтың қилы кезеңдерінде, түрлі қоғамдық формациялар мен өркениеттерде небір ғажайып тағдырлы әйелдер өмір сүріп, арттарында өшпестей із қалдырған. Көптеген өркениетті елдерде мұндай әйелдердің рөлі лайықты бағаланып, ұрпаққа үлгі ретінде ұсынылып келеді. Олардың көбінің тағылымды тағдырымен біз мектепте жүргенде-ақ танысып, кейіннен ол таныстығымыз қойылған спектакль, түсірілген кинолар арқылы молая түсті.
Ұлы даланың өр рухты, ақылды да сұлу қыздары туралы бізге жеткен жырлар, аңыздар мен жекелеген құжаттар қазақ халқының да өз қыздарын қадірлеп, олардың өр бейнесін қаншалықты мақтан еткенін көрсетеді. Халық ауыз әдебиетінің сондай үлгілеріне заманауи туындылардың қосылып, ел билеген қыздарымыздың есімдері түрлі жанрда жаңғыртылуы қазақ қоғамының дамуындағы әйел рөліне назар аударылуының жақсы мысалы. Соның бірі – елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында белгілі жазушы, драматург Роза Мұқанованың «Бопай ханым» тарихи трагедиясының сахналануы.
Шынымды айтсам, осы қойылым менің талай жылдан бері ішімде жүрген бір «әттеген-айдың», өнер саласындағы бауырларға деген «өкпе» сияқты сезімнің азаюына әсер еткендей… Бұл сезім алғаш рет сонау студент шақта, кеңестік экрандарға «Звезда пленительного счастья» (1975 жыл) деген фильм шыққанда пайда болған. Көргендер біледі, бұл – Сібірге айдалған Трубецкой, Волконский, Рылеев, т.б. декабристердің әйелдері күйеулерінің соңынан барып, небір қиыншылықтарды бастан кешетіні туралы фильм. Биліктің қысымы да, ортасының теріс айналуы да, белгісіз сапардың қиындығы да алған беттерінен қайтара алмаған княгинялардың өмірлік серіктеріне деген адал махаббаты арқылы орыс әйелінің асқақ образы жасалған туынды. Кинотеатрдан «Бізде де сондай қаһарман, өмірлері өнегелі апаларымыз болды ғой? Олар туралы неге фильм түсірілмейді екен?» деген оймен шыққанмын.
Кейін (2009 жылы) жазушы Шәрбану Бейсенованың «Бір махаббат баяны» атты кітабы жарық көргенде «тамаша материал бар, енді сценаристер, режиссерлер ресейлік фильмге ұқсас кинотуынды түсірер не спектакль қойылатын шығар» деген үміт тағы бас көтерді. Себебі, ерлі-зайыптық қатынастардың, отбасылық институттың құндылығы құлдырай бастаған заманда, сүйген жарға адалдық, некелерін қиғанда өмірдің қызықтары мен қиындықтарын бір көтереміз деген сертке беріктікті көрсететін осындай өнегелік қуаты мол бар хикаят жастарға тәрбие беру ісінде пайдалануға сұранып тұрған үлкен олжа еді.
Шәрбану Бейсенованың шығармасына арқау болған кейіпкері Марғуа (Мұхамеджан Қаратаевтың жары Мархұма) бастан кешкен оқиға ойдан шығарылмаған. Ол қуғын-сүргін жылдары жала жабылып, айдалып, атылып кеткен қазақтың ұлы тұлғаларының әйелдері бастан кешкен оқиғалар негізінде жазылған. Нақты айтар болсақ, бұл – Марғуа бейнесі арқылы Ресейдің тоң басқан тайгасынан, арынды өзендерінен өтіп, батпаққа батып, небір төтенше жайларды бастан кеше отырып, күйеуін іздеп барған, ол тартқан бейнетті бірге бөліскен қайсар аналарымызға тағзым-кітап. Оларды еске алып, санамалай бастасақ, алаш қайраткерлерінің, шығармашыл тұлғалардың Құдай қосқан қосақтары: Ахмет Байтұрсынұлының Бәдрисафасы (Александра), Мағжан Жұмабаевтың жары Зылиха Құрманбайқызы, Хамза Есенжановтың жары София Жақияқызы бастаған тізімді шексіз жалғастыруға болар еді…
Жап-жас әйелдер осынша көзсіз ерлікке неліктен тәуекел еткен? Әрине, ақ некелі жарын сүйгендіктен екені сөзсіз. Адал сүт еміп, көргенді отбасында өскендіктері де әсер еткен. Бәлкім, бұл апаларымыз өздерінен бұрын ғұмыр кешіп, ақылы мен білімі, тәрбиесі мен қайсар мінезінің арқасында халық үшін тағдыршешті шешімдер қабылдау ісіне араласқан Алтын Ордадағы Барақшын, Арқадағы Айғаным, Жайық жеріндегі Бопай сияқты қайсар аналарымыздың өнегесінен сусындап өскен болар. Өкінішке қарай, олардың өмірі мен тарихи рөлдері туралы білім беру бағдарламалары жарытып мәлімет бермейді.
Ал, олардан кейін өмір сүріп, болыс болған Аққатша Теңелбаева, Қалипа Аққошқарова сияқты тұлғалардың есімдері көпке белгісіз десе де болғандай. Олардың ел билігіндегі, қоғам боп қалыптасуымыздағы алған орындары жеке-жеке ғылыми зерттеу объектілеріне айналған жоқ. Бірен-саран мақалалар болмаса, көлемді, көркем туындыларды да кездестірмедік. Жазылған болса, қазіргі заманның «таралым» деген проблемасы кедергі болып жатуы да мүмкін. Ал кино, спектакль туралы айтпасақ та болады.
Бұл ретте де қырғыз бауырларымыздың аты озды. Олар түсіріп, 2014 жылдан бері халықаралық деңгейде көрсетіліп келе жатқан және бірнеше кинофестивальдің елең еткізер жаңалығы болған «Құрманжан датқа» фильмі – өз жұртының бойында мақтаныш сезімін оятып қана қоймай, халықаралық аренада жоғары бағаланып, бірнеше әлемдік деңгейдегі кинофестивальдің жүлдесін иеленді.
Фильмді көрген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Мен құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырамын… көп қаражат жұмсамай да жоғары деңгейдегі өнер туындысын түсіруге болатынын қырғыз бауырларымыз «Құрманжан датқа» фильмі арқылы анық көрсетті» деген сөздері көңіл түкпіріндегі өнер саласында қайраткер қазақ қызының бейнеленуі туралы ойыма тағы қозғау салған еді. «Енді осындай тарихи тұлғалардың бейнесі кинода жасалып, сахнада сомдалар» деп жүргенімізде елордадағы Қаллеки театрының драматург Р.Мұқанованың «Бопай» тарихи трагедиясын сахналауы көрерменге әдеби-мәдени тұрғыдан ғана қуаныш сыйлап қоймай, тарихымыздың олқы тұрған жерін толтырғандай болды.
Біз қазақ халқының қыздары қай кезде де өз замандастары – шығыс және басқа халықтардың қыздарынан еркіндігімен, жеке басының қадірі биіктігімен ерекшеленгенін естіп, оқып өстік. Табиғи қасиеттерінің, білімі мен ақылының, батыл да қайсар мінезінің арқасында дала әйелі халық үшін тағдыршешті шешімдер қабылдау ісіне жиі араласқанынан да құлағдар болған соң, сахнадағы Бопай ханымның ел бірлігі мен бақуаттылығын мақсат еткен сөздері мен әрекеттері де сендіріп, үйіре жөнелді. Тіпті қойылымдағы кейбір «түсініксіз» кейіпкерлер мен сирек қолданылатын режиссерлік шешімдер де үркітпеді.
Спектакльдегі Елес-кейіпкерді алғаш рет У.Шекспирдің «Гамлетіне» барғанда көргенмін. Бұрынғы спектакльдерде көретін «жағымды» және «жағымсыз» кейіпкерлер туралы ой түюге, жақсы кейіпкерлерге «жанкүйер» болып, ал кейде тіпті, «жағымсыз» деген кейіпкерді өзімше «ақтап» алатын маған ол жолы «біртүрлі» кейіпкерді қабылдау оңай болған жоқ. Әкесінің өлімі туралы күмәнды ойлар жетегінде жүрген жас Гамлет сияқты о дүниелік болған корольді, оның өз өлімі, кек алу, бірақ арына дақ түсірмеу (кек алуға итермелей тұрып!) туралы сөздерін ұқпай, басым қатқаны есімде. Бірақ, кейіннен ол туындыны қайталап оқу, кино-теле нұсқаларын көру, әлдебір талдауларды тыңдау кезінде, ішімде «туындыны ұстап тұрған сол «біртүрлі» Елес кейіпкер» деген ой тұратын. Сондықтан да Шекспир драматургиясын зерттеушілердің бірі Джон Довер Уилсонның бұл персонаж туралы «Драмалық әдебиет тарихында төңкеріс жасаған жаңалық» деген пікірі көңіліме қона кеткен.
Қазақ сахнасындағы Елес-персонажды Қаллеки театрында қойылған «Бопай ханым» тарихи трагедиясының премьерасында көрдім. Пьеса мәтінімен таныс емес едім, сондықтан, оқиғаның қалай дамитынын білген жоқпын. Бірақ, оның жүрісі сол жердегілерден өзгешелеу болғандықтан ба екен, сахнаға шыққан әсем келбетіне әппақ киімі үйлескен кейіпкердің Әбілқайыр ханның елесі екенін бірден түсіндім және оны қабылдау қиынға соққан жоқ. Бұл бәлкім, діни наным-сенімімізге қазіргі әсіре діншілдердей үзілді-кесілді талап қойылмай, «Алла жар болып, аруақ қолдасын!» деген бата-тілекті естіп өскендігімізден де болар.
Алғашқы хан қазасы хабарланатын көріністегі адам өліміне қатысты рәсімдерді сахналық көрініс деп емес, шынайы өмірдей қабылдаттыратын – сай-сүйегіңді сырқыратқан жоқтау. Мұндай азалы дауысты бала кезімде қазалы үйлерде, сосын «Ана – Жер-ана» спектаклінде Сәбира Майқанова апамыздың айтқанынан бері естімеп едім. Бұл жолғы азалы жыр тек ханды жоқтау емес, сол заманның зарын, тағдыры қыл үстінде тұрған халықтың зарын, қазақ тарихында ел билеуге араласқан қайраткер қыздардың қилы тағдырынан хабар жеткізіп тұрғандай әсер етті.
Бопай – күйеуі Әбілқайырдың адал жары ғана емес, сенімді серігі бола білген, ақылына көркі сай, ел басқаруда мәмілегерлік істерге араласқан саяси тұлға екенін талантты актрисамыз Лейло Бекназар-Ханинго барынша сенімді көрсете алған. Ханның көзі тірі кезіндегі мақсаты Жайық казактарының, орыс бодандығындағы башқұрттар мен қалмақтардың қазақ жеріне қырғидай тиген шапқыншылықтарын тоқтату, жоңғарларды түпкілікті талқандау екенін білетін ол, күйеуі қаза болғаннан кейін бұл күрделі мәселелерді шешудің жолын іздеп жанталасады.
Қанша жерден билеуші болса да, Бопай ханымның ең алдымен салт-дәстүрмен тәрбиеленген қазақ әйелі екендігін автор да, осы спектакльды қою үшін арнайы шақырылған режиссер де (Жұлдызбек Жұманбай), актриса да бір сәт ұмытпайды. Ханымның өзімбілемдікке салынбай, мәселелерді аға билерді алға салып шешуге тырысуы қазақ әйелінің ер азаматтың басын қадірлейтін қасиетін танытады. Тіпті, қиналған, қажыған шақтарында жарының аруағына жүгінуі, Елес-Әбілқайырдың айтқандарына құлақ түруі де соны аңдатып, екі дүниедегі адамдардың бір-біріне деген сезімі мен сенімін көрсету арқылы тіршілікте шын сүйіскендердің махаббаттарына уақыт та, өлім де кедергі болмайтынын айғақтайды.
Пайым-парасаты сүйіндіріп, асқақ тұлғасы мен әсем келбетіне аппақ киімі жарасқан Елес-Әбілқайыр ханға Шекспирдің Елес-короліндей емес, іштарта, тіпті сүйсіне қарадым. Оған Елес-Әбілқайыр ханның Бопайға қарата айтылған: «Ұлы Ордамның құты! Жабырқаған жанымның қуаты… Қасірет кешкен көңілімнің жұбанышы… Сені көргенде тығырықтан шығар жол табылып, дұшпаным тізе бүгетін… Қайғым азайып, асау болмысым сабырға түсетін» деген сөздерінің эмоциялық қуаты да әсер еткен болар.
Осы сөздердің хан аузымен айтылуы Бопай ханымға әйел ретінде ғана емес, тұлға ретінде мінездеме беріп тұр. Сондықтан Бопайдың хан әулетінің дәрежесі мен беделін көтеруге ұмтылып, орынсыз қантөгістің болмауын, ел іргесінің сөгілмеуін көздеп айтатын сөздері сенімді естіледі. Оның кек алу жолын ұсынушыларды қоштамауы да қоғам дамуының негізгі көзі тыныштық өмір екендігін түсінгендіктен. Бұл ретте ханымның алып-ұшып тұрған Нұралы ханды басуға бағытталған ұстанымы Қазақстанның қазіргі кезде ұстанып отырған ел бірлігі, татулық және келісім саясатымен үндеседі.
Автор осы туындысы арқылы тарих толқыны әріге әкетіп, бүгінгі ұрпақ үшін бейтаныс болып бара жатқан бір тұлғаны халқына қайтарды. Қазақ қыздарынан шыққан ақылды, күрескер, билік тізгінін ұстаған күйеуіне серік бола білген әйелді танытты. Бұған дейін де қазақ драматургиясын Ләйла қыз, Сарра, Фариза сияқты тұлғалар образымен байытқан Роза Мұқанованың қазақ қоғамындағы әйелдер галереясы Бопай ханыммен толықты. Бұл спектакль – жазушы шыққан биік қана емес, тіпті Қаллеки театрының ғана жетістігі емес, қазақ руханиятының үлкен олжасы.
Розаның осы бастамасын драматургияда бағын сынап жүрген қаламгер бауырлар, одан кейін талантты режиссерлеріміз іліп алып кетсе, тарих қатпарында қалып бара жатқан, елге тұлға болған талай аналардың бейнесі жұртшылықпен қайта қауышар еді. Сонда біз жастайымыздан естіп, оқып өскен қазақтың басқа халықтарға қарағанда өз қыздарын еркін ұстап, жеке басының қасиетін қадірлеген ел екенімізді іс жүзінде таныта түсер едік. Бұлай деуімізге негіз болған жайларды да айта кетелік.
Тарихымызда небір айтулы әйелдер өтсе де, әлі түгендеп бола алмай жатқанымыз туралы ҚР Президенті жанындағы Отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның осыдан алты жыл бұрын Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Қазақ хандығы тұсындағы арулар мен ханымдар» тақырыбында өткізген ғылыми конференциясында айтылған-ды. Іс-шараға қатысқан ғалымдар Қазақ хандығы заманындағы қайраткерлігімен танылған әйелдер, олардың қоғамдағы рөлі мәселесі өте аз зерттелгенін, ол туралы жазылған ғылыми жұмыстар жоқтың қасы екендігін тілге тиек еткен еді. Тіпті қолда бар аз ғана материалдың өзі тәрбие жұмысында пайдаланылып отырмағаны да сол жиында айтылған болатын.
Сондықтан да болар, есімі нақты түрде «Бопай» деп аталып тұрғанымен бұл кейіпкерді белгілі бір дәрежеде тарихта болған және өмірін осы мақсатқа бағыштаған қайраткер қыздардың жинақталған образы деуге де болады. Өйткені, жасы жетпеген баласының регентшасы болып, 1549-1551 жылдары Қазан хандығын билеген Сүйімбикенің де, Жәңгір ханның нақсүйері Фатиманың да, Көшім ханның Сүзгесінің де, патша өкіметіне аса беделді болған Айғанымның да, Тойқара, Жағанбике сияқты ханымдардың ел басқару ісіне араласу тағдыры жалпы Қазақстан тарихының ажырағысыз бөлшегі, қандай да болсын туындыға арқау болуға лайықты екені даусыз.
Камал ӘЛПЕЙІСОВА,
жазушы, филология ғылымдарының кандидаты
ПІКІРЛЕР2